10 Ақпан, 2017

Жақиянов vs Уоррен. Жанаттың чемпиондық атақ үшін қарсыласы кім?  

213 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Әлемдік бокста мерейімізді өсіріп жүрген боксшылардың бірі Жанат Жақиянов бірнеше сағаттан кейін рингке шықпақ. Бұл жолы ол карьерасындағы ең маңызды кездесуге шығады деуге болады. Өйткені, Жанат WBA нұсқасы бойынша «Супер-чемпион», IBO тұжырымы бойынша чемпион атақтары үшін бокстасады. Қарсылас та өте мықты. Ол осы белбеулердің қазіргі иегері америкалық 30 жастағы Роуши Уоррен. Әуесқой және кәсіпқой бокстағы жолы мен жетістіктеріне қарап, Жанатты қандай айқас күтіп тұрғанын бағамдауға болады.

 Әуесқой бокс

Роуши Уоррен 2004 жылы 48 кило салмақ дәрежесінде Афина Олимпиадасына қатысты, бірақ іріктеу кезеңінен өте алмады. Алайда, ол кезде Уоррен 17 жаста болатын. Келесі жылы Қытайда өткен әлем біріншілігіне 51 кг салмақта қатысып, қола жүлдеге қол жеткізді. 2007 жылы Чикагода дәл осы салмақта әлем чемпионы атанды. 2011 жылы үшінші рет қатарынан әлем чемпионатына қатысқан ол қола жүлдегер атанды. Азды-көпті біраз тәжірибе жинағанмен, Уорреннің Олимпиада ойындарында жолы бола қоймады. 2008 жылы Бейжіңде 51 келіде бағын сынаған ол алғашқы кездесулердің бірінде жеңілді. Ал 2012 жылы Лондонда 52 келіде шығып, тек 9-орыннан ғана көрінді.

 Кәсіпқой бокс

Лондон Олимпиадасынан кейін ол кәсіпқой рингте бағын сынауға ден қойды. Сол жылы қараша айында Луис Риверамен шаршы алаңға шығып, төрешілердің шешімімен алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Араға бір ай салып, Дэвид Рейеспен күш сынасады. Тартысты өткен кездесуде Уоррен одан да басым түсті. Роуши үшін әсіресе, 2013-2014 жылдар сәтті болды. Осы уақыт аралығында бас-аяғы 11 мәрте рингке шығып, бәрін де жеңіске жетті. 2015 жылы алғашқы титулды жекпе-жегін өткізді. 2 тамызда доминикандық Хуан Карлос Пайаномен WBA (Super) және IBO нұсқасы бойынша вакантты белбеулері үшін жұдырықтасады. Бұған дейін қос боксшы да ешкімнен жеңіліп көрмеген-ді. Дегенмен, Роуши Уоррен дәл осы тұста ұпай саны бойынша есе жіберіп алды. Қарымта кездесу 2016 жылдың 18 маусымында өтті. Бұл кездесуде Роуши жеңді. Сөйтіп, осы күні сарапқа салынған WBA (Super) және IBO белбеулерінің жаңа иесі атанды. Айта кетейік, WBA нұсқасының уақытша чемпионы болғандықтан, қазақстандық боксшы – америкалықтың иелігіндегі белбеулердің міндетті үміткері. Айқас бүгін Уорреннің туып-өскен жері Огайо штатында өтеді. Бір қызығы, Жақиянов бүгінге дейін Америкада жекпе-жек өткізіп көрмеген. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан, Монако, Болгария, Австралия, Беларусь, Англия, Солтүстік Ирландия, Гонконг, Швейцария, Өзбекстан, Таиланд және Ресей жерінде жұдырықтасқан болатын. Ал Роуши 15 кездесуінің бәрін өз елінде өткізген. Бұл айқасты назарынан тыс қалдырмаған букмекерлік кеңселер бірер ай бұрын қос боксшыға арналған коэффициенттерді жариялады. Бұл көрсеткіш бойынша Уоррен фаворит саналып отыр. Бәс тігетіндер үшін америкалықтың жеңісіне 1.20-1.25, қазақстандықтың жеңісіне 4.00-4.30 коэффициент берді. Кездесудің жеңімпазы тоғызыншы раундтан кейін анықталады деген де болжам бар. Осы жерде «Жақияновпен салыстырғанда екі еседей аз кездесу өткізсе де, сарапшылар не себепті Уорренді фаворит санайды?» – дейтін ойдың туатыны заңды. Оған бірнеше себеп болса керек. Біріншіден, америкалық боксшы бұл жекпе-жегін де туған жерінде өткізеді. Тиісінше, залдағы барлық жанкүйердің қолдауына ие болады. Екіншіден, бұл айқасқа Уорреннің екі бірдей белбеуі қойылмақ. Әрине, Пайаномен екі рет кездесіп барып, әрең дегенде жеткен титулдарынан оңай айырылмасы анық. Үшіншіден, қос боксшының арасындағы жас айырмашылығы. Уоррен Жақияновтан төрт жас кіші. Бокс үшін нағыз піскен шағында. Төртіншіден, Жақиянов соңғы жекпе-жегін 2015 жылдың қараша айында венесуэлалық Йонфрез Парехоға қарсы өткізген. Бүгінге дейін жарақатына байланысты шаршы алаңға шыға алмай келді. Оның үстіне ұзақ үзілістен кейін титулды ұрысқа шығу кімге болсын оңай тимесі анық. Статистика Жақияновты бүгін ауыр айқас күтіп тұрғанын көрсетеді. Алайда, Жанат та оңай шағылатын жаңғақ емес. Ол бұған дейін 28 кездесу өткізіп, тек біреуінде ғана қарсыласына есе жіберген. Жаттықтырушысы – кәсіпқой бокс жұлдыздарының бірі Рикки Хаттон. Мұны да Жанаттың үлкен артықшылығы деп санауға болады. Аян Әбдуәли, "Егемен Қазақстан"
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше