Кеше Астанадағы «Пекин Палас Солакс» отелінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен еліміздің Орталық сайлау комиссиясының және ЕҚЫҰ Орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы сайлау үдерістері: халықаралық сайлау стандарттары мен ЕҚЫҰ міндеттемелері тұрғысындағы шақырулар және перспективалар» атты дөңгелек үстел отырысы өткізілді.
Дөңгелек үстел жұмысына ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) сарапшылары, еліміздегі мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың 60-тан астам өкілі қатысты.
Отырыстың модераторлық тізгінін ұстаған ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығының басшысы, елші Александр Кельчевский басқосудың маңыздылығына мән бере келе, жиналғандарға қызықты пікір алысатын жақсы бір отырыс болады ғой деген сенімділігін жеткізді және алғашқы сөзді еліміз Сыртқы істер министрлігінің Жалпыеуропалық ынтымақтастық департаментінің директоры, Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Сержан Әбдікәрімовке берді.
Біз ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының сайлау үдерістері барысындағы жұмысын оң бағалаймыз, деп сөзін бастаған Ержан Оралбайұлы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында біздің еліміздің халықаралық стандарттардың жалпы жұрт таныған жолын таңдап, демократиялық қағидаттарды ұстанып, сол жолда ұлттық сайлау заңнамаларын жетілдіргенін, ал бүгінгі басқосудың өзі соның айғағы болып табылатынын тілге тиек етті. Сонымен бірге, модератордың дөңгелек үстел басында ашық пікір білдіруге шақырған ойын да қолдайтындығын білдірді.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Сайлау жөніндегі кеңесшісі Александр Шлык әрбір азаматтың сайлау және сайлану құқықтарының шектелмеуі, дауыс берудің құпиялылығы, оны санау мен жариялаудың мөлдірлігі, саяси партиялардың сайлауға қатысуы сияқты көптеген мәселелер бойынша ЕҚЫҰ ұстанған құндылықтарды жіпке тізгендей етіп, слайдтармен сөйлетті. А.Шлык осының барлығы азаматтардың бәріне бірдей құқық берілгенде ешқандай партияға, я болмаса жеке азаматқа артықшылық жасалмайтындай деңгейде лайықты түрде жүзеге асырылатынына тоқталды. Түптеп келгенде, осының барлығының сайлаудың ашық, мөлдір өтуіне қатысты екеніне баса мән бере сөйледі.
Әрбір демократиялық жолмен дамуды мақсат еткен мемлекет осы құндылықтардан ауытқымағанда ол нағыз демократиялық мемлекет болады және мемлекет сол бағыттағы үдерістерді жүргізе беруді міндетіне алады, деп сөзін аяқтады Сайлау жөніндегі кеңесші.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының басшысы Даан Эвертс өзі басқаратын миссияның қорытынды есебін жұртшылық назарына ұсынды. «Мен үшін Астанаға келіп, сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеу үлкен мәртебе. Аталған іс-шара өте дер кезінде ұйымдастырылды деп ойлаймын. Бұл сайлаулар жөніндегі көзқарастарымызды екшеп, бұрынғы тәжірибелерімізді ортаға салып, өткен сайлауларға көз жіберуімізге көмек береді деген сенімдемін. Және болашаққа көз салып, болжамдар жасауымызға да жақсы мүмкіндік», – деп шешен әлем елдерінде болып жүрген сайлаулардың жыл өткен сайын жетіле түсіп отырғанына тоқталды. «Өмір болған соң ешқандай да бір мінсіз сайлау өтпейді, белгілі бір дәрежеде ауытқушылықтар орын алады, бірақ біздің мақсатымыз – сол жетіспеушіліктерді келесі сайлау үдерісінде болдырмау. Ол үшін осындай басқосулардың берері мол», – деді Д.Эвертс.
Біздің есебімізде 21 ұсынымдар бар. Олардың кейбірін назарларыңызға ұсынсам деймін. Оның ішінде саяси партиялардың сайлауларға қатысу мүмкіндіктері, бұл біздердің тарапымыздан ынталандырылуға тиіс шара деп білемін, деген Даан Эвертс қазір жұртшылық Қазақстанға осы өңірдегі ең бір дамыған, өркендеген ел ретінде қарайтынын жеткізді. Сондықтан талаптар да соған сай жеңілдей түсуі тиіс, деп ойын қорытты.
Дөңгелек үстелге қатысқан Орталық сайлау комиссиясының өкілі Марат Сәрсенбаев, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Тамара Калеева, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту» қорының президенті Зәуреш Батталова сынды шешендер де өз ойларымен бөлісті.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.