16 Наурыз, 2017

Көрмеге дайындық жоғары деңгейде

210 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Санаулы уақыттан соң қазақтың елордасында шымылдығын түретін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне әзірлік жұмыстары әлдеқашан басталып кеткені рас. Шараның ұйымдастырылу деңгейі Қазақстанның әлемдік аренадағы имиджін айқындай түсетінін сезінеміз. Осы жауапкершілік іргелі де ілкімді істердің бастауына жол салып жатыр. Көрмедегі сауда павильондары мен қонақтардың жатын орындары толықтай дайын десек, қателесе қоймаймыз. Өйткені, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовтің «Біздің тарапымыздан атқарылатын шаруалар аяқталды. Енді қатысушы мемлекеттер белсенділік танытса» дегені есімізде. Көрме билеттерінің кассалары Астанамен қатар, еліміздің жер-жерінде ашылуда. Мәдени шараларға дайындық барысы да көңіл көншітеді. Қауіпсіздік саласында қолға алынған жұмыстар ұдайы назарымызда. Реті келгенде айталық...

Ұзын сонар кезек орын алмайды

«Астана ЭКСПО-2017» ұлт­тық компаниясы қауіпсіздік де­пар­таментінің директоры Рүс­тем Чакеновтің айтуынша, көр­менің кіреберіс бекеттерінде орнатылатын техникалық құрал-жабдықтар xалықты жылдам әрі ыңғайлы өткізуге мүмкіндік береді. «Мүгедек адамдар, жүкті және баласы бар әйелдер үшін арнайы кіреберістер болады. Біз ол жағынан да ыңғайлы жағдайлар жасайтын боламыз. Ұзын сонар кезектер болмайды деп ойлаймыз. Себебі, біз әлемдік тәжірибені жан-жақты зерделеп, соның негізінде тиісті шараларды қолға алып отырмыз. Оған сәйкес, бір адамды өткізуге 20-40 секунд кетуі тиіс. Әрине, демалыс пен мейрам күндері кезектер болуы әбден мүмкін. Дегенмен, жұ­мыс күндері ондай қиындықтар туын­дамайды. Жалпы, көрме аума­ғында шамамен 20 мың сан алуан дабыл қағу тетіктері мен 2 мың­нан астам бейнебақылау каме­ралары орнатылады», дейді ком­пания өкілі. Бүгінде көрме аумағына әке­луге тыйым салынған заттард­ың толық тізімі билеттерді сату сай­тында көрсетілген. «Алдымен қару-жарақ, сан алуан зиян­ды, химиялық және радиоактивті заттарды әкелуге тыйым салынған. Ал балаларға арналған тамақ өнімдерін әкелу жағынан шектеу­лер болмайды. Алайда, шыны шөлмектегі ондай өнімдерді кір­гізуге болмайды. Сондықтан плас­тикалық ыдыстарды қол­дану­ға кеңес беремін», дейді қауіп­сіздік департаментінің басшысы. Осы орайда, ол гаджеттер, темекі мен сіріңкені әкелуге тыйым салынбайтынын жеткізді.

9 мың сақшы тыныштық күзетеді

Халықаралық көрме аума­ғын­да Есіл аудандық ішкі істер басқармасының полиция бө­лім­шесі қызметін бастады. Екі қа­батты ғимаратта орналасқан тәртіп сақшылары ұжымының жер асты паркингі, спорт залы, сон­дай-ақ, жатты­ғатын арнайы тирі бар. «Осы бөлім­шеде кезек­­ші бөлім, тергеу топтары, шұғыл әрекет жасақтары мен кри­ми­налис­тер отырады. Олар­дың барлығы көрме кезіндегі қоғамдық қауіпсіздікке жауап береді. Ал көрме өткеннен кейін бөлім­шенің қызметкерлері осы аумақта және оған жақын территорияда жұмыстарын жалғастыра береді», дейді Астана қалалық ішкі істер департаментінің басшысы Амантай Әубәкіров. Мамандардың мәліметінше, көрме кезінде 9000 тәртіп сақшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Олардың ішінде 1500 адам астаналық департаменттің мамандары болса, қалғандары басқа департаменттерден жіберілген сақшылар, Ішкі істер министрлігіне қарасты жоғары оқу орындарының курсанттары, Ұлттық ұлан мен күзет құрылымдары. Полиция бөлімшесінің ағылшын тілін меңгерген тәртіп сақшылары тілді білу деңгейін де көрсетті. «Біз халықаралық шара аумағында қызмет атқару үшін арнайы ағылшын тілі курстарынан өткенбіз. Үш ай бойы дайындалдық. Алдымен адамдармен сөйлесуді, одан кейін мәтінді қағазға түсіруді үйрендік. Себебі, тергеу барысында xаттама толтырылады. Шетелден келетін турис­термен ағылшын тілінде еркін сөйлесіп, ол кісілермен жұмыс жасау барысында әңгімелесуге әзірміз», дейді тергеуші, аға лейтенант Айдос Сүлейменов. Астана қалалық ішкі істер департаментінің басшысы Амантай Әубәкіровтің айтуынша, осы уақытқа дейін мыңға жуық қыз­меткер ағылшын тілі курстарынан өткен. Дегенмен, оларға шет тілдерін білетін волонтер сту­денттер де көмектесетін болады.

Кешендегі нысандар қауіпсіз

Айта кеткен жөн, ЭКСПО қалашығы аумағында салынған нысандар қай жағынан да қауіпсіз. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК жұрт­шылықпен байланыс депар­таментінің директоры Сергей Куяновтың сөзінше, бірнеше ай бұрын конструкцияның опырылып құлау себебін анықтау бойынша арнайы комиссия жасақталған. Оған Қазақстанның ең беделді ұйымдарынан жетекші мамандар шақырылған. Олар – алматылық Қазақ құрылыс жә­не сәулет ғылыми-зерттеу жә­не жобалау институты мен қара­ған­дылық Қазақстан қайта жаңарту және даму көпбейінді институты. «Кез келген жағдайда мер­дігер, яғни «BI Group» құры­лыс компаниясы өзінің келісім­шарттық міндеттемелері бойын­ша бізге қауіпсіздік талаптарына толықтай сәйкес келетін ны­санды тапсыруға міндетті. Осы оқиғадан кейін барлық конс­трук­циялардың беріктігі бойын­ша қосымша шаралар қабыл­данғанын еске салғым келеді. Бүгінде бізде кешеннің қауіп­сіздігіне күмән келтіретін еш себеп жоқ», дейді С.Куянов. Ал ЭКСПО ұйымдастырушылары ұлт­тық компанияның бұл оқи­ғадан ешқандай шығынға ұшы­ра­мағандығын айтады. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»