16 Наурыз, 2017

Тағы да балық туралы

208 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Қолдағы бар байлық көрін­геннің уысында кетіп жатыр». Бағалы бекіре балықтарды қор­ғау мәселесіне арналған үйлестіру кеңесінде осындай ой айтыл­ды. Рас. Су маржандарын заң­сыз аулауға қанша тосқауыл қоюға тырысқанымызбен, ба­лық барымташыларының айла-қулық­тары таусылар емес. Ал балық қоры жыл санап кеміп барады. Жа­йық өзенінің тайыздануы, балық қоре­гінің кемуі де бұған себеп. Табиғи факторлардан бөлек, адам қолымен жасалған аяусыз­дықтар тағы бар. Жыл сайын «Бекіре» акциясы өткізіледі. Бірақ, балық қорғау инспекциясынан – 84, ішкі істер департаментінен 154 қызметкер облыс аумағындағы жолдар мен көшелерді қатаң қадағалап жүргеннің өзінде, «ебін тауып екі асайтындар» азаяр емес. Облыс прокурорының орын­басары Серік Шалабаев құқық қорғау органдарының бұл бағыт­тағы қызметінде кемшілік көп екені­не назар аударды. «Жауапты құрылымдар әлі белсенді емес. Балық аулау, оны өткізу бақылаудан тыс қалғанын айтуға тиіспіз. Бра­коньерлерден сатып алынған балық­тарға заңсыз құжат жасалады. Бөлін­ген лимит ауқымында заңдас­тырып алып жатады. Бұл проблемаға мем­лекеттік кірістер департаменті ара­лас­қаны жөн», – дейді ол. Браконьерлерден тәркілен­ген жүзу құралдарын сақтау орнын белгілеу, айлақ салу жайы әлі проб­лема күйінде тұр. Исатай ауда­нының Жанбай, Зинеден, Аман­гелді ауылдары аумағындағы қыл­мыстық ахуал да алаңдатады. Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Владимир Малаховтың айтуынша, балық қорғау органдарының қызметтері талапқа сай болмай отыр. Өткен жылы облыстық ІІД балық қорына қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлі­мі және орман шаруашылығы, жануарлар әлемі инспекциясының жұмысын саралау барысында бір­қатар кемшіліктер анықталыпты. «Су полициясында 36 қызмет­кер бар. Былтыр 79 қылмыстық іс сотқа жолданып, 251 әкімші­лік іс қозғалған. Бұл бөлімнің әр қызметкері жыл бойына тек екі қылмыстық, жеті әкімшілік істі ғана ашқан деген сөз», – деді таби­ғат қорғау прокуроры. Су по­ли­циясына мемлекет тарапынан қол­дау мен қамқорлықтың жақсы екеніне қарамастан, қайтарым аз. Өткен жылы төрт кило қара уылдырық тәркіленіпті, ал кірістер департаменті биылдың алғашқы екі айында ғана 11 кило қара уыл­дырықты айналымнан алған. – Балықшылар өздерін толған­дырған мәселелерді ашып айтуға құлықсыз. Сыни пікірлер кесірін тигізеді деп үрейленеді. Біздің бас­ты мақсатымыз – балық қорын сақ­тап, табиғат пайдаланушылар­дың жұ­мыс істеуіне қолдау көрсету, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. – Браконьерлікке қарсы күресті күшейт­кен соң әлеуметтік желідегі жаз­баны менің назарыма ұсынды. «Әкімдік дұрыс жолмен келе жа­тыр, бастысы – Ноғаевты Жайық­қа ба­­­­ты­­рып кетпесе болды», деп жа­зы­л­­­­ған екен. Мұндай үркіту, қауіп кел­­­­тіру секілді пікірлер болмас үшін ар­­­на­йы және құқық қорғау орган­да­ры мә­­се­­­лемен тереңірек айналысуы керек. Бағалы балық қорын сақтау мақ­сатында жасалып жатқан жұ­мыс­тың бәрін жоққа шығаруға бол­майды. Қазір Жайық, Қиғаш өзен­дерінің «тамағын» аршу жұмыс­тарын жүргізу үшін қажетті құжат­тар жасақталып жатыр. Шілде айы­нан бастап Жайық бойындағы 65 шақы­рым аралық терең қазылады. Аймақ басшысы балық шаруа­шылығы төңірегінде қалыптас­қан проблемаларды шешу тек браконьерлерді құрықтаудан ғана тұрмайтынын, оларды «қорғау­шы» лауазымды тұлғалардың да анықталып, жауапқа тартылатынын айтты. Өткен жылы облыста браконьерлерден 21 мың тонна заңсыз балық тәркіленген. Табиғатқа қастық жасағандарға 8 млн теңгеден астам айыппұл салыныпты. Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ