Сұхбаттың үзіндісі Ақорданың Фейсбуктегі парақшасында жарияланды. «Жаңа сайлаудан кейін және үйлену тойдан кейін бәрі күткеніңдей бола бермейді деген жақсы сөз бар, – деп қалжыңмен бастады жауабын Нұрсұлтан Назарбаев. – Адамдар неге жаңа сайлауды күтеді? Парламент 2021 жылға дейін сайланды. Яғни, ол сол мерзімді толық атқарып шығады». Әңгіме барысында Мемлекет басшысы қазіргі күн тәртібіндегі басқа да өзекті сауалдарға жауап берді.
Атап айтар болсақ, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауды іске асыру аясында ел экономикасын трансформациялау үдерісінің бірқатар аспектілері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері, қазіргі саяси жаңғыру кезеңінің ерекшеліктері, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтары, сондай-ақ басқа да маңызды жайттар талқыланды. Кездесуге «Қазақстан», «Хабар», «МИР» телеарналарының, «Айқын» газетінің, «Esquire» журналының, «Қазақпарат» ақпарат агенттігінің журналистері қатысты.