17 Наурыз, 2017

Руханият тамырына байланған тағдыр

269 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Арқада туып, Алашқа аты жайылған академик Серік Қирабаевтың есімі ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің аса көрнекті өкілі ретінде республика көлемінде ғана емес, жақын шет елдерге де таныс. Бүкіл ұлт руханиятының тамырына байланып, тағдырына айналған шежіре ғұмырдың ғибраты ұрпақтан-ұрпаққа ұлағат болар ұлы мұра. Тоқсанға келген тұлғаның әдебиет пен тіл мәселесіне келгенде тартынып қалмай, толғап-толғап айтар парасатты пайымы өткен тарихты бірге сөйлеткендей сүйсіндіретіні бар. Қазақ әдебиеттану ғылымы туралы, әдебиет тарихы, оның дамуы, тіпті, өзінің замандастары мен кешегі арыстардың қайраткерлігі мен қалтқысыз қызметі жайлы әңгімелегенде ерекше қанаттанып, рухтанып айтар әңгімесі қай қазақтың да кеудесіне шамшырақ әкеп жаққандай жүректі нұрландырады. Шығармашылық іске шын берілген, ғылымға адал қызмет еткен, биік адамгершілік болмысымен танылған қайраткер туралы сөздің ешқашан түгесілмейтінін өзі еңбек ететін Абай атындағы ҚазҰПУ-де өткен «Ғалым. Ұстаз. Тұлға» атты салтанатты кеш айғақтай түсті. Алғаш Спандияр Көбеевтің шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғап, оны педагог қана емес, жазушы ретінде алғаш қазаққа таныстырған адам Серік Смайылұлы болатын. Ал бүгін жалпы әдебиеттану ғылымын Серік Қирабаевсыз елестету қиын. Ол 1948 жылдан бері ұзын саны 800-ден астам мақала мен рецензия жариялаған. Жетпіс жылға таяу уақыт ішінде 40-тан астам монография мен зерттеу кітаптарын, 20 оқулық пен оқу құралдарын жарыққа шығарған. Ұстаз-ғалым 50-ден артық ғылым докторы мен кандидаттарын даярлап, олардың ғылым айдынындағы ізденісіне бағыт-бағдар беруде ақыл-кеңесін аямай келеді. Сыншылдықты ғалымдыққа, ғалымдығын ұстаздыққа, ұстаздығын әдіскерлікке ұштастыра еңбек етіп келе жатқан сан қырлы Серік Қирабаевтың оқулықтарымен қазақ азаматтарының, қаламгерлерінің, қайраткерлерінің қанша буыны тәрбиеленіп, білімін шыңдады. Ақын Жұбан Молдағалиев «Серік Қирабаев жиырма бес жасында ғалым ретінде толықтай мойындалды» деп баға берген екен. Салтанатты жиын аясында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, профессор Уәлихан Қалижанұлы мен Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай «Академик С.Қирабаев және қазіргі заманғы филологиялық зерттеулердің ғылыми-теориялық, оқу-әдістемелік мәселелері» атты жинақтың тұсауын кесті. Мұнда ғалымның әдебиетке байланысты, оқыту әдістемесіне қатысты ой-пайымдары топтастырылған. Бұдан кейін жиынға жиналғандарға «Абай шаңырағының абызы Серік Қирабаев – 90 жаста» атты деректі фильм көрсетілді. Әр тойдан – бір тағылым. Абай атындағы ҚазҰПУ-дің ардагер ұстазы, ұзақ жылдар бойы қазақ әдебиеті кафедрасын басқарған, проректорлық қызмет атқарған, Диссертациялық кеңестің төрағасы болған қайраткер ғалым Серік Қирабаевтың 90 жылдық мерейтойына орай заман талабына сай құрал-жабдықтармен жасақталған «С.Қирабаев атындағы дәрісхана және қазақ әдебиеті кафедрасы» ашылды. Еске сала кетсек, ілгеріректегі жоғары оқу орындарында жүрген оңтайландыру үрдісі кезінде «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» кафедралары бір кафедраға біріктірілген болатын. Жабылып қалған «Қазақ әдебиеті» кафедрасының қайта ашылғанына ұстаздар қауымының қуанышында шек болмады. Қирабаевқа деген құрметтен туса да, бұл игілікті іс ұстаздық ұлы қызметі осы университеттің кешегі тарихымен және бүгінгі тыныс-тіршілігімен тікелей байланыс­ты өрілген таудай тұлғаның шәкірттері мен ізбасарларына сыйлаған ізгі шарапаты ретінде қабылданып жатты. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ