17 Наурыз, 2017

Әскери полигондар көлемі қысқарып келеді

149 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы өтті. Онда үш заң жобасы бойынша талқылау болды. Отырыстың күн тәртібі бойынша бірінші кезекте «1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Ембі полигонын пайдалану және жалға беру шарттары туралы келісімнің және 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы Ембі сынақ полигонын жалдау туралы шарттың қолданысын тоқтату жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыға түсті. Бұл жөнінде Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров баяндама жасады. «Хаттамаға 2016 жылғы 20 қазанда Мәскеуде қол қойылды. Құжат бойынша Ембі сынақ полигонын жалдау және пайдалану тәртібін реттейтін халықаралық шарттардың қолданысы тоқтатылады. Сондай-ақ, Ресейге уақытша пайдалануға берілген жер телімдерін, жылжымалы немесе жылжымайтын мүліктерді қабылдау, беру жөніндегі қажетті іс-шараларды жүр­гізу көзделген. Хаттаманың ереже­леріне сәйкес, Ембі полигонын қа­былдау, беруді тараптардың өкілдері­нен құралған бірлескен комиссия жүзеге асырады. Бұл ретте, полигон­ның жер телімдерін әрі қарай пайда­лану үшін жарамды жағдайда қайтары­лады. Ресей тарапына полигонды пай­далану бойынша тиісті міндет­терін орындауына қатысты шағым­дар жоқ. Полигонды жалдаудан шы­ғару аймақтың экономикалық дамуына қолайлы әсер етеді. Оның ішінде қай­та­рылған жерлерді әрі қарай пай­далы қазбаларды барлау, ауыл шаруа­шы­лығымен айналысатын кәсіпкерлердің, ұйымдардың мүд­десінде пайдалануға мүмкіндік береді», – деді Қорғаныс министрінің орынбасары. Бұдан бөлек, баяндамашы Ембі полигонын жалдаудан шығару Елбасының Ресей Федерациясына жалға берілген әскери полигондардың аумағын қайта қарау туралы тапсырмасын орындау жөніндегі жұмыстардың жалғасы болып табылатынын айта келіп, сенаторларды аталған заң жобасын қолдауға шақырды. Баяндама аяқталған соң Оқас Сапаровқа сұрақтар қойылып, оларға нақты жауаптар қайтарылды. Отырыста аталған заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің мүшесі Мұхтар Алтын­баев Хаттаманың мақсаты 2017 жыл­дың қаңтарынан бастап Қазақстан Респуб­ликасы бұрын жасаған Полигонды пайдалану және жалға беру шарттары туралы келісімнің және Сынақ полигонын жалдау туралы шарттың қолданысын тоқтату болып табылатынын атап өтті. Ол, сондай-ақ, Хаттама аясында Ресейдің Қазақстанға Ембі поли­го­ны­ның жер телімдерін, жылжымалы және жылжымайтын мүлкін олардың амортизациясын ескере отырып, одан әрі пайдалану үшін жарамды күйде беру көзделетінін, осы заң жобасы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің биылғы 10 наурыздағы кеңейтілген отырысында Қорғаныс министрлігі өкілдерінің, өзге де комитеттер депутаттарының және аппарат қызметкерлерінің қатысуымен қаралғанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы бойынша Сенаттың тұрақты комитеттерінен ескертпелер мен ұсыныстар түспеген. Сөзінің соңында ол заң жобасын қабылдауды ұсынды. Талқылау барысында сенатор Икрам Адырбеков қаралып отырған заң жобасының маңызы зор екенін, Мемлекет басшысы жалға берілген әскери полигондардың көлемін қысқартып, оларды ел экономикасына пайдалану керектігін талап етіп келе жатқанын жеткізді. «Міне, осыған сәйкес 2014-2016 жылдар аралығында Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аймақтарындағы Сарышаған және Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығы полигондарының жалпы көлемі 1,5 миллион гектардан астам жер телімдерін жалға беру туралы келісімшарттар тоқтатылды. Бұл бағыттағы нақты шаралардың жүзеге асуына біздің әріптестеріміз үлкен үлестерін қосты. Соның нәтижесінде, қоғамда бұрын орын алған ел қауіпсіздігіне байланысты әртүрлі пікірлер, қобалжулар бүгінде басылды деп айтуға болады. Сонымен қатар, көрші Ресеймен ортақ әуе қорғанысы жүйесіне байланысты бірлескен әскери ұшу-сынақ полигондарының болуы орынды екені сөзсіз. Ресей жалға алған полигондарды Қазақстан Қарулы Күштері толықтай өз мақсаттарына пайдалана алады және бірлескен жаттығулар өткізуге мүмкіндік бар», – деді И.Адырбеков. Дауысқа салу нәтижесінде мем­лекетіміздің мүддесі үшін маңызды мә­се­ле қамтылған заң жобасы қабыл­данды. Отырыста Парламент Мәжі­лісі мақұлдаған «Қазақстан Респуб­лика­сының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық-атқару заңнамасын жетіл­діру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Бұл жөнінде баяндама жасаған Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Свет­лана Бычкова қаралып отырған заң жо­басының негізі мақсаты қолда­ныс­тағы заңнаманы Қыл­мыстық-атқару кодексінің ереже­леріне сәйкес келтіру болып табылатынын айтты. Жалпы, заң жобасымен Қазақстан Республикасының 20 заңнамалық актісіне түзетулер енгізіледі. Олардың 5-уі кодекс болып табылады: Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекс, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару және Азаматтық процестік кодекстері. Сондай-ақ, еліміздің 15 заңы, олардың ішін­де «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы», «Адам­дарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы», «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы», «Білім туралы» заңдар және басқалар бар. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекске өзгерістер бас бостандығынан айыру сияқты жаза түрін реттейтін ережелерді нақтылайды. Арнаулы қабылдау орындарының құрылысын қаржыландырудың гра­фи­­гін ескере отырып, Қылмыстық кодекс­­тің «Қамаққа алу» деген 45-бабын қол­­данысқа енгізудің мерзімін 2020 жыл­дың 1 қаңтарына ауыстыру көзде­леді. Бұл баптың әскери қыз­мет­ші­лерге қатысты қолданылуы, сон­дай-ақ, айыппұл, қоғамдық немесе түзеу жұмыстары түріндегі жазалар­ды қамаққа алумен ауыстыру жағдай­лар­ында қолданылуы бұған жатпайды. Сонымен қатар, заң жобасын тал­қылау барысында оны еліміздің қолда­ныстағы заңнамасына сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізу қажеттігі туындады. Құжат регламентке сәйкес, сенаторлардың 7 түзетуімен Мәжіліске жіберілді. Келесі кезекте Парламент Мәжі­лісі мақұлдаған «Қазақстан Республи­касының Экологиялық кодексіне өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, ол қа­былданды. Бұл жөнінде бірінші оқы­­лымда Парламент Мәжілісінің де­пу­та­ты Құралай Қаракен баяндама жасады. Жалпы, құжат еліміздегі қолда­ныстағы экологиялық заңнаманы жетіл­діруге және оны құқықтық қолдану тәжі­ри­бесі кезінде анықталған құқық­тық олқылықтарды жоюға бағыттал­ған. Заң жобасы қоршаған ортаға елеулі әсер етпейтін нысандар жөнін­де жобалық құжаттар бойынша қоғам­дық тыңдаулар өткізу қажеттігі туралы ережелерді алып тастауды көз­дейді. Сондай-ақ, құжат негізінде тұрмыс­тық қатты қалдықтарды алдын ала өңдеу жасамай полигондарға қабыл­дау мен көмуге тыйым салатын Эко­логиялық кодекс ережелерін қолда­нысқа енгізу мерзімдері өзгереді. Қор­шаған ортаны қорғау саласындағы уәкі­летті органның парниктік газдар шы­ғарындыларын квоталау және оларды бөлу мақсатында парниктік газдардың үлестік дәрежелерінің тізбесін әзірлеу және бекіту бөлігіндегі құзыреті нақ­ты­ланады. Өзгерістер, сондай-ақ, сар­қынды суларды табиғи және жасанды су объектілеріне ағызуды реттеу бойынша ережелерді нақтылауды да көздейді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»