17 Наурыз, 2017

Адамдарға ерекше көңіл-күй сыйлайтын мереке

540 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Наурыз – Ұлыстың ұлы күні. Бұл – ата-бабаларымыздан бері қарай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мереке. Тек кешегі Кеңес дәуірінде ұзақ уақыт өз деңгейінде аталмай қалды. Дегенмен, ұлттық құндылықты қанша жасырсаң да, қапасқа қамасаң да, ол жарыққа шықпай қоймайды. Міне, халыққа еркіндік берілген тұста, тәуелсіздік алар шағымызда Наурыз мейрамымен қайтадан қуана қауыштық. Наурыз мейрамын Кавказ халық­тары да тойлайды. Әсіресе, Орталық Азия елдерінде айрықша аталып өтеді. Шығыс халықтары көктемнің шуағын сыйлайтын осы мереке­ні сағына күтеді. Табиғат-ананың дүр сілкінетін шағы ғой. Барлық тіршілік иесі жаңарады. Қар кетіп, даланың көк шөбі шыға бастайды. Тал-теректер бүр жарып, жапырағы көктейді. Адамдар егін егіп, ауыл шаруашылығын қолға алатын уақыт та осы. Бұл мал төлдейтін кезеңмен тұспа-тұс келеді. Адам баласына да әз-Наурыздың сый­лығы мол. Жүректерге қуаныш нұрын құяды. Ертеңгі күндеріне де­ген сенімдерін нығайтып, үміттерін арттырады. Қатал қыстан қалжырап, жем-шөп­тері таусылып шыққан ауыл адам­дары малдың аузы көкке тисе, әрі қа­рай жағдайымыз жақсара түседі деп па­йымдаған. Шынымен де, қыс­та арық­­таған төрт түліктің бәрі де көк­тем­де жайылымға шығып, түлеп сала береді. Наурыз тағамдарының өзі қуатты. Қыстан жүдеп шыққан адамдардың бойына күш-қайрат береді. Айталық, наурызкөже жеті түрлі қоспадан тұрады. Бұл да бірліктің, бірігудің белгісі. Елімізде Наурыз мейрамын той­лау дәстүрі жан-жақты қалыптасып келе­ді. Ешкім де дініне, тіліне, тегі­не бөлінбейді. Мы­салы, қадірлі меймандар да, қара­пайым адамдар да өзге ұлт өкілдері тұра­тын жерлерде солардың да ұлттық тағамдары­нан дәм татады. Бұл да өзге этностың салт-дәстүрін, мәде­ние­тін танып-білу­дің бір жолы. Нау­рыз­ды тойлау бары­сында ұлттық бірлес­тіктер өз өнер­лерін көрсетеді. Халық әндерін айтып, ұлттық бил­ерін көпшілік назарына ұсынады. Осының бәрі ынтымақ пен бірлікке, татулық­қа, өзара сыйластыққа бас­тай­тын ізгілікті жол екені даусыз. Адамдар Алла тағаланың берген несібесіне шүкіршілік жасап, елде, халықта молшылық болуын тілейді. Ата-әжелер «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын», деп бата беріп жатады. Елге, халыққа деген жақсы тілектер айтылады. Наурыз адамдарға ерекше шаттық көңіл-күй сыйлайды. Осы күндері туыстар, жақын адамдар бір-біріне сыйлықтар береді. Наурызкөжеден ауыз тигізеді. Көршілер бірін-бірі қо­нақ­қа шақырады. Айталық, өзім жақ­сы білетін қазақ халқы үйге кір­ген әрбір қонақты ырыс келді деп есептейді. Наурызда қуаныш пен шаттық адам жанын қанаттандырады. Өкпе, ренішке ешқандай орын жоқ. Егер де бұрын әлдебір себеппен араздасып қалған адамдар болса, олар осы Наурызда бір-біріне кешірім жасап, қол алысып, төс қағыстырып, тату­ласады. Диқандар 21 наурызда жердің тоңы жібіп, топырағында жылу пайда болатынын айтады. Сол күн­дері жердің шөбі күні-түні үздік­сіз қарқынмен шығады. Яғни, Табиғат-анамыз барлық тіршілік иесіне өз сыйын ұсынады. Енді осы бір тамаша мейрамға орай біртұтас Қазақстан халқына айтар тілегіміз – еліміз аман бол­сын, әрқашан бейбіт заман бол­сын! Елбасымыздың салиқалы сая­саты­мен алға басып келе жатқан Отаны­мыздың келешегі жарқын болсын! Мемлекет басшысының Жол­дауында айқындалған мақсат-мүдделеріміз орындалып, ырыс-берекесі, ынтымағы жарасым тапқан тәуелсіз ел болып, ғасырлар көшінде алға баса берейік! Фахриддин ҚАРАТАЕВ, Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі