17 Наурыз, 2017

Діни ахуалды сауықтыру өте маңызды

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қарағандыда облыстық прокуратураның жанындағы Заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі консультативтік кеңестің отырысы өтті. Оның жұмысына барлық мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес қауымдастықтары және дін өкілдері қатысты. Облыс әкімдігінде өткен жиынды Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов жүргізді. Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында берілген, қоғамда радикалдық көрінестерге мүлдем төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру туралы тапсырмасына сәйкес, облыс прокуратурасы әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге бағытталған «Тұрғындардың сенімі» жобасын жүзеге асыруда. – Құқық қорғау орг андарының халықпен өзара қарым-қатынасын нығайту − біздің басты мақсатымыз. Азаматтарға тәртіп тек полицияға ғана емес, әрқайсымызға байланысты екенін жеткізу. Құқық бұзушылық туралы кез келген хабарлама маңызды. Осыған дейін аталған мәселелер бойынша 150-ден астам шара өткізілді. Үйлер бойынша басшыларды белгілеп, аудандарды секторларға бөліп, әр секторға учаскелік инспектор бекіттік. Жалға берілетін пәтерлер, дәстүрден тыс діни ағымдардың мүшелері, күдікті адамдар жиналатын орындар, жағдайсыз отбасылары туралы 600-ден астам хабарлама түсті, – дейді облыс прокурорының орынбасары М.Таутенов. Жиында сөз болғандай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық және діни жағдайларын сауықтыру мәселелері бойынша 350-ден астам шара өткізіліп, 100-ден астам тұрғынға көмек көрсетілген. Сонымен қатар, дербес профилактикалық шаралар өткізу барысында, қойылған мақсаттарға жету үшін құрамына білікті мамандар кірген топтар құрылған. Олардың көпшілігі мемлекеттік қызметшілер емес, дәрігерлер, теологтар, психологтар, бизнес-қоғамдастықтың және дін өкілдері. Кеңеске қатысушылар облыс прокура­тура­сының бастамаларына қолдау көрсетті. Әлеуметтік проблемаларды шешу қоғамдық тұрақ­тылыққа жағымды ықпал ететіні аталды. Талқылау барысында өткізіліп жатқан жұмыс­тардың тиімділігін арттыруға бағытталған кеңестер мен ұсыныстар айтылды. Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ