18 Наурыз, 2017

Шектен тыс шығындарға жол берілмеуі керек

140 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Сенатында «Теңгерімді және ашық бюджет – елдің табысты және тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының кепілі» тақырыбында Парламенттік тыңдау болды. Оған Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев бірін­ші кезекте Мемлекет басшы­сы биылғы Жолдауы арқылы мак­роэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету шеңберінде бюд­жет шығыстарының тиімді­лігін барынша арттыруды тап­сырғанына, сондай-ақ, қара­жат­ты нақты экономикаға жедел әрі дер кезінде жеткізу мін­детін алға қойғанына назар аудар­ды. Сонымен қатар, Сенат Төрағасы бюджет шығыстарына ыждағаттылықпен қараудың маңыздылығына тоқталды. «Бюджет шығыстары әбден ойластырылып, қаражат, шын мәнінде, мұқтаж салаларға жібе­рілуі тиіс. Шектен тыс шы­ғын­дарға жол берілмеуі керек. Имид­ждік сипаттағы жоба­ларға жұм­салатын едәуір шығынның көлемін айтарлықтай қысқартып, мүмкін болған жағдайда мүлдем тоқтату қажет. Мемлекетіміздің салық саясаты да қазіргі заман­дағы жаһандық сын-қатерлерге жауап беруі тиіс. Ең алдымен, салық саясаты іскерлік белсен­ділікті ынталандырып, кірістер­дің артуына ықпал етіп, шағын жә­не орта бизнеске қолдау көр­сетуі қажет. Сондай-ақ, тиім­ді­лігі төмен салықтық жеңілдік­тер­д­і қайта қарау керек», – деді Қ.То­қаев. Сенат Төрағасы ел экономикасына тікелей әсер ететін негізгі бірқатар мәселелер тұрғысында да сөз қозғады. «Біз бюджеттің кіріс бөлігін арттыру бойынша квазимемлекеттік сектор тарапынан айтарлықтай қайтарым күтуіміз заңды. Ұлттық компаниялар түсім әкелудің орнына тұтыну жағын арттыруға бейім. Үкімет бөлінген қаражаттың игерілмей қалу жағдайларына жол бермеу мақсатында елеулі жұмыс жүргізуі тиіс. Бюджеттің тапшылығы ахуалында қаражаттың тұрақты түрде игерілмеу жағдайларына мүлдем жол берілмеуі қажет. Бірқатар сарапшылардың пікірі бойынша, Ұлттық қордың қаражатын пайдалану бүгінгі түйткілдерді жедел шешуге арналған тұрақты қаржы көзінің болуы есебінен ұзақ мерзімдегі болашақта Үкіметтің экономикалық саясатының тиімділігін төмендетуге әкеліп соғуы мүмкін. Бір сөзбен айтсақ, Ұлттық қордың қаржысын пайдалану мүмкіндігі Үкіметті босаңсытады», – деді Төраға. Сенат Спикері еліміздің эко­номикасын өзгеше жағдай­ларға бейімдеп дамытудың, эконо­микалық өсімнің жаңа моделін жасаудың және бәсекелестік пен нарық жағдайында «шамамызға қарай» өмір сүруді үйрену қа­жет­тігінің маңызды екенін де жет­кізді. Оның айтуынша, Пре­зи­дент ұсынған Үшінші жаңғы­рудың мақсаты да осы страте­гиялық міндетті көздейді. Сөзінің соңында Қ.Тоқаев бюд­жеттің мұнай бағасына тәуел­ді­лігін төмендету, салық­тық әкімшілендіруді жақсар­ту, бюджет шығыстарын оңтай­лан­дырудың құрылымына көшу жөніндегі жұмыстар жалғасын табуы қажет екенін атап көрсетті. Бұдан кейін Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов «Жаңа міндеттер жағдайында мемлекеттік қар­жының ашықтығы мен теңге­рім­ділігі» тақырыбында баянда­ма жасады. Өз сөзінде Б.Сұл­танов республикалық бюджет­тiң кiрiс бөлiгiн арттыру бойын­ша шаралар жоспары әзірлен­геніне, мемлекеттiк әкiмшiлiк ба­қылауды төмендету мақсатында министрлік бюджет пен салық саласында «Халықтық бақылауды» белсендi түрде пайдаланып отыр­ғанына тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде ми­нистрлік мемлекеттік қаржыны кірістер мен мемлекеттік сатып алу және жекешелендіру ба­ғыт­тары бойынша жаңғырту бары­сында ауқымды жұмыс жүргі­зуде. Бұл бағыттарды іске асыру ІЖӨ-нің салық сыйымдылығын кеңейту, бизнесті жүргізу шарттарын жақсарту, сыртқы сауда айналымын жылдамдату, эко­номикаға мемлекеттің қатысуын қысқарту, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұдан басқа, мемлекеттік бюджет шығыстарының бір бөлігін, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі қағидатын қолдана отырып, бәсекелес ортаға беру мүмкіндігі қаралуда. Ал Ұлттық экономика минис­трі (ҰЭМ) Тимур Сүлейменов сенаторлар назарына «Мемлекеттік қаржының тұрақтылығын арттыру шеңберінде фискалды сая­сат­тың негізгі бағыттары» та­қы­ры­­бындағы баяндамасын ұсын­ды. Министр фискалды саясат саласындағы ҰЭМ қызме­ті бюджет шығындары тиімді­лігін арттыруға және Ұлттық қор актив­терін сақтауға бағытталатынын атап көрсетті. Сондай-ақ, ол үсті­міздегі жылы салық саясатын жаңа экономикалық жағдайларға келтіру мақсатында жаңа Салық кодексі әзірленетінін айта келіп: «Салық жүйесін реформалаудың басты мақсаты бюджет кіріс­терінің тұрақтылығын сақ­тау және жаңа кен орындарын әзір­леуге инвестицияларды көбейту жолымен ұзақ мерзімді перспек­тивада бюджет түсімдерін арттыру болып табылады. Құнға қосыл­ған салықты төлеу, оның ішінде электронды шот-факту­раларды енгізу, ҚҚС бойынша жеке жеңілдіктерді жою арқылы тетіктерді жетілдіру шаралары қабылданатын болады», – деді министр. Парламенттік тыңдауда Рес­публикалық бюджеттің атқа­рылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мүшесі Айгүл Мұ­хаметкәрім, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ил­мұханбетова, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орын­басары Нұржан Әлтаев және «САНДЖ» Зерттеу орталығы» қоғамдық қорының президенті Жанар Жандосова сөз алып, тақырыпқа қатысты бірқатар мәселелерді ортаға салды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»