Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамытудың маңызды мәселелері қашанда күн тәртібіне өткір қойылып келеді.
Таяуда университеттегі Қазақ-жапон инновациялық ғылыми орталығында жапондардың бір топ ғалымдары болды. Бұл басқосуға сонымен қатар тікелей мал шаруашылығымен айналысатын өндіріс, фермерлік, қосалқы шаруашылықтардың жетекшілері мен басшылары және ғалымдар қатынасты. Әңгіме барысында елімізде заманауи жүн өңдеу кластерін жүзеге асыру жолдары кеңінен талқы таразысына түсті.
Университеттің ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Шоқан Әлпейісов бағалы шикізаттың қайнар көзі болып отырған жүннің ұшан-теңіз пайдасы жайлы жан-жақты әңгімеледі. Бұдан кейін сөз алған Қазақ-жапон іскерлік және гуманитарлық «Progress» бірлестік ассоциациясы басқармасының төрағасы Хоригоме Кеиичи, осы ассоциация басқармасының мүшесі Кавада Тадаси, «TOWA» компаниясының президенті Сато Кеиичилердің көтеріліп отырған мәселе төңірегінде айтқан ой-пікірлерінің құндылығы назар аударарлықтай.
«Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан–2030» бағдарламасын қолдау» қоғамдық қорының президенті Ерболат Қасымов, «Ақсеңгір-Агро-МТС» фермерлік шаруашылықтар бірлестігі» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы, құрылтайшы Әлімбек Әбиіровтер де жүн кластерін жасаудың уақыт талабына сай келетін тиімді жақтарына баса тоқталды.
Осы жиында Қазақстанда жүн өнімдерін өз мәнінде пайдаланудың құлдырап кеткендігі кеңінен сөз болды. Ал қазақ-жапон арасындағы қарым-қатынас пен байланыс арасындағы өзара келісім мен меморандум Алматы, Қарағанды, Талдықорған, Шымкент аймақтарындағы орталықтардан жүн өңдейтін зауыттар ашуды көздейді. Сонда әр зауытта кем дегенде 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ.
Қанат ТӘКЕБАЕВ, университет баспасөз қызметі орталығының өкілі.
Алматы.