15 Қыркүйек, 2011

Сабақтастық

420 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Осыған орай біздің тілшіміз академия бастығы, генерал-майор Талғат Есетовпен әңгімелескен еді. – Талғат Малғаждарұлы, таяу­да сіз басшылық ететін Ұлт­­тық қауіпсіздік комите­ті­нің Шекара академиясы өзінің 80 жылдық мерейтойын той­ла­мақшы. Осыған орай сөз етпек боп отырған жоғары оқу ор­ны­ның арғы-бергі тарихынан сөз қозғасаңыз... – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясы – тағы­лым­ды тарихы бар білім ордасы. Ол 1931 жылғы 26 желтоқсанда құ­рылған болатын. Содан бері бұл әскери білім ордасы білімді де білікті, мамандығын жан-жақты меңгерген шекара офицерлерін мыңдап шығарды. Ғасырға жуық уақыт ішінде осы жоғары оқу орнының 300-ден астам түлегі генерал деген жоғары әскери атақ­қа ие болды. Түлектеріміз мем­лекеттік шекараға бөгде қол­дың сұғылмауын қамтамасыз ету­мен қатар, Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының сұрапыл жылдарында ерліктің ұмытыл­мас үлгісін көрсете білді. Отан қорғау жолындағы жанқиярлық ерлігі мен қайсарлығы үшін көп­теген отандастарымыз ордендермен, медальдармен марапатталса, олардың 44-і Кеңес Одағы­ның Батыры атағына ие болды. Осындай жетістіктеріне орай біздің әскери оқу орны Октябрь Революциясы және Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. Өзінің 80 жылдық тарихында бірнеше рет өзгертіліп, қайта жа­сақтаудан өткен бұл оқу орнына 2011 жылғы 19 наурызда Елбасы Жарлығымен Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық қауіпсіздік ко­ми­тетінің Шекара академиясы деген жоғары атақ берілді. Осы өз­герістер қазақ даласындағы ше­карашы мамандар даярлайтын бірден-бір әскери жоғары оқу орнына одан да күрделі, жауапты міндеттер жүктеді, үлкен сенім артты. Сондықтан, біз қазір оқу-тәрбие жұмыстарымен қатар қайта жасақтау, Шекара қызме­тінің бөлімдері мен құрылым­дары­нан білікті әскери кадр­лар­д­ы тарту, олармен тәжірибе алмасу, оқу үдерісінің мате­риал­дық-техникалық базасын жетілдіру сияқты келелі істерді ат­қаруға кірісіп те кеттік. Еліміз егемендік алғалы алты мыңнан астам шекарашы-офицер өмірге жолдама алды. Сонымен қатар мемлекетаралық келісімдер негізінде тәжік, қырғыз, ауған елдеріне сол елдің азамат­тарын оқыту арқылы мамандар дайындаудамыз. – Бұл күндері Ұлттық қауіп­сіздік комитеті Шекара акаде­мия­сын тәмамдаған, тү­леп ұш­қа­лы отырған курсант­тар­ға үлгі боларлықтай, елге еңбегі сің­ген қандай азаматтар бар? – Шекара академиясының жыл­намасында біздің түлектер­дің Ұлы Отан соғысының сұ­ра­пыл жылдарындағы, Даманск аралындағы, Жалаңашкөлдегі оқи­­ғаларда мемлекеттік ше­ка­ра­ны қорғаудағы, Ауғанстанда ин­тернационалдық борышын өтеу­де­гі және тәуелсіздік жылда­рын­дағы ерліктері мен өрліктері, ба­тырлықтарының жарқын беттері сақталған. 44 түлекке ең жоғары Кеңес Одағының Батыры және Ресей Батыры атақтары берілді. Көпшілігі орден, медальдармен марапатталған. ТМД-ға мүше елдердегі шекара әскерлері қолбасшылары­ның көпшілігі кезінде бізде оқы­ған жандар. ҚР ҰҚК Шекара қыз­ме­тінің басшылық құрамы тү­гелдей дерлік Шекара акаде­мия­сының түлектері. Атап айт­сақ: генерал-лейтенант Б.Закиев, генерал-майорлар Б.Қырғызбаев, М.М­ә­жи­тов, Т.Уажанов, Ә.Ілиясов, Ш.Өтепов, Е.Жаңабергенов және т.б. – Әңгімемізді Шекара ака­де­миясының материалдық ба­за­сы, әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайы, әскери оқыту ба­рысы жөнінде өрбітсек... – Елбасымыз атап көрсет­кен­дей, «Мемлекеттік шекара – ата-бабамыздан қалған ұлы мұра». Демек, бабаларымыз ақ найза­ның ұшымен, ақ білектің күші­мен қорғап қалған, бізге аманат етіп жеткізген қасиетті шекараны күзету – ардың ісі. Бүгінде мың­да­ған шекарашылар ел шебінде қы­рағы қызмет атқаруда. Ал, біздің академия шекараны күзетіп, қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге қажетті мамандармен қамтама­сыз етіп келе жатқан көп салалы жоғары оқу орны болып табы­ла­ды. Офицер кадрларды даярлау мына бағыттар бойынша жүзеге асырылады: ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметтік-жауынгер­лік іс-қимылдарын, әлеуметтік-тәр­биелік салаларын, оперативтік іздестіру қызметін, шека­ра­лық бақылауды басқару; ҚР ҰҚК кинология қызметін басқару; пси­хология саласының маманы. Сондай-ақ қазіргі уақытта 2 мамандық бойынша магистратура мен докторантура; қосымша кә­сіби білім беру, азаматтық жо­ғары білім базасындағы бір жыл­дық курстар; 2 аптадан 2 айға дейін созылатын Шекара қыз­меті офицерлерінің білімін жетілдіру курстары жұмыс істеуде. Шекара академиясында (негізгі базада және далалық оқыту­ды қамтамасыз ету басқармасын­да) заманауи техникалық құрал­дар­мен жабдықталған 7 дәріс­ха­на залы, 4 лингафон кабинеті, 5 компьютерлік сынып, 122 орын­дық арнайы кітапхана, 12 орын­дық электронды кітапхана, автодром, танкодром, атыс алаңы, 2 автосауытты танк техника­ла­ры­ның паркі, баспахана, 720 орын­дық кинозалы бар мәдениет са­райы жұмыс істейді. Академияда жеке құрам мен ауыспалы құрам­ның дене тәрбиесіне баса назар аударылады, 2 жабық спорт залы, 2 бассейн, 2 тосқауыл жолағы, 2 гимнастикалық қалашық, 2 стадион, 5 ойын алаңы және теннис корты бар. Қысқасы, Шекара ака­демиясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарына жоғары білікті кадрларды даярлау үшін жемісті еңбек етуге қажетті жағ­дай­дың бәрі бар деуге болады. – Әскери қызметтің ғы­лы­ми әлеуетін көтеру, жалпы әс­кери ғылым саласын жетілдіру бү­гінгі таңдағы кезек күттір­мей­тін мәселенің бірі екендігі айғақ. Осы тұрғыда өзіңіз басқарып отырған әскери оқу ордасындағы негізгі ғылыми жаңалықтарға тоқталсаңыз? – Әрине, кез келген саланың дамып, жетілуіне, қарыштап қа­дам басуына ғылымның қосар үлесі мен алар орны ерекше. Оның үстіне әскери сала бол­ған­дықтан оның стратегиялық, так­ти­калық және оперативтік тұр­ғыда сала-салаға жіктеліп, зерттелуі қажет. Осыған орай, 2008 жылғы 2 шілдеде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім беру және ғы­лым саласын бақылау коми­те­тінің шешімі бойынша біздің оқу орнында әскери ғылым доктор­ла­рының диссертациялық жұ­мыс­тарын қорғау негізінде Дис­сертациялық кеңес құрылған бо­латын. Бұл Қазақ елі тарихында тұңғыш ашылған әскери ғылыми алқа болып табылады. Мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау және әскери педагогика мен психология салаларына негізделген кеңестің құрылуы көп­теген білікті мамандардың тың бастамалар мен іргелі ізденістерге түрен салуына кеңінен жол ашты. Қазақстандық әскери ға­лымдармен қатар Ресей мен Ук­раи­наның жетекші әскери жоға­ры оқу орындарынан арнайы мамандар тартылды. Білікті басшы, саяси ғы­лымдар докторы, генерал-майор Бауыржан Елубаев төрағалық еткен, құ­рамында 13 ғалым тұрақты жұмыс істеген Диссертациялық кеңес санаулы уақыт ішінде 36 дис­сертациялық жұмыстың қор­ға­луы­на ықпал етіп, 8 әскери ғы­лымдардың док­то­ры мен 3 педагогика ғылым­да­рының докторын дайындап шығарды. Осыған қоса оперативтік-так­тикалық факультетке қарасты магистратура мен докторантура бөлімдерінің де бүгінгі күнде жемісті еңбек етіп жатқанын жа­ңа­лық ретінде айта кетсем, артық етпес. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімдері мен құ­рылымдарын басқару ма­ман­ды­ғы бойынша қабылданған ал­ғашқы 19 түлек 2006 жылы өзде­рінің магистрлік диссер­та­ция­ла­рын сәтті қорғап, алған бі­лім­де­рі­нің негізінде респуб­ли­ка­мыз­дың түкпір-түкпіріне бас­шылық қызметтерге жіберілді. Жылына 20-30 әскери маман қабылда­на­тын бұл бөлімдерде А.Москалев, Н.Асылов, Р.Каратаев, Р.Аязбекова, Б.Жақып­ақы­нов, Е.Ақшола­қов сияқты тә­жі­рибелі оқыту­шылар мен профессорлар жемісті еңбек етуде. – Академия қабырғасында курсанттардың, сарбаздардың бойына отансүйгіштік, ұлтына де­ген сүйіспеншілік сезімін ұя­лату үшін тәрбие жұмыс­та­ры­ның алатын орны ерекше. «Отанды сүй, халыққа қызмет ет», деген өнегені болашақ офи­церлердің бойына қан­ша­лықты сіңіруге атсалысып жүрміз деп ойлайсыздар? – Біз осы уақытқа дейін тілді, ұлттық рухты насихаттау жолын­да қыруар істі атқардық десем, артық айтпаған болар едім. Енді соның нәтижесін көретін кез келген сияқты. Себебі, өз Отанына, ұлтына деген мақтаныш сезім ғана адамды заңғар мақсаттарға жетелейтінін түсінеміз. Менің ойымша, барлық халықтар мен ұлттардың тамаша дәстүрлері мен мұра­ларынан қажетін алып, пайдаға асыра отырып, оларды әс­кери өмірдің қажетті­лік­теріне жарату керек. Бұл әскердегі ұлттық саясаттың ал­тын қазығы. Осыған байланысты академия қабырғасында тұңғыш рет І, ІІ, ІІІ республикалық «Үш бақы­тым» атты әскери ақындар ай­ты­сы өткізілді. Қазақстан Жазу­шы­лар одағының төрағасы Н.Оразалин және қазақтың қарымды қаламгерлері, қабырғалы қайрат­кер­лерінің қатысуымен М.Ма­қатаев атындағы әдеби-өнертану бірлестігі ашылды. Республика өнер, мәдениет қайраткерлері­нің, мәдени ұжымдарының қа­ты­суы­мен «Жырлайды жүрек» ат­ты поэзия кеші, «Ар-намысым, қа­сі­ре­тім, қасиетім – Жел­тоқ­сан» атты тарихи-танымдық, әде­би-сазды кеш ұйымдастырылды. Бұлардан басқа, академияның курстық бөлімшелері арасында «Жігіт сұлтаны», «Тілдер фестивалі» сияқты түрлі конкурстар, сонымен қатар, қазақтың көр­нек­ті де зиялы қауым өкіл­де­рі­мен кездесу, әдеби кештер сияқты іс-шараларды жыл сайын өткізу дәстүрге айналған. Ай сайын кур­санттар мен сарбаздар бөлім­шелерінде «Тіл тағдыры – ел тағдыры», «Қазақстан Респуб­лика­сындағы тіл саясаты», «Қа­зақ тілі – қарым-қатынас тілі», «Қазақ тілінде сөйлеу мәнері», «Қазақ халқының салт-дәс­түр­лері» тақырыптарында ашық са­бақтар, саяси-тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп отырады. Курсанттарымызды, сарбаз­да­ры­мызды театрға, ұлттық мұ­ражайлар мен көрмелерге алып бару да назардан тыс қалмайды. – Қазіргі таңда Ше­кара ака­демиясы Қазақ­стан­дағы шека­ра­шыларды дай­ындайтын жал­ғыз оқу ор­ны. Болашақта ал­да­рыңызға қой­ған қандай жос­пар­лары­ңыз, мақ­сат-мұрат­та­ры­ңыз бар? – Бүгінде оқу орнының, ұжымның алдында мемлекеттік маңызы бар үлкен міндет тұр. Ол – біздің республикаға және ТМД елдеріне офицер кадрларды даярлаудағы оқу-тәрбие үдерісін одан әрі жетілдіре түсу мақсаты. Шекара академиясының даңқ­­ты тарихы, игі дәстүрлері, жыл­дар бойы қордаланған бай тәжірибесі XXI ғасырда да өзінің заңды жалғасын табуда. Жаңа ғасыр – жаңа кеңістік ға­сыры, Шекара ака­демиясы қыз­мет­керлерінің кәсіби деңгейінің өсу кезеңі, біздің курсанттар мен жас сарбаздардың жауын­герлік дәс­түрлерінің, батыр­лық, табан­ды­лық, ерлік, өрлік іс­те­рінің ай­шықталар дәуірі болмақ.

Қазақ халқында аманатқа қия­нат жасамайтын, керісінше, адалдық танытып, оны ар-на­мыстың биік шыңына баға­лай­тын тамаша дәстүр қалыптасқан. Мұны сабақтастық дейміз. Міне, бүгінгі күнде біздің жоғары әскери оқу орнына да дәл сондай жауапты да сауапты жүк арты­лып отыр. Ширек ғасырдан астам мерзім ішінде өзіндік соқпақ салып, дәстүр қалыптастырған Шекара академиясының үлкенді ізетке, кішіні күзетке қоя оты­рып, бабалар аманаты мен келешек ғаламаты үшін аянбай тер төге беретіндігіне кәміл сенемін.

Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.