15 Қыркүйек, 2011

Ақын – ұлттың жүрегі

1222 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Даланың жыры, дананың сыры, сөздің сиқыры болмысына дарыған, ха­лықтың жан-жүрегін, арман-тілегін тол­қын­дата толғаған, «өнерден дәулет жи­наған» азу тісі балғадай, тілі мірдің оғын­дай айтқыштардың айтулысы, «арлан бөрісі», бүгінде туғанына 170 жыл толып отырған Қашаған жырау еді. Суырыпсалма өнердің дүлдүл көгі Қашаған Ізбаспен айтысында: Топты аузына қаратқан Жасымнан жүйрік тілдімін. Адай түгіл, Алшынға Хан, хакімдей бұлдымын, – дегенінде ақындық жойқын шабытының, телегей сырлы әлемінің шынайы көрінісі жарқын түрде сипатталған. Тіл – халық рухының басты сипаты, мәдениет энциклопедиясы десек, онда Қашағанның саф таза жыр-толғаулары, дас­тандары, айтыстары – ұлттық-мәдени және тарихи ақпараттар көзі деуге лайық. Ежелден Маңғыстау аймағында жыр­шылық-жыраулық дәстүр кең қанат жай­ған. Ақындықтың ұлы мектебі қалып­тасып, қарыштап гүлдеген. Қашаған ақын Абыл, Ақтан, Махамбет, Мұрат, Нұрым, Қалнияз, Марабай, Шернияз сынды сұң­қар дауысты саңлақтардың үздік дәс­түр­лерін мықтап көкірегіне тоқып, жетілдіре, көркейте сабақтастыр­ған. «Адайдың жеті қайқысы», сондай-ақ Балаораз, Қоспақ, Қашқынбай, Ізім­шайыр, Мұрын, Нұр­пейіс, Өмір, Ығыл­ман­дармен өнер кө­гінде, елдің төрінде жарқырап салтанатты жиын-мәслихат­тарда, қызықтарда жыр дүкенін қыздыр­ған. Маңғыстау, Хорезм аймағындағы, Еділ-Жайық, Қобда, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойын­дағы арғы-бергі ғасырларда өмір сүрген жыршы-жырау­лардың шығармашылығын жан-жақты талдап тексерген оқымысты Қабиболла Сыдықов: «Қашағанның ақын­дық, жыр­шылық өнерін Өскінбай мен Аралбай, Ығылман мен Нұрпейіс, Мұрын мен Өмір Көкшекбайұлы, Сүгір Беген­дікұлы мен Сәттіғұл, Шәдіман мен Шамғұл, Көшен мен Құмар сияқты ақын-жыр­шылар өнеге тұтқан», деп жазады. Тегінде, Мұрын жырау мен ақын Сәттіғұл Жанғабылұлының дерегіне жүгінсек, «Қы­рымның қырық батырын» көркем­діктің үлдесі мен бүлдесіне бөлеп, оқи­ғалық желісін қызықтыра түрлендіріп жайнатып жеткізген. Бұл орайда сөз байлығы ақыл байлығына ұласқан Қа­шаған қазақ халқының эпикалық бай мұрасын барынша терең, жетік игерген. «Түбіріне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы» деп Әйтеке би тұжырым­да­ғандай, Қашаған құбылысы – оның ақын­дық-жыраулық мектебін, өнерлі ортасын, эпикалық дәстүр қуатын, ха­лық­тың көркемдік-философиялық дүние­та­нымын мәлімдейді. Қашаған жырау түзулікті, турашыл­дықты қолдап-қорғаған қырғи тілді тапқыр, ұшқыр болған. Оның «Кедей жігітке айтқан ақылы», «Оразалы байға айтқаны», «Есқали сұпыға айтқаны» дейтін сықақтарында от мінезділік, орып түсетін ересен өткірлік бар. Аралбай ақынның жалғыз перзенті Берекет мезгілсіз дүниеден озғанда, бұл жайдан бейхабар Қашаған келеді. Ол Аралбайдың лебізін сағынғанын айтады. Сонда Аралбай: Мен – ботасы өлген боз мая, Тұлыбына келіп аңыраған. Мен бір жүрген ақ киік, Лағын түзде алдырып, Орнына келіп маңыраған. Мен – қартайған арыстан, Елсізде қалып ыңыранған. Мен – жапанға біткен бәйтерек Жапырағы жерге төгілген. Мен бір тұрған ақ сауыт, Адыра қалып сөгілген, – деп көкірегі қарс айрылғанда, сол мезетте Қашаған: Ашу деген – көк бөрі, Ақылың – қорған тал болар, Тәуекел – қайық, сал болар, – деп шарболаттай ғибратты ойын айтады. Қашаған ақынның жыр-толғау­ла­рында адамның тіршілігіне, іс-әрекет­теріне, рухани болмысының кәміл жетілуіне қатысты тағдыр анықтағыштық ой-тұжырымдар жет­кілікті. «Бұл өмірдің мысалы» деген лебізінде «әділдіктің белгісі – расын сөй­леу», «Пітне көңіл белгісі – құпия сөйлеп ыр­жию» екендігінен бастап: Өпірем болу не керек, Бақ-базарың ауған соң. Бәсеке ету не керек, Бастан билік кеткен соң. Бұлаң-сұлаң не керек, Ақ бетіңнен нұр тайып, Жер ортадан асқан соң. Елең-селең не керек, Жас елуден кеткен соң. Жалтақ-жұлтаң не керек, Жігіттік бастан өткен соң, – деп адам ба­ласының жас ерекшелігіне орай жү­ріс-тұрысын, қимыл-әрекетін, киім киісін, ойлау, сөйлеу дағды-машық­тарын лайықты табиғи дәрежеде ұстау, көрсету – салиқа­лылықтың, ішкі мә­дениетінің, әдептіліктің белгісі деген ойды поэзиялық қасиет­термен сөйлетеді. Отаршылдықтың қамытын киген ноқ­талы қазақ – нешеме асылдарынан, ардақ­ты жөн-жосықтарынан, үлгі-өнегелерінен амал­сыздан ажырап қалғаны мәлім. Бұл ретте ақынның қайғылы ой сарындары былайша өріледі: ... Тілінде бар жақсының Діні кеткенге ұқсайды. Өтірік сөздер көбейіп, Шыны кеткенге ұқсайды. Әкімнен кетіп әділдік, Бай қайырсыз секілді, Бай бермеске бекінді. Қатындардың ұятын, Қыз, жігіттің ибасын Шайтан алған секілді («Замана халі», 1912 жыл). Көргенсіздердің, «күзен тісті, қисық көз сотанақтардың» теріс қылықтарына көкі­регі қарс айрылатын «ағыны тасты аудар­ған» Қашаған оларды сөйтіп, алмас тілімен түйрейді. Өлең сөздің қас жүйрігі, майталман білгір шебері Қашаған жыраудың шығар­машылық өмірбаянында кесек-кесек, түй­дек-түйдек мағыналы ой-толғаныстар мейлінше мол. Оның «Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасында» оюлы да ойлы орамдар аз емес. Мәселен: Ұзартып жүрме тіліңді, Ұстатып жүрме мініңді. Ақыл ойлап пікір ет, Құдайыңа шүкір ет. Бәйбіше болсаң балқыған, Қас-қабағың шалқыған. Келін менен баланың Билігіне таласпа, Ақылыңнан адаспа. Қашаған жырау поэзиясының көркем­дік әлеміндегі лағыл ойлар, айшықты те­ңемелер сана-зердеге сәуле шашады, жа­ныңды, рухыңды, се­зіміңді сергітеді. Ай­талық, «Қонақкәде жы­­­рына» үңілсек, қыз сұлулығын си­патта­ғанда «алтыннан құй­ған асықтай», «күміс­тен құйған қасық­тай», «құбылған беті мақ­палдай», «сол­қыл­да­ған жас талдай», «тау­ға ойнаған бұл­бұл­дай», «қастары қама құндыздай», «көз­дері шолпан жұл­дыздай» дейтін жіпке тізген меруерттей сөз асыл­­­­­дарын қи­сын­ды қол­дан­ған. Қашағанның Нұ­рым, Ізбас си­яқты «дү­бір­лі дүлдүл ша­йырлармен» сайы­сын­да оның ақындық-азаматтық тұлғасы, діни-мұсылмандық дүниетаным тереңдігі, жара­тылыс құ­пиясына зеректігі жарқын көрініс тапқан. Қашаған ақынның: Көп болды сондай тасқандар, Әлдерін білмей асқандар. Пиғылынан солардың, Қабыса жазды аспан, жер, – дей келіп: Етпеді шүкір қанағат, Тап болмай қайтсін ғаламат, – дейтін баяндауынан халықтың басына зұлмат төніп келе жатқанын сезінесің. Ұлт тарихындағы аңыз-шежірелерге жетіктігін «Адай тегі» аңыз-хикаясы ай­ғақтай түседі. Жыршы тыңдармандарын қызықтыру мақсатында композициялық, сюжеттік құрылымын, архитектоникасын ұсталықпен өріп тоқыған. Әр кейіпкердің өзіне тән дербес сөйлеу мәнерін, ой тол­ғауын, шынайы көзқарасын көрсете білген. «Атамекен», «Топан» атты дастан­да­рына тарихилық пен деректілік тән. Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қар­сы күресі және ХІХ ғасырдың 90-жылда­рында Каспий теңізінің ғаламат тас­қынына душар болған елдің тра­гедиясы тегеурінді жыр­ланған. Эпикалық құлашы кең, көркемдікті сезіну қабілеті кемел «Топан» дастанында ақын дамытудың озық үлгісіне сүйенген. Үшқиянның қайырлы, құтты қоныс, дария дәулеттің, шалқыған сәулет­тің ордалы мекені («Баққан қойы бүр­кіттей, Дулығасы үйген іскірттей») екендігін, сонау бір Орманбет ханның уақты­сында арша аға­шына бозторғай қонып, «құтырған құртты қағып жеп» бүркітке сес көрсетеді. Содан торғайды қылғытқан бүркіт Еділдің жайын балы­ғына қанды шеңгелін салады. Сөйтіп, Балық құ­тырады. Балықты жеген ел дүрлі­геді. Содан құтырынған қара құ­йынның кеса­патынан сұрапылдың желі зулап, теңіз тулап, ел екпіндеп соққан мұздардың соққысына ұшырайды... Қашаған Күржіманұлы ақпа-төкпе жыр­шылық өнердің алтын тамыры іспеттес, Сыпыра жырау дәстүрін жалғас­тырушылардың бірегейі, әсіресе, жыр­шы­лық өнердің туын жоғары ұстаған гулеген ақындықтың телегейі. Шабыты шалқыған Абыл, Нұрым, Ақтандардың тәлімгерлігін көрген, «тарихтың ескі ақпарын» («Атамекен» дастанынан) ақ­тарған, «қағида болып қалынған, шежіре болып жазыл­ған» («Адай кегі» аңыз-хикаясынан) көне эпи­калық дастандарды туындатқан. Атап айтқанда, «Топан», «Қарасай, Қази», «Адай кегі», «Атамекен» атты дастан­дарында ел мен жер тағдыры, «қанжы­ғасы қан заман, тарал­ғысы тар заманның» қилы-қилы суреттері, ата-баба шежіресі, «да­былы күшті», «қайраты қалың», «күн­дік жерге оқ атқан» ерлердің ерлік-қаһар­мандық қи­мылдары суреттеледі. Бұл жырлардың тарихилық-көркемдік және аңыздық қыр­лары айрықша. Телағыс, Орақ, Мамай, Ер Қосай, Ер Тарғын, Асан қайғы, Қазтуған, Едіге сынды тұлғалар бейнесі қылаң береді. Сонымен қатар бай­тақ даласы бар қазақтың қаласы, ас­танасы бары, жазу өнері, әскери өнер, дамығаны, ұлттық тәрбие-тәлімі берік сақ­талғаны, иіні келгенде, ойына оралып отырады. Қаша­ғанның тарихи зердесі, дүние тану даралығы, замана құбылыс­тарын көркем­дік қабылдау қабілеті, ассоциациялық ойлау жүйесі, суреткерлік қолтаңбасы шығармаларының сөздік-лұғаттық, маз­мұндық байлығын, бейнелілік, әуезділік табиғатын айқындайды. Сондықтан да ақын шығармаларында рух, сезім, тіл байлығы ересен. Қашаған жырау шашақты қара дом­бырасына қосылып құйқылжыта шыр­қап-толғағанда сырлы сөздері одан сайын түрленіп құлпырады екен. Поэзиялық ой-суреттеулерін музыкалық күй тербелістеріне айналдырған. Қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Жансүгіров «Көбік шаш­қан» поэмасында: Қашаған, Құрманғазы қосылғанда, Адайлар төңкерілген жыр мен күйге. Я болмаса, Қашаған қамшысына бүйірін таяп, Шер толғап әлсін-әлсін жыр толғай­ды, – деуінде аталы, баталы, өнерлі жұрт­тың абыз жырауы екендігін ерекше серпінмен елеп ескертеді. Ақын соншалық­ты жа­сам­­паздықпен қолданған сөз-ұғым, сөз-образ, сөз-символдар я болмаса сөз тіркестері, сөйлемдері жаңа энергиямен, рух­пен қуат­танып, қанаттанып, алуан түрлі буыр­қанған бояуларға, реңктерге бөленіп отырады. Қашаған Адай елінің тарпаң мінезді марқасқа ерлерінің болмысын: Ебейдей төсі салынған, Егеудей тісі жанылған, Шеңбердей белі бүгілген, Еңіреудей көзі үңілген, Қоғадай жалын төгілтіп, Шортандай баурын жаратып, Жорықпен тойда жасанып, – деп өрнектейді. Немесе Қашаған жырлауындағы «Қа­ра­сай, Қази» нұсқасында Қарасайдың қа­рындасы Қибат сұлудың «айдан ару шынардай» келбетін, жауқазындай бал­ғын болмысын: Маңдайым күндей балқыған, Ажарым нұрдай шалқыған, Қастарым қама құндыздай, Көздерім Шолпан жұлдыздай, – деп әсерлеп-мәнерлеп келісті жеткізеді. Қашаған ақын Қарасайдың батырлық құдіретті кейпін: Мен – бір қайнаған қара бұлтпын, Мен – бір жез бұйдалы нар тайлақ Және мен – жез шынжырлы құнан піл, – дейтін мөлдір мағыналы ой-толға­ныстармен сәулеттендіреді. Туған жердің топырағын тұмар еткен, туған жұртын шалқыған жырымен құмар еткен Қашаған Күржіманұлы жыраулық, жыршылық, ақындық өнер тарихында жасампаз дәстүрлерімен жайнап жасай бермекші. Серік НЕГИМОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор.