Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астрахань қаласына барып, Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық VIII ынтымақтастық форумына қатысты
Астрахань – Қазақстан үшін жат өңір емес. Осы өңірдің топырағында қазақтың күй өнеріне өшпес мұра қалдырған Құрманғазы Сағырбайұлы мен ел тарихында өзіндік орны бар Бөкей ордасын құрушы Бөкей хан мәңгілік тыныстап жатыр. Бұл күндері Ресейдің осы өңірінде 150 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Ресей аумағында болғанымен тарихи атамекенінен табан аудармаған қандастарға Елбасының да ықыласы ерекше. Кеше Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Астрахань қаласына келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев ұшақ трапынан арнайы күтіп алды. Мемлекет басшыларының екіжақты кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев алдымен ресейлік әріптесі Дмитрий Медведевті туған күнімен құттықтап, Ресей елінің келешегі, Қазақстанмен ынтымақтастықты кемелдендіре түсу бағытындағы еңбегіне табыс тіледі. Екіжақты кездесуде Қазақстан мен Ресейдің 2011-2012 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспарының кейбір тармақтарының орындалу барысы, отын-энергетикалық кешенін дамыту, Кеден одағының тиімділігін арттыру, «Байқоңыр» ғарыш айлағын бірлесе пайдаланудың шарттық-құқықтық базасын жетілдіру, трансшекаралық су нысандарын пайдалану және қорғау, сондай-ақ, интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі халықаралық мәселелер талқыланды. Ресей Президенті Д.Медведев екіжақты кездесуде тамыз айында өткізілген бейресми саммит бірнеше халықаралық мәселелердің түйінін тарқатуға арқау болғанына тоқталды. Ол сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуде өтетін ҰҚШҰ саммитіне қатысуын қалайтынын жеткізді.
Жалпы, Қазақстан мен Ресейдің бір-бірімен ынтымақтастық байланысының тамыры тым тереңде жатыр. Екі елдің ежелден қалыптасқан көршілік хақы өз алдына, тәуелсіздік желісі тартылысымен, 1992 жылғы 25 мамырда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өзара достық пен ынтымақтастық, сонымен бірге, бір-біріне көмек беру жөнінде келісімге қол қойылған. Ежелгі көрші мемлекеттердің дипломатиялық қарым-қатынасы да сол жылдың қазан айынан тамыр тартады. Содан бергі 20 жылға жуықтаған кезеңде Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы биік деңгейге көтерілді. Экономиканың барлық дерлік саласында, соның ішінде, мұнай-газ өнеркәсібі, отын-энергетикасы, ғарыш, банк секторын дамыту секілді жетекші салаларды өркендетуге басым бағыт беріліп келеді. Кезінде Қазақстанның Ресейдегі, Ресейдің Қазақстандағы жылы өткізілді. Экономикалық, әріптестік, іскерлік байланыстардың буынын бекіте түсу мақсатында үкіметаралық комиссиялар жұмыс жасайды.
Бұл күндері екі елдің арасында шешімін таппайтын мәселе жоқ деуге негіз бар. Бұрын әсіресе, екі мемлекеттің шекаралас өңірлерінде кездесетін трансшекаралық мәселелерді оң шешуге батыл қадамдар жасалды. Осы орайда Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен жыл сайын шекаралас өңірлердің ынтымақтастық форумы өтеді. Бұл форумды өткізудің өзіндік маңызы айрықша. Алдымен, әрине, Қазақстан-Ресей арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету болса, екіншіден, шекаралас өңірлердің сауда-экономикалық байланысын жетілдіру. Үшіншіден, трансшекаралық жобаларды бірігіп іске асыру, сондай-ақ, шекаралас өңірлер арасындағы тікелей тасымал бағытын қалыптастыру. Өйткені, ТМД елдерімен шектесетін Ресей Федерациясының 27 субъектісінің он екісі Қазақстанның 7 облысымен шектесіп жатыр. Сол себептен, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен 2003 жылы алғаш рет екі елдің шекаралас өңірлерінің форумы Омбы қаласында өткізілді. Бұдан бір жылдан кейінгі форум Қазақстанда жалғасып, кейіннен мұндай форумды өткізудің маңызы айқындала түсті. Ал 2008 жылы Ақтөбеде өткен шекаралас өңірлер форумында оған қатысушылар қатары едәуір толықты. Қазақстан жағынан Астана және Алматы қалаларымен, Қарағанды облысымен, Ресейден бұған Мәскеу, Санкт-Петербург қалалары, Свердлов облысы мен Татарстан Республикасы қосылды. Сөйтіп, енді Қазақстаннан 8 облыс, Ресейден 13 субъекті қатысатын бұл басқосу аймақаралық ынтымақтастық форумы деген мәртебеге ие болды.
Әр жыл сайын өтетін форумда көтерілетін мәселелердің маңыздылығына басым бағыт беріледі. Әр форумнан соң екі елдің әріптестік байланысы кеңейе түсіп, өзара тауар алмасудың жанданғаны мына бір деректің өзінен байқалады. Мәселен, 2010 жылы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының нәтижесінде сауда айналымы 27,8 пайызға өсіп, 15,8 миллиард АҚШ долларын құраған. Демек, бұл Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы жаңа белестерге көтерілгенінің тағы бір айқын дәлелі болмақ. Жыл аяғына дейін екі елдің сауда айналымы 20 миллиард доллардан асып қалуы ғажап емес. Көршілес елдердің ынтымақтастығы тек экономикалық байланыстарды жандандыруда ғана емес, өзге де салаларда байқалады. Бұл кеше Астрахань қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінің VIII аймақаралық ынтымақтастық форумында талқыланған мәселелердің маңыздылығымен тағы бір рет айшықтала түсті.
– Біздің форум – бұрынғы кеңестік кеңістіктегі екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тиімді қадамның бірегей үлгісі. Ол аймақтарды жақындастыру арқылы Кеден одағын құруда да пайдалы механизм бола алды, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Енді біртұтас экономикалық кеңістіктен Еуразия экономикалық одағына қарай қадам басу керек. Бүгін кезекті форум өткізіліп отырған Астрахань қаласын «Еділдің Венециясы» деп тегін атамайды. Бұл – өнеркәсібі қарқынды дамыған, өзіндік тарихы, келісті мәдениеті де бар шын мәніндегі еуразиялық қала. Бұл өңірде бірнеше ұлт пен конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүрсе, бұл жерде біздің тарихи һәм мәдени тамырымыз біте қайнасқан.
Елбасы бұдан әрі аймақаралық ынтымақтастық форумының маңызына айрықша тоқталды. Бұл форум, деді Нұрсұлтан Назарбаев, посткеңестік кеңістікте екіжақты ынтымақтастықты дамытудың жарқын мысалы бола алады. Кеден одағын құруда, сонымен бірге, біздің елдеріміздің өңірлерін бір-біріне жақындастыра алған ең тиімді тетік болды. Қазір кедендегі және сауда саласындағы барлық кедергілер алынып тасталды. Біртұтас экономикалық кеңістік құрудың қалыпты қағидалары жасақталуда. Бұл біздің елдеріміздің арасындағы тауар айналымының өсімінен байқалады. Биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде тауар айналымы 40 пайызға артып, 11,5 миллиард долларды құрады.
Ал форумның күн тәртібіне шығарылған негізгі тақырыпқа ойысқанда, алдымен мына мәселеге баса назар аударылды. Бұл – трансшекаралық сипаттағы төтенше жағдайларға бірлесе ден қою. Бұған назар аударудың бірнеше себебі бар. Қазір әлемде техногендік апаттарға, соңы үлкен зардаптар мен шығынға ұшыратқан табиғаттың тосын құбылысы азаймай отыр. Бұл көптеген елдердің экономикалық, әлеуметтік және демографиялық әлеуетіне орасан зор зардабын тигізуде. Сол себептен, тек құтқарушылардың ғана емес, тиісті органдар мен қызметтердің өзара бірлесе әрекет ету қажеттілігін алға тартады. Қазақстан да, Ресей де төтенше жағдайларда жедел әрекет етуде толымды тәжірибе жинақтаған. Ресей – Қазақстанмен өнеркәсіптік апаттардың, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою жөніндегі келісім жасаған алғашқы мемлекет. Қазақстандық және ресейлік құтқарушылар ТМД күштерінің корпусына мүше ретінде кіреді. Сонымен бірге, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымның құрамына да мүшелікке қабылданған. Екі елдің құтқарушыларында трансшекаралық төтенше жағдайлар төнген сәтте бірлесіп әрекет етудің жоспарлары бар. Мәселен, өткен жылы Павлодар облысы мен Алтай өлкесіндегі табиғи өрттерді сөндіру кезінде трансшекаралық төтенше жағдайлар жөніндегі жедел ақпарат алмасудың тиімділігі айқындалды.
– Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюдағы біздің елдердің ынтымақтастығын одан әрі нығайта беру қажет. Бұл біздің аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің маңызды шарты, – деп атап өтті Президент Нұрсұлтан Назарбаев. – Бұл орайда Қазақстан мен Ресейдің ұстанған бағыты айқын. Алдағы уақытта да төтенше жағдайлардың алдын алу және оны болдырмау үшін біз бірлескен іс-қимылдарымызды жандандыра түсуіміз қажет. Бұл – шекаралас өңірлердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілі үшін ең қажет қадам.
Нұрсұлтан Назарбаев осы орайдағы ынтымақтастықтың басты бағыты ретінде төтенше жағдайларды бағдарлау және мониторинг жүргізудің бірлескен желісін құру қажет деп есептейді. Бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру үшін төтенше жағдайлар болуы мүмкін аумақтардың ғарыштан түсірілген картасын жасақтау қажет. Біздің құтқарушы қызметтеріміз үшін орман және дала өрттері, трансшекаралық өзендерде, Каспий теңізі акваториясында болуы мүмкін су тасқыны күтпеген апаттардың қатарына жатқызылмауы тиіс, деді Нұрсұлтан Назарбаев. «Тіршілік үшін судың маңызы айрықша болғандықтан, оған тек тауар ретінде ғана қарамау қажет» деп түйін жасаған Елбасының Жайық өзені секілді трансшекаралық су көздерін қорғау жөніндегі ұсынысына Ресей Президенті Дмитрий Медведев қолдау білдірді. Осы орайда азаматтық қорғанысты жандандыру мақсатында ғылыми әлеует пен осы заманғы жаңа технологияларды қолдану екі ел ынтымақтастығының, әріптестік серіктестігінің басты тармағы болуы қажеттігіне назар аударылды.
Қазақстан үшін табиғи-техногендік тәуекелді, жер сілкінісінің болу ықтималдығын қысқа мерзімде бағдарлай алу жөніндегі инновацияның маңызы артып отыр. Әрине, осы мақсаттағы жұмыстың қарқын алуы мамандардың біліктілігімен ұштасатындығы даусыз. Соған байланысты Қазақстан осы салаға жоғары білімді мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыруды басты мақсат етіп қойып отыр. Қазіргі статистикалық мәліметтерге қарағанда, әлемде болатын техногендік апаттар мен жойқын залалдардың 70 пайызы адам факторымен байланысты болатындығы дәлелденіп отыр. Бұл көрсеткішті төмендету білікті мамандар даярлаумен тығыз байланысты болатындығы дау тудырмайды. Мамандар біліктілігін арттырумен бірге, құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің, диспетчерлер мен операторлардың беделін көтерудің де қажеттілігі қозғалып қалды. Өйткені, аталған кәсіп иелері жөнінде толық ақпарат берілмейтіні өз алдына, осы салаға маманданғандар, олардың жетістіктері жөнінде көп айтылмай келеді.
– Біз аймақаралық ынтымақтастықты нығайта түсуге келістік. Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, бұл біздің елдеріміз үшін өте маңызды. Бізге екіжақты қатынастарға, аймақаралық қатынастарға міндетті түрде назар аудару қажет, – деді Ресей Президенті Дмитрий Медведев.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Ресейдің Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және апаттардың зардабын жою ісі жөніндегі министрі Сергей Шойгу, Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Астрахань облысының губернаторы Александр Жилкин трансшекаралық сипаттағы төтенше жағдайларда бірлесе әрекет етудің маңыздылығына тоқталды.
Мемлекет басшыларының қатысуымен екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсуге тың серпін беретін маңызды үш құжатқа қол қойылды. Бұл құжаттар негізінде біріншіден, Қазақстан-Ресей үкіметтері арасында «Алтай» трансшекаралық резерватын құру туралы келісім жасалды. Екіншіден, Қазақстан-Ресей арасында 2012-2017 жылдарға арналған өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастық бағдарламасы бекітілді. Үшіншіден, Қазақстан–Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгеріс енгізілмек. Соңғы құжатқа байланысты нақтылай айтар болсақ, екі ел үкіметтерінің келісімі 1998 жылғы 23 желтоқсанда жасалған екен.
– Біздің жоғары деңгейдегі кездесулеріміз – жаңа жобаларды іске асыруға, нақты келісімдерді бекітуге жасалған оң қадам, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форумнан кейін журналистерге берген сұхбатында. – Біз бүгін екі елдің барлық салалар бойынша бірлескен іс-қимылының келешектегі бағдары туралы талқыладық. Әсіресе, ғарыштан зерттеу жүргізу, көлік инфрақұрылымы, отын-энергетика кешені, трансшекаралық су көздерін қорғау және тиімді пайдалану қажет дейтін мәселелерге басымдықтар берілді. Біздің интеграциялық байланыстарымыз тереңдей береді. Инновациялық байланыстарымыз да нығая түседі. Келесі жылы екі ел арасындағы достық, ынтымақтастық пен өзара көмек туралы келісімнің және мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толады. Мен біздің үкіметтерге осы мерейтойлық күндерге арналған шараларды өткізу туралы ұсыныстар енгізіп, келісуді ұсынамын.
Шындығында, Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері арасындағы ынтымақтастық байланыс бұрынғы жарасымды көршілік деңгейінде қалмай, ендігі кезеңде сенімді әріптестікке ұласқандығын байқатты.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан – Астраханьнан.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.