24 Қараша, 2016

Каспий теңізінің атлас картасы жасалады

369 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ел тәуелсіздігінің ширек ға­сырлық мерекесіне орай, еліміз­дің Инвестициялар және даму министрлігі ұйымдастырған ке­ңесте «Каспий өңірінің геоло­гиялық мазмұндағы ГАЖ атлас картасы» халықаралық жобасы талқыланды. Аталған минис­трліктің Геология және жер қой­науын пай­далану комитетінің өкіл­дері, Иран, Ресей және Өз­бек­стан елдерінің геологиялық құ­рылымдарының жетекшілері, Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілдері мен жер қойнауын пайдаланушылар, жоғары оқу орын­дарының қызметкерлері, ғалымдар қатысқан кеңес Каспий теңізіне қатысты ауқымды жұмысты қолға алудағы алғашқы қадам болуымен ерекшеленеді. Кеңеске арқау болған Каспий теңізіне қатысты халықаралық жоба бір-екі жылдан бері қолға алынған. Алдымен теңіз жағалауындағы елдер келіссөздер жүргізіп, әр ел өздерінің геологиялық ақпа­рат­­тар моделін жасағанмен, оған өзгелердің қолжетімділігі шек­теулі. Каспий қайраңындағы мұ­най-газ кен қорын зерттеуде ақпарат жеткілікті әрі толық болуы үшін теңіз жағасындағы бес мемлекеттің ақпаратын пайдалану маңызды. Геологиялық атлас картасын жасау арқылы көрші елдер ширек ғасыр ішінде теңізге қатысты жинақталған гео­­логиялық, геоэкологиялық, гео­­физикалық деректерді бірік­ті­ріп, ортақ мәліметке қол жеткізе алады. Сондай-ақ, Каспий теңізі бү­гінге дейін геологиялық тұрғыда біртұтас зерттелмеген, тек әр мемлекет кен орындарын іздеу үшін белгілі аймақтарды зерттеп келген, енді жағалаудағы мұнай өндіретін бес мемлекет те теңіздегі табиғи ресурстардың қорын толық анық­тауға қызығушылық танытуда. Қазақстанда 25 жыл ішінде Қашаған, Қаламқас теңіз, Ақтоты, Хазар және Қайран кен орындары ашылып, барланған. Кеңесте сөз алған Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев елімізде мұнайдың геологиялық қорының 5,1 млрд тоннаны құрайтындығын, оның ішінде шығарылатын қорлар 2,2 млрд тонна болса, газдың көлемі 0,2 трлн текше метр екендігін айта келіп: – Қазақстан тәуелсіздік алғалы алғаш рет 119 көмірсутекті ши­кізат кен орны мемлекеттік ба­лансқа қойылды. Шамамен, мұ­найдың бекітілген қоры 2,5 млрд тонна, газ 432 млрд текше метр, кон­денсат қоры 265 млн тоннаға артты, – деді. Бірлескен геологиялық кар­то­­графиялық жұмыстар мен ақ­параттық деректор қоры Маң­ғыс­тау өңірінің инвестициялық тартымдылығына, өңірде мұнай-газ секторын дамытуға әсер етпек. Тұрақты тербелістегі Каспий теңізі өңірін зерттеу, экологиялық қауіпсіздікті басты назарда ұстау мәселесі айтылып, атлас картасын жасау, геологиялық мәліметтердің ортақтығы мен жағалаудағы көр-ші елдердің геологиялық қыз­мет­терінің ынтымақтастығы тал­қыланды. Ол үшін сайт құрып, ортақ электронды база жасақтау қажеттігі айтылды. Кеңесте Иран, Өзбекстан, Ре­сей ғалымдары өз ойларын ор­таға салып, жобаның басталуына алғышарт ретінде үшжақты хаттамаға қол қойды. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы