24 Қараша, 2016

«Аспанда қалықтаған қыран да азығын жерден табады»

256 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ataybekov– дейді бірқатар салада үлкен табысқа жетіп жүрген іскер азамат Бақыт Атайбеков «Түстік өмірің болса, кештік мал жи» деген қазақтың өсиетін өмірлік ұстанымына айналдырған Бақыт Атайбеков – несібесін еңбектен тауып келе жатқан іскер азаматтардың бірі. Ауыл шаруашылығының тасын өрге дөңгелеткен, бір ауданға бергісіз агрокешен құрып, 1000-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз еткен азамат туған ауылын да көркейтіп келеді. Ол басқаратын «Динара» өндірістік кооперетиві, «Динара Рэнч» агрофирмасы, «Агро-фуд» кешені және «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС, «Алматы» асыл тұқым зауыты» салада жетекші позицияларға ие болып отыр.  

Өсір, өндір, көбейт!

– Бақыт Ынтықбайұлы, бүгінде ауыл шаруашылығының бірнеше ба­­ғы­тын қатар дамытып, үлкен агро­ке­­шен­ді басқарып отырсыз. Осындай дең­­гейге жету үшін біліктіліктен бас­­қа, тулаған жігер, ынта, мінез ке­регі анық. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары ауыл­да­ғы колхоздардың ыдырауы ба­ла ке­зімізде көз алдымызда өтті. Алға­ш­ын­да жеке шаруа қожалығы болып бө­лін­генде жағдай қалай еді? Істі неден бастадыңыз? – Егемендікке енді қол жеткен 90-жылдарда халқымыз талай қи­ын­­­­дықтарды бастан кешті. Оның се­бебі де белгілі болатын, одақтас рес­пуб­ли­калар­ды  тәуелді ету үшін бір-біріне бай­лап қойған өндірістер кеңестік жүйе күйрегеннен кейін тоқтады. Жап­пай жұмыссыздық белең алып, ақша құнсызданды. Аға буын ғана емес, бүгінде 30-ға толғандардың да есін­де болар, қарапайым коммунал­дық қыз­­меттерден қол үздік. Ауылдық жер­­лер шамның жарығына, ұнның ке­бегіне қарап қалған кездер де болды. Зей­нет­ақыны кәдімгі киіммен төлеген замандар да өтті. Ол қиындықтың бәрі артта қалды. Балаларымызға айтсақ, сенбейді. Дегенмен, сол кезеңде де  елдің ең­се­сі түскен жоқ, Тәуелсіздіктің асқақ ру­хы, Елбасының батыл қадамдары  ха­­лыққа дем берді. Мемлекет басшысы еге­мен еліміздің болашағы нұрлы бола­тынын, ендігі ырыс-береке өзімізге бай­ланысты екенін айтып, елдікті ны­ғайтуға айрықша қажыр-қайрат жұм­сады. Соның арқасында қарапайым ха­лыққа, ауыл тұрғындарына сенім ұя­лады. Сол кезде әскерден жаңа ке­ліп жатқан біздер де Президенттің  сөздерімен жігерленіп, қанаттандық. Абай айтады: «Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды». Мен бұйырса, елуге енді келем. Ойлап қарасам, өмірімнің ең мағыналы тұсы халқымыз армандаған тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс өрі­ліп­ті. Талмай еңбектендім, сол еңбек ар­қылы 25 жылда осындай жетістіктерге жет­тім. Мұның бәрі Елбасы жүргізген са­рабдал саясаттың арқасы. Сондықтан, мен осы жылдар ішіндегі  табысымды Елбасымен байланыстырамын. Бұл – ақиқат нәрсе. Жалындаған жастық шақта қолға алынған реформалардың арқасында іс бастадым, мемлекеттің қол­дауы мен көмегінің арқасында дамыттым, сондықтан  ұлттың көшбасшысына айналған Президенттің ерен еңбегіне алғыс айту қашанда артық етпейді. Әкеден ерте айырылған біздер дас­тар­хандағы нанның, қорадағы малдың қадірін біліп өстік. 1996 жылы марқұм анам бар, бауырларыммен шаруа қожалығын құрып, егін еге бастадық. Таңның атысы, күннің батысы егістік басында жүрдік. Егін басында жүрген адам біледі, бел шешіп отыруға уақыт болмайтын. Ерінуге, шаршадым деп бәрінен баз кешуге арымыз жібер­ме­ді. Өйткені, артымызда қаншама отба­сы, қарапайым халық тұрды. Сол еңбегі­міз жанды. Бірте-бірте егінмен ға­на шектелмей, 500 қой сатып алдық. Мал өсіру – ата кәсіп. Малда береке бар. Жастармен жүздесіп қалсам,  бірін­ші осыны айтамын. Жалпы алғанда, икемі келсе, азаматтар ауылда өсу керек. Қалада құрылысқа жалданып, аз-маз тиын тапқанша, мал өсір, өзіңе өзің қожа бол! Өс, өндір, көбейтіп пайда тап! Қазақтың қара жері еңбектенгенді асырайды.  

Қазақстанға герефордты әкелген қазақ

– Сіз елімізге шет елден асыл тұ­қым­­ды мал әкелген алғашқы кә­сіп­кер екенсіз... – Иә, оныңыз рас. Біз әу бастан-ақ ше­т елден жақсы тұқым алуды көздедік. 2008 жылы Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғашқылардың бірі болып АҚШ-тың Техас штатынан герефорд тұқымды ірі қарадан 253 бас малды өз күшімізбен әкелдік. Жерсіндірдік.  Шаруа қожалығы орналасқан Алматы облысының Балқаш ауданы – ауа райы тез құбылатын аймақ. Техас штатының климаты біздің өңір­ге өте ұқсас, ыстығы мен суығы қат­ты. Осының бәрін ойластырып барып шешім қабылдағанымыз жаңа тұқымды шығынсыз өсіруге сеп болды. 2010 жылы «ҚазАгроӨнімнің» ұйым­дастыруымен Канададан тағы 400 бас герефорд тұқымын әкелдік. Бүгінде «Dinara-Ranch» Агрофирма» ЖШС елімізде асыл тұқымды ірі қара өсіретін үлкен репродуктор орта­лығына айналды. Бірақ біз өзі­міз­дің жер­гілікті мал тұқымдарын да ұмы­т­қан жоқпыз. Жойылу алдында тұр­ған Алатау сиыр­ларын сақтап қал­дық. Бұл – сүтті бағыттағы тұқым. Ті­ке­лей менің бастамаммен шаруа қо­жа­лық­тарына барып бірлі-екілі ақ бас сиыр­ларды тауып, олардың да басын кө­­бейттік. Біздегі сауын сиырлары бү­­гінде тәулігіне 18-25 литр сүт беріп отыр. Сүтті бүтіндей сүт өңдейтін фир­ма­ларға өткіземіз. Қазір балалардың денсаулығына, біліміне үлкен мән беру керек. Қазақ баласын шамасы келгенше оқытуға тырысады. Бұл өте жақсы. Біздің компания балаларға арналған экологиялық таза йогурт жасайтын зауыт салмақ. Балалар тағамы болған соң өзіміз өндіріп жатқан таза сүтті зиянды қоспаларсыз пайдаланамыз. Бұл өнімді дүкендерге емес, делдалдарсыз мектептерге жеткізгіміз келеді. Қойдың да таза етті меринос тұқы­­м­ын өсіріп жатырмыз. Елде таза меринос тұ­қымы қалмапты. Еуропа мен Азияны ша­р­лап жүріп, ақыры іздегенімізді Австралиядан таптық. Өнімі көл-көсір қой шаруашылығы өрбіп келеді. Қойдың еті сұранысқа ие. – Ет мәселесіне келсек, қазір Қы­тай­мен келісімдер жасалып жатыр. Көрші ел жақсы баға ұсынып отыр.   Ішкі нарықта баға өспей ме? – Өспейді. Доллар құны 150 бол­ған­да, ет­тің келісі 1200 теңге болды, қазір доллар 340 теңге көлемінде, еттің бағасы сол қалпы 1200 теңге. Экспортқа ет үл­кен көлемде шықса, кәсіпкерлер малдың басын көбейтеді. Сұраныс бар жерде ұсыныс болады. Одан қорқудың қажеті жоқ. _asa4844

Ел ертеңі – жастар

– Байқауымызша, жастарға, ба­ла­­лар­­­ға ерекше назар аударасыз? – Болашақта еліміздің иесі – өскелең ұр­пақ. Сондықтан, жастарымыздың білі­міне, тәрбиесіне назар аударуымыз қа­жет. Қай мемлекет жастарын лек-легімен шет елге оқуға жіберіп жатыр? Жыл сайын қаракөздеріміз мыңжылдық тарихы бар Еуропаның кез келген университетінде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, жас отбасыларына қолжетімді үйлер де қарастырылған. Бақытты болу үшін басқа не керек? Тек әрекет жасап, еңбек ету керек.  

Шамаң келсе, бауырыңа көмектес

– Сіз сұхбат бергенді ұнатпайсыз, БАҚ бетінде көрмейміз. Естуімізше, сіз­дің бастамаңызбен түрлі қайы­рым­дылық шаралар жасалып, ауыл тұр­ғындары жұмыспен қамтылып отыр. Мәселен, Миялы ауылында ме­шіт, тойхана, мамандар үшін үйлер, жұ­мыс корпустары бой көтеріпті. Шал­ғай орналасқан Ақөзек ауылы­на оқушыларды аудан мектебіне тасымал­дайтын автобус қатынайды екен. – Бұл – халықтың еңбегі, «ауыл іші – береке» деп бекер айтпайды. Екі қол­ға бір күрек тауып, еңбек қылып, бірл­ігі жарасқан халықтың болашағы зор. Ауыл – қазақтың жаны, ауыл – қазақтың кеңдігінің көрінісі. Мен күнделікті күйбең тірліктен соң ауыл ақсақалдарын іздеймін. Солармен бір дастархан басында ақыл-кеңес құрып, әңгімелескенге не жетсін. Осындай ортада демалып қаласың, жаңа идеялар туады, әкеммен сырласқандай күйде боламын. Үлкенге ізет көрсеткенің – ізбасарларға үлгі. Дегенмен, мені бір нәрсе қатты ойландырды. «Қазақтай ат құлағында ойнайтын халық жоқ», «Қазақ төрт түлік малдың жөнін біледі», «Мал – ырысың» деп айтамыз, ал іс жүзінде солай ма? Техасқа барғанымызда ковбойларды көріп, нағыз ауыл шаруашылығының жөнін білетін кәсіпқойлар екеніне көзіміз жетті. Қазақ жігіттеріне қарап қар­ным ашады. Бізге, әсіресе, ауылдық жерде істейтін шаруа шаш етектен. Көңіл бөлсе, қажыр-қайрат танытса, ауыл шаруашылығы – кәсіптің көзі, ырыс пен берекенің бастауы. Сон­дықтан да жастарды ауыл шаруашы­лы­ғы­на қарай бейімдеу керек. Өсіп-өнген азаматтар ауылын көркейтуге, ауы­лын дамытуға күш салуы тиіс. Ас­пан­­да қалықтап жүрген қыран да та­ма­ғын жерден тауып жейді ғой. Жалпы, еңбектенген адамға кәсіп көп. Бұрын әкелеріміз өздерін «Совет заманының адамдарымыз» деп айтатын. Мен болсам, Назарбаев заманының ұрпағымын деп мақтанышпен айта аламын. Тәуелсіздікпен бірге орда бұзар отызымызда кәсіп қылдық, үйлендік, өстік, өндік. Балаларым шет елде оқып, қаржы саласының білікті маманы атанды. Бүгінде немере сүйіп отырмыз. Еліміз тыныш, отанымыз бейбіт. Бақыт деген осы емес пе?! – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлия Кемелбекова