24 Қараша, 2016

Сайынды қазақ сағыныпты (Жазушының 80 жылдығына кеш өтті)

388 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
15174573_1801079556806758_1840678167_n Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінде қазақтың классик жазушысы Сайын Мұратбековтің туғанына 80 жыл толуына орай еске алу кеші өтті. Ақпараттар тасқыны толассыз, асығып-аптыққан осы бір аласапыран уақытта мұндай рухани кештің көрермені болудың өзі түсінген адамға керемет бір кең тыныс сыйлап, ой дүниеңді азырақ аял тапқызғандай, рахат та сағынышты күйге бөлегендей әсермен тербейді... Қанша дегенмен өнер ордасы ғой, кештің өрнегі өзгеше болды. Акторлық мамандықта оқитын студенттер жазуышың аңызға айналған «жусан иісі», «жабайы алма» шығармалары желісімен бейне көрініс көрсетті. Әр жанрдың өзіндік ерекшелігі де осы шығар, кешегі алапат соғыс уақытындағы қазақ ауылы, қаншама армандары көкірегінде тұншыққан қазақ балаларының ішкі жан дүниесі, тіпті қара қаншықтың («жабайы алма» шығармасындағы) тағдырымен астастырыла баяндалған аяулы жан мен аяусыз тіршілік айқасын 10-15 минуттық сахналық көріністе көз алдыңызға алып келгенде жанарлардан еріксіз жас домалайды екен. «Бұл Сайын шығармаларының шынайылығы, шынайы болғанда қазақтың боямасыз шынайы жан дүниесі. Сондықтан да Сайынды оқып отырып шын күлесің, Сайынды оқып отырып шын жылайсың» депті алдын ала дайындалған бейне көріністе осы оқу орнының профессері, кешті өткізуге мұрындық болған жазушы-драматург Роза Мұқанова. Айтулы кештің төрінде Сайынның жан досы, жазушы-драматург Әкім Тарази, академик Сейіт Қасқабасов, Мырзатай Жолдасбеков бастаған ақсақалдар отырғаны өз алдына бір мерей. Мемлкеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлы кеш шымылдығын әйгілі «бес тапалға» (Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмаділов) арнаған өлеңімен ашып, ары қарай Сайын жайында сағыныш пен сырға толы әңгімелер айтылды. «Сайын өткір тақырып, өтпелі тақырып деп әр неге ұрынбай, тек адам бойындағы қоғам қалай өзгересе де өзгеріссіз қала беретін сезімдер мен құнды құндылықтарды жазды» деді Сауытбек Әбдрахманов. «Шығармашыл адамдары қызық, бір тобының шығармасы әлсіздеу бірақ адамшылығы, мәдениеті керемет болады. Ал, екінші тобының шығармасы ғажап болғанымен өзінде Құдай сүйер қылығы жоқ, итмінез болады. Ал, Сайын үшінші топ. Шығармасы да, өзі де ғажап» дейді Баянғали ақын. Сондай-ақ, сөз сөйлеушілер Роза Мұқанованың Сайын туралы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Классик» атты мақаласын ерекше ықыласпен атап, алғыстарын айтты. 15228011_1801079573473423_824361729_n Әсерлі кештің соңында Сайынның туған жері Талдықорғаннан келген туған-туыстары жұрт алдына шығып, кешті ұйымастырушыларға алғыстарын айтты. «Бір университеттің, бір кафедрасы («Өнертану» кафедрасы) ұйымдастырып отырған кешті осындай әсерлі, осындай биік деңгейде болады деп ойламап едік...» деді жазушының інісі Ғалым Мұратбеков. Ал, Сайынның қарындасы Майра Мұратбекова ағасының жан досы Әкім Таразиды сахнаға шақырып шапан жапты. «Ағамның көзіндейсіз аға, сізді көрем де ағамды көрем...» деген сөзінің нүктесін кірпік ұшындағы моншақпен қойды. Әкім аға үнсіз... Ұларбек Нұрғалымұлы, «Егемен Қазақстан»