Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстанның Кеден одағына кіруі, Бір- тұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру үдерістері бизнес қоғамдастық алдына экономиканың барлық салаларында қағидатты жаңа міндеттер қояды. Осы міндеттер қорытынды нәтижеде кәсіпорындар қызметін бағалауда басты өлшем болып табылатын, олардың өз жұмысында сапаға қол жеткізуді мақсат етуі арқылы орындала алатыны сөзсіз. Бұл жерде бұдан алты жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсын белгілегенін атап кету керек. Былтырғы жылы «Қазақстан» орталық концерт залында бесінші, мерейтойлық «Алтын сапа» конкурсы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына ізденуге арналған биылғы конкурстың өткізілу барысы туралы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Рыскелді СӘТБАЕВ әңгімелейді.
– Рыскелді Ахметқалиұлы, «Алтын сапа» конкурсын өткізу пішіні бойынша қандай да бір өзгерістер бар ма? – Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына ізденуге арналған конкурс өткізілген жылдар ішінде сапа саласындағы конкурстарды танып-білуге қол жеткізілді. Халықаралық сапа менеджменті жүйелері стандарттарын енгізу бойынша алға басушылық байқалады. Мысалға, осыдан екі жыл бұрын менеджмент, қоршаған ортаны қорғау және кәсіби қауіпсіздік жүйелерінің алдыңғы қатарлы стандарттарын енгізген қазақстандық компаниялар саны 2000-нан асса, бүгінгі күні бұл сан 3 770 кәсіпорынды құрайды. 249 кәсіпорын менеджмент жүйелерін енгізу кезеңінде жұмыс атқарып жатыр. Біздер өткізген талдауға сәйкес 9000 сериялы ИСО халықаралық стандартын – 3604 кәсіпорын, ИСО 14001 – 249 кәсіпорын, OHSAS 18001 – 195 кәсіпорын, ИСО 22000 – 62 кәсіпорын және SA 8000 – 3 кәсіпорын енгізді. Сондықтан конкурсқа қатысу, бірінші кезекте кәсіпорын ұжымына сапа мәселесіне назар аударуды талап ететінін атап кету керек. Себебі осы көрсеткіш күн санап артып келе жатқан бәсекелестікке төтеп беруге негіз, кәсіпорын мен ұйым жұмысын жетілдіру жолында басты ынталандырушы күш болып табылады. Қалыптасқан дәстүрге орай биылғы жылдың басынан бастап жыл сайынғы «Алтын сапа» конкурсы басталды. Олар алдымен өңірлерде өтеді, онда іріктеу турлары жүргізіледі. Осыдан кейін ИСО Халықаралық стандарттау ұйымы Дүниежүзілік сапа күні деп белгілеген қарашаның екінші бейсенбісінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен конкурс қорытындыланады. Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына ізденуге арналған конкурс ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлау аясында өткізілетінін атап кету керек. Сондықтан қазақстандық компаниялар осы конкурсқа белсенді түрде қатысулары керек, себебі осы жылдар ішінде «Алтын сапа» сыйлығы ұлттық бренд мәртебесіне ие болды және сапа саласындағы жетістіктер үшін берілетін беделді сыйлықтардың бірі болып табылады. Конкурсты өткізу пішіні ерекше өзгерістерге ұшырай қойған жоқ. Конкурсқа өздеріне менеджмент жүйесін енгізген және рынокта үш жылдан астам жұмыс жасайтын заңды тұлғалар қатыса алады. Одан әрі конкурс төрт кезеңде өтеді. Біріншісі – компанияның өзін өзі бағалауы. Екінші кезең – комитеттің аумақтық департаменттері басқаратын өңірлік комиссия тексеруі. Оған жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» ұлттық-экономикалық палата өкілдері қатысатын болады. Тәуелсіз зерттеуден кейін материалдар біздің комитетке тапсырылады, онда барлық материалдардың уақтылы және дұрыс ресімделуі қарастырылады, қорытындысы Президент Әкімшілігіне, яғни комиссияға шығарылады. Комиссия құрамына Үкіметтің және бизнес-қауымдастықтардың барлық мүшелері кіреді. Комиссияны Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин басқарады. Осыдан кейін комиссия ұсынысы Елбасының қарауына енгізіледі. Былтырғы жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясында ірі кәсіпкерлер арасында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы – «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ (Астана қ.), шағын және орта кәсіпкерлер арасында «Oxy-Textile» АҚ (Оңтүстік Қазақстан облысы) алды. «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясында – Алматы облысының кәсіпорны «RG Brands Kazakhstan» ЖШС (ірі кәсіпкерлік) және Ақмола облысында орналасқан «Агрофирма Родина» ЖШС (шағын және орта кәсіпкерлік) жүлдегер атанды. «Хан Шатыр» ЖШС (ірі кәсіпкерлік, Астана қ.) және Жамбыл облысында іске асырылған «Кардиохирургия орталығы» ЖШС (шағын және орта кәсіпкерлік) жобасы «Қызметтер көрсететін үздік кәсіпорын» номинациясында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты болды. «Индустриялық ұмтылыс» және «Инновациялық ұмтылыс» санаттарында «Алтын сапа» Елбасының арнайы сыйлықтары ірі, шағын және орта бизнесті білдіретін «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ (Шығыс Қазақстан облысы) және «Altyntay Kokshetau» ЖШС (Ақмола облысы) тапсырылды. – «Алтын сапа» сыйлығы аталғанда «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсы туралы айтпай кетуге болмайды. Өзіңізге белгілі, былтырғы жылы аздаған үзілістен кейін осы конкурс қайта бастау алды. Осы жөнінде не айтар едіңіз? – Осы орайда сапа саласындағы конкурстарды насихаттаудың бастапқы қалпына қайта оралғанымызды атап кеткім келеді. Бұл жерде тауарды көрсету міндеті тұр, тұтынушылар өз көздерімен отандық кәсіпорындар жетістіктерін көрулері, олардың сапасын бағалауы және осы көрме залында серіктестік қатынастар бастау алып, өнім өткізу мәселесі шешілуі керек. Бастысы, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсы «Алтын сапа» президенттік конкурстың ресми түрдегі «серіктесі» болуы тиіс. Бұл конкурстың басты мақсаты – «Қазақстанда жасалған» өнімді жарнамалау, отандық өндірушілерді таныстыру. Жалпы алғанда, мемлекетіміздің тәуелсіздігін қалыптастыру жылдарында барлық салалардағы экономикалық өсу кәсіпкерліктің дамуымен тікелей байланысты. «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсы шағын, орта және ірі бизнес өкілдерінің өздерін таныстыруда таптырмас алаң болып табылады. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына ізденуге арналған конкурсы және «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсы арқылы бизнес үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға өз үлесін қосып отыр. Осы бағдарламаны іске асыру аясында өзін көрсету, тауарлар мен қызметтерді жетілдіру және сапасына қол жеткізу жолында инновациялық технологияларға иек арту мүмкіндігі пайда болды. Бұдан басқа үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру экономиканың барлық салаларында халықаралық менеджмент жүйелері стандарттарын енгізу мәселелерімен тікелей байланысты, сапа саласында қабылданған үлгілерді алға жылжыту күн артқан сайын басым сипатқа ие бола түседі. «Қазақстанның үздік тауары» дәстүрлі түрде «Өндiрiстiк мақсаттағы үздiк тауарлар»; «Халық тұтынатын үздiк тауарлар»; «Үздiк азық-түлiк тауарлары» атты үш номинацияда өткізілетін болады. «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсы Кеден одағы, біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру жағдайында біздің тауар рыногымыздың жаңа мүмкіндіктерін көрсетіп, отандық кәсіпорындарға сапа мәселесін жетілдіру жолында қосымша серпін береді. Түпкі мақсат – сыртқы рынокқа шығу. «Қазақстанның үздік тауары» конкурсы аясында республиканың барлық өңірлерінде көрме-конкурстар өтті, олардың ішінде ең үздігі өз өнімін республикалық көрме-конкурсқа шығарады. Бұлар шағын, орта және ірі бизнес өкілдері. Номинациялар да осы тұрғыда тағайындалатын болады. Бұл барынша әділ жол, себебі шағын, орта және ірі бизнес түрлі мүмкіндіктерге ие. Олардың барлығын сапа саласындағы конкурс идеясы біріктіреді және олардың көпшілігі бүгінгі күні Кеден одағы рыногында жұмыс істеп жатыр. – Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына ізденуге арналған конкурсқа тоқтала кетсек. Конкурс сапа менеджменті жүйелерін енгізу үдерісін ынталандырады деп саналады. Осы шындыққа сәйкесе ме? – Әрине, халықаралық менеджмент жүйелерін енгізбей, сапа саласында жетістіктерге жету, ішкі және сыртқы рынокта бәсекелестікке түсу мүмкін емес. Сондықтан конкурсқа қатысудың басты шарттарының бірі – менеджмент жүйелерін енгізу, бұл СМЖ ынталандыратыны сөзсіз. Сонымен бірге СМЖ енгізу – ерікті іс екенін және өндіріс процестерінің жағдайын көрсететінін, кәсіпорын туралы нақты ақпарат беретіндігін атап кету керек. Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі жолдауларының бірінде елбасы Нұрсұлтан Назар-баев республика экономикасын халықаралық стандарттарға бағыттау қажеттігін атап көрсетті және біздің қоғам бүгінгі күні осы міндетті жүзеге асырып келеді. Бұл бірінші кезекте елдің алдағы БСҰ-ға кіруіне байланысты отандық кәсіпорындардың тауарлары мен қызметтерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қажет. Осы фактор әлемдік экономикаға кірудегі біріктіру үдерісінде оң рөлін атқарады. – Конкурс жеңімпаздары қандай да бір артықшылыққа ие бола ма? – Айрықша артықшылықтар жоқ, бірақ сенің жетістігіңді Елбасының өзінің тануы көп жәйтті білдіреді. Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты екі жыл бойына конкурс эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалана алады. Нәтижесінде жеңімпаз компания өнімі танымал болып, қазақстандық тұтынушылар сеніміне ие болады.Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.