20 Қаңтар, 2010

МЕНІ ТҰЛҒАЛАР ӨСІРДІ

1621 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін
(жалғасы) Қазір қарасам, ондай талқылаудың аты да, заты да жоқ. Жазушыға бір сын пікір айтсаң, өмір бойы көрместей болып кетеді. Баяғы ағаларымыз әлгіндей жиын үстінде жүз шайысып кетіп, артынан сүйісіп, қоштасып жатушы еді. Жеке ба­сын сыйлауға келгенде ауызбірлігі басым түсіп жататын. Бір-бірінің қадір-қасиетін қатты түсінуші еді, бағалай білетін. Мәскеуде оқып жүрген кезім. Ғали Орманов “Анна Каренинаны” аударыпты, соған 1948 жылы 25 бет пікір жазған едім. Рецензияны журналдан оқыған Сәбең: “Әрине, ол аудара алмайды. Қарымы жететін Әуезов қана”, – деді. Екінші бір жо­лы Сәбең: “Қазақ жазушыларының ішінде Мұхтардай тілі бай шебер жоқ”, – д­еген еді. Көріп отырсыз, бір-бірін сы­й­лау­ға келгенде ылғи биіктеп сөйлейтін, аза­маттық тұлғасы әлдеқайда жоғары еді. Әдебиетке келуіме әрқайсысының орны, ықпалы болды. Қырқыншы жылы “Ботагөзді” оқы­дым, әдебиетші болуға, көзқарасымның қалып­та­суына роман үлкен ықпал етті. Әйтсе де, неге екенін білмеймін, тікелей жауап бе­ре алмаймын: жазушылық ішкі сезім дейсіз бе, инстинкт дейсіз бе – Мұхаңа іш­тей жақын болдым, тәнті едім. Әде­биеттегі академигім, ұстазым, әйтсе де жан-тәніммен жақындасып кете алмадым. Шынымды айтсам, күркіреп, дөң­бекшіп жатқан теңіз жағасында тұрған кі­сінің бойын әлдеқандай үрей билейді емес пе? Теңіздің түпсіз тереңдігінен бе, әлде ар­сы-гүрсі жағаны ұрған толқыннан ба, әй­теуір, кісіні үрей сезімі тұсап тастайды. Мен үшін Әуезов те сондай болатын. Қорқатын едім дегенді ауызға алмай-ақ қояйын, Мұқаңнан жүрексінетін едім. Шыным осы! Сәбеңнің “Өмір мектебіне” сегіз жа­рым бет сын жазған едім. Ол кісі мақалама қатты ренжіді. Әлгі сын батып кет­кен болуы керек. Өмірінің соңғы ке­зінде біраз уақыт көрмей кетті. Бір күні үйі­нің алдында отыр екен. Герольд екеуміз көше бойлап келе жатып беттесіп қалдық. Сәбең басын көтеріп алды да жарықшақ дауысымен: – А, жолдас, келіп қалдың ба, білгіш болсаң айтшы, – деп қолындағы тая­ғымен жаңа туып келе жатқан көктегі бір жұлдызды нұсқады, – анау жұлдыздың аты не? – дейді. Жауап бере алмадым. Ренжіп жүргенін білдім. Кейінше үйге шақырып жібердім, алдына бас тарттым. Дастарқан басында шарт жүгініп алып: – Әй, Әбижәми, осы сөзіңді маған берші, – деп жиырма минөттей көсіліп сөйледі жарықтық. Сөз кезегі келгенде: “Мұхаңмен неге біраз уақыт бас араз болдыңыз?” – деген көлденең сауал қойдым. Сонда ол кісі: “Кәрі орыс мұсылман болмайды деген. Біз әдебиетке келгенде тап тартысы өртше қаулап тұрған. Мен Маркс, Ленин идея­сы­на құлай берілдім, кедей таптың сойылын соқ­тым, сол таптың сөзін сөйледім. Бәл­кім, өзім кінәлі шығармын. Біздер сол тап тартысымен бұрылмай кеттік қой. Әлеуметтік қалыптасқан көзқарас та Мұхтармен ара-жігімізді ажырата түсті”, – деген еді. 3 Өз басым Мұхаңды 1948 жылы сәуірде алғаш рет көрдім. Одаққа келгенде ал­дымнан Әуезов шыға келді. Зәрем ұшып кетті. Деңгейіме келе бергенде: “Сә­леметсіз бе”, – деп сәлем бердім. Ол кісі кі­лт қайырылды, кідірді. Жүзіме қарап тұрды. – Роман жазып жүрген сен баласың ба? – Иә, мен едім. – Оперный театрдың қарсысындағы сары үйде тұрамын. Ертең сағат он кезінде үйге келші. Жазып жүрген романыңнан таңдап үш үзінді алып кел, – деді. Ертесіне Мұхаңның үйіне келдім. Кабинеті қора жақта екен, кішілеу, үс­те­лінде мәрмәр қаршыға. Бөлмесіне бастап келді. Қолымнан үзіндіні алды. Өзі оқып шықты. Не дер екен деп жүрегім лүпілдей соғады. – Оқтың тілі шолақ, сен бала май­данға барып тіл тапқан екенсің!.. – деді біраздасын барып. Жалғыз ауыз айтқан сөзі осы болды. Бұл сөз менің өмір бойы жадымда қалды. Сосын ас үй жаққа бұрылып да­уыстады: – Валентина Николаевна, нас на­корми, пожалуйста, – деді. Ас үйге шы­ғып салқын етпен шай іштік. Ел-сел бо­лып терлегенім есімде. Шайды ішіп бола берген кезде Мұхаң: – Бүгін опера және балет театрында сағат 12.00-де декадаға баратын концертті үкімет қабылдайтын еді, соған баратын ба едің? – деді. – Жоқ, шақырылған емеспін. – Онда бірге барайық, – деді Мұхаң. Сонымен Мұхаңа ілесіп театрға кел­дім. Мұндай үлкен мәдениет ошағын бі­рінші көруім. Сахнаға тақау орындықта, сол жағымызда үш адам: Шаяхметов, Ома­ров, Байсейітов жайғасыпты; оң жа­ғымызда қырық шақты кісі тізе бүккен. Ал­дыңғы қатардағы Сәбиттің жанында екі орын бос екен. Біздер барып сонда жайғастық. Бір кезде оң жақтан қаншырдай қат­қан арық жігіт шықты да қолындағы жі­ңішке шыбығын көтеріп қалып еді, Құ­даның құдіреті! Алдымыздағы апан орда үймелеп отырған кісілердің аспабы ду ете қалды. Құрманғазының әуені жер дүниені кернеп ала жөнелді. Орнымнан қалай тұ­рып кеткенімді білмеймін. Аузым ашы­лып, еңсемді салып, әлгі орға құлап тү­се­тін кісідей емініп тұрып қалыппын. Бір кезде әлгі арық жігіттің шыбығы шо­шаң етіп төмен түскен еді. Гуілдеген саз-әуен сап тиылды. Қатып тұр­ған күйі қалыппын. Мұхаңның қоңыр үні естілді. – Әй, Әбдіжәми, сен бұрын оркестрді тыңдамап па едің? – Жоқ, – деппін аузымды әрең жиып. Мұхаң біртүрлі тыжырынған қалып­пен: – Бәлі, өзі роман жазып жүр, әлі нетронутый мальчишка! – деді. Осындай-осындай өмір ғой. Мұхаңнан қашқақтап жүретінмін. Тағы бірде көзіне түсіп қалдым. Бұл 1955 жылғы сәуірдің аяқ кезі болатын. Литинститутта оқып жүрмін. Үш кісі институт алдындағы жай­дақ орындықта күншуақта отырғанбыз. Бір қарасам, Мұхаң оқу орнының ау­ди­тория­сынан шығып келе жатыр екен. Мені көріп: – Қолың бос па? – деді. – Біраз кі­тап алып едім, орталық дүкеннен сол кі­тап­тарды салатын саквояж алуым керек. Жол­ға шығамын, менімен жүресің бе? – деді. Тіркесіп, ұшқасып көшеге шықтық. Соболевпен аралары суып жүрген кезі екен. Маған бұрылып сауал қойды: – Әбдіжәми, Соболев сендерге ба­рыпты ғой, кім болып істейді ол? – деп сұрады. – Кафедра меңгерушісі болып келді, – дедім. – Бәлі, кілең оңай ақша іздеп жүретін адам еді, жылы жерді тапқан екен, – деді басын шайқап. Сонымен орталық әмбебап дүкеніне соғып Мұхаңа саквояж алдық, өзім қы­ры­натын оны-мұны нәрселер сатып ал­дым. Көшеге шығып қош айтыстық. Қоштасарда Мұхаң маған бұрылып: – “Мәскеу” қонақ үйінде жатырмын, қазір Одаққа барып қайтам, соңыра кел, отырып ас-ауқат ішейік, – деді. Неге екені есімде жоқ, сол жолы Мұхаңды іздеп қонақ үйіне бара алмадым. Әлде ұялдым, әлде қысылдым, анық-қанығы есімде қалмапты. 4 Мәскеуде оқып жүрген кезім. Бір күні Сәбең кездесіп қалды. “Мен бүгін Алматыға “Дугласпен” ұшамын. Сен қонақүйге кел, отырып әңгімелесейік”, – деп шақырған еді. Барсам, мейрамханаға түсіп кетіпті. Артынан мен де түстім. Үш кісі отыр екен. Сәбеңнің қасында Мұхаң, Сахи Романов. Тамақ ішілді. Астан соң Сә­бең­нің бөлмесіне көтерілдік. Ол кісі былайғы өмірінде қайратты болғанымен ұйқыға әлсіз еді, тамақтан соң обаға қонған бүркітке ұқсап, қалғи бастады. Бір кезде Мұхаң: – Сәбит, сені балалар шығарып са­лар, өзім пойызбен кетемін ғой. Қайтайын, – деді. Бұрылып қоштасуға қолын берді. Қо­лымды ұсына беріп едім, жүзі қап-қара болып түтігіп кетіпті. – Сен бала, неге сырғақтап қашып жүрсің? – деді сұп-суық етіп. Жауап бере алмадым. Шіркін-ай, шынымды айтсам ғой, өзімнің неге іздеп бармай, сырғақтап жүргенімді білсе, ол кісінің ең жақсы көретін адамы өзім болар ма едім, бәлкім. Кім біледі. Өмір деген тұңғиық теңіз. 1957 жылы Мұхаң алпысқа келді. Банкетіне бүкіл жазушыларды шақырды. Мені шақырған жоқ. Той дуылдап жүріп жатты. Мен болсам төсегімде бүк түсіп, шам жарығымен кітап оқыған боламын. Бір кезде жанымдағы Ажар ұйықтамай жатыр екен. – Уайымдап жатырсың ба? – деді. – Иә, – дедім... 1957 жылдың күзінде бұрынғы өртеніп кететін мейрамхана алдында Мұхаңмен кездейсоқ қарсы ұшырасып қалдым. Ол кісі әйелімен қолтықтасып төмен түсіп келе жатыр екен. Көрген бойда басымды изеп сәлемдесіп, жазушының зайыбына бетімді түзеп: – Здравствуйте, Валентина, – деппін әкесінің аты есіме түспей қалып. Сол кезде Мұхаң жұлып алғандай: – Для тебя не Валентина, а Вален­ти­на Николаевна, – деп өтіп жүре берді тұсымнан. 1960 жылы Карл Маркс пен Калинин көшесінің қиылысқан тұсына үкімет 127 пәтерлік үй салды. Араға адамдарды салып жүріп үш бөлмелі үй алдым. Үйді негізінен Тәшенов бөлді. Басым тұр­ғын­дары қазақ болғандықтан, бұл үйді казахский ауыл деп атайтын еді. Ажар жұ­мыста, жеңгей дүкенге кеткен, үйде отыр едім телефон зың ете қалды. Теле­фон құлағын көтердім. Бірден таныдым – Мұхаңның дауысы. Сәлем жоқ, саулық жоқ, ә, дегеннен: – Әй, Әбдіжәми, сен Мұхтар Жан­ға­линге қиянат жасапсың. Ол Толстойдың “Соғыс және бейбітшілік” романын ау­дар­ған. Авторы Толстой болса, ау­да­р­ма­шысы Жанғалин болса – төрт том ау­дар­маға теріс пікір жазып, төрт рет қай­та­рыпсың, ол неғылғаның? Төрелік айтуға жарап қапсың! Пішту! Қайдан шыққан білгішсің! – деп төбемнен төндіре сөйлегені. – Мұха, аударма нашар. – Әй, сен сөзді қой. Сен қазылыққа жарасаң, жетіскен екенбіз! Төрелікке жарыған екенбіз! Әдебиеттің білгіші шығыпты! Тез алып кел аударманы үйге, – деді тықсыра түсіп. Үнінде зіл жатыр. Жеделдетіп үйіне бардым. Мені жұмыс бөлмесінде қабылдады. Аударманы қо­лына алып қарай бастады. Ашуы тар­қамаған секілді. – Жанғалин біздегі мәдениетті, та­лантты аудармашы. Төрт томды аудару қыруар бейнет. Сол қыруар еңбекті аударып шыққан аудармашыдан гөрі қа­ла­мақыны құйтақандай рецензия жазған сен көп алыпсың! Әр баспа табағына 40 сомнан алыпсың, – деп мені біраз жерге апарып кейіді. Қолжазбаны қолыма қайырып беріп: – Оқы, – деді. Орындыққа отырды. Тыңдай бастады. Бетін маған бұрмастан құбылаға қарап отыр. Үстінде үй пижама. 25 беттей қолжазбаны судыратып оқып шықтым. Бір кезде қолын көтерді. – Дұрыс, бәлі, өзім де ойлаған едім, Жанғалин Толстойдың тобығынан келе ме деп. Әншейін сөзбе-сөз сыдыртпалай беріпті, – деп баяғы пікірінен күрт өзгергені. Көңіл-күйі тез өзгеретін, тез қа­тайып, жылдам жайылып түсетін кісі еді. Сол мезетте Ғайса Сармурзин кіріп келді. – Жақсы келдің, мына аударма нашар шығыпты, Жанғалиннің шамасы жетпепті. Қиын асуды ала алмапты, – деді қабағы жазылып. Ас үйге шығып шай іштік. Сармурзин екеуі ұзақ әңгімелесіп отырып қалды. Мұхаң табиғатында байтақ мінездің иесі еді. Тез ренжіп, тез қуанатын кез­дерін жиі көрдім. 1949 жылы Сталиндік сыйлық алды. 1950 жылы жазда “Казправда” Мұхаңның “Абай жолы” романын бай­шыл бағытты ұстаған деп сынап, үлкен редакциялық мақала басты. Тас-талқанын шығарыпты. Ол кезде Одақтың басшысы Жаймурзин. Көп ұзамай қалада, ТЮЗ-де жиын болды. Халық залға лық толды. Талқылаудың тақырыбы Мұхаңның “Абай жолы” романы. Төралқада Мұхаң отыр­ған, қасындағы бос орынға мені шақыр­ды. Тахауи баяндама жасады. Сөзді түй­дек-түйдегімен тоғытып біраз мақтады. Қа­сында отырған Мұхаң кенет Одақ бас­шысына бұрылып: “Мына Тахауиді бі­лесің бе, бұл өзі жаза білетін, мықты жігіт, білгіш, пікірін бүкпей айтады”, – деп ризалық пейілін жылы сөзбен са­бақтай жөнелгені. Ендігі кезекте Тахауи сынға ойысты. Ескертпелер айтып, сынай бастады. Сол кезде Мұхаң күреңітіп жүре берді: “Бәлі, мынау қып-қызыл белсенді болып шықты ғой”, – деп басқа сарынға түсіп берді. Бір күні Мұхаң телефон шалды. – Әй, Әбдіжәми, сен шал секілдісің, шақырмаса келмейсің. Мен оңтүстікке роман жазуға жүрейін деп отырмын. Үйге кел, – деді жұмсақ дауыспен. Қуанып кеттім. Көп ұзамай Мұхаңның үйіне бардым... Біраз кісі пойызға шығарып салдық. Вагонға Тәшенов келді. Екі жағында екі кісі: біреуі С.Кенжебаев, біреуі Төлекеев. Бұл Үкімет төрағалығынан босап, Оң­түс­тік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары болып бара жатқан беті екен. Сол мезетте бір кісі: “Әне, Қонаев келе жатыр”, – деді. Ол кі­­сінің сол жағында көмекшісі, оң жағында темір жолдың бастығы Виноградов келеді екен. Мұхаң мінген вагонға Қонаев ағамыз да отырды. Мұхаңның зайыбына бұрылып: “Валентина Николаевна, не бес­покойтесь, за Мухтаром Омар­ха­но­вичем я сам буду ухаживать”, – деді Қонаев жымия түсіп. Бұл кезде Мұхаң бірер кісіге айтып мені Союзға бастық қойғалы жүр деп естіген едім. Көп ұзамай Мұхаң оңтүстік сапарынан оралды. Ауруханаға түсті дегенді құлағым шалды. “Литературная газета” ба­сы­лы­мына үлкен мақаласы шықты. Көңілін сұрап ауруханаға бардым. Мақаланы оқығанымды айттым. Мұхаң маған ең­серіле бұрылып: “Ресейге шекаралас ауданда көп қазақтар тұрады, олар өз ұл­тының мәдениетінен, әдебиетінен ма­қ­рұм, газет-журнал алмайды, атажұртымен бай­ланыс аз, осы мәселеге көңіл бөлу керек. Сендер де мақала жазыңдар”, – деп кеңінен қайырды. Біраздасын барып көңіл хошы түзеліп, өзіме жылы шыраймен қарады. – Мүсіреповке айттым: орныңды сен босат, орныңды Әбдіжәмиге бер дедім. Біраз бұрын Қонаевта, екінші хатшы Родионовта болып осы мәселені көтердім. Сен балалық жасама. Шақырып сұраса, дұрыс жауап бер, – деді. Өзімнен-өзім қорқа бастадым. Ештеме демедім. 1961 жылы мамыр айының аяғы болуы керек, Мұхаң Мәскеуге емделуге баратын болыпты. Жазушылар ол кісінің үйіне бұрылып қоштасып жатыр дегенді естіп өзім де соққан едім. Біраз кісі жи­на­лып­ты. Ас желінді, әңгіме айтылды. Ишанбай Қарағұлов суретке түсіре бастады. Қош­тасар кез жақындады білем, кісілер тү­регеліп кетіп жатты. Үйден шығар кезде қолымнан ұстап тілге келді: – Сен тұра тұр, – деді. Мен кідіріп қалдым. Көпшілік кі­сі­лерге қаратып жұбату сөзін айта бастады. – Қиын операция емес, дәрі­гер­лер­мен сөйлестім, Сталин емделетін Кунцево ауруханасына жатамын. Операция қиын болмайды, полип дейді. Он күннен кейін Ғазизаны шақырып аламын. Рома­ным­ның тарауларын ауызша айтып жаз­ғызатын боламын. Біраз кісілер шығып кетті. Абыр-сабыр кісі аяғы басылды. Мұхаң маған бұрылып былай деді: – Жігіттер саған айтып жүр ме? Тап­сырған біраз шаруалар бар еді... Мына есікті аша бермейтін едің, бұдан былай бұл есікті ашып тұр, – деді іші жылыған­дай болып. – Мұха, қайтесіз оны. Әуелі емделіп келіңізші, – деп жуып-шайған сөз айттым. ...Мұхаң Мәскеуге ұшып кетті. Үш күннен кейін емделуге Ессентукиге аттан­дым. Бардым. Орналастым. Ертеңгісін радиодан “Әуезов” деген сөзді естіп қал­дым. Арғы жағында не дегенін түсін­бедім. Жедел киініп көшеге шықтым. Сонда ғана Мұхаңның емделуге Мәскеуге аттанып кеткені есіме түсті. Ессентукиде үлкен сквер бар. Сонымен келе жатсам алдымнан жуантық қара кісі шықты. Ақ шалбарлы, шетен қалпақты, макентож киген, Гурьевтің қазағы екен. Ол өзі сөз бастады. “Естідіңіз бе, Әуезов қайтыс болыпты ғой”, – деді әлгі қазақ. Сол кезде не ойлағанымды білмеймін. Әкем сүйекті, ірі кісі болатын. 1903 жы­лы туған. 1944 жылы 21 сәуірде Тер­но­польдің батыс жағындағы 40 шақырым жердегі Почекинск деген селода үстінен снаряд түсіп қайтыс болды. Опат өлім деген сол. Сол кісі елде жүргенде маған қаратып айтып отыратын екі сөзі болушы еді. Соның бірі : “Адам өмірі ит тартқан қара тері ғой”, екінші сөзі: “Аяғы дү­ниенің ырым-жырым”, – деп отыратын... Мынау кең дүниеде, жаһан дүзде жалғыз қалғандай сезінемін. Дүниенің алды мен ар­тын көп көрдік қой. Осы кезде көңілсіз сөз­дер есіме жиі-жиі оралады. Жетім бала секілдіміз. Жаныңа жақын ағаларды көп іздейсің. Солардың қанатының астында жүрген соң – көбірек іздейсің... Апырым-ай, ренжітіп алдық па, сыйлай алмадық па, жүрегінде жара кетті ме, – деп мұңлы ойларға көбірек жүгінесің, жиірек еске түсіресің! 5 “Курляндия” романын баспаға тап­сырдым. 1948 жылдың күзі болар. Сәбит шақырып алды. – Әй, сен қайда жүрсің? Ілияс Омаров іздеп жатыр. Сейітжан алып ба­рады. Менің машинаммен дереу жет, – деді өктем үнмен. Мәшинеге мініп, дереу жетіп бардық. Қазіргі өнер институты – ол кездегі Үкі­мет үйі сонда болатын. Күзетшіден өттік. Үлкен кабинеттің алдында арық, ілмиген біреу тұр. Әлгі ілмиген Ілекеңнің көмек­шісі екен. Бізді ілестіріп, екінші қабаттағы бас­тығына апарды. Ақсары сұлу жігіт ор­нынан көтеріліп, жылы шыраймен қарсы алды. Әдебиеттің арғы-бергі жайын айтып біраз әңгімелесті. Кетерімде Белинскийдің бір томдық кітабын сыйға тартты. – Романыңды қашан бітіресің? – деп сұрады. – Бітірген бойда маған хабарлас. КазОГИЗ деген баспа бар. Директоры Мұхтар Жанғалин. Соған тапсырам, – деді Ілекең. Айтпақшы, ол баспа 1949 жылы екіге бөлінді. Көркем әдебиет жағын қарайтын баспаның директоры болып Ғалым Ахметов бекіді. Өзі ақтөбелік, оқығаны көп, өте мәдениетті кісі еді. Кітабымның әуел­гі редакторы өзі болатын болды. Әйт­се де, оқи келе ол ойынан тез айныды. Редактор етіп Ғали Ормановты бекітті. Күнде дау, күнде кикілжің, әрбір сөз үшін таласамыз. “Құдай-ай, мына баламен істес боламын деп миым шайқалды, жын­ды болатын шығармын, құрып кетсін-ай!. Құдай басқа салмасын”, – деп Ғалекең азар да безер болып қашып шықты. Сосын редактор етіп Ғабдол Слановты бекітті. Иі жұмсақ адам еді, басы был­ғаң­дап жарытып оқи алмады. Қолжазбаға қол тигізген, тағы ұнамады. Ақырында әңгіме ЦК-ға жетіпті. Ілияс Омаров қолжазбаны сұр­атып алғызды. Байқауымша, өзі қарап шыққан секілді. – Алып бара жатқан саяси қатесі жоқ. Редактор оқымаса оқымай-ақ қойсын. Техредактор бекітіңдер. Соның қол қоюы­мен-ақ шыға берсін, – деп пәрмен бе­ріпті. Сонымен “Курляндия” романы редак­тор­сыз, бас-аяғы түбегейлі қараусыз, қал­пақ­тай қалпымен, жалғыз техре­дак­тор­дың қолымен басылып шықты. Баспадағы кі­сілердің біразы “уһ” деп дем алғандай болды. “Курляндия” романы шыққан соң иығым көтеріліп қалды. Жұрттың бәрі мені жазушы деп төбесіне көтере бастады. Мәскеуге оқуға түсетін болдым. Оны да сөйлескен Сәбит Мұқанов. Бірде Мәскеуден оралған Сәбең өзімді алдына шақырып алып: – Әбижәми, сен бұл жүрісіңді қой. Мәскеуге оқуға түс! Әдебиет институты ашы­лыпты. Ректорымен сөйлесіп, келісіп қойдым. Сені алатын болды. Алғашқы Жамбыл атындағы стипендияны саған бұ­йыр­тады, – деп кесімін де, шешімін де өзі айтты. Сөйтіп, көңілімді көтеріп тас­тады. Күз айында Мәскеуге оқуға жүретін болдым. 1949 жылы наурыз айында “Рыб­по­требс­оюз” деген мекемеде істейтін он жеті адам түрмеге түсті. Ішінде немере ағам бар. Жеп қойыпты деген ірі қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер бет қаратпайды. Көп кісіні соттайтын болды. Амал жоқ, ағамның жағдайымен Аралға келдім. Ағамды тергеуге күнде шақырады. Ол кісіге: “Іс қаралады, сен босанасың”, – деп көңілін жұбаттым. Өйткені, алдында елге жүрер кезімде осы жағдайды Ілекеңе барып, мән-жайды түгел жайып салғанмын. “Көмек қол­ы­ңызды созыңыз”, – дегенмін. Кейін естідім. 1949 жылы шілде айында Ілекең Мәскеуден Алматыға пойыз­бен Арал арқылы өтіп бара жатады. Арал­дың тұсына келгенде вагоннан сырт­қа шығып, көмекшісіне қайырылып айтыпты дейді: – Әй, Төлеш! Нұрпейісов биыл оқуға түсетін еді, ағасының істі болуына байланысты Аралға аттанып кеткен. Алматыға барған соң осы жағдайды есіме салшы, не болғанын білейін, – депті. Сонымен, Ілекең кіріскен соң жан қала ма. Сот болатын күні судьяның құзырына үш телеграмма түсіпті. Орталық партия комитетінен бірнеше мәрте теле­фон соққан көрінеді. Ойда-қырда ағай босанып шықты. Ағайым Сібірден айдаудан келгендей, мәре-сәре қуанып, қой сойып бір апта тойлағанымыз есімнен кетпейді. Ауылдың адамдары қызық қой. Қақпағы ашылған қазан секілді. Осы жерде аға ұрпақтың парасаты, пайымы туралы өз ойымды тарқатайын. Мысалға, біраз араласқан Ілияс Ома­ров кісімен кездескенде, сөйлескенде тым қарапайым көрінетін еді; әйтсе де те­ре­ң кісі болатын. Ойлы, ақылды сөй­лейтін. Арагідік әзіл тастап, қалжың ара­лас­тырып сөйлегенді жақсы көретін. Ке­ліншегі татар кісі еді. Бір күні үйіне барсам,  әйелі: “Қылжақбас”, – деп кейіс біл­діргендей болып отыр. Мәнісін сұра­дым. Сөйтсем, оқиға төмендегіше болыпты. Үйінде әйелінің құлағы нашар, көзі онша көре бермейтін әтиі бар екен. Әйелі базарға кеткенде Ілияс жұмыстан ертерек келген көрінеді. Дереу ауыз үйдегі әйелінің көйлегін киіп, орамалын тартып, әйел кейпіне еніп, төргі бөлмеге өтеді ғой. Диванда отырған әтиінің қасына тізе бүгіп, құлағына дауыстап: “Ана қызыңыз сізді нашар бағады. Тамақтың жылы-жұмсағын өзі жеп, ұнамсызын, қаттысын сізге беріп, малжаңдатып қоятын көрінеді. Бұған қалай қарайсыз?” – деп араздық отын жағатын көрінеді. Әлгі әтиі: “Жоқ, жоқ, қызым жақсы қарап жүр”, – деп шыр-пыры шығады. Сонда көрші келіншек болып кірген Ілекең: “Сізге солай көрінеді, әйтсе де қызыңыздың бір қулығы ішінде, дәрігерге де апармайды, тамақты да шикілі-пісілі даярлайды, көбіне аш жа­тасыз”, – деп тақымдай түсетін секілді. Базардан қайтып келген келіншегі әтиінің жанында сұңқылдап отырған бұл кім деп жақындап қараса, күлкіге қарық болып отырған Ілияс екен. Тағы бір оқиға. Бірде үйімде қағазға шұқшиып отырғам. Телефон шылдыр етті. Көтерсем, Ілекең екен. – Үй басқармасы телефон соқты ма? – деп сұрады. – Жоқ, Ілеке. – Мына үй басқармасының маман­дары екі күн су болмайды деп отыр ғой, – дегенді айтты да телефонды қоя салды. Сонымен қарбаласқа кірісейін. Үйдегі ыдыстың бәрін суға толтырдым. Ваннаны, өзге де қуыс нәрсені қалдырмай бәріне су мөймілдеттім. Бір күн өтті, су тоқтаған жоқ. Екі күн өтті, су сарылдап ағып тұр. Сонда ғана Ілекеңнің өзімді әуре-сарсаңға салып, әзілге айналдырғанын түсіндім... Тың игерудің кезі. Зейнолла екеуіміз Солтүстік Қазақстан облысына астық даярлау жөнінде очерк жазуға іссапарға бардық. Ілекең обкомның хатшысы екен. Баланың бойындай көк егін ырғалып тұр. Ілекең бізді өзінің жеңіл жүйрігіне салып алып, астықты өлкені біраз аралатты. Қайтып келе жатырмыз. Әңгіме үстінде Ілекең бізге бұрылып: – Раздельная уборка деген не, жазу­шылар? – деп сауал тастады. Екеуіміз де тосылып ойланып қалдық. Бір мезетте Зейнолла шыдай алмай: – Бәлкім, ырғалып шығып тұрған егінді әр жерінен, ойдым-ойдым етіп орып алуды айтатын болар. Сондағы Ілекеңнің селкілдеп күлгенін айт. Біз қысылып, біраз тосылып қалдық. Кейіннен білдік, раздельная уборка де­ге­ніңіз – шала піскен, дәні түгел қатпаған астыққа комбайн салып, баудай түсіріп, жерге сұлатып салып, біраз жатқызып, әлгі қатпаған дән жерде жатып түгел қатып болған соң қайта комбайнмен жинауды айтады екен. Білместігімізге қатты қысылып, очеркті қалай баста­рымызды ойластырып, біраз күн тосылғанымыз есімізде. Ілияс Омаров кешегі замандағы көпестің үйінде тұрады екен. Біздер үйде жатуға қысылып, сырттағы сәкі үстіне жайғасқан едік. Түн ортасында жаңбыр жауды. Үй иесін оятып алмайық деп, апыр-топыр түрегеліп, шоланға кіріп, қа­йыра жаттық. Шоланның төбесі шұрық-тесік екен. Ортамызға шелек қойдық. Ұйықтап кетіппіз. Бір кезде шелекке тырс-тырс етіп мұздай жаңбыр тама бас­тады. Ертеңгісін ояна келсек, әлгі шелек мөй­мілдеп суға толып қалыпты. Енді бол­мағанда төсегімізді түгел шылайтын түрі бар. Есте қалар кереметтей іссапар бол­ғаны есімізде. Көпке дейін аузымыздан тастамай айтып жүрдік. Содан Ілекең Алматыға күзде келді. Ауырып жүр ме, өте жүдеу екен. Мұқан Иманжанов нашар жатыр дегенді естіпті. “Түстен кейін барып шығайық, көңілін сұрайық”, – деді. Түстен кейін Мұқаңа ба­рып көңілін сұрадық. Сырқат жанның бас жағына отырған кезде Ілекең: “Жазушының бас геройы өзі ғой, соңғы кітабыңдағы Жақып деген, сірә, өзің боларсың. Менде де бір ауру бар. Аң­шының иті секілді соңымнан қалмай қойды. Мұқа, сен мықты бол”, – деп біраз көшелі әңгіме айтып, дімкәс кісіні желпінтіп тастағаны есімізде. Ілекеңнің майлық-сулығы бірдей, көшелі, сөз білетін, жөн білетін, данагөй, ел ағасы болуға лайық тұлға екенін сол жолы сезіне түстім. Басыма қиын іс түскенде көп қарас­қан досымның бірі, әрі бірегейі Ілияс Омаров еді. Өзім танысқан кезде ол кісі Орталық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып қызмет ат­қар­ды, кейінгі уақыттары Солтүстік Қазақ­стан облыстық партия комитетіне жұ­мысқа ауысты. Сол Ілекең бір жолы қатты ауырып қалды. Ауруханадан шыққан соң біраз ем-дом алып, демалуға тиіс еді. Сол кезеңде басы-қасында болып, сыр бөлісіп, ақыл-кеңес айттым. – Аралға, біздің елге жүріңіз. Күні ыстық, теңізге шомыласыз, балық ау­лай­сыз, шұбат ішесіз, сауығып қайтасыз, демаласыз, – дедім. Бұл ұсынысыма Ілекең қуана келісті. Аралға келдік. Ілекең Аралдың кеңқолтық, қонақжай адамдарына судай сіңіп, тастай батты. Күндіз теңізге шомылады, балық аулайды, кешқұрым бір үйге бас құрап әңгіме тың­дайды. Мәз. Арал балықшылары өкірген теңіздің жағасында өскесін бе – ылғи айқайласып сөйлеседі. Көшенің арғы жағы, бергі жағы айқайласып жатқаны. Бір күні есімде қалғаны көршінің үйіне қонаққа баратын болдық. Қараймын: Ілекеңнің үстінде қара түрси, көйлек, басында ши қалпақ. – Ілеке, киініп алмайсыз ба? – Ә, солай ма? Жүре берейікші. Өзіміздің балықшылар ғой, – дегені. Сонымен қоңсы отырған балықшының үйіне қонаққа бардық. Емберген деген сөзшең кісі болатын, Ілекең соған еңсеріле бұрылып: – Мен мына Қостанай жақтанмын. Бізде қыз бала дейді, сіздерде нашар бала дейді екен. Осының мәнісі не? – деп сауал қойды. Емберген ойланып отырып, қасындағы ділмәр, лепіріп отырған кісіні нұсқады. – Ілеке, мына Жәкеңнен сұраңыз, – деді. Лапылдап сөзге дес бермей отырған Жәкең сол кезде: – Кім білсін, еркек баламен күрескенде әлі жетпей, томп етіп астына түсіп қала бергендіктен айтқан шығар, – деді. Айта берсе – қызық көп қой. Іле­кеңнің жүрген жері базар секілді еді, қай жерге барса да судай сіңіп, тастай батып жүре беретін. Қоршаған кісілерді ауыз жиғызбай мәз-мейрам қылатын. Жаны жайсаң еді. Жан баласын жатыр­қамай­тын, жайдары мінез иесі еді. Өзімсіне тіл қатып, бауырына тарта сөйлеп, лезде бауыр басып кететін. Қазақ қарындасты жерге, елге, руға бөлмейтін, бәрін бір ата­ның баласындай көріп, іштарта білетін жа­рықтық. Әттең, ондай қазақтар бұл күндері сиреп кеткен секілді. 6 Біздің елде сөз білетін құйма құлақ, көкірегі тұнба кісілер көп қой. Ол кі­сі­лермен сөйлессең дап-дайын мінез, тар­тыс, әрекет, бейне шыға келеді көз алдыңа дөңгеленіп. – Жәке, жыра шетіндегі көлшік суға көлікті суарып алсақ қайтеді, – деп сұраған едім. Сол кезде Жәкең жұлып алғандай болып: – Қой, ақаба суы ғой, мал ішпейді, – деді. Мен ақаба дегеннің мәнісін сұрадым. Сонда ол кісі төмендегіше жауап берді. – Салақ қатындар болады ғой, ме­сінің аузы ақау татып, иістеніп кеткен, бұл да сол секілді тұрып қалған су болған соң ақаба деп атаймыз, – деді түсіндіріп. Күн ыстық. Бораған құм. Тынысыңды ыстық ауа тарылтып жібереді. Жәкең екеуіміз тамның көлеңкесінде демалып отырмыз. Крепдешиннің жаңа шыққан кезі. Бас жақтан, көршінің қақпасынан крепдешин көйлек киген жас келіншек бұлқынып шыға келді. Жүрісі жылдам, ешкімге назар салатын емес. Сол кезде жанымда отырған Жәкең мырс етті. – Көрдің бе ана келіншекті, шеке­сі­нен басып келе жатыр. Өзінше ешкімді көретін емес. Алды-артына қарамайды. Қазір алдымыздан өтеді. Мен қартайған адаммын, мені қайтсін. Сені көргенде әдемі жүрісін бұзып алады, көр де тұр, – деді қария. Айтқандай-ақ, әлгі келіншек алды­мыз­дан өте бергенде құмнан шашасы ми­лықтап, кібіртіктеп қалды. Былай өтіп кетті. Жәкеңнің айтқаны тура келді. (жалғасы бар)