30 Қараша, 2016

Қазақ киносының «аңыз адамы»

346 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
unnamed-1 Қазақ киносының мақтанышы, айрықша дарын иелерінің бірі әрі бірегейі, актер, режиссер, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов өнерімен миллиондарға танымал болып, көзі тірісінде «аңыз адам» атанған тұлға. Ауыл шаруашылығының бір кәсібінің тұтқасын ұстау үшін Алматыға оқуға келген жас жігіттің алғашқыда жолы болмады. Келер жылы тағы да Ауыл шаруашылығы институтына түскісі келгенде өмірі басқа арнаға бұрылатынын ол білген жоқ. Алматы мемлекеттік консерваториясының жанынан актерлық бөлім ашылады, онда кино мен театр актерларын дайындайды деген хабарландыруды газеттен оқиды. Актерлық мамандық дегеннің бар екенін білмейтін жігіт режиссер Асқар Тоқпановтың шақыруымен консерваторияға келеді. Өзі қаламаған, арнайы дайындығы да жоқ Асанәлі Әшімұлы актер бөліміне кандидаттыққа түсіп, бір жыл стипендиясыз, жатақханасыз оқиды. Келер жылы ғана негізгі бөлімге қабылданды. Ол студенттік жылдарда 4 киноға түседі. Сөйтіп жүріп, кешігіп, оқудан шығып қалған кездері де болды. Бұндай сәтсіз жәйттерге ол мойымады, өмір оны шыңдай берді. Өмір жолында ол өзінің нағыз майталман актер екенін дәлелдеді. Кәсібилігін жетілдіріп, мамандығын толық игеруге бар күш-қайратын жұмсады. Шын талант болмаса, біреуді актер етіп дайындау дегенді А.Әшімұлы қисынсыз деп түсінеді. Патриоттықтың негізі – намыс, дарынды адамның да басты қасиеті осы намысқойлығында дей отырып, осындай актер ғана қазақ киносы мен театр өнерінің шаңырағын биіктете алады, бірақ бұл қасиет екінің бірінде кездеспейді деген ой түйеді. Режиссер С.Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмімен танымалдық алып, табысты жолы басталған соң сапалы, жақсы киноға ғана түсті. Киномен қатар еңбек жолы қазақ театрымен тығыз байланыста болды. Ол 50 жыл театр сахнасында қазақ, орыс, шетел драматургтерінің спектакльдерінде ойнады. «Жетесі бар адамға актерлық мамандық – үлкен даналық кәсіп», - деп түсіндіретін қазыналы ақсақал кіші ұлы Сағи актерлықты таңдағанда “балам, неге менімен ақылдаспай оқуға түстің, киноның қандай ауыр жол екенін түсінемісің? Енді өмір бойы халық алдында емтихандар тапсырып өтесің», - деген еді. Ол студенттерін «20-30 жыл бойы ойнап жүрген роліңді толық игердім деп ойлама, оны бүгінгі заман көрерменіне лайықтап жеткізуді ойлан. Актердың міндеті - автордың сөзін толықтырып айту, айтар сөздің астарын ашу, философиясын  ашу», деп тәрбиелеуде. А.Әшімұлы табысты отбасын бақытымен байланыстырады. «Өз отбасына қадірсіз, сүйкімі жоқ адам, қоғамнан да орнын таба алмайды», дейді. Тоқсаныншы жылдардағы Асанәлі Әшімов өміріндегі трагедия халыққа белгілі. Ол бас аяғы он жыл ішінде бүкіл отбасынан айрылды. Алдымен өмірлік жары, сонан соң Мәди мен жас дарын Сағи, кейін анасы өмірден озды. Осы бір қара бояуы көп кезеңде театр мен кинода да біраз үзілістер болды. Бар нәрсенің соңының қайырын сұрап, сабыр еткен құлына бір Жаратушы пана болды.  Иә, ағаның мойымай, «өмірдің қиыншылығы мен қызығын көрдік, сахнаның қиыншылы мен рахатын көрдік. Өмірге, тағдырыма өкпем жоқ» деп қайтадан аяққа тұрып, оптимизммен жаңа өмір құруы да пенде атаулының баршасына үлгі. ...2002 жылы А.Әшімовке арналып Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасы қойылды. Мұнда ол қарт неміс Маттиас Клаузеннің ролінде ойнады. Өз сөзімен айтар болсақ, осы кейіпкер мен актердің өмірінде тылсым байланыс, ұқсастық бар екен... Бұл спектакльден бастап актердің шығармашылық өмірі жаңа деңгейде қайта басталды. Халқы ардақ тұтқан А.Әшімов қазіргі уақытта өскелең әріптестеріне, шәкірттеріне жазылған ережелерден тыс, өзінің камера алдынан жинаған тәжірибесін үйретуді борышы санайды. Ол шеберлік сағаттарын беріп, өз студиясында әлі де түсірілімдерде ойнап, ұстаздық қызметпен шұғылданып, халықаралық конкурстарда төрелік айтып, шығармашылығының кемелденген тұсында. Келер жылы 80 жас мерейтойын тойлағалы отырған Асанәлі ағаның табысқа бастаған қайталанбас өнер жолы бар. Оның бойындағы қажымас қайрат пен биік рух әлі де шығармашылық жолында көрермендерін таңқалдыратын жаңа түсірілімдерді сыйлайды деп күтеміз. Бұл мақала өмірі мен өнері өнегелі, табысты тұлғалардың өнерін насихаттау мақсатында «Табыстың 100 қадамы» ұлттық жобасы бойынша жазылды. Бақыт Жолдыбайқызы