«Есігіңнің алды дөң болса, ерттеп қойған атпен тең, ауылыңда шежіреші қарт болса, жазып қойған хатпен тең» демекші, еліміздің әр өлкесінде «жазып қойған хатқа» баларлық қариялар болады. Мұнаралы Маңғыстау өлкесінің сондай қариясы – қазір жасы тоқсанға келіп отырған Өтежан Алшымбаев. Өтекең сонау, соғыстың дүрсілі барша елімізді дүбірлетіп тұрған тұстан атқа мініп, ол кезде бір аудан ғана болған түбектің барлық қиыр-шиырын аралап, барлық сырына қаныққан, жаманына күйініп, жақсысына сүйініп, хал-қадерінше халықтың өмірін жақсартуға, көңілін марқайтуға маңдайтерін аяусыз төккен жан. Сондықтан да бүгін маңғыстаулықтар ол кісіні алақанына салып аялап, алдына салып құрметтеп отырады.
Жуырда Ө.Алшымбаевтың өмір жолынан мол мағлұмат берген, сонымен бірге, мұнайлы өлкенің соңғы 60-70 жылдық тарихына шынайылықпен шолу жасаған, онда ізі қалған жақсылар мен жайсаңдардың өрелі істерін еске алған және ақынжанды жанның ұзақ жылдардан бері тірнектеп жазған жырлары мен көкейкесті сырларын қамтыған «Есейдім бірге еліммен» атты жинағы жарық көрді.
Кітаптың алғысөзін жазған қазақтың аймаңдай азаматы, сол өңірдің тумасы Әбіш Кекілбайұлына сөз берсек: «Ол жылдары Маңғыстаудай ұлан-ғайыр өлкеде бар болғаны Форт-Шевченко қаласы мен Таушық кенті, жиырмашақты ауылдар болатын. Байтақ далада жайылған мал мен жүгірген аңнан басқа ештеңе көрмейтінбіз. Сонда да жер түбіндегі бұл өлкеге сонау астанадан мүйізі қарағайдай ел жақсылары ат құрғатпайтын», деп еске ала келіп, мұнда қарқарадай болып Сәбит Мұқановтың, Серке Қожамқұловтың, Шара Жиенқұлова мен Роза Бағланованың, Ғарифолла Құрманғалиевтің, Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергеновтің және т.б. келгенін жазады. Сондай, қадірменді меймандарды аралататын, елді көрнекті жағынан көрсете білетін, көргенді де көсемсөзді адамды іздегенде аупарткомның хатшысы Өтекеңнен оңтайлы адам болмайды екен. Ал жақсылармен жанасқан Өтекең олардың айтқан сөздері, қызықты қылықтары мен өзінің көңіліне түйгендерін қағаз бетіне түсіре беріпті. Сол жанды естеліктер кезінде облыстық, республикалық газет беттеріне шығып та жатқан, енді солардың бәрін іздеген жан бір жерден табатын болады.
Сонымен бірге, Өтежан ақсақал жергілікті жердегі жыр сүлейлері болған Сәттіғұл Жанғабылов, Түмен Балтабасов, күй дүлдүлі Мұрат Өскенбаев туралы деректерге толы естеліктер жазып, осы кітабына енгізген. Ө.Алшымбаев олармен өлең-жырлары арқылы ғана таныс емес, көздерін көріп, көңілдері жақын жүрген және талайына демеу болып, қолтықтарынан сүйеген адам. Сондықтан олардың жан-дүниелерін жақсы біледі.
Өтекеңнің кітабында Маңғыстау өңірін басқаруға, елдің еңсесін көтеріп гүлденуіне, өнері мен мәдениетінің өсуіне қолдарынан келгенше мол еңбек сіңірген Төлесін Әлиев, Ибаш Жанболатова, Төлеген Қағазов, Есбол Өмірбаев, Қойсары Сарғожаев, Үсен Сағымбаев, Орынбай Балдеков, Нәсіпқали Марабаев, Нұрлыхан Бекбосынов және т.б. жайлы да еске алу барысында көптеген деректер берілген.
Сонымен қатар, бүкіл елімізге аты шыққан маңғыстаулық ғылым мен өнер қайраткерлерімен де Өтежан қария жақсы қарым-қатынаста болғандар туралы өзінің көргендері мен көңілге түйгендерін, жазысқан хаттарын жүйелеп, кітабына енгізген. Олардың қатарында филолог ғалым Қабиболла Сыдиқов, атақты дәрігер Естөре Оразақов, ақын-жазушылар Әбу Сәрсенбаев, Жәрдем Кейкин, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Темірхан Медетбек және т.б. бар.
Өтежан Алшымбаевтың өмір жолы туралы қысқаша айта кететін болсақ, ол 1947 жылдан зейнет демалысына шыққан 1983 жылға дейін Форт-Шевченко, Маңғыстау, Мақат, Жаңаөзен аудандық, қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, партия хатшысы болып істеген жан. Бес ұл, екі қыз өсіріп, оларды елге үлгілі азаматтар етіп тәрбиелеген. Қазір олардан 21 немере, 10 шөбере көріп отырған жайы бар. Бірнеше орден-медальдардың иегері. Көп жылдан бері Жаңаөзен қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы. 700 беттік аталған еңбегі оның барлық өмір жолын қамтыса, қызықты да, ұлағатты деректерге толы. Соның ішінде 1994 жылы сол жылдарда АҚШ-та қызмет жасаған ұлы Зейнолланың үйінде 45 күн болып, көрген-түйгендерін «Америка күнделігі» атты естелігіне топтастырып, оқырманға ұсыныпты.
Бұл кітапты түйсініп, сүйсініп оқыған жандарға берер тәлімі мен тәрбиесі өте мол.
Жақсыбай САМРАТ.