05 Желтоқсан, 2016

Тұрғындардың 88%-ы отандық телеарналарды көреді - Абаев

219 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан халқының 88 пайызы отандық телеарналарды көреді. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты. «Есептеулер нәтижесіне сәйкес, телеаудиторияның 88 пайызы қазақстандық арналарды таңдайды. Сонымен бірге олардың 53 пайызы арналарымызды күнделікті көруде. Біздің мақсат бұл көрсеткішті арттыруға негізделген, себебі қазіргі заманғы әлемде теле-радио хабар тарату қоғамдағы оңтайлы өзгерістердің катализаторларының бірі болып табылады»,-деді министр. Министрдің айтуынша, министрліктің тапсырысы бойынша ауқымды әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, қазақстандықтардың медиа-таңдауын анықтауға бағытталған шаралар атқарылды. Алынған қолданбалы мәліметтердің негізінде БАҚ-ты модернизациялау мен ұлттық ақпараттық кеңістікті жүйелеудің негізгі жобалары қалыптастырылды. Оның ішінде «Хабардың» ұстанымы өзгерді. «24 kz» «Хабар 24» телеарнасы болып ребрендинг жүргізілді, «Kazakh TV» телеарнасы «Білім және мәдениет» телеарнасымен біріктірілді. Сонымен қатар «Kazsport» телеарнасы заманауи HD форматқа көшірілді, мұнымен қоса «Қазақ радиосы», «Шалқар» және «Classic» радиоларының қамту аумағы кеңейтілді. Сонымен қатар Дәурен Абаев Қазақстан аумағының 73%-ы интернет желісіне қосылғанын, бірақ ол алыстағы ауылдарға жете қоймағанын айтты.  Сондықтан  алдымыздағы 2 жылда "Интернет ауылға" бағдарламасы қолға алынып, 1200 перспективалы елді мекенге Интернет желісі жеткізілетін болады.