Облыс орталығында елімізде алғашқы болып өңірлік кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылды. Бұл орталық еліміздегі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры акционерлік қоғамы мен Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің бастамасымен оқу орнындағы ғылыми-технологиялық парк аясында құрылды. Осы бастама арқылы акционерлік қоғам мен университет арасындағы әріптестік байланыс жөніндегі меморандумға қол қойылды. Қоғамның басқарма төрағасы Болат Мұқышевтың айтуынша, оқу орны жанынан ашылып отырған бұл орталық өңірдің кәсіпкерлеріне жан-жақты көмек көрсете алады. Жалпы, бүгінгі күндері «Даму» қоры «Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын құру» атты бағдарламасын тыңғылықты түрде осылай жүзеге асырып келеді. Яғни, осы қор көмегі арқылы елімізде халықаралық, өңірлік және аудандық деңгейдегі кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын құру көзделген. Жалпы, «Даму» қоры мұндай орталықтарды құру туралы шешімді еліміздің барлық өңірлерінде өткен жылдан бері қолға ала бастаған екен. Ондағы мақсат – кәсіпкерлерге кешенді түрде ақпараттық және консалтингтік қызмет көрсету, сонымен қатар, тұрғындардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға, өңірлік кәсіпкерліктің дамуына ықпал ету болып табылады. Ал, «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасының шеңберінде жүргізілген маркетингтік зерттеу барысында респонденттердің 94,5 пайыздан астамы кәсіпкерлікті қолдау орталықтары қажет, олардың қызметі өте үлкен сұранысқа ие болады деген пікір айтқан екен. Кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде мысалы, бизнесті құру және жұмыс істеп тұрған бизнесті оңтайлы жүргізу бойынша, қаржылық және заңгерлік кеңес, сыртқы нарықта бизнес жүргізу мен дамыту бойынша ұсыныстар мен кеңес бере алады. Маркетингтік зерттеулер жүргізеді, жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер мен бизнес құруға талпынып отырған жандардың біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту курстарын, тренингтер мен семинарлар ұйымдастырады. Қазіргі таңда елімізде жұмыс істеп жүрген және өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер тарапынан ақпараттық-кеңестік және оқыту қызметтеріне деген сұраныс өте жоғары екені байқалады. Ал, еліміздегі кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсететін құрылымдар (КҚО, бизнес-орталықтар, технопарк, бизнес-инкубатор, бизнес-қауымдастықтар т.б.) ақылы негізде жұмыс істейді. Көп ретте олар жекелеген қызмет түрлерін ғана ұсынады, бірегей стандарт қалыптаспаған және көрсетілетін қызмет сапасы да әрқилы. Оның үстіне қызмет төлемақысы кәсіпкерлер мен өз ісін ашуға ынталы тұрғындардың көпшілігі үшін қолжетімді емес. Сондықтан «Даму» қорының басқарма төрағасы Болат Мұқышев атап өткендей, кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының көмегімен бизнес-білігін арттырған кәсіпкерлер мен тұрғындардың одан әрі қордың қаржылық бағдарламалары шеңберінде қаржылай қолдауға да ие болу мүмкіндігі бар. Қор мұндағы негізгі назарды өңірлік кәсіпкерліктің дамуына аударады, – дейді Болат Мұқышев. Кәсіпкерлікті қаржылай емес құралдармен қолдаудың инфрақұрылымы бизнесті жүргізу процесін жеңілдетуде (бухгалтерлік есеп жүргізу, заң тұрғысындағы кеңес беру, ақпараттық технологиялармен жұмыс тәрізді көмек шаралары арқылы) ғана емес, сонымен қатар, кәсіпкерлік қызметтің сапасы мен тиімділігін арттыруда да (оқыту, білікті кеңес беру арқылы) маңызы зор. Мұндай инфрақұрылымды дамыту кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасында өзара тиімді байланысты қалыптастыруға да жол ашады.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.