Жуырда Астанада Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі: қалыптасуы мен даму көкжиегі» деген тақырыпта республика тарихшыларының тұңғыш конгресі болып өтті. Бұл басқосуда ел тарихшылары алдында тұрған мақсаттар айқындалып, міндеттер белгіленді. Кеңестік дәуірде тарих көбінесе коммунистік идеологияның ықпалында болғандықтан, көп нәрсе сол тұрғыда жазылды, ақиқатты айта алмады. Егемендігімізбен бірге еліміздің шынайы тарихын қалыптастыру қолға алынды.
Әлемдегі іргелі мемлекеттердің көрнекті басшыларының көпшілігі кезінде өз қоғамының өтпелі кезеңінде ең алдымен мемлекет тарихына алаңдап, оның ақ-қарасын анықтап алуға барынша көңіл бөлгені тарихтан белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ тарихи сананы қалыптастыру, тарих ғылымын жетілдіру Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың көреген саясатының басым бағыттарының бірі болып келеді. Президенттің бастамасымен 1995 жылы «Қазақстан Республикасы тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасының» қабылдануы, 1998 жылдың «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жариялануы, ал 2004 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы осының айғағы. Президенттің «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Қазақстан жолы» атты еңбектері өткенімізді түсінудің, зерттеудің негізін қалыптастырды.
Археологиялық зерттеулер, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарияланып жатқан том-том кітаптар тарихымыздың тым тереңде жатқанын дәлелдейді. Тәуелсіздіктің арқасында Қазақ елі көшпелілер өркениетінің орталығы, түркі халықтарының атажұрты ретінде әлемге таныла бастады. Ендігі жерде тарихымызды әлемдік деңгейге көтеру мәселесі cөз болып отыр. Өйткені, тарих ұлт бірлігі мен отаншылдыққа тәрбиелеудің басты факторларының бірі, халықтың зердесі, тәуелсіздіктің алтын тұғыры болып табылады. Осы жиында ел тарихын зерттеп, зерделеу мәселесі жан-жақты сөз болды. Әсіресе, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың республика тарихшыларының басын қосатын бір ғылыми үйлестіру орталығын құру жөніндегі пікірі өте орынды деп білеміз.
Сонымен қатар, конгресте Отан тарихынан жаңа көптомдық іргелі еңбек дайындау жайлы әңгіме қозғалып, аймақтар тарихы бойынша да осындай кітаптар шығару жөнінде ұсыныстар айтылды. Осыған орай, Оңтүстік тарихшыларының басын қосып, өңір тарихын ғылыми түрде баяндайтын іргелі еңбек даярлау жайын ақылдасу кезек күттірмес, ауқымды жұмыс деп ойлаймын.
Сейдехан ӘЛІБЕК, тарих ғылымдарының докторы.
Оңтүстік Қазақстан облысы.