Ресей Палестинаның БҰҰ-ға берген өтініші консенсус жолымен шешілгенін қалар еді және осы мемлекеттің тәуелсіздігін тану үшін дауыс беруге ниетті.
Ресей сыртқы істер минстрі Сергей Лавров осылай деп мәлімдеген. 23 қыркүйекте Палестина ұлттық әкімшілігінің басшысы Махмуд Аббас БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының кезекті сессиясында ұйымға мүшелікке өту туралы өтініш білдіреді деп күтілуде. Израиль тарапы болса, Палестина автономиясының бұл қадамын мүлде негізсіз және қол жеткізілген уағдаластықтарға қайшы келеді деп бағалап отыр.
Рим папасы Германияға келді
Кеше Рим Папасы Бенедикт ХVІ алғашқы мемлекеттік сапармен өзінің отаны Германияға келді.
Понтификті Берлин әуежайында Германия канцлері Ангела Меркель, федералдық президент Кристиан Вульф және басқа да ресми адамдар қарсы алды. Неміс қарулы күштерінің арнайы батальоны Бенедикт ХVІ-ның құрметіне 21 дүркін артиллериялық салют берді. Осы күні түстен кейін Рим Папасы Бундестагта сөз сөйлейді деп күтілуде.
Өлім жазасы күшіне енді
АҚШ-та 1991 жылы полиция қызметкерін өлтірді деп айып тағылған Троя Дэвисті өлім жазасына кесу туралы үкім ақыры күшіне енді.
Ажал құштыратын дәрі жіберу процедурасы басталардан сәл бұрын адвокаттар рақымшылық жасау жөнінде өтініш білдірген болатын. Бірақ жоғарғы сот оны қабылдамай тастады. Айта кету керек, Дэвис өлім жазасын 20 жыл бойына күтті. Ол кінәсін дәлелдейтін айқын айғақтардың жоқтығына қарамастан, өлім жазасына кесілген болатын. Осы орайда бір ғана Джорджия штатында 100-ден астам адамның өлім жазасын күтіп отырғанын айта кету қажет.
Еуропалық сотқа шағымданбақ
Француздың Мо қаласының соты қоғамдық орында мұсылман бас киімін киді деп айппұл салған екі мұсылман әйел Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа шағымданбақ ниетте.
Мұсылман әйелдерінің дәстүрлі бас киім киюіне тыйым салуды жою туралы мәселе көтеріп жүрген Франция тұрғыны Кенза Дридердің ел президенті болу үшін сайлауға түспек ниеті бар екенін мәлімдегенін де айта кету керек. Оның айтуынша, никаб пен хиджаб кию әйелді «қапасқа қамау» емес, керісінше, оған еркіндік береді. Әйел өз еркіндігін сақтағысы келсе, әрқашан батыл болуы керек деп атап көрсеткен ол.
Өз мұғалімін атқан бала
Бразилияда 10 жасар мектеп оқушысы өз мұғалімін атып тастауға талпыныс жасап, соңынан өзіне қол жұмсаған.
Бала полицей болып істейтін әкесінің тапаншасынан мұғалімге қарата екі рет оқ атқан көрінеді. Жергілікті муниципалитет басшысының мәліметтері бойынша, бала 25 оқушы бар сыныпқа кіріп келіп, 9 миллиметрлік калибрлі револьверден оқ атып, мұғалімді жаралаған. Одан соң дәлізге жүгіріп шыққан ол өзінің басына оқ атқан көрінеді.
Одақтастан айырылу мүмкіндігін ескертті
Пәкстанның ведомствоаралық барлау қызметінің 13 қыркүйекте Кабулдегі АҚШ елшілігі мен НАТО-ның штаб пәтеріне шабуыл жасаған содырлармен ешқандай байланысы жоқ.
Пәкстанның сыртқы істер министрі Хина Раббани Хар елдің телеарнасы арқылы осылай деп мәлімдеме жасаған. Сондай-ақ, ол егер пәкстандық күш құрылымдары атына жала жабуды тоқтатпаса АҚШ экстремистермен күресте өз одақтасын жоғалтады деп атап көрсеткен. Пәкстанды және Пәкстан халқын сендерден теріс айналуға мәжбүр етпеңдер. Егер олай жасасаңдар, ол тек сендердің ғана кінәларың болады, деп үндеу тастаған министр Америка басшылығына.
Гүл импортына тыйым салды
Румыния үкіметі Нидерландыдан гүл импорттауға тыйым салды.
Мұндай шешім өткен бейсенбі күні Амстердамның Румыния мен Болгарияны Шенген аймағына қабылдауға тосқауыл қоюына байланысты қабылданып отыр. Румынның «Медиафакс» агенттігінің хабарлауынша, елдің федералдық кеден қызметі құжаттар дұрыс ресімделмеген деген желеумен шекарада ондаған жүк көліктерін ұстаған. Жүктің бір бөлігі кейін қайтарылып, енді бір бөлігі тәркіленген көрінеді. Амстердам Румынияның әрекетін шатақ шығару деп бағалап отыр.
Оппозиционер Замбия президенті болды
Оппозициялық Патриоттық майданды басқаратын «кобра» деген лақап аты бар 74 жасар Майкл Сата Замбия президенті болып сайланды.
Сата 43 пайыз дауыс жинаған, ал оның қарсыласы қазіргі мемлекет басшысы Рупия Банда 36 пайыз ғана дауысқа ие болған көрінеді. Осылайша Замбия оппозицияның мемлекеттік төңкеріс немесе азамат соғысы арқылы емес, парламенттік жолмен билікке келе алатынын дәлелдеген Африкадағы аз ғана мемлекеттің біріне айналып отыр. Сата білімі мүлде жоқ дерлік саясаткер болғанымен, ол өз қызметін тұңғыш президент Кеннет Каундемен бірге бастағанын мақтаныш етеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.