24 Қыркүйек, 2011

Байлық тұнған, бақыт қонған Қостанай

809 рет
көрсетілді
43 мин
оқу үшін
28-29 қыркүйекте Астанада Қостанай облысының күндері өтеді Уақыт деген құдірет бар. Құм сағаттай сусып, шыр айналып,  алға жылжиды да отырады. Жиырма жыл тарихқа көзді ашып-жұ­м­­ғандай ғана уақыт.  Бірақ біздің еліміз үшін осы  аз ғана уақыттың ішкі мазмұны  ғасырдың таразысын басатындай.  Еліміздің тәу­ел­сіз­ді­гін  тиянақтау көп жұмыстардың жемісі болды. Оған Тобыл-Торғай өңірінің  қосқан үлесі де аз емес. Ол туралы біздің тілшімізге берген сұхбатында  облыс әкімі Сергей КУЛАГИН кеңінен әңгімеледі.

Астықты өңірдің адымдары

– Сергей Витальевич, Тәуелсіз 20 жылдың Қостанай облысына жалпы әсері қандай болды? – Тағылымды, табысты жиырма жыл! Тұтас Қазақстан сияқты Қостанай об­лы­сы да алып держава Кеңес Одағы тара­ған­нан кейінгі қиындықтардан, қираған эк­ономиканы қалпына келтіру, оны да­­мы­ту жолдарынан өтті. Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың басшылығымен жү­зеге ас­қан реформалардың арқасында Қазақстан сол қиындықтарды артқа тастап қана қоймай, әлеуметтік бағыт ұс­тан­ған мемлекетке айналды. Ол реформалар біздің өңірдің экономикасын нығайтып, өнер­кә­сіптік және ғылыми-техникалық әлеуе­ті­мізді арттыруға да ықпал етті. Қостанай облысы алдымен Қазақ­­стан­­­­дағы ең ірі кен өндірісімен белгілі. Об­­­лыста өнеркәсіп кәсіпорындары 90 түрлі өнім шығарады, оның ішінде электр энергиясы, темір кені, темір жентегі, боксит, мыс кон­цен­траты, «Доре» алтын құйма­сы, ұн, кондитерлік бұй­ым­дар, аяқ киім, сусындар, иә, осылай жалғаса береді. Еліміздегі темір жентегінің, бок­сит пен асбестің ба­р­лы­ғын, темір кенінің 80 пайы­зын Қостанай береді. Осы жиырма жылдың кө­лемінде осыларды өндірудің барлығы да бірнеше есе арт­ты. Ұнды 6 есе, боксит кенін алуды 1,7 есе, электр энер­гия­сын 2,4 есе көп өндіреті­ні­мі­з­ді айтсам да қаншалықты алға жыл­жы­ға­нымыз белгілі болар. Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарынан бастап, бүгінге дейін облыста жан басына шаққандағы өнер­кәсіп өнімі 226 есе өскен. Мысалы, 1993 жылы өндірілген өнім жан басына 3 мың теңгеден келсе, оның көлемі бүгінде 975,4 мың теңге. Өткен жылы облыс өнеркәсібі берген өнім 451 миллиард теңгеге бағаланды, бұл 1993 жылға қа­рағанда 300 есе көп деген сөз. – Елімізде Елбасының тапсы­руы­мен индустриялық-инновациялық бағ­­дарлама жүзеге асып жатыр. Осы стра­тегияға облыстың қосар үлесі қандай болып отыр? – Үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасы бойынша облыс­та 100 инвестициялық жоба жүзеге асуы тиіс. Бұл өңір экономикасына 490 миллиард теңге қаржы құйып, 9 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін болады. Соның ішінде Индустрияландыру карта­­­сы бойынша 40 жоба жасаған едік, оның 13-і жүзеге асты. Соның арқасында 1200 адамға жұмыс орнын бердік. Қазір олар­дың барлығы да қалыпты жұмыс істеп тұр. Индустрияландыру картасы бойынша берілген 13 жобаның 10-ны өткен жылы тапсырылған еді. Олардың өңір экономи­касының дамуына ықпалы зор болды. Он жобаның құны 16,8 миллиард теңгені құрайды, соның бірнешеуін тілге тиек етуіме болады. Соколов-Сарыбай кен өн­діру бірлестігі тек еліміздегі ғана емес, Достастық елдеріндегі, одан қалды дүние жүзіндегі кен алыбының бірі. Осы кәсіп­орында жылына 75 мың тонна металл илегін шығаратын металилек зауыты іске қосылды. Ол қосымша 324 жұмыс орнын берді. Оның металл бұйымдары өнді­ріс­тің өзінің ішкі қажетіне жарайды, ал оны бұрын кәсіпорын қымбат бағаға Ресейден сатып алатын. Қостанай ауданының Затобол кентіндегі «Қарасу Ет» ет өңдеу кешені жы­лы­на 5400 тонна ет өнімдерін береді. Авс­триялық фирмадан әкелінген заманауи жабдықтар мұздатылған, вакуумда орал­ған, жартылай дайындалған ет пен шұ­жықтың бірнеше түрлерін дайындайды. Оның өнімі өзіміздің базарды қамта­ма­сыз етумен қатар, сыртқа экспортталады. Қостанай ауданындағы «Садчиков», Федоров ауданындағы «Тұрар» сүт өндіру фермалары толықтай қазіргі заманғы озық техникалармен жабдықталған, оларда 200 сиырды бір оператор ғана сауады. Есесіне сүт өнімділігі жоғары. Қостанай қаласындағы «Алтын май» зауыты бір тәулікте 4 тонна өсімдік майын сығады. Рудный қаласындағы «Жас қанат 2006» құс фабрикасы жылына 65 миллион дана жұмыртқа ұсынады. Қостанай қаласын­дағы «Милкс» сүт зауыты тәулігіне 150 тонна сүт өңдейді. Міне, облыстағы өнді­ріс дамуы осылай жалғаса береді. Облыста тамақ және жеңіл өнеркәсіп те айтарлықтай дамып отыр. Бұл облыс үшін жаңалық емес, солай болуға тиісті, дамудың үйреншікті бағытына ай­нал­ған деп есептеймін. Мен сізге облыс үшін жаңалық саналатын саланы әңгімелегім келеді. Қос­танайдың даңқы тек асты­ғымен, кенді өндірісімен ғана емес, енді машина жасау саласымен де алысқа кететін болады. 2003 жылы Қостанай қаласындағы бұ­рын­ғы дизель зауытының негізгі цехта­рын қайта қалпына келтірудің арқасында өмірге келген «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамы ірі инвестициялық бағ­дар­ламаларды жүзеге асырып, облыс, республика экономикасына ықпалды әсер етіп отыр. Кәсіпорын өткен жылдан бастап Оңтүстік Кореяның Ssang Yong көлігін қатарға қоя бастады. Өткен жылы 600 ма­шинаны сапқа қойса, биыл оның санын 1500-ке жеткізбек, ал 2015 жылы 7500 машина құрастырылады. Құны 2,4 миллиард теңге тұратын бұл жоба Қазақ­стан­ның индустрияландыру картасына кірген. Сонымен қатар, қазақстандықтар дала жолдарына қолайлы, бұрыннан өздеріне таныс жүрдек УАЗ машиналарын Қос­та­най­дан алып мінетін күн де алыс емес. Қос­танайдағы «Тобыл» әлеуметтік-кә­сіп­кер­лік корпорациясының ресейлік Сол­лерс компаниясымен бірлесіп құрған «Са­рыарқа Автопром» кәсіпорны УАЗ машинасының сегіз түрін құрастырып шығаратын болады. Оның сыртында «АгромашХолдингтен» шыққан ESSIL КЗС-740 комбайны мен басқа да ауыл­ша­руа­шылық техникаларын қазақстандық ди­қандар биылғы көктемгі дала жұмыстары мен астық жинау науқанына пайда­лан­ғанын айтсам да бұл саланың біздің облыста қаншалықты дамуға бет алғанын жеткілікті жеткізгенім болар. – Қостанай бұрыннан да алтын астығымен аты шыққан өңір еді. Енді ірі кәсіпорын құрылыстарына қарап, облыста ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу ісіне батыл бетбұрыс жасалды деп түюге болатын шығар. Бұл астық­қа да қатысты ғой? – Ас атасы – нан. Аталарымыз тоқшы­лықты да, молшылықты да астықпен бай­ланыстырған. Ал Қостанай облысы қа­шан­нан алтын астығымен даңқы шығып келе жатқан өңір. Облыстың жалпы агро­өнеркәсіптік кешені еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетінің ар­туына мол үлес қосады. Соңғы онша­қты жылдың көлемінде ауыл шаруашы­лы­ғын­да тың өзгерістер жасалды. 90-шы жыл­дары кеңестік шаруашылық байла­ныс­тары үзілгеннен кейін біз астық пен ет рыногынсыз қалдық, ал мұның өзі оны өндіруді өте құлдыратып жіберді. Біздің шаруаларымыз бен ауыл шаруа­шыл­ы­ғын­дағы кәсіпкерлеріміз дамудың жаңа деңгейіне жету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланды, қиындықтарға шыдады. Әсі­ресе, диқан қауымының талабы да, табы­сы да ерекше. Жақында Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев облысқа келіп, ауылша­руа­шылық тауар өндірушілермен кездескенде «Қостанайлық диқандар, сіздер әлем­дегі ең маңдайалдысыздар!» деп баға берді. Әрине, мұндай баға жауапкершілік те жүктейді. Астық өндіру облыс ауыл шаруашылығындағы басым бағыт болып қалып отыр. Астық молшылығын жасап отырған облыс сыртқа астық пен ұн сатуда республикада алдыңғы қатардан көрінеді. 2003 -2011 жылдар арасында Қостанайдың 13,3 миллион тонна алтын астығы мен 3,3 миллион тонна жоғары сапалы ұны экспортталды. Қуаңшылық болған өткен жылы ғана 890,5 мың тонна ұн сыртқа артылды. Бұл 2003 жылғы көрсеткіштен 4,6 есе көп. Қазір Қостанайдың астығы мен ұнын жер жүзіндегі 30 ел сатып алады. Еліміздегі сыртқа шығарылатын ас­тықтың 34 пайызы Қостанай дала­сын­да жиналған. Елдің экспорттық мүмкін­ді­гінің артқандығы жергілікті жердегі ау­ылшаруашылық өнімін өңдеу кәсіп­орын­дарының күшейгендігінің белгісі емес пе. Өткен жылы «Алтын май» ЖШС-ның тәулігіне 300 тонна ұн шығаратын диірмен кешені іске қосылды. «Қоста­най­­ұн­ком­бинаты» акционерлік қоғамын­да Ор­та­лық Азияда теңдесі жоқ макарон фаб­рикасы салынды. Онда жылына 30 мың тонна макарон шығарады. Тәуелсіздік алған уақыттан бастап, би­ылғы жылға дейін Қостанай облысы 67,7 миллион тоннаның сыртында астық өндіріпті. Соңғы бес-алты жылдың ішінде гектар айналымы орташа 11 центнерден кеміген жоқ. 2006, 2008, 2009 жыл­дары бункерлік салмағымен алғанда об­лыс 5 миллион тонна алтын дән жи­на­ған болатын. Ал 2007 жылы облыс ди­қан­дары алты миллиондық шепті алды. Биыл одан да асырамыз деген межеміз бар. Мұ­ның барлығы да ауыл шаруа­шы­лығына мемлекет тарапынан жасалған қам­қор­лық­тың арқасы. Ылғал сақтау тех­ноло­гиясын енгізудің сыртында ауыл ша­руашылығындағы техника паркін жаңа­ла­дық. Тек соңғы жеті жылда 85 миллиард теңгеге 10 мың дана ауылшаруа­шы­лық техникалары алынды. Қазір егін ал­қап­тарында қуатты, озық үлгідегі комбайндар мен тракторлар, тұқымсеп­кіш­тер, бас­қа техникалар жүреді. – Сергей Витальевич, облыс кәсіп­орындарында өңделетін ұн, металл, ма­карон бұйымдары жөнінде әңгіме болғанда экспорттық мүмкіндіктің ар­туы жөнінде айтып қалдыңыз. Бұл орайда қандай жұмыстар атқарылды? – Біздің облыс сыртқа өнім шығару жө­нінде алыс шетелдерге шығарумен қа­тар, көбіне көрші Ресейдің өзімізбен шекаралас облыстарына үлкен үміт арта­мыз. Биыл мен экономикалық әріптестік жөнінде Қытай делегациясымен, АҚШ-тың уақытша сенімді өкілі Джон Ордвеймен кездестім. Бүгінде Қостанай облысы кәсіпорындары әлемнің 100 шақты елімен сыртқы экономикалық байланыста. Ол өзімізге етене таныс Достастық елдерінен бастап, Еуропалық одақ, Азия мемлекеттері болып жалғасады. Өткен жылы Ресейдің бірнеше өңірлерімен жасалған сыртқы сауда айналымы 714,4 миллион АҚШ долларын құрады. Оның 70 па­йызы Ресейдің шекаралас облыстарына тиесілі. Ресейге негізінен темір кенін, астық және ұн артамыз. Ал Ресейден техникалық, кө­ліктік жабдықтар, қара металл мен одан жасалған бұйымдар, мұнай өнімдерін және халық тұтынатын тауарлар аламыз. Шекаралас облыс­тар­дан Челябімен бай­ла­нысымыз тығыз, эко­номикалық-сауда алыс-берісінің 90 пайызы осы Челябімен жасалады. Челябідегі, Нижний Тагильдегі, Магнитогордегі, Екатеринбургтегі ме­тал­лургиялық комбинаттар және машина жасау зауыт­тарымен берік әріптестігіміз бар. Біз тек олардың ірі өндіріс орын­да­рынан ала бермейміз. Біздің «Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі», «Агромаш Холдинг» АҚ, «Агротехмаш», «Дормаш», «Титан» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері де Ресей рыногынан өз орындарын тап­ты. Қостанай облысында Ресейдің Қор­ған облысынан шаруа­шы­лық­тың түрлі са­лаларында жүзден аса бір­лескен кәсіп­орын жұмыс істейді. Қазақстан Үкіметі біздің және Ақ­мо­ла облысының аумағында сапасы жоға­ры, әлемдік стандарттарға жауап беретін және Еуропа мен Оңтүстік Америка кә­сіп­орындарымен бәсекеге түсе алатын ет комбинаттарының құрылысына инвестиция тарту жөнінде міндет қойды. Бұл жұмыс шетінен атқарылып та келеді. Бұл күнде қамбаға алтын дән құйып жатқан Қостанай облысы үшін жақын және алыс шетелдердегі астық биржаларына қаты­су­дың маңызы зор. Қостанай бидайының даңқы біраз жерге кеткен. Біздің көр­ші­леріміз облыстың астық әлеуетін көзбен көріп отыр. Облыста атқарылып жатқан инвести­ция­лық жобалардың бар­лығына да жол ша­руашылығы мен кө­лік инфрақұры­лы­мын­­да­ғы игі істердің үлесі бар. Соңғы жылдары 400 шақырымдық «Ас­­­тана – Қостанай – Челябі» транзиттік дәлізі жөндеуден өтті. Енді Ақ­төбенің шек­ара­сы­нан Қостанайға дейін созылатын рес­пуб­ликалық маңызы бар жолдың құры­лысы басталды. – Соңғы жылдары Қостанай қала­сы гүлге оранды. Ауылдардағы мек­теп­тердің көркі мен ішкі жабдықтау мазмұны қаладағы білім ошақт­ары­мен иық теңестіретін болды. Мұның барлығы да облыстағы экономикалық ірі адымдардың қарапайым адам өмі­рінен көрініс табуы, яғни әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешім таба­тыны деп біледі жұрт. – Президент Қостанай өңіріне келген сайын халықпен кездескенде адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін эко­номиканы дамытып отырмыз деп ай­тады. Балалар білім алатын мектеп жылы, жа­рық, заманауи жабдықталса, ауруханалар мен емханалар жөнделсе, баспана салын­са, жолдар дұрысталса адамдардың да тұр­мысы түзеле береді. Мысалы, жиырма жыл ішінде облыста инновациялық білім ошақтарының саны 4-тен 11-ге дейін өсті. Мектепке дейінгі мекемелер саны 625-ке жетті. Өткен жылы «Балапан» бағ­дарламасының шеңберінде 15 балабақша, 15 шағын орталықтар ашылды. Бала­бақ­ша демекші, облыста бүлдіршіндердің 92 пайызы мектепке дейінгі мекемелермен қамтылған. Ал бұл көрсеткіш республикада 55 пайыз. Ішкі көші-қон қозғалысының сипаты­на сәйкес, мемлекеттік тілде білім беретін мектептерге сұраныс қалаларда ба­сым болып отыр. Алдыңғы жылы Қоста­най қаласында 600 орындық мектеп са­лын­ды, былтыр Рудный қаласында 900 ор­ындық мектеп есігін айқара ашты. Ал биыл Қостанай ауданында 300 орындық қазақ мектебі пайдалануға берілді. Сон­ы­мен қатар, Федоров, Таран аудандарында мемлекеттік тілде білім беретін мектептер құрылысы жүріп жатыр. Халыққа көрсетілетін медициналық қызметті жақсарту үшін алдымен медицина мекемелерінің жөндеу жұмысы мен жабдықталуына көңіл бөлдік. Осы орайда «100 мектеп, 100 аурухана» президенттік бағдарламасының шеңберінде 5 ірі медициналық нысан салынды. Жаңадан қан құю орталығы бой түзеді. Жақында жаңа корпусының құрылысы біткеннен кейін облыстық аурухана 550 орындық ірі денсаулық сақтау кешеніне айналды. Қазір еліміздегі медицина академиял­а­рын­­да облыс әкімінің грантымен – 88, колледждерде аудан әкімдерінің көмегімен – 61, демеушілердің көмегімен – 10, бар­лы­ғы 159 студент білім алуда. Ертең олар­дың барлығы да өзіміздің дәрігер­ле­рі­міздің қатарын толықтыратын болады. Ауруханалардың заманауи жабдықтармен жабдықталуына байланысты биыл 10 дәрігерді Израильге оқып-үйренуге жіберіп алдық, оның сыртында Ресейдегі ірі ғылыми-медициналық орталықтармен қа­рым-қатынасымыз үзілмейді. Адамдардың тұр­мыс­тық әлеуеті жақ­са­руының басты көр­сет­кішінің бірі оның бас­па­­­налы болуы емес пе? Қазір тұрғын үй құ­рылысының қарқы­ны жаман емес. Жи­ыр­ма жылдың ішінде облыста 2 миллион 165 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Адамдардың баспана мәселесін жақсарту тек тұрғын үй салумен шектелмейді. Осы іс­тің шеңберінде облыс­та 40 шақырым ау­ыз су, 50 шақырым канализация құбыры са­лынды, 90 шақырым электр желісі тар­тыл­ды. Құрылыс материалдарын шыға­ратын кәсіпорындар саны еселеп көбейді. Соңғы жылдары Денсиов ауданын­да­ғы 7,2 мың адам көгілдір отынның игілігін көруге мүмкіндік берген 30,8 ша­қы­рым магистралдық газ құбыры салынды. Енді Қамысты ауданының 12,2 мың тұрғыны бар елді мекендерін газдандыру үшін Бұхара-Орал магистралдық газ құбырынан 52 шақырым құбыр желісінің құрылысы басталды. Республикалық бюд­жеттен бөлінген 7 миллиардтан астам теңге қаржыға «Ауыз су» бағдарламасын жүзеге асыру арқасында 69388 шақырым су құбыры салынды және қайта жөн­делді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 1,3 миллиард теңгеге 95 шақырым су құбы­ры желісі салынды. Міне, осындай жұ­мыстар жүргізілген 8 жыл ішінде 93 мың адам тұратын 24 елді мекенге таза ауыз су барды. – Сергей Витальевич, Қостанайдың Астанадағы күндері қарсаңында сізге қалайша өңір мәдениеті туралы сауал қоймаймыз? – Орынды. Рухани азықсыз халқы­мыз­­дың халі қалай болар еді? Үстіміздегі жылы облыстағы мәдениет саласына 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл осыдан он жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда 12 есеге көп. Аудандар мен қалалардағы мәдени ошақтарды жөн­деу, оларды жабдықтау жұмыстары үздік­сіз жалғастырылып келеді. Ауылдардағы клубтарда 1400-ден астам шығарма­шы­лық ұжымдар бар. Жыл сайын көркем­өнерпаздардың облыстық қорытынды концерті аса жоғары деңгейде өтеді. Мұ­ның өзі ауыл-селодағы адамдар тұрмы­сы­ның жақсарғанын білдіреді. Қостанай қашаннан біртуар өнер адам­дарын берген өлке. Қазір Е.Өмір­за­қов атындағы облыстық филармонияда бірнеше өнер ұжымы бар. Орыс халық аспаптары оркестрі, екі жыл бұрын қазақ халық аспаптары оркестрі құрылды. М.Горький атындағы орыс драма театры тұтастай қайта жөндеуден өткізілді, І.Омаров атындағы қазақ драма театры жаңа ғимаратының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Оған облыс бюджетінен 1 миллиард 866 миллион теңге бөлінді. Осы күзде өнер ордасы көрермендер игілігіне берілмек. Қостанай – көп ұлт пен ұлыстың ба­ла­сына құтты мекен жер. Барлығы да ұйып, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруде. Қостанайдың еңбекшіл жұрты жоғарыда айтқан жетістіктерді бір­ге жасап келеді. Біздің еліміздің ар­тық­шылығы да, бақыты да сол. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.  

Дерек пен дәйек

Өндірістік-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 2011 жылы облыста құны 24,2 миллиард теңге тұратын 25 нысан пайдалануға беріледі. Оның ішінде үш жоба жылдың алғашқы жартысында жүзеге асты. Соның нәтижесінде  149 жұмыс орны ашылды. *     *     * Орта және шағын биз­нес­тің  белсенді жұмыс істейтін ны­сандарының қатары 34 мыңға жетті. Онда 137  адам нәпақасын тауып отыр.  Бұл облыс тұрғындарының  эко­но­микалық белсенді бөлігінің 25,4 бөлігін құрайды. Кә­сіп­керлік кәсіпорындары үсті­міз­дегі жылдың  бірінші жар­тысында 155 миллиард тең­генің өнімін өндіріп,  бюджетке 19 миллиард теңге қаражат түсірді. Бұл  облыстағы жал­пы түскен салықтың 24,3 па­йы­зын құрайды. *     *     * Соңғы 7 жылда  облыс өңі­­ріндегі елді мекендерді көркей­ту үшін 88,5 миллиард теңге игерілді. Соның арқасында  ауыл­дарда құрылыс қарқын ал­ды, 26 мектеп пен мектепке дейінгі мекеме  жөндеуден өт­кізілді.  Медицина мекемеле­рі­нің материалдық  базасы ны­ғай­ды. 15 ауыл таза ауыз су ішуге мүмкіндік алды. 204 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. *     *     * Соңғы 3 жылда облыс сырт­қа 8 миллион тонна астық пен сапалы ұн сатты. Бұл рес­пуб­ликалық көлемнің 36 пайызы деген сөз. Ал экспортқа шығарған ас­тықтың бағасы 259 миллиард теңге болды. *     *     * Облыста өнеркәсіп тау­ар­ла­рын 581 кәсіпорын өнді­ре­ді. Оның ішінде 103 кәсіп­ор­ынның әрқайсысында кем дегенде 50 адам еңбек етеді. Об­лыстағы өндірілген тауарлар­дың көп бөлігі солардың еншісіне тиеді. Жалпы, өнеркәсіпте 50 мың­нан аса  адам  жұмыс істейді. Олардың орташа жала­қы­сы 70445 теңгені құрайды. *     *     * Облысқа үстіміздегі жыл­дың алғашқы жартысының өз­інде 76,2 миллиард теңге инвестиция құйылған. Ал облыс жыл басынан бүгінге дейін республика қазынасына 98 миллиард теңге қаржы құйған. *     *     * Қостанай қаласында 46 мектеп, 6 жоғары оқу орны, 16 колледж, 5 кәсіптік-тех­ни­ка­лық мектеп бар. Мектептерде 7,9 балаға 1 компьютерден келеді. Үстіміздегі жылы қос­та­най­лық түлектер  бірыңғай ұлт­тық тестілеуден  орташа 99,37 балл жинады, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 88,29 бал болған еді.  *     *     * Облыс аудандары мен елді мекендерінде  жылына 2-3 кітапхана қатарға қосылып оты­рады.  Қазір облыста бар­лығы 398 кітапхана бар. Олар­ға жылына мемлекеттік тап­­сырыспен шыққан 35-40 мың кітап таратылады. Л.Толстой атындағы об­лыстық кітапханада  оқыр­ман­дарға 86 компьютер қыз­мет көрсетеді, олар 4 интернет желісіне қосылған. Кі­тап­хананың қоймасына 500 мың том кітап сияды. Кі­тап­ханаға жылына 360 мың  оқ­ырман келеді. Биогаз қондырғысы немесе қуат көзін өздері өндіретін аудан Қарасу ауданы орталығының іргесінде төбесі шошақ алып пирамиданы еске тү­­сіретін, бір жағынан шатырды елестетін қон­дырғы пайда болды. Тұрғындарға ал­­ыс­тан жап-жасыл болып көрініп тұрады. Ал барлық «гәп» осы қондырғыдан 400-500 қадам жерде орналасқан мал бор­да­қы­лау алаңындағы сиыр тезегінде екенін білгенде таңғалмасқа тағы болмайды. Электр энергиясын атомнан, көмірден, желден, судан емес, органикалық заттан – сиыр жа­пасынан өндіретін болған соң да, ол биогаздық қондырғы деп аталады. Маман­дардың айтуы – экологиялық таза өнім. Қазекем әрі кеткенде сиырдың жапасын кептіріп, тезек етіп отқа жақты. Енді Зеңгі бабаның ауылдың шетінде жатқан жапа­сынан жиналған көң сол ауылды күндізгі­дей жарық етеді. Әншейінде көп ауылдар мал­дың көңін тау-тау етіп үйіп, құтыла алмай отырады. Көңнен электр жарығын өнді­реді дегенге аузын ашып қарайтындар көп. Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйым­дастырған баспасөз турына қатысқан журналистер де таңданысын жасыра алмай, биогаз қондырғысын біраз айналшықтаған болатын. Тезекпен жұмыс істейтін қон­дыр­­­ғының іші түгіл, айналасындағы таза­лығынан шыбын тайып жығылардай. Биогаз қондырғысы кешенінің бастығы Сергей Рудаков таңғалғандарға қондырғының тамашасын жырдай етіп айтып береді. – Бірінші ферментаторға мың текше метр су жинадық. Негізі оған екі мың текше метр су құюға болады. Оны 38 градус­қа дейін жылытып, 600 тоннадай сиыр кө­ңін саламыз. Осы жұмыстарға он күндей уақыт керек. Әлгі суға салынған тезек 30-35 күн­­­дей тұрып, боржиды. Әбден бор­жып, «ба­­бына» келген соң, оны екінші фермен­та­торға айдаймыз, осы процестің арқасында әлгі «пирамида-шатырдың» іш­ін­­де метан газы түзіледі. Газ түзіліп жат­қанда бірінші ферментаторға үстемелеп, тәулігіне 44 тонна көң салып отыру керек. Ал метан жеткілікті көлемде жиналғанда, генератор іске қосылып, электр тогын өндіреді, – дейді биогаздық қондырғының бүге-шігесіне дейін білетін білікті инженер Сергей. Бұл биогаздық қондырғы ауылда мал шаруашылығын өркендетуге итермелейді. Себебі, оның негізгі шикізаты – сиырдың те­зегі дедік. Одан электр энергиясы өнді­рі­леді, ал қондырғыдан шыққан қалдық егін алқаптарына төгіледі. Мамандардың айтуына қарағанда, биогаздық қондыр­ғы­дан шыққан көң қалдығы егін үшін тап­тырмас органикалық тыңайтқыш болады екен. Міне, табиғатқа да, адамзатқа да залалы жоқ табыс көзі деген осы. «Қарасу» сауда-өнеркәсіптік компания­­­сы мал шаруашылығын интенсивті дамы­туға бағыт ұстанып отыр. Қазір компания шаруашылығында 4700 бас асыл тұқымды ірі қара бар. Тіпті өткен жылдың аяғында компания 2,5 мың бас мал ұстайтын жаңа бордақылау алаңын салды. Етті төгіп беретін қазақтың ақ бас сиырының салмағы орта есеппен 400 килоға жеткенде, оны компанияның Қостанай қаласының іргесіндегі Затобол кентінде орналасқан ет өңдеу кешеніне өткізеді. Заманауи жаб­дық­­талған кәсіпорында ет ең соңғы технологиялармен өңделеді. Ал жылына 16-17 мың тонна көң керек ететін биогаздық қондырғы үшін әр сиырдың тәулігіне 9 кило жапа тастайтыны да есептелген. Ет те бар, жапа да бар, жарық та бар. – Биогаздық қондырғы толық күшімен жұмыс істегенде компанияның мал база­ла­рының барлығы, механикалық қырман, ор­талық машина-трактор шеберханасы, жа­нар-жағармай құю стансасы электр энер­гиясымен қамтамасыз етіледі, тіпті жарық малшылар отырған ауылға да жетеді, – дейді мал шаруашылығымен айналы­сатын «Қараман и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Серік Қа­жиев. – Зеңгі бабаның жапасынан пайда болған жарық негізінен мал шаруашылы­ғы­ның өзіне жұмсалады. Қазір электр энергиясын өндірудің балама көзін табу мәселесі оның тапшылығы мен қымбатшылығын бірдей сезініп отыр­ған тек қостанайлықтарды ғана емес, бү­кіл төрткүл дүниені ойлантып отырған жоқ па? Жұдырықтай жердің асты-үстін­дегі көмір мен мұнай сарқылады. Жағалай атом электр стансасын салған Жапония да «артық қылам деп тыртық қылып», жер жүзін дүрліктірді. Бірақ электр жарығы үшін адамзат тығырықтан жол табудың қамында. Еуропа елдері желдің күшін, күн­­нің қызуын пайдалана бастады. Жанар-жағармайды жүгеріден алынған арзан спирт­пен ауыстыра бастаған елдер де бар. Соның барлығынан да қарасулықтар ұтып тұр ма қалай өзі?!. Бұл ерекше жобаның құны осы істі бастаған Қарасу ауданын­да­ғы «Қарасу» сауда-өнеркәсіп компаниясы­на 2 миллион АҚШ долларына түсті. Бірақ компания жұмсаған бұл қаржы 4-5 жылда орнына келетін көрінеді. Компания жетекшісі Алмат Тұрсынов электр энергиясын өндірудің бұл балама жобасын Германиядан әкелген болатын. Ауыл шаруашы­лы­ғын, оның ішінде мал шаруашылығын интенсивті дамыту үшін оның шығыны ба­рынша азаюы керектігін білікті әрі үнемі ізденісте жүретін кәсіпкер жақсы біледі. Жергілікті ақпарат көздерінен білгеніміздей, шаруашылық қазірге дейін электр энергиясының бір киловатын 13 теңге 18 тиыннан сатып алады. Сонда «Қарасу» сауда-өнеркәсіптік компаниясы қыстыгүні мал шаруашылығы бөлімшелері пайдалан­ған электр энергиясы үшін айына 2 миллион теңге төлеп отырады. Ал осы кә­сіп­ор­ын­ның өндірістік учаскелерінің пайдалан­ған электр энергиясы жыл тәулігінде бір миллион киловатқа жетіп жығылады екен. Сонда оның ақысы қайда бармақ? Міне, енді Зеңгі бабаның жапасы жа­рық бергелі компания мал шаруашылығын дамыта түсуге құлшынып отыр. Өйткені, мал басы өскен сайын көң де көбейеді, ал шикізаты – көң мол болған сайын метан газы да көп жиналады, газ генераторды ай­налдырады, нәтижесінде электр энергия­сы­ның қуаты да арта түседі. Ауыл жарық, ал жарық ауыл бәріне де қарық болады. Қарасулықтар бұған имандай сеніп отыр. Қарасу ауданы.  

Елорда мен елбасы егіз ұғым

(Қостанайлықтардың Астана  туралы лебіздері)

Ғабит ХҰСАЙЫНОВ,  «Нұр Отан» ХДП Қостанай облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанаты төрағасының орынбасары: – Қостанаймен ара­­сы алыс болмаса да, Астанаға жұмыс ба­бын­да ғана бара­мын. Соңғы рет «Нұр Отан» партиясының ХІІІ съе­зіне бардым. Онда делегаттар ал­дын­да Ел­басы Нұр­сұл­тан Назар­баев сөй­леді. Қанша ғибрат­­­­ты мәліметтер ал­­дым, еліміздің әр түк­пірінен келген жастармен, ағалармен таныстым, пікірлестім. Мұның барлығы да адам жанын өсіре түседі және жұмысқа деген құлшынысыңды оятады. Астана қазір өмірдің қай саласы тұр­ғысынан алғанда да өсіп келеді. Аспанмен таласқан тұрғын үйлер, әсем ғимараттар қаланың ажарын аша түседі. Тек қаланың сырты ғана емес, ішкі мазмұны да то­лыс­қан. Студенттер мен жастар дүние жү­зін­дегі озық елдердің қатарынан көріну үшін оқу, еңбектену керектігін түсінгендей. Ол үшін Астанада жасалып жатқан жағдайға да көңілің толады. Бір «Назарбаев Уни­вер­ситетінің» өзі неге тұрады! Мен Астанада оқып жүрген өзім танитын жастардан осындай талаптылықты көріп қуанамын. Мен осы жолы Астанаға облыс деле­га­циясы құрамында және табиғаттың толыс­қан, алтын күздің бар сұлулығы елорданы орап тұрған кезде баратыныма қуанып тұрмын. Себебі, осы кезге дейін жолым Астанаға тек қыс айларында ғана түсетін. Бас қаланың күзгі бейнесін суреттерден, теледидардан ғана көріп тамсанып қоя­тын­мын. Осы жолдың сәті түскеніне де баладай көңілім қуанышта жүр. Хамитбек МҰСАБАЕВ,  Амангелді аудандық «Амангелді арайы» газетінің редакторы: – Астанаға бару ма­­­ған өте ұнайды. Міне, Қостанай облы­сының Астанадағы күн­деріне орай делегация құра­­­мы­­­­на қосылып­­­пын. Мен мұны өзіме және өзім­­­­нің ұжымы­­­ма жасал­­ған құрмет деп тү­сі­не­мін әрі ол ме­рей­­­­іңді де өсіре түседі екен. Астана маған ең алдымен Торғай өңі­­ріне жақындығымен ұнайды. Бұрын Ал­матыға бару үшін ұзақ сапар шегетін едік. Оның ұзақтығынан бала кезде Алматыны көру тек арман ғана болатын, ер жеткен соң бір-ақ бардық. Астана сияқты ірі ор­та­лықтың, еліміздің жүрегінің ауылыңа жа­қын болғаны қандай жақсы! Балаларды жас кезінен Астанаға апарып, каникул­да­рында қыдыртып тұрамыз. Оның жа­қын­дығы бізге осындай мүмкіндік береді. Мұн­дай сапар баланың көңілін өсіреді, ар­манын ұштайды, ой-өрісін кеңейтеді. Астана маған осынысымен де қымбат. Бас қала – еліміздің тек саяси, эконо­ми­калық қана емес, сонымен бірге мәде­ни-рухани орталығы. Барған сайын драма, опера театрларына соғып, спектакльдер көріп кетуге тырысамын, түрлі концерттер де болып жатады. Өзім де шығармашылық адамы болғандықтан, ақын-жазушыларға, баспаларға, басылымдарға бас сұғамын. Бірге оқыған, курстас болған достардың, ауылдастардың көбі де Астанада тұрады, қызмет істейді. Олармен бір көрісудің өзі ғанибет емес пе, уақыт құмсағаттай зу­­лаған өмірде?!. Астана осындай сыйла­ры­мен қуантады, ылғи өзіне тартып тұрады. Сайран БҰҚАНОВ,  Қазақстанның Еңбек Ері: – Қазір ауылы­мыз­­­да астық жинау нау­­­қанының қызған ша­­ғы. Биыл Қостанай өңі­рінде тек бидай ға­на емес, дақылдың қай түрі де жақсы шықты. Мол астықты қалдыр­­май жинап алудың өзі де көп жұмысты қа­жет ететіні белгілі жай ғой. Сондай науқан кезі болса да, облыс делегациясы құра­­мын­да Астанаға баруға келістім. Өйткені Астанада облысты паш ететін мұндай шараға қатыспауымның өзі ыңғайсыз деп білдім. Оның үстіне Астанаға барған кімге ұнамайды дейсіз? Маған ұнайтыны, Астана көз алдымда тоты құстай құлпырып өсті. Жас кезімізден, студент шақтан Целиноград қаласын білдік. Енді бүгін қа­расам қаланың өткені мен бүгіні аспан мен жердей ғой. Қалай көкірегіңді патриотизм, мақтаныш кернемейді. Бұл әр қа­зақтың, қазақстандықтың жүрегін шуақ­қа бөлейтін сезім деп білемін. Астанада, Ақорданың төрінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев кеудеме «Қа­зақ­станның Еңбек Ері» белгісін тақты. Астана маған сол үшін де қымбат. Бұл жо­ғары марапат менің ғана емес, менің ау­ылдас­та­рыма, еліме, жұртыма көрсетілген құрмет және солардың еңбегінің арқасы деп білемін. Жақында Қостанайда болып, диқан­дар­мен кездескенде Нұрсұлтан Әбіш­ұлы алдағы сапарларында Меңдіғара ауда­нын­дағы біздің «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің астық ал­қабына ба­ратындығын айтты. Әрине, менің ауыл­дас­тарым Елбасын қай кезде келсе де күтіп алуға даярмыз. Елбасымен осындай тамаша жүздесулерден кейін Астана қаласы көз алдыңда абаттана түседі. Астана – біздің елдің, балаларымыздың болашағы. Азамат МӘЛЖАНБАЙ,  жас айтыскер ақын: – Еңсесін тіктеп жатса елім ерек, Қуаныштан жүрегім тебіренер Астананы жүрсем де бұрын көріп, Осы жолғы сапардың жөні бөлек. «Көк жәшіктен» отырсақ күнде қарап, Астананың сәулеті мүлде ғажап! Әр облыс күндерін өткізеді, Бас қаланы нұр шашқан күнге балап. Қостанай мен Торғайдай қос өлкенің Ақ сәлемін жеткізу бізге аманат. Өр намыспен басталған өнер басы Тек алдыға жылжиды ел арбасы. Алты Алаштың мақтаны бола берсін, Қасиетті қазақтың Елордасы!  

Әйгерімнің ауылы

Мектептегі бір ұстазының «өмірді жақсы көру керек, қиындықты жеңемін деген адам ғана өмірдің қызығын, маңызын түсінеді» дегені Әйгерімнің есінде қалыпты. Осы сөз студент болғанда да, оқуды бітіргенде де жадында жаңғырып тұрғандай, есіне жиі түсетін. Өзі Арқалықта өсті. Қалай дегенмен де қаланың аты-қала. Ата-анасы мал ұстаған жоқ, қаланың көп қабатты үйінде өсті. Мектепті бітірген соң, Қостанай педагогика институтына оқуға түсті. Қазақ филологиясы факультетінде жақсы оқыды. Қазақ тілі мен әдебиетін өзі қалады. Бұл тағы да ұстазы айтқандай, маман емес, алдымен адам тәрбиелейтін пән. Баланы ана тілінің кәусарынан сусындатады, халқымыздың ғасырлар бойы жиған-терген маржанын сүзеді. Басқаны қайдам, Әйгерім Уәлиева қазақ әдебиеті мен тілінен осындай сезімге бөленеді. Әйгерім педагогика инсти­тутын бітірерде өмірдің жолы тас жол да емес, сүрлеу де емес, сатылардан тұратындай көрінді. Мектепті жақсы бітіру керектігін ойлады, ол ойын жүзеге асырды. Одан жоғары оқу орнына түсу де ол үшін бір сатыға көтерілу бо­латын. Әйгерім қатарынан қал­май студент атанды. Педагогика институтын тәмамдарда ойы сан-саққа кеткенін қайтерсің. Диплом алу да арман еді, ол қолына тиді. Енді қайда бару керек?.. Көпшілік жастар тырнағы ілінген жерге тырмысып, қалада қа­луды ойластырып жатыр. Ал Әй­герім не істейді? Арқалыққа ба­рып ата-ананың мойынында оты­ру қалай болар екен? Өйткені, қа­лалық жерлердегі мектептерде ауыл­ға қарағанда бос орын бола бермейді, болса да азын-аулақ са­ғаттар ғана беріледі. Одан та­ба­тыны тиын-тебен ғана. Жоқ, Әй­герім қалада қалып, қолын жы­лы суға малуды ойламады. Әр­кез күлімдеп тұратын жана­рын­да бір от, өжеттік пайда бол­ды. Қасын­дағы құрбыларына: «Мен «Дипломмен – ауылға!» бағдарлама­сымен ауылға бара­мын. Менің мамандығым, менің еңбегім қай жерге керек, сонда барамын!» деді. Қазақ тілінің тілдік ор­тасы жұтаң, соған байланысты мемлекеттік тілдің қолданыс ая­сы да мардымсыз Федоров ауда­ны өткен жылы педагогика инс­титутының басшылығынан мемлекеттік тілде оқытатын мектепке 20 маман сұраған екен. Қазақ тілі мектептер мен балабақ­ша­ларда дұрыс деңгейде оқытыл­ғанда ғана, мемлекеттік тілдің де асығы алшысынан тұрады әлі. Осы ой Әйгерімді бөтен жаққа мой­ын бұрғызбастан Федоров ауда­ны­нан бір-ақ шығарды. Аудан орталығындағы №1 мек­тепке қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып орналасты. Мектеп директоры, жүзінен иманы төгіліп тұрған Нұржамал Нұржанова деген апасы қарсы алды. Бұл шағын білім ошағына Әйгерімнен басқа 13 жас маман келген екен. Жастықтың қызығы да осы емес пе? Қостанайда білім алса да, әрқайсысы облыс­тың әр шалғайында туып-өскен жастар. Федоров ауданында бә­­рінің де күтіп отырған нағашысы жоқ. Олар үшін жаңа жер, жаңа жолдың басы іспеттес. Айрандай ұйып, бір-бірін бауырына тарт­ты. Әйгерімнің іскерлігі мен ешкімді жатырқамайтын бауырмал­дығы «Дипломмен – ауылға!» бағ­дарламасымен мектепке келген Қабдрахманның жүрегін шым еткізген. Ауыл мектебіндегі қай­наған жұмыстан кейін кешкілік екі жас сырласуға уақыт таба­тын. Көп ұзатпай екеуі шаңырақ құрды. – Келгелі «Дипломмен – ау­ылға!» бағдарламасы бойынша берілген көмек бізді біраз кө­те­ріп тастады. Көктемге қарай тө­менгі пайызды несиемен үй ал­дық. Кішкентай да болса баспа­намыз бар. Болашақта іші жанға, сырты малға толсын деп тілейміз. Мен Арқалықтан, Қабдрах­ман Науырзым ауданынан, өзіміз федоровтық болып жатырмыз. Мұнда ешқандай туысымыз жоқ, бірақ достарымыз, сыйлас жандар туыстың орнын жоқтатпай­ды екен, –дейді Әйгерім. Федоров ауданы орталығын­дағы №1 мектепке соңғы жыл­дың өзінде 6 жас мұғалім келді. Бұл ұжымды жаңа леп келгендей серпілтіп тастады. Өйткені, жастар мектептегі түрлі шара­ларды белсенділікпен өткізеді, өздері жиі бастама көтереді. – Ауыл мектебіне жастардың келуі көңілге үлкен сенім ұ­я­латады. Дәл қаладай болып кетпегенмен, ауылдың инфрақұры­лымын жақсартса, ауыз су мен үйді орталықтан жылыту мәсе­лесін шешсе, жастар туған жерден неге кетсін? Біздің ауданда жас мамандарға арнап тұрғын үй салады дегенді естіп, жас мұ­ғалімдердің барлығы да қуанып жүр, – дейді мектеп директоры Нұржамал Нұржанова. Әйгерім Федоров ауданына келіп қазығын қақты. Осында еңбек жолын бастады, осында өмірлік жарын тапты. Осында өсіп-өніп, керегесін кеңейтер де өздері болады әлі. Әйгерім мектеп десе жүрегін алып ұмты­лады, әр оқушысына аялап қа­рай­ды, әр баламен балаша сөй­ле­седі. Дақсыз аппақ көңіл ба­лаға қазақ тілінің құдіретін жеткізіп, оның жүрегіндегі қылды тауып шерткісі келеді. Сонау Арқалығын ойлауды Әйгерім қа­зір шамалатты. Федоров мектебіндегі оқушыларының оқу үлгерімі, балалармен бірінен-бірі асып түсетін қызықты жұ­мыс­тар Арқалықты да, Қостанайды да сағынуға уақыт қалдырмай­ды. Арқалықтан телефон шалған туыстары оған «аулың аман ба?» деп сұрап жатады. Кім білсін, Әйгерім аты мәшһүр ұстаз болар, оның өмір жолын бастаған жер «Әйгерім ауылы» атанар. «Жас тілегі қабыл» деген. Кім екені белгісіз Федор да тас­таған жоқ па атын бұл жерге... Федоров ауданы. Беттегі материалдарды дайындаған Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.