Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президентінің нұсқауымен жасалған «Мәдени мұра» бағдарламасы рухани жаңаруымызға байланыс-
ты көптеген көкейкесті мәселелерді молынан қамтыды десек, қателеспеген болар едік. Мұндай ерекше бағдарламалардың арада уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтпайтынын бұл күндерде көріп отырмыз. Олай болса, соқпағы көп тар жолда көршілес елдермен терезесі тең болу үшін дұрыс бағдар ұстап, әлемдік өркениетке ұмтылу, өз халқыңның жетістігін әлемге паш ету – әрбір Қазақстан азаматының парызы. Осыған орай атқарылған іс, жоспарланған жұмыстың барлығы өркениет өлшемдеріне сәйкес, жемісті де нәтижелі болуы қажет. Бұл еліміздің көшбасшы философы Әбдімәлік Нысанбаевтың өзінің сан қырлы шығармашылық жолының басты мұраты болып табылады.
«Әлемдік философиялық мұра» топтамасы Әбдімәлік Нысанбаевтың басқаруымен тұңғыш рет қазақшаға аударылды. Осы серия бойынша ежелгі дүниедегі шығыс және антикалық философиядан бастап, ХХ ғасырдағы батыс философиясының басты ағымдары және олардың әйгілі өкілдерінің негізгі еңбектерінен үзінділер берілді. Еңбектер түгелімен орыс тілінде шыққан шығармалардан аударылды. Әр томның құрастырушысы үзінділердің мазмұны мен сабақтастығына жауап берді. Бұларды тәржімалауға алғаш рет философтардың өздері тартылды.
Профессор Ә.Нысанбаевтың басшылығымен жүзеге асқан екінші серия − «Қазақ халқының философиялық мұрасы» да ал-
ғаш қолға алынған үлкен шаруа еді. «Ежелгі көшпелілер дүниетанымынан» бастап, «Тәуелсіз Қазақстанның философиясы» халқымыздың даналық інжу-маржандарын топтастырған және идеялық-рухани байлығын тұтас қамтыған ауқымды жұмысты құрады. Бұл тың да күрделі серия бойынша түрлі әдебиеттерден шығармаларды іріктеу, түркі, араб, орыс тілдерінен аудару, оларды идеялық бірізділікпен сараптау, әр томға, авторларға арнайы түсіндірме жасау жұмыстары қатар жүргізілді. Олардан дүниетанымдық, этикалық, эстетикалық, көркемдік сипаттары айқын үзінділер іріктеліп келтірілді.
Әбдімәлік Нысанбаевтың бұл реттегі үлкен жетістігі қазақ халқының рухани және философиялық мұрасын кеңінен таратумен және жұртшылыққа танымал етумен сипатталады. Бұл міндет тек қоғамтанушылар алдына ғана емес, тұтастай алғанда бүкіл елдің алдына тұңғыш рет қойылып отыр. Өйткені, ол біздің ұлттық тарихымыздың мәдени ескерткіштеріне деген аялы қатынасты тәрбиелеу, ұлттық өзіндік сананы қалыптастыру, оның рухани игіліктері мәселелеріне бағытталуымен де маңызды.
Әбдімәлік Нысанбаев жиі айтатындай, тәуелсіз дамудың жиырма бес жылы рухани мәдениетті өрістетпейінше жастарды жоғары өмірлік құндылықтар рухында жүйелі және саналы түрде тәрбиелемейінше, тек материалдық игілікке арқа сүйеудің табыс-
ты болмайтындығын көрсетті. Әлемдік тәжірибе паш еткендей, тек Қазақстан емес, сонымен қатар, көптеген басқа да елдер, әсіресе, өз дамуының бетбұрысты кезеңдерінде заманның алға қойған жаңа талаптары аясында өздерінің тарихына, мәдениетіне, дәстүрлеріне қайта жүгініп, тұнық бастауға оралатын көрінеді.
Профессор Ә.Нысанбаевтың пайымдауынша, мәдени мұра мен ұлттық бірегейліктің арасында тікелей өзара байланыс бар. Мәдениеттің белгілі бір жүгін арқаламайтын адамның, тұлғаның болуы мүмкін емес. Ал бұл арада өткен мен бүгін біртұтас. Және осынау мәдени мұра неғұрлым бай болған сайын, қоғам да тұтастай алғанда соғұрлым бай және сонысымен де өзгелер үшін ашық сипатта өркендейді. Себебі, қоғамның өзі әртүрлі этностар мәдениеттерінің ықпалдасқан, сабақтасқан тоғысында өмір сүреді. Қазақстан – көп ұлтты мемлекет, ол барлық әлемдік қауымдастық үшін ашық болуға ұмтылуда. Осы орайда мәдениет ұлттық бірегейлікті анықтайтын бірден-бір айшықты белгі болып табылады.
Ә.Нысанбаев пайымына жүгінсек, жаңғырудың әлемдік тәжірибесін талқылайтын қазіргі ғылыми әдебиетте мәдени мұра мен ұлттық бірегейлікті зерттей-
тін негізгі үш тұжырымға назар аударылады. Оның біріншісі өткеннің мәдени мұрасын ұлттық бірегейліктің жүйе құраушы ықпалы ретінде қарастырса, екіншісі өткеннің рухани мұрасы мен қазіргіні үйлесімді қосынды ретінде сипаттайды, ал үшіншісі қазіргі мәдениетке және оның болашаққа деген ұмтылысына зер салады. Қазақстандық қоғамның трансформациясында қай үлгінің немесе тұжырымдаманың анағұрлым нәтижелі болатынын уақыт көрсетеді. Алайда, біз кімбіз және таяу болашақта кім боламыз деген мәселені күн тәртібінен еш түсірмеу керек. Және бұл мәселедегі орасан зор рөл біздің бай мәдени мұрамызға тиесілі болмақ.
Әбу Насыр әл-Фарабидің шығармашылығына арналған 10 томдық шығармалар жинағына ортағасырлық кемеңгер ойшылдың бірнеше еңбектері еніп отыр. Айта кететін жағдай, бұл топтамада әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабы», «Аналитика», «Мутакаллимдер қолданған кіші силлогизм», «Теология» трактаттары және т.б. еңбектері алғаш рет қазақ тіліне тікелей араб тілінен аударылды. Әл-Фараби іске асырған антикалық мұраның тағаттылық парасаты қазіргі жағдайдағы өзара түсіністік пен мәдениетаралық үнқатысуға өз әсерін тигізеді. Міне, сөйтіп, «Екінші Ұстаз» атанған Шығыс ғұламасының бір өзі бір академия іспеттес екендігін айшықтап дәлелдейді.
Әбдімәлік Нысанбаевтың ойынша, өтпелі дәуірдегі рухани ахуалдың өзгеруі әл-Фарабидің мұрасы сияқты мәдени құбылыстың сарқылмас кенін ұғынуға және мүлдем жаңа түсініктер мен парадигмаларды ашу мүмкіндігіне жол ашады. Дүниетанымдық бағдарлар мен қондырғылардың өзгеруі, маркс-
тік догмалар мен стереотиптермен қоштасу араб тілді мұсылман мәдениеті феноменінің өзін қайта бағалауға, араб тілді мәдениеттің жаны мен жүрегі ислам екендігін бекітетін айғақты түсінуге жетелейді. «Кеңес дәуірінде біз сыңаржақ материалист немесе, тіпті, атеист ретінде көрсетуге тырысқан әл-Фарабидің өзі дәл осы ислам мәдениеті мен руханилығы идеяларын жақтады, ақыл мен ғылым адам үшін Бастапқы Мәнді ұғынуға бастайды деп есептеді» – дейді профессор Ә. Нысанбаев.
Профессор Ә. Нысанбаевтың пікірінше, қазіргі құбылмалы әлемде ислам мәдениеті мен философиясының негіздерін терең теориялық зерттеу, әлемдік діндердің бірінен саналатын исламның рухани-адамгершілік қуаты мен гуманистік бағытын айқындау ерекше маңызды мәселе. Тек осы арқылы ғана рухани жаңғыру, халықтардың өзара түсіністігі мен өзара келісімділігі басты нәрсе болып саналатын ислам қағидаттарына зорлықтың қайшы келетінін дәлелдеуге болады. Бүгінгі күні қазақстандық ғалымдарға бұрынғы идеологиялық таңбалардан арылып, әл-Фарабидің шығармаларына және оның әлемдік мәдениетке қосқан үлесіне жаңаша көзқараспен қараудың мүмкіндігі туды.
Философия бойынша профессор Ә. Нысанбаев жетекшілік еткен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы өте ертедегі сақ дәуірінен қазіргі заманға дейінгі қазақ халқының мәдени және рухани мұрасының жалпы ауқымын сипаттауға, оның құрамдас бөліктерін анықтауға, философиялық және ғылыми мазмұнын жіктеуге арналды. Талдаудың герменевтикалық әдісінің көмегімен көркемдік, мифологиялық, поэзиялық, фольк-
лорлық, әуездік, ауызша халық шығармашылық, паремикалық үлгілерде баяндалған, тарыдай шашылған философиялық ойларды жүйелеу және бірыңғайлау қажеттілігі де аса маңызды. Бұрын баламасы болмаған мұндай жұмыс оны орындаушыларға зор жауапкершілік жүктегені анық.
Қазақ тіліндегі 20 томдық «Әлемдік философиялық мұраға» қатысты бұл аса жауапты және күрделі жұмыс, профессор Ә. Нысанбаев атап өткендей, оның кәсіби философ-аудармашылармен кадрлық тұрғыдан қамтамасыз етілуін талап етіп қана қоймай, ең алдымен, әлемдік философиялық ойдың аса бай қазынасынан анағұрлым көрнекті ойшылдарын іріктеп алуды керек еткен-ді. Олардың шығармаларын таңдау біздің еліміздің мәдени және рухани дамуының қажеттіліктерінен туындауы тиіс. Қазақ тілі әлемдік ойшылдардың осы тілде сөйлей бастағанында ғана, бұл тіл әрбір адамның күнделікті өмірқамында қажеттілікке айналғанында ғана және оның сөздік қоры, коммуникативті және мәдени функциялары байытылғанда, жаңа терминдер мен ұғымдар пайда болғанда ғана толыққанды мемлекеттік тілге айналмақ.
Қазақ тілінде жарияланған әлемдік мәдени мұра біздің еліміздегі ғылыми және білім беру үдерісіне ерекше құндылық береді. Өйткені, бізде, әсіресе, философия саласында қытай, ағылшын, араб, парсы және әлемнің өзге де тілдерінен ғылыми аудармалар болған жоқ. Бұрынғы кеңес дәуірінде аудармалар партиялық-таптық және атеистік тәсілдер тұрғысынан өзіндік идеологиялық өңдеуден өтті. Қазіргі уақытта Батыс және Шығыс ойшылдарын объективті мәтіндік аудару міндеті өткір қойылып отыр.
Осылайша, мәдени және философиялық мұраны белсенді түрде меңгеру ұлттың өзіндік санасының өсу динамикасының, қазақ халқының ұлттық бірегейлігін бекітудің аса маңызды құралы қызметін атқарады. Осындай жүйелі және қомақты жұмыстар еліміздің рухани-мәдени тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға септігін тигізеріне, еліміздің жаһандану процесіне енуінің қажетті баспалдағы болатынына философ Нысанбаев кәміл сенеді. Ол үшін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарық көрген әдебиеттерді еліміздің білім беру саласына тиімді формамен тезірек енгізген жөн деп есептейді. Осыған орай жоғары оқу орындары студенттеріне арналған бірнеше автордың құрастыруымен «Қысқаша қазақ философиясы» атты көлемді оқу құралы профессор Ә. Нысанбаевтың жетекшілігімен жарық көрді. Сөйтіп, мәдени мұраны рухани қажетімізге жарату және белсенді игеру арқылы ұлттық санамыз бен рухымызды жандандырамыз, соның арқасында бәсекеге қабілетті өркениетті елдер қатарындағы тәуелсіздігімізді нығайта бермекпіз.
Ұлттық философиялық мұраны кеңінен насихаттау мақсатында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде арнайы буклет дайындап, жарыққа шығарды. Жақында профессор Ә. Нысанбаевтың басшылығымен Алматыдағы Достық үйінде ұлттық және әлемдік философиялық мұра бойынша жарық көрген томдардың тұсаукесер рәсімі өтті.
Философия саласында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы Ә.Н.Нысанбаевтың қызметі мен рөлін жинақтай келе, Әбекеңнің аталған мәселеге қатысты төмендегідей қорытындыларына назар аударғымыз келеді:
- Көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының тарихында жинақталған жиырма томдық философиялық мұрасы еліміздің рухани байлығы болып табылады. Осы қордаланған мыңжылдық рухани дүниеміз халық арасында биік деңгейде насихатталуы тиіс және ол еліміздің рухани қауіпсіздігін шынайы қамтамасыз етуге қызмет етеді. Қазақ философиясы еліміздің рухани тәуелсіздігінің көрінісі болып табылады.
- «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында «Қазақ философиясы» деген жаңа термин біздің санамызға еркін еніп, өзінің шынайы өмір сүретіндігін дәлелдеді. Дегенмен, философиялық тәсілдердің көмегімен терең зерделеуді қажет ететін ұлттық өзіндік сана, әлемнің ұлттық картинасы, ұлттық құндылықтар және рухани әлемдік қатынастардың өзге де формалары ғылыми ізденістерді әрі қарай жалғастыруды қажет етеді.
- Ұлттық және әлемдік философиялық мұраны жүйелеу, жастар мен әртүрлі этникалық және демографиялық топтар арасындағы насихат еліміздегі ұлттық және мәдени бірегейлікті қалыптастыру мен дамытуға үлкен септігін тигізеді. Топтамаларға енген шығармалардың өн бойында еліміздің стратегиялық бағдарларына қайшы келмейтін, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін, адам болмысының маңызды тұстарын ашып көрсететін, тәуелсіздігімізді нығайта түсуге негіз болатын туындылар бар және оларды теориялық мағынадағы халқымыздың рухани жетілуіне лайықты еңбектер деп атауға болады.
- Мәдени мұраны игеру барысында мемлекеттік тілдің сөздік қоры байытылады, оның мәдени және әлеуметтік қызметінің аясы кеңейтіледі, еліміздегі ұлтаралық келісімнің орнығуына гуманитарлық негіз болады. Философия саласындағы еңбектердің жарық көруі қоғамдағы ұлтаралық қатынастарды үйлестіруге, қоғамымыздың орнықты дамуына негіз болатын ұлттық идеяны қалыптастыруға интеллектуалды түптамыр, этномәдени қайнар көз бола алатыны анық.
- Ұлттық және әлемдік философиялық мұраны игеру жастардың ой еркіндігін қалыптастырады, жаңа зерттеулер мен оқулықтардың мемлекеттік тілде сапалы және ғылыми негізде орындалуына іргетас болады. Ал енді кейде әдеттегі қисындарға, ғылыми параметрлерге, заманауи талаптарға сай келе бермейтін шығармалардан кейбір үзінділер томдарда орын алып жатса, онда бұл шығармалар қазіргі заман тұлғасының дүниетаным көкжиегін түрлендіреді және олардың тарихи танымдық мағынасы басқа қырларынан басымырақ екендігін айта кету керек. Ә.Н.Нысанбаевтың пікірінше, жалпы өмірдегі жақсы мен жаманды айыруды оқырманның өзіне қалдыруға, оның шығармашылық және таңдау еркіндігіне құрметпен қарауға да үйренуіміз керек. Бұрынғы тоталитарлық қоғамдағыдай барлық адамдар бірдей ойлап, ойлау жүйесін шектеп тастау дәстүрінің заманы өтіп кеткенін еске саламыз. Онсыз демократиялық қағидаттарды еліміздегі мәдениет пен руханият саласына пәрменді енгізе алмаймыз, халқымыздың мәдениет кеңістігіне тарта алмаймыз.
- Философия саласында «философ-аудармашылар» деп аталатын жаңа мамандар тобы қалыптасты, олардың кәсіби біліктілігі өзінің сабақтастығымен жаңа ұрпаққа берілсе, нағыз гуманитарлық саланың бірнеше тілді мамандары көбейе түспек. Ә.Нысанбаевтың ойынша, болашақта рухани мұрамыздың іріктелінген негізгі нұсқасы ағылшын және орыс тілдеріне аударылып жататын болса, онда бұл бағдарлама жұмысының халықаралық мәнге ие болғаны.Оның уақыты да таяп қалған сияқты. Яғни, қазақша ойлау мен қазақша сөйлеу мәдениетін, халықтың философиялық дәстүрінің інжу-маржандары басқа елдердің интеллектуалдық кеңістігіне шығуы арқылы рухани мәдениетіміздің мәртебесін бір сатыға көтереріміз анық. Бұл біздің рухани сенімділігімізді нығайта түседі.
Әбдімәлік Нысанбаевтың биылғы жылы аталып өтіп жатқан мерейтойы – жалпы Қазақ-
станның зиялы қауымының, ғылымның мерекесі. Еліміздегі рухани жаңғыруға деген батыл қадамдар ұлтымыздың зияткерлік жетістіктерімен астасып жатқаны осыдан да көрініп тұрған жоқ па.
Тұрсын ҒАБИТОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры