Мынаны қараңызшы. Шығарма кейіпкері армиян қызы Манана Әкімге:
«...-Мен сені келесі жолы сол Голощекинмен таныстырамын...
Менің ұғымымда Голощекин баяғыда өліп қалған адам сияқты еді. Мына кісі шатасқан адам ба? Андрей айтқандай қызық екен деп ойладым. Менің сол үндемей қалғанымды өзінше ұқты ма екен Манана маған тесіле қарап тұрды:
Ал сен білмейсің, Аким, - деді. – Бұны Қазақстан білмейді. Голощекин әлі тірі. Голощекин Москвада тұрады».
Бұл шығарманың шырқау шыңы еді. Манана кім? Ол неге бұлай айтып отыр? Басынан бастайық.
Он бес республикадан Москваға жиналған отыз екі тыңдаушының бірі қазақ жігіт – Әкім, бірі армян жігіт – Андрей. Екеуі жақын жүреді. Барларға, ресторандарда кіріп, шалқып жүреді. Андрейдің қызыңқырап алғанда істейтін бір әдеті бар, әскери адамдар көрсе барады да иығындағы, не кеудесіндегі бір-екі түймені жұлады. Қорқынышты әрине. Қорқынышты болғанда өте қорқынышты. Анау жұлқынып шығады. Әрине жұлқынып шығады. Сол кезде Андрей олардың құлағына сыбырлап бірдеңе айтады. Түймесі жұлынғанға аюдай ақырып орнынан түрегелген небір шенді әскери қызметкерлер Андрей сыбырлағанда желі шыққан доптай болып сабасына түседі. Басылады. Тіпті Андрей мен Әкімді баратын жерлеріне машинамен апарып тастайды. Андрей олардың құлағына не сыбырлайды? Неге сонша айбарлы, ашулы адамдар неге бірден басыла кетеді? Бұл қандай құдіретті сөз? Ол шығармада көпке дейін қасында жүрген Әкімге де белгісіз болып келген. Кейін біледі. Сондықтан ол сыбырдың мәні туралы біз де сәл кейінірек айтайық.
Енді шығармадағы ең негізгі оқиға жайына келсек. Андрей мен Әкім ақшалары таусылып, оның үстіне кафеге қарыз болып сыртқа шығады. Енді қайда бармақ? Автор баяндайды: «Сонымен, екеуміз жаяу жүріп Москва өзенінің жағасына, ұмытпасам, котелничий жағынан биік бір үйге кірдік. Лифтімен көтерілдік. Есікке кіре берген кезде Андрей айтты:
- Бұл менің папамның туған қарындасы. Кейбір қылықтарына кешіріммен қара, жарай ма? Бізге керегі – ақшасын алсақ болды емес пе? Зейнетақысы көп, мықты, - деді.
Есік ашқан әйел Андрейді көргенде:
- Е, сен ғой, білем ғой, - деді. Сосын көзі маған түсті. Мені көргенде шошып кеткендей болды. Аң-таң, не айтарын білмей қалғандай.
Сол секундта менің байқағаным, жасы енді-енді қырықтарға толған, денесі қозының асығындай ғана ықшамды, бет-жүзі әлі жап-жас көрінетін адам екен. Бірақ шаштары – аппақ екен. Көздері отты, жанып тұр. Мені біраз «барлап» алған соң Андрейге қайта бұрылып:
- Бұл… – деді.
Андрей ішке кіре беріп:
- Қазір айтам, қазір айтам, - деді
Екеуіміз де ішке кірдік. Содан кейін Андрей:
- Бұл – Әкім, - деді. – Қазақстаннан келген менің досым.
«Қазақстаннан келген» деген сөз әлгі әйелге бұрынғыдан да қатты әсер еткенін байқадым. Ол кісі тұнжырап біраз тұрып қалды. Әлдене ойлап кеткендей болды, әлденені еске алып тұнжырап кеткендей болды. Содан кейін, үш-төрт секунд өткен соң, есін жинағандай:
- Жарайды, кел, кел, қазақ, - деді». Андрей мен Манана басқа бөлмеде біраз айналып қалады. Автор ат шаптырым бөлме, әсем жиһаздарды, қысқасы бұл үй де, үй ішіндегі дүниелер де әдеттегі емес, аса қымбатқа түсер дүниелер екенін айтады. Бір кезде Андрей келеді.
«- Ой, Әкім, - деді ол маған, - сенің келгенің мына менің Манана әпкеме өте қатты әсер етті. Сен Манананы кешір. Бұл байғұстың бұл өмірде көрмегені жоқ. Талай-талай қияметтерден өткен. Сондықтан бұның аузынан оғаш сөз шықса, сен оған мән берме, жарай ма? Мен саған қызық айтайын, бұл сені көргенде қатты қорқып кетіпті. «Қазақ» - деп қалды. Өзің сездің. Бірте-бірте басылды. Енді қазір келеді, кофесін алып, пирожкиін алып. Сен көп сөйлеме, жарай ма? Және қабағыңды шытпа. Мананаға сен ешқандай сыр бермей момақан болып отыр... жарай ма?». Бұл оқиғаның басы ғана. Бұдан ары қарай Манананың кім екендігін, оның қазақпен қандай қатысы бар екендігін, Әкім кіріп барғанда неге шошып кеткендігін айтамыз. Сол кезде Манана деген осы бір есім, оның істеген ісі, тарихы мәңгі есіңізден кетпестей болады құрметті оқырман. Оны білгенде ерініңізді жымқыра тістейсіз, жымқыра! Қазақ тарихының сол бір қаралы парақтары көз алдыңызға келе береді, келе береді! Автор баяндайды:
«Манана Андрей айтқандай маған бір түрлі оқыс адам болып көрінді. Сөздері де, істері де түсініксіз, тосын.
Манана менің өң-түсіме алдымен таңырқай қарады, содан кейін барлай қарады, сонан кейін сұқтана қарады. Мен ыңғайсызданып отырдым. Бір кезде Манана маған шүйіле қарап:
- Атың, сонымен Аким болды ма? – деді.
- Иә, - дедім мен.
Мананa тағы да ойланып қалды. Содан кейін:
- Сенің жасың қаншада? – деді.
Мен айттым:
- Жиырма жеті, - дедім.
- Е-е-е, - деді Мананa, - менен тұп-тура жиырма жас кіші екенсің. Мен қырық жетідемін! – деді.
...
- Әкім, сен білесің мен қырық жетідемін деп саған өтірік айттым, шын мәнінде мен төрт жүз жетпіс жастамын! – деді.
...
- Сен сенбей отырсың, Аким, -деді. – Шынында да адамдар жүз жас, үш жүз жас өмір сүре алады. Мәселе оның календарлық өмірінде емес, оның көрген-білгенінде. Ал менің көрген-білгенім ұшан-теңіз... маған тағдыр беріп тұр осылай сөйлеуге. Төрт жүз жетпіс! Құжатымда – қырық жеті. Бірақ мен төрт жүз жетпіс жыл өмір сүргенмін. Сен тағы бір келгеніңде мен осы жұмбақ сөзімнің шешімін айтып беремін, - деді кенет жайбарақат пейіл танытып. – Жарай ма?
- Жарайды, - деп мен үшін Андрей жауап берді. – Манана, - деді Андрей, - тағы да біз келіп тұрамыз, сен рұқсат берсең.
- Әрине, рұқсат беремін, - деді Манана. – Бірақ ендігі жерде сен Акимсіз келме. Қасыңа міндетті түрде Акимді ертіп келетін бол, жарай ма, - деді.
Содан кейін Манана маған сұқтана қарап тағы біраз отырды да, күтпеген жерден, оқыс:
- Аким өте сымбатты бала екен. Маған ұнады, сенен гөрі ақылды сияқты, - деді Андрейге бұрылып. – Сен шалапайсың, Андрей, мынау алысқа баратын бала. Көзін көрдің бе, қандай! Көзі ойлы. Сәл ғана бірдеңені ұнатпай қалса көзінен от шашады. Бұл даланың адамы ғой. Бұлардың арғы тегі – қыран. Мен білем қазақтарды, - деді.
... Манананың бет-жүзі алай-дүлей болып кетті. Бір түрлі қартая қалғандай, жаңа ғана отыздан енді асқан әйелдей сымбатты көрінген Манана көз алдымда қартайып кеткендей болып көрінді. Көзінде жылт еткен от бар сияқты еді. Сол от кенет сөніп, әлдебір үңірейген үңгірдің аузында тұрғандай тұла бойым тітіркеніп кетті. Мен оның көзінен шошындым. Андрей менің жағдайымды сезгендей, маған жасқана қарады».
Бұл Манана мен Әкімнің бірінші кездесуі.
Екеуіне де мол ақша беріп бұларды шығарып салғандағы Манананың тапсырмасы бойынша арада қаншама күн, қаншама оқиғалар өтіп, бұларға ақша керек болып, екінші рет Манананың үйіне келеді. Осы жолы Манана барлық сырын ақтарып тастайды. Жылап отырып, күліп отырып ақтарады.
«Манана бізді күлімдеп қарсы алды:
- Міне, міне, дұрыс болды енді. Акимді алып келіпсің... – Кәне, Аким төрге шық. Мен білемін сіздерде төр деген сөз бар екенін. Шық төрге. Отыр. Кәне отырыңдар...
Ат қорадай үлкен залдың бір шетінде тұратын ұзын стол бар болатын. Соның бір шетіне үшеуіміз отырдық. Алғаш әңгімеміз жарасып, жап-жақсы отырдық. Манана менің қай қаладан екенімді, қайда оқығанымды сұрады. Мен айтып бердім. Ол Қазақстанды мақтады:
- Газеттен оқимын. Оқып жүремін. Жақсы өркендеп, дамып бара жатырсыңдар, - деді.
- Иә, Қазақстан қатты дамып бара жатыр, - деп мен де мәз болып қалдым. Іле-шала Манана күрт өзгерді. Әлгінде ғана бет-жүзі алауланып, көздері ұшқындап өзінің қырық жеті жасынан әлдеқайда жап-жас көрініп, әлденеге шабыттанып отырған Манана күрт өзгерді. Әлдебір тұман, әлдебір бұлт тау қойнауын оқыс басқандай тұнжырап үндемей отырып қалды. Содан кейін Андрейге қарап сөйлеп кетті:
- Сен, Андрей, түк білмейсің. Отызыншы жылы және отыз бірінші жылы... Мен ол кезде жап-жас медициналық сестрамын ғой. Алтай тауында қазақтардың, кешір киргиздардың, кешір қазақтардың, - деп екі-үш рет қайталап қазақ пен қырғыздың атын шатастырып отырды. – ол кезде біз қазақ деп айтпайтынбыз, - деп маған бұрылды. – Сен кешір, Аким. Біз сенің халқыңды киргиз дейтін ек қой. Үлкен тапсырма болды бізге. Бүкіл Қазақстан бойынша үлкен тапсырма болды. Біз киргиз ауылдарын бір жерге жинап бәріне укол салдық қой, укол. Білесің бе, сен? Укол. Мен алғаш ол уколдың не сыры бар екенін білмейтін едім. Біз укол салғанда әскерлер, әскери адамдар киргиздарды қоршап тұратын далада болса. Үйде болса біз укол салған үйлердің сыртында әскер тұратын. Мен оны ол кезде білген жоқпын. Мен көп укол салдым...
Манана түсініксіз бірдеңелерді күбірлеп-күбірлеп дәлізге шығып кетті. Сол кезде Андрей маған қарады:
- Ой, қиын болды жағдай. Енді бұдан ақша ала алмаймыз. Енді бұл көтеріліп кетті. Қайтайық па? – деді.
- Қайтсақ қайтайық, - деп оңай көне қойдым. Біз орнымыздан тұрғанша Манана қайтып оралды. Әлгінде ғана дудырап кеткен шашын қайтадан жинақтап, ретке келтіріп, бетін жуды ма екен, әйтеуір жаңа сабыр тапқандай, жайбарақат халге түскендей. Енді Манананың үні сабырлы шықты. Әлгі шошыну, үрку бәрі ғайып болған.
- Алтай ғажап тау ғой, - деді маған қарап, - сен Алтайды көріп пе едің?
- Жоқ, өкінішке орай, әлі көре алмай жүрмін, - дедім.
- Иә, Сен Жамбыл қаласынанмын дедің ғой.
- Иә, Мен Жамбыл қаласынанмын.
- Мен Жамбылды да білемін. Шолақтау деген қала бар ғой?
- Иә, - дедім мен, - бірақ оның қазіргі аты Қаратау.
- Иә, Шолақтау. Жақында өзгерттіңдер, білемін.
- Иә, - дедім мен. Сол өзгертуді өзім жасағандай. – Шолақтау деген маған ұнамайтын еді, Қаратау деген жақсы ғой, - деп қойдым.
Бірақ Манана менің бұл сөздеріме ешқандай мән берген жоқ.
- Қаратау, Қаратау, - деп отырды, - Жарайды Шолақтау. Шолақтауда да біз болғанбыз.
Содан кейін әлгінде ғана жып-жылмағай болып, еліктің лағындай болып, құлпырып, көзі жайнап отырған Манана қайта жүдей бастады.
- Мен Алтай тауының алдында қарыздармын, Аким. Мен киргиздардың алдында қарыздармын. Мен оңбаймын, Аким... – деді. Отырған жерінде біраз жылап алды, содан соң орнынан тұрып, қайтадан ас бөлмеге шығып кетті».
Біз Мананың іс-әрекетінен неге осынша жіті үзінді келтіріп отырмыз? Өйткені оның әр ісі, әр сөзі қазақ тарихындағы жасырын, мүлде құпия болған жайттерден хабар береді. Тіпті оның әр сөзі құжат. Қазақ даласында жүрілген аштық жайлы, репрессия жайлы Мәскеу қанша жасырып ұстаса да тарихи құжаттар бар, ашылды, жалпақ жұрт білді. Ал, Манана айтып отырған жай әлі, әлі ашыла қоймаған. Манана айтып отырған не укол? Оны да айтады өзі. Айтады. Сол үшін оның әр сөзін тарихи құжат ретінде ғылымға пайдалануға болады. Сондықтан да автор осы шығарманы эссе сипатты әңгіме ғып жазған. Атын да еш өзгеріссіз «Әкім» деп алған. «Жамбылданмын» деп көрсеткен. Шығарма соңын ала бұл тарихи жағдайдың шындығын кәдімгі естелік ретінде тіпті де айқын аша түседі. Енді сол естелікпен Мананаға қайта соғамыз.
«Сол жолы Манананың үйіне екінші рет барғанда, ... «Мен Қазақстанды жақсы білем. Мен Шолақтау деген жерде біраз қызмет істегенмін» деген. Мен ол әңгімеге көп мән бере қойған жоқ едім. Кейін 1983 жылы мен Жамбыл облысындағы Қаратау қаласына іссапармен бардым. Жиырма күндей жаттым.
Қаратау қаласының түбінде Көктал деген ауыл бар. Ол ауылда қазақтармен бірге өмір сүріп жатқан курд деген халықтың өкілдері бар еді. Мен жазушы ретінде сол курдтардың тұрмысын білгім келіп, аудан басшыларына қолқа салып, курдтардың бір үйін таңдап мені солармен таныстыр дедім. Олар менің өтінішімді орындады. Мұхаммед деген курд. Өздерінің курд тілінде Мұхаммед дегенді Махамед деп айтады екен. Сол Махамед деген курдтың үйіне бардық, қонақ болдық.
... Ал сол 1983 жылы курд азамат ұзақ отырып сыр шертіскен кезде өзі байқамай бір қызық оқиғаны айтып қалды.
- Менің қарауымда жер шұқылап, геолог сияқты болып жүретін екі қыз бар еді. Олардың неғылған геолог екенін, не тындырып жүргенін мен көп біле бермейтінмін. Екеуі менің үйімде жатты. Сол қыздардың бір қызығын айтайын сізге, - деді. – Біреуінің аты Вера еді, ал екіншісінің есімі Манана еді. Сол екеуі... бір күні таудың анау ұшар басында... тастан тасқа секіріп жүр екен. Бір уақытта олардың қасынан атқа мінген бір адам өтті. Қазақ. Әлгі қазақ атына қамшы басып, маған жетіп келді. Көзі аларып кеткен. Кәдімгі қазақтың әйелдері:
- Өледі, аналар өледі! – дейді. – «Жартастан құлап өлеміз!» - деп... Құз жартас іздеп жүр... тез бар, Махамед, әйтпесе аналарың құзға секіреді.
Мәстек атым бар еді соған мініп, шоқырақтап әлгі екі қыздың қасына барайын. Барсам екеуі бір қара тасты құшақтап еңіреп жылап жатыр екен.
- Ей, сендерге не болды? – дедім мен. Екі қыз менің келгеніме мән бермеді. Жылай берді, жылай берді. Бір кезде екеуі құшақтасып жылады.
- Әй, сендерге не болды, айтсаңдаршы? - деймін.
- Жоқ-жоқ, сен бәрібір түсінбейсің, - дейді Манана деген қыз.
- Сен түсінбейсің! – деп Вера деген қыз да қайталады. Содан кейін екеуі тағы да жылап-жылап тұрып сыбырласты. Сыбырласты дағы сол арадан жоғары қарай, шыңның басына қарай көтерілді. Ол өзі.. шың дейтін шың да емес, биіктігі екі жүз метрден аспайтын Бөрібасы дейтін бурыл көк тас еді... Сол құздың басына екеуі шықты да, құшақтасқан қалпында айқай салды.
- Қош бол, жарық дүние! – деп.
- Әй, сендер жынданып кеттіңдер ме?! – деп тұра жүгірдім. Тұра жүгіріп барсам, екеуі сол құшақтасқан қалпы төмен қарай секірейін деп тұр екен. Ұстай алдым. Жібермей қойдым.
- Әй, не болды сендерге? Айтпайсыңдар ма? – дедім.
- Сен бәрібір түсінбейсің, - деді Манан деген қыз.
- Неменені түсінбеймін, нені түсінбеймін?
- Бүгін біздің ұлы көсеміміз Сталин Иосиф Виссарионович өлді ғой, дүниеден өтті ғой, - деді.
Менің жүрегім шым ете қалды. Мен қанша дегенмен, іштей ойладым, бәрекелді, дұрыс болды, дұрыс болды деп ойладым. Себебі бізді туған жерімізден айырып Қазақстанға жер аударғызған сол еді ғой. Бірақ, әрине, қыздарға сырымды берген жоқпын. Мен де теріс қарап өтіріктен кемсеңдеп жылаған болдым...
- Сен жібер, сен жібер! – деп екеуі де мені екі жағымнан жұлмалай бастады. – Жібер, сен бәрібір түсінбейсің. Біз өлеміз. Ендігі жерде бізге ешқандай бұл өмірдің керегі жоқ. Ұлы көсеміміз өлді. Күн батты. Дүниені қараңғы түнек басты. Біз өмір сүрмейміз! – деді. Содан, не керек, ұзақ сөздің қысқасы (Махамед жарықтық қазақ тілінде өте жақсы сөйлейтін еді. Осы сөздердің бәрін сол кісінің өз мәнерінде жазып отырмын) әлгі екі бейбағым біресе менімен алысады, біресе екеуі құшақтасады, біресе екеуі ұмтылып барып тастың үстіне шығады...
... Ақырында екеуін әрең көндірдім. Бірақ Вера:
- Махамед аға, сіз біздің мынау қылығымызды ешкімге айтып қоймаңыз, - деді. Мен айттым:
- Қайта жақсы емес пе, комсомол жиналысында алғыс аласыңдар. Сталин өлгенде Сталинмен бірге өлгісі келді деп газеттер жазады, - деп күлдім, әрине кекетіп күлдім. Екі қыз менің кекеткенімді онша түсіне қойған жоқ. Бір кезде Манана деген қыз, ол өзі армиян еді, әлденеге қатты ашуланып... маған жақындап келіп... жағамнан алды:
- Сен жау, халық жауысың, сен біз екеуміздің Сталинге шын пейілімізді бүлдіріп, шыңнан секіргенімізге кедергі жасадың. Сен нағыз халық жауысың! – деді. Бұрылып тағы да қайтадан қашпақшы болды. Мен екеуін әрең тоқтаттым. Өзімнің торшолақ атыммен екеуін кес-кестеп, жібермей ауылға алып келдім, - деп күлген еді. Жарықтық.».
Бұл Әкім Таразидың шығарма ішіне қосып жіберген естелігі. Иә, Манананың айтып отырғаны сандырақ емес, шын болған, қазақтың басынан өткен құпиялы тарихи жағдай екенінің айғағы ретінде жазып отырған естелігі. Оны Манананың сөзімен тағы растай түсейік.
«- Мен ақымақпын, ақымақпын, Аким, - деген. – Мен сол Сталин үшін шыңнан секіріп өліп қала жаздадым ғой. Қазақстанда, сендерде, Шолақтау деген жерде. Ал өзімнің қандай ақымақ болғанымды енді-енді түсініп жүрмін, - деген» және де: «Қасымда менің Вера деген қыз бар еді. Ол мендей емес, бәленің бәрін біледі ғой деп ойлаймын. Біз укол салып үйге қайтып келгенде ол жымыңдап, күле беретін. Мен кейде одан сұрайтынмын: «Сен неге укол салғанымызға қуанасың?» - дейтінмін. Ол менің ондай сұрағымды күтпегендей, күтсе де бұрыннан әзірлеп қойған жауабы бардай. – «Жәй, біз маман ретінде іске жарап қалғанымызды айтам да. Бізге сеніп осындай үлкен тапсырма бергенін айтам да», - деп кібіртіктей беретін, кібіртіктей беретін».
Енді, Манана тағы не деді? Тізіп көрейік. Себебі, Манананың әр сөзі қазаққа жасалған құпиялы қиянаттың тарихи құжаттары деп жоғарыда айттық қой.
«- Маған мынау даладай-даладай үш бөлмені Совет үкіметі неге берді деп ойлайсың? – деді. Мен аса қысылған жоқпын. Сәл қалжың араластыра сөйледім:
- Сіздің еңбегіңіз үшін берілді ғой деп ойлаймын, Манана!
- Дұрыс айтасың, менің еңбегім үшін берді үкімет. Мен күйеуге шыққан жоқпын, мен бала сүйген жоқпын. Себебі, мен мемлекетке қызмет еттім, Аким. Мен осы күнге дейін қызмет етем, Аким. Және маған берген тапсырманы Совет үкіметі басқа ешкімге сеніп бермейді. Мен, мен, ба-ба, - деп барып Манана жылап жіберді. – Мен бақытты адаммын, Аким. Мен бақытты адаммын, Аким, - деп үш рет қайталады. Содан өңешіне тас тығылғандай, қақалып-шашалып қалатындай бір түрлі дыбыс шығарды: - Мен бақытты адаммын, Аким. Сен, не, сенбейсің бе? Сен сенбейсің бе? Сен неге теріс қарап тұрсың? Маған қара, - деді. Мен бетіне қарадым. Манана осы сегіз-тоғыз секундтың ішінде қайтадан өзгеріп кеткен екен. Менің алдымда алпысқа-жетпіске келген кәрі кемпір тұрды.– Мен бәрібір бақыттымын, Аким.»
«... Мен орнымнан тұрып кеткем. Қалшиып тұрмын. Не дерімді білмеймін. Кенет Манана жұмсақ басып келіп менің иығымнан қақты.
- Отыр, отыр, Аким. Мен саған тағы бір әңгіме айтайын, Аким!
- Айтыңыз, - дедім мен.
- Мен айтсам... Мен айтсам... мен, мен сені жақын арада, келесі жолы келгеніңде Голощекинмен таныстырам, - деді. Голощекин деген сөз менің құлағыма бір түрлі жаңғырылып естілді.
- Білесің бе сен Голощекиннің кім екен? – деді Манана.
- Естуім бар, - дедім.
- Естуің бар, бірақ сен оны жақсы адам деп ойлайсың.
- Оның қандай адам екенін білмеймін, бірақ біздің Қазақстанды басқарғанын білемін. Жиырма бесінші жылдан отыз үшінші жылға шейін... – дедім.
- Дұрыс айтасың. Жиырма бесінші жылдан отыз үшінші жылға дейін. Мен сені келесі жолы сол Голощекинмен таныстырамын.
Менің ұғымымда Голощекин баяғыда өліп қалған адам сияқты еді. Мына кісі шатасқан адам ба? Андрей айтқандай қызық екен деп ойладым. Менің сол үндемей қалғанымды өзінше ұқты ма екен Манана маған тесіле қарап тұрды:
- Ал сен білмейсің, Аким, - деді. – Бұны Қазақстан білмейді. Голощекин әлі тірі. Голощекин Москвада тұрады. Голощекин жалғыз қалған. Ол бір киргиздың баласын асырап алған. Сенің атың сияқты оның да аты Аким. Киргиз, ...кешір мені, Аким, - қазақ... қазақ ! Әдемі жігіт, әдемі жігіт. Бірақ ол өзін киргиз десе қатты намыстанады. Мен білемін. Шая Ицхаковичті бағып-қағып жүрген сол. Шая Ицхакович ешкімге үйленген емес. Сол бала бағып отыр оны. Инженер. Бірақ жұмысқа бармайды. Шая Ицхаковичтің пенсиясы жетеді. Жетеді. Менің зейнетақымнан оның зейнатақысы он есе көп. Мен сені алып барамын, Аким, келесі жолы. Таныстырамын екеуіңді».
Бұл Манананың мәліметтері. Енді автор сөйлейді. Әкім Тарази естелік айтады. Жай айтпайды, өзінің сол кездегі таным-түсінігін айта келіп, сол кездегі қазақтың да түсінігін айтады. «Мен қазақтың мұндай масқара болғанын естігенде шыдап тұра алмай, қаным басыма шапты...» демейді. Әлде шын өз қабылдауы, әлде сол кездегі қазақтың сол тарихқа деген таным-түсігінін жеткізу үшін осылай айтады. Негізі ақиқатты айту айқай емес, осылай болса керек. Өзін де аямаса керек жазушы.
«Мен, шынында да, таң қалдым. Бұл оқиға өтіп жатқан кез 60-шы жылдың күзі ғой. Голощекин әлдеқашан өлген деп білетінбіз. Менің саясаттан аулақ кезім. Аштық болғанын ғана білетінмін. Бірақ оны кім ұйымдастырды, қалай ұйымдастырды, ол жағын маған ешкім айтқан емес. Менің әкем өте тәрбиелі сақ адам еді. Менің тәрбиеме зияны тиеді деді ме екен, еш уақытта өзінің өмірбаянын, қазақтың тарихын, басынан кешен қиындықтарды маған айтқан емес. Мен болсам шын мәнінде Совет үкіметін қатты ұнатып, шын мәнінде комсомол болып жүрген кезім ғой. Мен сені таныстырам деген Манананың сөзін мен шын ниетпен қарсы алдым. Барайын, көрейін деп ойладым ішімнен. Ол кісі тірі болса ол кісіні неге жасыру керек. Мен көрейін». Шын мәнінде қанша аштық, зобалаңға ұшыратса да, одан кейінгі қазақ жұрты Совет үкіметін түгел жек көріп кеткен жоқ қой, жоқ. Қайта оның бауырына ене түспеді ме мың-миллион белсенді, мың-миллион комсомол.
Енді Манана сөйлейді. Тарихи факты айтады. Уколдың не укол екенін айтады.
«- Шәй іш, Аким, - деді. – Іш шай. Сендердің киргиздарың... осы сөз аузыма түсе береді, кешірші. Қазір қазақ деп атайсыңдар ғой. Білемін қазақтар маған керемет ұнайды. Жақсы халық. Мен киіз үйлерде ас ішіп, қонып та жүрдім ғой... Отыз бірінші жылы... отыз бірінші жылы... біз үлкен иттік жасадық. Біздің уколдан кейін қазақ ауылында түрлі аурулар пайда болды. Талай қазақтың мұрны шүңірейіп ойылып түсті, талай қазақ сары аурумен ауырды, талай қазақ, қазақ. Байғұс киргиздар... – өз-өзіне сөйлеп, сандырақтап отырғандай болып кетті Манана. – Көкірек ауруын да тараттық біз. Ең қиынын, адамның ерік-жігерін құм қылатын дәрі салдық қой біз оларға. Есінен адасқан адамдай мәңгіріп қалды түгел Алтай халқы. Қайда жұмсасаң бара беретін, не айтсаң көне беретін халыққа айналды. Біз ауылдарды аралап жүрдік. Содан кейін білесің бе сен, білмейсің бе, ОТЫЗ ЕКІНШІ ЖЫЛ басталды ғой, Аким». Отыз екінші жыл дегенді үрейленіп, шошынып, қиналып айтты:
- Мен осы күнге дейін өзіме-өзі кешірмеймін. Сол арада мен, Әкім, мына мен, риясыз ыржиып қалжыңдадым:
- Отыз үшінші жылы тудым ғой мен, Манана. Мен отыз екінші жылды білмеймін, - дедім. Жетесіз, мәдениетсіз адамның сөзін айтқанымды сездім. Өзімнен өзім жиіркендім. «Жетесіз ит-ай» деп, өзімді өзім тұқыртып, үнсіз отырып қалдым». «Мен киргиз халқының алдында күнәһармын. Мен киргиздарға қаншама түрлі укол салдым. Бастарын таз қылдық, мұрындары опырылып түсетін укол салдық. Мен, мен мына қолыммен. Ал Вера болса менен де батыр еді. Вера болса менен де өжет еді. Тапсырманы бұлжытпай орындайтын. Бәрін айт та, Аким, ты сын киргизского народа, извини пожалуйста, сен сын казахского народа, не поймешь меня. Біз салған уколдан қаншама мықты болса да еркек адамдар мәңгіріп қалатын еді. Айтқан бұйрықты орындай беретін, орындай беретін кәдімгі нағыз мәңгүрт болып қалатын еді... Аким, ты понимаешь это?».
Міне, Манана сөзі осындай. Замана сыры осындай. Иә, Манана айтқандай «Біздің халық жақсы халық, біздің халық жақсы халық еді...». Рас, Манана айтқандай «Қайда жұмсасаң бара беретін, не айтсаң көне беретін халыққа айналды». Рас, Манана айтқандай «Еркектері қаншама мықты болса да мәңгіріп қалды...». Бәрі Манана айтқандай болды. Рас...
Бұлар кетерде Манана Андрейге үйінің екінші кілтін берген болатын. «Акимды ертіп кел, өздерің-ақ ашып кіре беріңдер» деген болатын. Бұлар өз кілттерімен есікті ашып кіргенде, кіріп барғанда..., автор айтады: «Ас бөлмедегі биік әдемі абажурлы люстраның жоғарғы жағындағы қайқы, сәнді болат мүйіздеріне арқан төрт-бес рет оралып кәдімгідей жуан арқанға бергісіз өріліпті. Ең алдымен салбырап тұрған өлік денені көрдім. Көзі шарасынан шығып кеткен екен, Манананы көрдім. Бұл, енді, Манана деп айтуға келмейтін басқа бір адам. Дәлірек айтқанда, басқа бір ұғым еді. Еденде жамбастай құлаған арқасыз орындықты көрдім. Дәл сол сәтте ештеңе түсінбесем де кейін келе ұғындым, түсіндім. Манана мойынына тұзақ салып асылып өлеріңде астындағы орындықты теуіп жіберген болар деп ойлаймын...
Манананың аяғында етік бар екен. Қыста киетін етік. Әлде Манана далаға барып, сыртта жүріп, ұзақ жүріп үйіне қайтты ма екен. Етіктің табаны соншалықты балшыққа батқаны қалай? Балшық-балшық етік, балшық-балшық табан. Ас бөлменің төрт бұрышында сол балшық етіктің іздері қалған. Алдымен табанымен түскен, өкшесімен қоса түскен іздері қала беріпті. Ботқа жеген баланың аузындай жағал-жағал Манананың ас бөлмесі көшенің лайымен, етіктің өкшесімен, етіктің табанымен былғана беріпті, былғана беріпті. Бір ғажабы қарама-қарсы екі қабырға кемінде жиырма-жиырма мәрте етік табанымен тебілген. Соны байқадым...» - деп баяндайды автор.
«...Менің миым самарқау. Содан бері жарты ғасыр өтті. Жарты ғасыр!
Москвада, асбөлмеде болған сол сұмдық оқиғаның мән-мағынасын, астарлы сырын енді-енді ұғына бастаған сияқтымын. Аппақ қабырғаға анық басылған балшық табан етік... Мөрі... замана мөрі...
Көк аспанда қырағы көз бар...». Шығарма соңы. Осылай деп тізгін тартады көпті көрген кәрі тарлан Тарази.
Манананың өлім сәтінде көз алдында осы қазақ, осы Аким болыпты. Өлерінің алдында хат жазбақ болыпты. Жазыпты да. «...Дәл ортадағы аса қымбат ұзын да жалпақ столдың үстіне бір жапырақ ақ қағаз жатыр екен. Мен қасына барып үңіле бердім. Себебі, мынадай тап-таза жиналған столдың үстінде бір жапырақ қағаздың жатуы заңсыз секілді көрінді. Мен қарадым да таңқалдым. Қағаздың бас жағында «Аким» деген сөзді оқып қалдым. Қағазды қолыма ала бердім де таңқалдым. «Аким» деген сөзден кейін тире қойылыпты. Тиреден кейін «кир» деген үш әріп жазылыпты. Кейін де, осы күнде де ойлаймын: «кир» деген үш әріп киргиз деген сөздің алғашқы үш әрпі болу керек. Ол үш әріптің белінен қайтадан сызып қойыпты. Содан кейін толығымен «Сын казахского народа» депті. Бұл сөздерге тіпті таңқалдым. Ол не деген сөз, Манана менің атымды жазған ғой. Одан кейін және бір телефон номері теріліпті. Ол кездегі Москваның орталық көшелерде тұратын адамдардың телефоны «К» әрпімен басталатын. «К» деген әріп содан кейін алты цифр сан түсіпті. Одан кейін бес-алты жол сиятындай кең-мол орын қалдырыпты да ШАЯ ИЦХАКОВИЧ ГОЛОЩЕКИН деп жазыпты».
Бұл Манананың, бұл Москваның бұйрығымен бейуаз қазаққа улы укол салған армян қызының аянышты халі еді. Кешірім сұрағысы келген, Акімге көмек көрсетіп сәл де болса, өлім алдында тұрған жанына сәл де болса тыныштық іздеген аянышты халі. Соңғы бейнесі...
Жоғарыда, осы талдау жұмысымыздың басында Андрейдің мінезіне, оның әскери адамдардың түймесін жұла беретін әдетінің сырына тоқталамыз деген едік. Сол жайды қысқа қайырып айтып өтудің реті енді ғана келді.
«...Жарты сағат па екен, қырық минут па екен біз бір-бірімізге қарап бақырайып отырғанда Анрейдің әкесі мен шешесі келді. Әкесі генарал-лейтенант формасын киіп аса салтанатты түрде келді...
...Сонан кейін Андрейдің әкесі Манананың телефонынан әлдебір жерге хабарласты. Көп ұзамай, ары кетсе он бес минутта, Манананың үш бөлмелі үйі қызыл жағалы, сары ала жағалы қызметкерлерге толып кетті».
Бұл Манананың өліміне, туған қарындасының өлімін естіп келген Андрейдің әкесі. Андреймен еріп үйіне барғанда Әкімнен қазақ туралы, Қазақстан туралы талай әңгіме сұраған кісі еді бұл. «Мен Қазақстанда болғам...» дейтін кісі бұл. «Сен оқу бітірген кезде маған кел үйге. Димаш Ахметович Қонаевқа хат жазып беремін. Ол кісі жақсы, біледі мені...» дейтін кісі бұл. Бұл кісі туралы да талқылауды ұзаққа созуға болар еді, бірақ тым күрделі, тым тереңге кетеміз және біздің нысанаға алған тақырып көтермейді де. Әйтпесе бұл кісінің армян екенінен де алға тарта отырып сол кездегі көп жайды індете ашуға болар еді. Иә, бұл шығармада да біз талқыламақ түгілі, қалам ұшын тигізбей кеткен оқиғалар, эпизодтар жетерлік. Ол өз алдына бөлек зерттеу еңбегінің жүгі...
Андрейдің әскерилердің түймесін жұлып, құлағына сыбырлағанда небір айбарлылардың буыны босап сала беретінін Әкім сонда түсінген. «Андрейдің әкесі Советтер одағы Қауіпсіздік Комитетінің «Француз тілді елдер» деп аталатын бөлімін басқаратын адам. Әскери атағы – генерал-лейтенант». Андрей анау түймесін жұлып жүрген әскерилерге «баласымын» деп осы кісінің атын айтады екен ғой. Бұл кісінің атын естігенде тізелері дірілдеп кететіні содан екен.
Міне, өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары, он бес республикадан жиналған отыз екі тыңдаушының бірі болып Москвада жүрген қазақ жігіті. Сонда жүріп «Варвар» – жабайы атанған жігіт. «Шыңғысханның ұрпағы» атанған жігіт. Кіл ашкөз, кіл қатігез, кіл адам жегіш, кіл тапсырма орындағыш, кіл қандықол жауыздардың ортасында осының бәрін көріп, осының бәрін естіп, бәрін көкірегіне түйіп, көкірек қазанында қайнатып жүрген жігіт.
Дәл осы шығармада, дәл осы жігіт Андрейдің әкесінің үйінің, Манананың үйінің терезесінен Москва өзеніне қарап тұратын. Әр қараған сайын осы Москва өзені туралы ой толғайтын. Оны әлденеге теңейтін. Әлденеге ұқсататын. Соның біреуін ғана келтірейік.
Манананың үш бөлмелі кең үйінің терезесінен қарап тұрып былай ойлаған Әкім:
«...Төменде білінер-білінбес бүлкілдеп ағып жатқан Москва өзенін мен сол арада аса жуан айдаһарға теңедім. Айдаһар болғанда қабыршығы, жыбырлап, сәулеленіп білініп тұратын, ұзын, иретіліп солға бір, оңға бір бұрылып кететін айдаһардың жұп-жуан бел тұсы сияқты. Дәл мен қарап тұрған кезде ешқандай кеме, катер жоқ еді. Сондықтан да болар өзен бір сабыр тапқан, әлгінде ғана бұлқына түсіп енді сабырға түскен, ұстайтын аңын тапқан, оны асықпай жұтып жатқан айдаһар...».
Өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары. Иә, дәл айтады. Ол кез қазақты аштықпен қырып, біріне-бірінің етін жегізіп, қуғын-сүргінге, итжеккенге айдап, атып-шауып, соғысқа салып, бәрін-бәрін тындырып, укол салып, жұмсаған жағына бара беретін мәңгүртке айналдырып, енді қалғандарын асықпай жұтып жатқан кезі еді Москваның. Дәл солай болатын!
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ
«Егемен Қазақстан» газеті
«Болмыс» кітабынан