Аймақтар • 31 Мамыр, 2017

Аралға арналған алқалы жиын

219 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылордада «Арал ха­лық­аралық тұрақты даму форумы» өтті. Форумның мақ­саты – Арал өңірінің эколо­гиялық және әлеу­меттік-эконо­микалық жағдайы туралы кеңі­рек ақ­параттандыру, өзекті мәселелерге әлемдік қауым­­дас­тықтың назарын ау­дару. Сол арқылы таби­ғи апат ай­мағының жағ­дайына әсер етіп, тар­тыл­ған теңіздің тағ­ды­рына араша түсу болса керек.

Аралға арналған алқалы жиын

Халықаралық форум жұ­мысына Қазақстан Республи­касының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова арнайы келіп қатысты. Соны­мен қатар,  алқалы жиынға Пар­ламент депутаттары, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің ор­талық және жергілікті мем­лекеттік органдарының басшы­лары, еліміздегі диплома­тия­лық өкілдіктердің  басшыла­ры, халықаралық ұйым өкілдік­терінің жетекшілері, ғалымдар, сарапшылар қатысты.

Форумның ашылу салтанатында Қызылорда облы­сының әкімі Қырымбек Кө­шер­баев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Арал проблемасын шешудегі ерен еңбегін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев тартылған теңіздің тағдырын Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінде көтеріп, Арал теңі­зі­нің мәселесі тек Қа­зақ­станның ғана емес, бүкіл әлемге қатысы барын ашық мәлімдеген еді. Ал теңіздің тартылуы салдары­нан көтерілген шаң мен улы тұз қазірдің өзінде Еуропа мен Ан­тарктидадан табылып отыр­ғандығы жұртты алаңдатпай қоймайды.

Форум барысында Мем­ле­кеттік хатшы Гүлшара Әбді­қа­лы­қова алғы сөз сөйледі. Арал тағдырына қатысты алғашқы халық­аралық форумның Қызы­л­орда жерінде өтіп, оған алыс-жақын шет елдерден қо­нақ­тардың келіп жатқаны теңіз тағдырына септігін тигізеді деді Гүлшара Наушақызы.

Қазақстан Республикасы Сенатының Төрағасы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың құт­тық­тау хатын сенатор Бекмыр­за Ела­манов оқып берді. Қыр­ғызстан Республи­ка­сының мемлекеттік кеңесшісі Калнур Ормушев, Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ализода Назир­мад, Түрікменстанның ауыл және су шаруашылығы ми­нис­трі­нің орынбасары Гюз­гелді Байжанов, дүниежүзілік  банк­тің Қазастандағы тұрақты өкі­лі Ато Браун мырзалар форум барысында сөз сөйлеп, Арал мәселесін егжей-тегжейлі талқылады.

Ал Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Аралдың бұрыны мен бүгіні ту­ралы кеңінен толғады. Бір кез­дері табаны жарқырап қал­ған теңіздің қазіргі кезде сол­түстік бөлігі толып, оның Арал қаласына жақындап, балықтың сан түрі пайда болғанын, оның Ре­сей мен ТМД нарығына ті­ке­лей жол тартып жатқанын айтты.

Форум барысында қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен дипломаттар, халықаралық эко­логиялық ұйымдар мен түрлі мемлекеттердің даму инсти­тут­тары өкілдері баршаның алаң­даушылығын туғызған эко­логиялық мәселелерді тал­қы­ға салды.

Сонымен қатар, Аралдың экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерін тал­қы­лап қана қоймай, форум бары­сында индустриалды экология, ғаламдық климаттық өзге­рістер, кешенді су тақы­ры­бы мен аталған өзекті мәсе­ле­лерді шешудің әлемдік тәжі­ри­бесі де нақты сөз болды.

Форум аясында деректі жә­не ғылыми танымдық фильм­дер көрсетіліп, Арал өңірі мен Арал туралы ав­тор­лық көр­кем туындылар және ғылы­ми монографиялар таныстырыл­ды. Сондай-ақ, Арал бассейнінің проблемасы мен Арал өңірінің мәселелеріне елеулі үлес қосқан ұйымдар мен тұлғалардың еңбектері атап өтіліп, марапаттау рәсімі бол­ды. Форум барысында, ын­­ты­мақтастық туралы бірқа­тар меморандумдарға қол қойыл­ды. Атап айтқанда, «Арал теңізінің шығыс жаға­лауы­­нан «Жасыл белдеу құру» жоба­сы; «Жабайы жануарлар­ды кли­маттың өзгеруіне жер­сінді­рудің Арал өңірі орта­лы­ғын құру» жобасы; «Қамыс­ты­бас» көлінің жағалауында «Арал» ғылыми-туристік орта­лық» құру; «Қызылорда облы­сы­­ның Атласын дайындау және ГИС технологиясының негі­­зінде Арал өңірінің инте­рак­тивті электронды картасын әзір­леу» және өзге де жо­ба­лар бо­йынша құжаттар қабыл­данды.

 Шараның қорытындысы бойынша қатысушылар фо­рум­ның қарарын қабыл­дады. Осы бойынша Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылған 26 наурызды – «Арал теңізінің күні» ретінде жариялау жөніндегі ұсыныс айтылды. Солайша, ХАҚҚ-ның Қазақстандағы Атқарушы Дирекциясының бас­­тамасы қолдау тапты. Алда­ғы уақытта, осы форум шең­бер­інде Қызылорда қала­сында Арал өңірі мемлекеттері бас­шыларының саммитін дайындау ниеті де айтылды. Ал фо­рум­ның екінші күнінде қаты­су­шы­лар Арал теңізінің қазақ­стан­дық бөлігін тікұшақпен ара­лады.

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»

ҚЫЗЫЛОРДА