Аймақтар • 31 Мамыр, 2017

Зардап шеккендер баспанасыз қалмайды

131 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарғын судан зардап шеккен Атбасар қаласының тұрғындары енді баспанамен қамтамасыз етілетін болады. Бұл жөнінде қала әкімі Нұржан Құмбатыров мәлім етті. Оның атап өткеніндей, ауданда 650 нысан судың астында қалған. Соның 644-і тұрғын үй болса, бір №1 орта мектеп, қала сыртында орналасқан «Ишим» сауықтыру кешені және көлік желілері екен.

Зардап шеккендер баспанасыз қалмайды

Сарапшылар жүргізген тексерістер қорытындысы бойынша 467 тұрғын үй тұруға жарамсыз деп табылса, соның 36-сы құлап қалған. Ал 168 тұрғын үйді қалпына келтіруге болады екен. Айта кету керек, «Атбасар таза қала» қоғамдық бірлестігі тарапынан құрылған қайырымдылық қоры есебінен ағымдағы жылдың 17 мамырында зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде 218 тұрғын үйді жалға алу туралы келісім ресімделген. Мәселен, Свелана Любицкая баспанасыз қалған жандардың бірі болатын. Міне, төрт адамнан тұратын осы отбасы жалға алынған баспанада тұрып жатыр. «Біз соңына дейін үйімізге су жақын келетініне сенбедік. Екі апта бұрын төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдар бірнеше рет ескерткен болатын. 17 сәуірде судың соншалықты жылдам әрі көлемді болып келгеніне таңданып та үлгере алмадық. Төтенше жағдайлар қызметі ширақ қимылдап, құтқарып қалды. 20 сәуірде бізді жалдық баспанамен қамтамасыз етіп, алаңсыз жұмыс істеуіме жағдай жасады. Мен жұмыстамын, балалар оқуда, ал әжесі үнемі үйде. Біздің жағдайымызға бейжай қарамаған жандарға үлкен рахмет», деп ағынан жарылыпты Атбасар қаласының тұрғыны Светлана Любицкая.

Жалпы, жалдық баспанаға төленген қаржы 7 млн 630 мың теңге. Соның ішінде 124 отбасыға 4 млн 465 мың теңге төленіп отыр. Тағы да 94 жалдық келісімшарт бойынша мәселе жан-жақты пысықталуда. Орайы келгенде, Атбасар қаласының әкімі Нұржан Құмбатыров ағымдағы жылы 45 пәтерлі он екі тұрғын үй салынатынынан хабардар етті. Осылайша Атбасар қаласы мен ауылдық округтер тұрғындарының баспаналары жөндеуге келмейтін болса, жаңа пәтерлер алатындығы белгілі болды. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Құрылыс 2017 жылдың екінші жартыжылдығында жүзеге асырылады деп күтілуде. Сонымен қатар, тұрғын үйлеріне жөндеу қажет болған тұрғындар да материалдық көмек алатынын айта кеткен жөн. Оның мөлшерін сарапшылар анықтайтын болады. 

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы