500 теңге сыйақы
Кешегі кеңестік кезеңде социалистік жарыс деген болды. Еңбек адамдарын ынталандырудың осы бір түрін Май ауданының шаруашылық басшылары қайта жаңғыртқан. Социалистік жарыс емес, еңбек бәсекесі деп аталады. Оның пайдасы зор екенін ауданның «Кеңтүбек», «Саты» шаруашылықтарын аралаған кезде көз жеткізгеніміз бар. Пішен дайындауға байланысты бәсеке шарттары жасалып, оның қорытындысы әр апта сайын шығарылып, жеңімпаздарға нақты ақша түрінде сыйақы берілгенін көргенде таң-тамаша болғанымыз рас. Өйткені, бұл уақыт өндірісте де, ауыл шаруашылығында да қиын кезең болатын. Теңге тапшы. Айлықты заттай алатын кез.
– Екі жылдай болып қалды, «тірі теңгені» көрмегенімізге, енді келіп сыйақыны ақшалай алып жатқанымызға шүкіршілік дейміз...
– Бес жүз теңге де ақша ғой, апта сайын осылай болып тұрса жанымызды салып жұмыс істеуден қашпас едік. Бұл – механизаторлардың өзара күбір күбір әңгімесі. Соны құлағым шалып қалды ғой.
Сол жылдары Май ауданының әкімі Қазкен Мұқашев болатын. Ол механизаторларды бірінен соң бірін шақырып, қолын қысып, сыйақысын беріп жатты.
– Штифель...
Қазкен Айтаханұлы осы фамилияны айтып, оны ортаға шақырған кезде қасымызда тұрған он төрт-он бес жастағы баланың көзінен жас ытқып кетті. Аң-таңбыз. Бақсақ, ол жаңағы фамилиясы аталған механизатордың баласы болып шықты.
– Отбасындағы жалғыз асыраушымыз әкеміздің үйге ақша әкелмегеніне екі жыл болып қалды. Ауыр жүкті жеңілдетсем деп мен де бірге шөп шабуға келіп жүрмін. Жаңа әкем бес жүз теңгені алғанда көзіме жас келіп қалғанын өзім де байқамадым. Үйдегілер бір қуанып қалатын болды-ау...
Миша Штифельдің көңіліндегіні жасырмай айтқаны осы.
Көршінің жеріне «көз алартқан»...
Ақжар ауылынан атақты Курчатов қаласы қашық емес, таяқ тастам жерде. Ақжар – Павлодар облысының елді мекені, Курчатов – Шығыс Қазақстан облысының аумағы. Сол уақытта, «Ақжар» өндірістік кооперативінің төр-
ағасы Темірғали Әлжановтың айтуынша, қала мен ауылдың байланысы жақсы болды. Ет-сүтті Курчатовқа апарады, орнына не керектің бәрін алады.
Жерде алғашқы қырбық қар бар. Күн соншалықты суық емес. Ауылды жанамалай ағып жатқан Ертіс өзені әлі қата қоймаған. Өзеннің арғы шетіндегі мая-мая шөп көзге бірден түседі. Жер Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданына қарайды. Ал, дайындалған шөп – ақжарлықтардікі.
– Қалайша? – деймін ғой таң қалып.
– Көршінің жеріне «көз алартып» жүрген Темірғали ғой, – деді аудан әкімі Қазкен Мұқашев.
– Оның мәнісі былай, – деді шаруашылық басшысы Темірғали Әлжанов. – Бізде шабындық жер тапшы. Сондықтан, Бесқарағай ауданының басшыларымен келісімшарт жасап, Ертістің суы жайылған, шөбі шүйгін шабындықты өз күшімізбен шауып алдық. Өзен қатқаннан кейін бері қарай тасып аламыз.
Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»