Аймақтар • 31 Мамыр, 2017

Алматыда биыл 114 көше жөнделеді

225 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Алматыда ұзындығы 83,7 шақырым болатын 114 көше жөнделмек.

Алматыда биыл 114 көше жөнделеді

Қазіргі күндері қалада жоспарланған 250 мың шаршы метр жолдың 50 мың шаршы метріне жөндеу жұмыстары аяқталды. Оған қоса қалада 97 мың шаршы метр тротуарлар, 130 бекеттер алаңдары абаттандырылуда, 12 магистральды және ұзындығы 31,27 шақырым болатын аудандық маңызы бар жолдар орташа жөндеуден өтуде. 1 маусымнан бастап ұзындығы 30,75 шақырым болатын 19 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұлардан өзге, депутаттар мәслихаттың соңғы сессиясында ұзындығы 83,7 шақырым болатын 114 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша 2,5 млрд теңге бөлу жөніндегі шешімді бірауыздан қолдады.

Маусым айында көше-жол жүйесінің көлік өткізу қабілетін арттыруға ықпал ететін трамвай рельстері сүріліп, 18 жол бұрылысында орташа жөндеу жұмыстары басталады. Торайғыров және Каблуков көшелерінде ұзындығы 3,7 км болатын велосипед жолы салынып, айналасы абаттандырылады.

Алдағы күндері Шевченко, Қонаев, Өтепов көшелеріндегі 7,5 шақырым жердегі трамвай рельстері алынады. Бұл учаскелерге де орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жол жиектері реттеліп, арық жағалаулары, бекет нүктелері, велосипед жолдары жасалады.

Қазіргі кезде Байтұрсынов көшесі, Тимирязев көшесінен Абай даңғылына дейінгі аймақ қайта жасалып, велосипед жолдары ретке келтірілуде. Оған қоса Жандосов көшесі, Сайын көшесінен Таусамалы елді мекеніне дейінгі ұзындығы 2,08 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Жалпы, жолдарды жөндеу жобасында көлік қозғалысы бөліктерін 4 жолаққа дейін кеңейту, «Қарғалы» өзені арқылы өтетін көпірді қайта жасау, ұзындығы 2 шақырым болатын веложолдар мен ұзындығы 4 шақырым болатын тротуарларды абаттандыру да қарастырылған.

Жақын күндері Алатау ауданындағы Алғабас және Ақбұлақ ықшам аудандарында ұзындығы 10,9 шақырым болатын жолдың, ал Наурызбай ауданындағы Қалқаман және Алты Алаш елді мекендерінде ұзындығы 17,3 шақырым болатын жолдардың құрылыстары басталады.

Жалпы, Алматыда жолдарға жүргізілетін құрылыс-жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 9,5 млрд теңге бөлінген.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ