Қазақстан • 02 Маусым, 2017

Мемлекеттіліктің бет-бітімі

270 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Егемен еліміздегі айтулы даталардың бірі – 1992 жылдың 4 маусымы. Бұл күні Президент Жарлығы бойынша Мемле­кеттік рәміздер күні белгіленген әрі бекітілген. Оның отан­дас­тарымыздың ой-санасына тәуелсіздік пен елжандылық талаптарын орнықтырудағы орны айрықша.

Мемлекеттіліктің бет-бітімі

Кейінгі толқын мен жас ұрпақты отаншылдық сезімге баулу ісіндегі орны ерекше. Мемлекеттіліктің басты белгілері мен бет-бітімі де мемлекеттік рәміздер. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «Әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай ТАЙЖАНОВПЕН болған  әңгіме осындай бағытта өрбіді.   

− Алтай Тайжанұлы, мем­ле­кеттік рәміздердің қадір-қа­сиеті жөніндегі мәселеге фи­ло­софиялық көзқарас тұр­ғы­сынан ой жүгіртіп көрдіңіз бе?

− Жалпы, рәміз дегеніміз бел­­гілі бір адамдар тобы үшін тек шартты мағынасы бар ұғым болып көрінуі мүмкін. Әйтсе де, оның заттай белгі екенін де ескерген жөн. Рәміздер мем­ле­кет­тілік пен тәуелсіздіктің бел­гі­сін білдіретін нышандық айы­­рым белгілері. Сондықтан да оның қадір-қасиеті қашанда жоғары тұрады. Мемлекеттік рәміз­дер Конс­титуцияда көрсе­тілген ар­найы баппен қорғалады. Әр мемлекеттің азаматтары үшін оны қадірлеу, бәсін биіктету – айнымас парыз болып табы­лады. Дербес ел атанған жас мем­ле­кет­тер жасайтын алғашқы маңыз­ды ресми қадамдардың бірі – елдің мемлекеттік рәміз­дері – Туды, Елтаңба мен Гимн­ді белгілеуден басталады. Өйт­кені, бұл үшеуі саяси тәуел­сіз­дік пен мемлекеттік егемен­дік­тің бірегей белгілері. Мұн­да біздің мүдделеріміз бен мақсат­тарымыз тұр. 

− Сіздің ойыңызша Елтаң­бамыз бен Туымыздың және Гимніміздің өзге мемле­кет­тер­дің рәміздерімен салыс­тыра қара­ғанда, қан­дай ерек­ше­ліктері мен артық­шы­лықтары бар?

− Біріншіден айтарым, Ел­таң­бамыз дөңгелек, бейне бір шар түрінде көрініс тапқан. Өзі­ңіз айтқандай, ғылыми-фи­ло­софиялық тұрғыдан қарас­тыр­ғанда, оның осылай болуы – мәң­гілік пен өмір симво­лы ұғымын білдіре алады. Ал Ел­таң­бада бедерленген шаңырақ – геральдика тілінде халқымыздың бейбіт сүйгіш болмысын танытады. Арғымақ – жауынгерлік рух пен ел қор­ғаудың таптырмас көрінісі. Сондай-ақ, Елтаңбамызда ең­бекті, ырыс пен бақ-берекені және материалдық табыстылықты білдіретін бейнелік нышандар да жеткілікті.

− Елтаңбаға көгілдір мен алтын түс неліктен таңдалып алынды деп санайсыз?

− Мұның мәнісі мынада. Кө­гіл­дір түс мемлекеттің төл тұр­­­­ғындары мен Қазақстанды мекен­дейтін өзге этнос өкіл­дері­нің шайдай ашық, бұлт шалмаған, кемел келешегін білдіреді деп ой түюімізге әбден болады. Әрі ел азаматтарының бәріне «аспан  ортақ, жер ортақ», деген ойды да тұспал­дайды. Сондай-ақ, бұл көгіл­дір түс ауызбіршілік пен ын­ты­маққа, өзара бірлік пен тату­лыққа үндей алуымен де ерек­шеленбек.

− Тек Елтаңба ғана емес, Туы­мыз да бірыңғай көк түс­тен тұрады ғой. Бұған не дейсіз?

− Туға да бұл түс тектен-тек таңдалмаған. Бұл көк ас­пан­ның және тіршілік көзі,  өмір нәрі – судың да түсі екенін ес­кер­ген жөн. Таза көгілдір түс отан­дастарымыздың ортақ этно­мәдени бірлігін білдіреді деген ойдамын. Сонымен бірге, мұ­ның өзі мемлекеттің  көк ас­пан мен жер-дүниедей мызғымас тұтастығын да меңзей ала­ды. Ал Тудың ортасындағы күн өмір бастауы мен қуаттылық көзі болып табылады. Ту бетінде қа­на­­тын кеңге жайып, қалықтап ұшып бара жатқан бүркіт – еркіндік пен тәуелсіздіктің нышаны. Оны ешкім тоқтата алмайды. Оның шетінде ал­тын түспен айшықталған қош­қар мүйізді ою-өрнек – баршы­лық пен байлық­тың және молшы­лықтың көрінісі. Өз басым дәл біздің туымызға тең келетін, оған ұқсай­тын өзге елдердің туы жоқ еке­ніне қол қоя аламын.  Бұл ай­тыл­ғандар мемлекеттік рәміз­дері­міздің тағы бір ерек­шелігі деуге болады. 

– Ендігі жерде, әңгімеміз­дің ар­насын Әнұранға қарай бұрсақ...

– Гимніміз – елдік пен ерлік­тің және намыстың өршіл әуе­нін тоғыстырады. Рәміздің бұл түрі ұлтымыздың рухын ас­қақ­тата алуымен  әрі кез келген адам­­­ның айтуы мен орындауына жеңіл орамды бола білуімен де мәртебесі биік. Әнұран – тек мемлекеттік тілде орындалуымен, отандастарымыздың жүрегіне орныға алуымен бағалы. Халқы­мыз­дың ұл-қыздарын туған жері мен отаншылдыққа деген шек­сіз сүйіспеншілікке бағыттай білуі­мен құнды. Дана Абай өлең тура­лы: «Тілге жеңіл, жүрекке жы­лы тиіп, теп-тегіс жұмыр кел­сін айналасы» деген емес пе? Мем­ле­кеттік Гимніміз міне дәл осындай десек қателеспейтініміз анық.

– Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарай білуге қатыс­ты не айтар едіңіз?

– Елімізде рәміздерді орналас­ты­рудың тиісті тәртіптері бекі­тіл­ген. Оны аяқасты қылуға бол­май­ды. Әрбір мемлекеттік мекеме осы талаптарды мұқият сақтағанын қалар едік. Өкінішке қарай, кей­бір мекемелерде Елтаңба мен Ту­дың мемлекеттік талаптарға сай келмейтін деңгейде ілінетініне де куә болып жүрміз. Бұл елге деген немқұрайлы көзқарастың салдары екені анық. Тіпті, бірқатар мекеме, кәсіпорын басшылары көк ту боз туға айналып кеткенше немесе  жырым-жырым болып жыр­тыл­ғанша оны ауыстыруға асыға қоймайды. Әрі тәртіп пен ережеге сай белгіленген орындарын да ауыстырып алып жатады. Бұған келісуге еш болмайды дер едім. 
Сонымен қатар, халықара­лық жарыстар мен бәсекелерде жеңіске жеткен спортшылары­мыз қуаныш үстінде қолындағы мемлекеттік туды тастай салып, жанкүйерлерге қарай жүгірге­нін көргенде еріксіз қынжыла­сың. Сондай-ақ, әлемдік спорт додаларының бірінде жауапты адамдардың салғырттығынан қолданыстан шығарылған бұ­рынғы ескі Гимннің орындалған жағ­дайлары да кездескен. Мұның атын салғырттық демегенде не демекпіз. Сонымен бірге, Гимннің мәтінін дұрыс айтуға және Гимн орындалған сәтте қолды кеудеге дұрыс қоя біліп, тыңдауға да ұсақ-түйек деп қарамағанымыз жөн. 
Рәміздер халқымыздың рухы мен салт-санасын, келешекке деген арман-тілегін жеткізе ала­тын рухани құндылықтар. Оны мемлекеттік белгісі мен бет-бей­несі деп асқақтата айтуы­мыз­дың басты мәнісі де осында. Бұған қоса тағы бір ой тиегін жалғағанда, мемлекеттік рәміздер – елдіктің белгісі, әр азаматтың өз еліне деген сүйіспеншілік сезімінің сер­пілісі. Осы арқылы біз жас ұр­пақтың бойында туған жерді, ата­ме­кенді сүйе білу дағдыларын ор­нық­тыра аламыз. Оларды бұл бағытқа қарай икемдей түсеміз. Бір сөзбен айтқанда, ұлтымыздың рухани құндылықтарын қадірлеу – мемлекеттік рәміздерге деген құрметтен, оны мәртебе тұтудан басталады дегім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ