Алматыдан шыққаннан жол бойындағы жарнамалар бірден көзге шалынады. Солардың қатарында «Кнауф Гипс Қапшағай» өндіріс орнының атауы мен атқаратын қызметі де жарнамаланған. Бұл тегін емес. Өйткені, аталған компания ғимараттардың ішкі және сыртқы өңдеу, әрлеу жұмыстарына арналған құрылыс материалдарын шығаратын халықаралық кәсіпорындар жиынтығын құрайды. Құрамына әлемнің 40-тан астам мемлекетінде орналасқан 150 зауыт кіретіні тағы бар.
Жоғары технологиялық, заманауи, экологиялық жағынан қауіпсіз және тиімді өнеркәсіптік желілерді енгізген компания жергілікті шикізат пен мамандарды жұмысқа тарту арқылы жоғары сапалы өнім шығарудың тиянағын келтіріп, рыноктағы өз орнын нықтай түскен. Аталған өндіріс орнының бас директоры Александр Ефименко серіктестіктің бүгінгі қарқынды дамуына кәсіби деңгейде өз бағасын береді.
Жұмыстың нәтижесі кәсіпорынның сапалы өнім шығаруды оның рыноктағы сұранысын дамытумен қатар жүргізілгендігінде. «Кнауфтың» басқа батыстық компаниялардан ерекшелігі жұмыс орындарын экспорттаудың орнына кәсіпорын ашылған мекенде жаңа жұмыс орындарын құрып, ел игілігіне үлес қосуы.
«Кнауф Гипс Қапшағай, ДЭГ қатысуы бар кәсіпорын» серіктестігі 2003 жылы құрылып, 2004 жылы 19,5 миллион долларды құрайтын шетелдік инвестиция тарту жөнінде келісім-шартқа қол қойған. 2005 жылы аталмыш кәсіпорында 12,0 млн. шаршы метр көлемінде алғашқы қазақстандық құрылыс өнімдерін шығарып, екі жаққа да тиімді жұмыстың нәтижесін көрсетті.
Құрылыс материалдары рынокта үлкен сұранысқа ие. «Кнауф» фирмасының технологияларын енгізу нәтижесінде 2007 жылы зауыт қарқыны қабырғаға арналған жапсырмалар шығаруды 32 миллион шаршы метрге, ал профиль шығаруды 4,6 миллион метрге жеткізді.
Қазіргі таңда елімізде өнім шығарушы 3 кәсіпорын, 4 маркетингтік филиал және 500 қызметкерден тұратын дилерлік және оқыту орталықтары бар.
Зауытта технологиялық үдерістер ғана емес, сонымен қатар рыноктық дамуына да күш салынған. Өндіріс орны жұмыс басталысымен маркетингтік кәсіпорын ашқан. Оның филиалдары Астана, Ақтау, Тараз қалалары мен көршілес Қырғыз елінде де жұмыстарын жалғастыруда.
Зауыт құрылыс мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруда ауқымды жұмыстар атқарып әкеледі. Қазіргі таңда үш оқу және үш ресурстық орталық жұмыс істесе, мұнда 5523 құрылыс маманы оқуын тәмамдап, бүгінде көптеген алып құрылыстарда қолтаңба қалдыруда.
Құрғақ қоспалар маманы» арнайы білім беру реестріне енгізілгені де игі істің жемісі. Сондай-ақ, құрылыс мамандарының білімін арттыру мақсатында компания мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі арасында арнайы меморандумға қол қойылып, Германияның техникалық жоғары оқу орындарымен де келіссөздер жүргізгені ізденісті істердің бірі. Осылайша жұмысшылардың тұрақтылық, қаржы, ақпараттық технология және құқықтық саладағы білімдері жетілдірілуде. Соңғы жылдары мұндай шараларға компанияның Германиядағы бас мекемесіндегі қызметкерлер де белсенді қатысуда.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.