Аймақтар • 09 Маусым, 2017

«Бекіре-2017»: 64 тонна балық тәркіленді

643 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жайық-Каспий су бассейнінің айдындарындағы бағалы балық түрлерінің уылдырық шашу мезгілінде жыл сайын ұйымдастырылатын «Бекіре-2017» акциясының биылғы нәтижелері белгілі болды. Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Үйлестіру штабының мүшелері баяндады.

«Бекіре-2017»: 64 тонна балық тәркіленді

Облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Марат Абдрахманның айтуынша, су айдындарына екі ай бойы тексеру жүргізілген. Айдын бетін тазалау жұмыстары бекіре балықтардың уылдырық шашатын жерлеріне жетуіне мүмкіндік берді.

«Көктемгі кезеңде екі бекіре тұқымдас балық өсіру зауыты су маржандарының 196 өндірушісін дайындады. Бұл мәлімет акцияның негізгі мақсатын іске асыруға бағытталған жұмыстың оң нәтиже беріп отырғанын сипаттайды», - дейді Марат Ғинаятұлы.

Бір атап өтерлігі, маңызды науқанға қатысты шешімін таппаған проблемалар әлі де бар. Мысалы, инспекция қызметкерлері радиобайланыс құралдарымен жабдықталмаған. 

Сондай-ақ, ұтқыр рейдтік топтарды жүрдек техникамен қамту, жанар-жағармай жеткізу де өзекті. 

«Шараларды іс жүзінде жүзеге асыру азық-түлік қауіпсіздігінің, халықтың табыс табу және жұмыспен қамту көзі ретінде әлеуметтік мәселелерді шешудің маңызы факторы ретінде балық шаруашылығын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында табиғат қорғау және құқық қорғау органдары қызметкерлері 1024 табиғат қорғау заңнамасын, оның ішінде 217 өрескел сипатта анықтады. Кеме жүрісі режимін бұзу үшін 30 әкімшілік хаттама толтырылды. Атырау облысының уәкілетті және құқық қорғау органдары 721, Маңғыстау - 136 және Батыс Қазақстан – 167 бұзушылық анықтады», - дейді М.Абдрахман.

Науқан кезінде 64 тонна 350 кг балық, оның ішінде 3 тонна 126,3 кг бекіре тұқымдас балық және 11 кг бекіре тұқымдас балықтар уылдырығы тіркіленді. Заңсыз айналымнан 5134 дана аулау құралы, соның ішінде иесіз, 118 жүзу құралы және 42 бірлік автомотокөлік құралы алынды. 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ.