30 Қыркүйек, 2011

Табыстың тайқазанын тасытсақ

494 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
ОЛИМПИАДА – ЕЛ МЕРЕЙІ Бүкіл дүниежүзі спорттық шаралар жөнінен Олимпиада ойындары дегенде бейтарап қалмасы анық. Соңғы өткізілген Бейжіңдегі ХХІХ-шы Жазғы Олимпиада ойындары әлі күнге көзі қарақты спортсүйер қауымның көңілінен шыға қойған жоқ. Бәріміз де оның қуанышы мен күйініші жөнінде әркез ойға аламыз. Өйткені алда Лондонда өтетін жазғы ХХХ Жазғы Олимпиада ойындары төбе көрсетіп тұр. Әрине, өткеннен сабақ алмай, алға қарай қа­дам баса алмасымыз анық. Сондықтан, әлемнің төрт тарапынан, яғни 200-ден астам елден 11 мың­ға жуық спортшы қатысқан Бейжің Олим­пиада­сының дүбірін қайта ақтарып көрсек. Бей­жіңге біздің елден спорттың 22 түрінен 132 спорт­шы ат қосты. Жыл басынан Олимпиадаға кімдер барады, кімнің күші, кімнің мысы мықты деп салмақтап жүріп апарған 132 спортшының 13-і ғана үмітті ақтады. Барға қанағат етіп қалған халқымыз «бұған да шүкір» десек, БАҚ өкілдері «Еліміздің еңсесін көтерген ерлеріміз жарады!» деп жарыса жазды. Әрине, қанағатшылдыққа не жетсін. Бірақ, «әттеген-айларды» жасыра берсек, бұдан әрі жағдайымыз жақсарып кетпейтіні де шындық. Басқасын былай қойғанда Бейжің төрінде біздің спортшыларымыздың ішінен боксшыла­ры­мыз бен балуандарымызға және ауыр атлеттерге зор сенім жүктелген. Өйткені осы спорт түр­ле­рінен олар бұдан бұрынғы олимпиадаларда қан­жығамызды майлап, абыройымызды асқақтатып еді. Солардың арқасында жалпы командалық есепте Алтантада 24-ші, Сиднейде 22-ші, орынға табан тіреген болатынбыз. Ал бұл жолы жалпы командалық есеп бойынша 29-шы орынды қанағат еттік. Бұдан бұрынғы өткен олимпиада қорытындыларымен салыстырар болсақ, мына­дай нәтижені көрген болар едік: Атлантада (1996 жыл): 3 алтын, 4 күміс, 4 қола (барлығы 11 медаль); Сиднейде (2000 жыл): 3 алтын, 4 күміс (бар­лы­ғы 7 медаль); Афиныда (2004 жыл): 1 алтын, 4 күміс, 3 қола (барлығы 8 медаль); Бейжіңде (2008 жыл): 2 алтын, 4 күміс, 7 қола (барлығы 13 медаль). Былай қарағанда нәтиже жаман емес. Әр Олимпиада сайын жетіліп, өсіп келе жатқанымыз байқалады, бірақ, дамуымыз қарқынды емес. Әсіресе, «Біз былғары қолғап спортынан Кубадан кейін екінші орындамыз» деп бөріктерін аспанға лақтырған боксшыларымыз үмітті ақтамады. Қоржынымызға екі алтын салған екі спорт­шымыз – Илья Ильин мен Бақыт Сәрсекбаевтың жанарларынан от ұшқындап, жастық жігерлері мен намыс қатар өріліп тұрғанын теледидарға тел­мірген қалың қазақ байқамай қалған жоқ. Олар өздеріне сенімді еді. 20 жасқа енді ғана аяқ басқан Илья «мен бірінші орын аламын» деп, экранға қайта-қайта нығарлай айтқаны, осы сертінде тұрып, зілтемірді серпе көтергенде, қазақ­стандықтардың бәрі орындарынан бір көтеріліп тұрғаны анық еді. «Бір де бір алтынсыз қалар ма екенбіз» деп көңілі күпті болып күткен халықтың үмітін ақтаған Илья Ильинді ерекше атау керек. Ал Бақыттың жайы белгілі. Өзбектердің қияна­ты­на шыдамаған намысқой қазақ қанында ойнаған намысының арқасында алтынды ата-бабасының атамекенінде қалдырды. Байрақты бәсекеде бақ пен бап, намыс жетелейтінін дәлелдеді олар. Ал біздің жігіттерді бұдан бұрын алған жүлделерінің буы қысты ма, әлде, өз елімізде жүріп өзгеге жалтақтаудан жігері жасып қалған ба, әйтеуір, жанарлары солғын, еңселері еңкіш қалпы елімізге оралды. Осыған қарап, біздің боксшы­лары­мызда тоқмейілсу басым болды-ау деген ойға қаласың. Жаттықтырушылардың «біздің жігіттер бабында» дегеніне сеніп, өздерінің барлық мүм­кіндіктерін толық пайдалана алмаған олар бар бәлені төрешілерге жауып, төмен қараған қалпы қайтып келді. Олимпиадаға тоғыз қазақ жігітімен «арпа ішінде бір бидай боп» отызға қарап «қар­тайған» кезінде аттандап барған Галиб Жафаров өз қандасы әзербайжандық боксшыға алғашқы кездесуде-ақ есе жіберді. Көбімізге бұл әдейі істелген әрекет сияқты көрінгені рас. Бірдеңе деп ауыз ашсаң, ұлтаралық қатынасқа ши жүгіртіп қойдым ба деп, үндемей ішімізден күңкілдейміз де қоямыз. Осы Олимпиада – Қазақстанның намысын қазақтың ғана баласы қорғай алады деген принципті берік ұстану керек екенін көрсетті. Бір қуанарлығы, Олимпиада ойындарында ал­ғаш рет дзюдодан жүлдегер атандық. 100 ки­ло­ға дейінгі салмақта Асхат Жіткеев күмістен алқа тақты. Еркін күрес пен грек-рим күресі шебер­лерінің өнері мен жеткен жетістіктерін айтпай кетуге болмас. Өйткені олар біздің қоржынымызға түскен 13 медальдің санын толықтырғандар. Мы­са­лы, еркін күресшілеріміз 1 күміс, 1 қола жүлде­ге ие болса, грек-рим күресшілеріміз 2 қола жүл­дені еншіледі. Таэквондода да тұңғыш рет Олимпиада ойындарында жүлдеге ие болдық. 80 килодан жоғары салмақ дәрежесінде намысты қолдан бермеген, бір жағынан бабынан гөрі бағы басым болған Арман Шылманов қола медальға ие болды. Қалай десек те бұл Олимпиада біздің өреміз бен өркениетімізді, кеңдігіміз бен кемдігімізді ай­қындап берді, тек одан ел ағалары мен жат­тық­тырушылар, қол созым жерде тұрған жүлдеден қапы қалған спортшылар нәтиже шығарса болды дейсің. Олимпиадаға тұңғыш рет қатысқан қол добы мен волейбол сияқты спорттық ойындарда ойсы­рай жеңілген қыздар командасы Қытайға барып қайтқандарын ғана мақтаныш етті. Өйткені, осы саладағы спортшыларымыз әлемдік деңгейде өнер көрсетуге жете қойған жоқ еді. Сондай-ақ, бұл Олимпиада қазақ баласы үшін күрес пен бокстан да басқа спорт түрлері бар екендігін, мәсе­лен, стендтік ату, қазіргі бессайыс, синхронды жүзу, садақпен ату, велоспорт, академиялық есу, үс­тел теннисі, байдарка және каноэ есу деген си­яқты спорт түрлеріне көңіл бөлу керек екенін еске салғандай болды. Әттең, біздің жоғары жақта отырған ағала­ры­мыз ауыздарын көршілерге ашып, спортшыларды сатып алуға машықтанып алған. Тас қалада өскен бала мен күнге күйіп, құмға аунап өскен баланың жігерін тани алмайтындығымызды бұдан бұрын­ғы олимпиадаларда дәлелденген еді. Бұл жолы да осы қарапайым қағидаға көзіміз жеткендей бол­ды. Олай болса, білек пен білімің қатар көрінетін спорт деген салаға бармақ басты, көз қысты әре­кеттің жүрмейтінін тағы бір мәрте еске ала оты­рып, алдағы Лондон ойындарында осы қате­лік­тер мен өкініштер қайталанбай ел мерейін арт­тырар спортшыларымыз көбейсе деген ниет бар. АЗИАДА АРМАНДАРҒА ЖОЛ АШТЫ «Жасампаздықтың жиырма жылы» деп атал­ған ағымдағы жылдың беташары да әлем наза­рын Қазақ еліне аудартқан саяси маңызды шаралармен қатар әлемдік спорттық іс-шаралармен басталған болатын. Әлемдік спортта Қысқы Олимпиада ойында­ры­ның өтуі маңызды оқиғалардың бірі болып са­налады. 1956 жылы Италияның Кортина д Ампеццо қаласында өткен VII Қысқы Олимпиада ой­ындарына Қазақстан алғаш рет қатысты. Жал­пы Қысқы Олимпиада ойындарына 206 қазақ­стан­дық спортшы қатысқан. Оның ішінде 5 спорт­шы Ол­им­пиада жеңімпазы атанды. 2010 жы­лы қазақ­стандық спортшылар Ванкуверде өт­кен Олимпиада ойындарының 9 түріне қатысу үшін 40 лицензия жеңіп алды. Қазақстандық спорт­шылардың Ванкувер-2010 Олимпиадасына қатысуы еліміздегі қысқы спорт түрлерінің да­муына септігін тигізді. Ал спортшыларымыздың жетістіктері өсіп келе жатқан жас спортшылар үшін үлгі болды. Спорт әлеміндегі үздіксіз алға жылжу мен биік спорттық бағындырулар нәтижесі Қысқы Азия ойындарының тек қана спорттық мағына­да­ғы ғана емес, жоғары дәрежедегі қоғамдық-саяси әрі мәдени оқиға ретінде қабылданатын деңгейге көтеріп отыр. Оған бәріміз де биылғы жылы Алматы мен Астана қалаларында өткізілген шаралар барысында тәнті болдық. Биылғы жылы әлемнің 27 елден келген кілең «сен тұр мен атайын» дейтін саңлақ спортшылардың алдында абыройдан айрылмау ең бастысы десек те, осы ойындарды ұйымдастыруға бар күші мен қайра­тын жұмсаған Қазақ елінің мәртебесін өсіру де басты мақсат болды. Дода болғасын, топты жарар аламан бәйге жа­рияланғасын оның олқылықтары да, «әттеген-ай» дейтін тұстары да болмай қалмайды, әрине. Бұл додаға өз елімізден 164 спортшы қатыс­ты. Спорттың 11 түрінен: шаңғымен тұғырдан секіру, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғымен бағдар­лау, конь­ки тебу, биатлон, мәнерлеп сырғанау, доп­ты және шайбалы хоккей сияқты бірін білсек, бірін білмейтін спорт түрлерінен он күн бойы сайыс өтті. Хоккейден, әсіресе, қыздар ойыны тартысты өтті. Қазақстан командасы әп дегеннен-ақ, өзде­рі­нің шебер қимылдарымен, қарсыластарынан қа­рымта қайтара аларлықтай қауқары бар екендіктерін танытты. Қоржынымызға алғашқы алтын­ды салған да солар болды. Қазақ спорты тарихында бұрын-соңды бол­ма­ған аламанға түсу кім-кімге де сын. Алматы қа­ласының «Табаған» спорт кешенінде өткен фристайл спорт сайысында қазақтың қара көз қыз-жігіті намысты қолдан бермеуге тырысты. Спорт­тың бұл түрінен тәжірибеміз аз десек те, Оңтүстік Қазақстан облысының қос бірдей фристайлшысы Жібек Арапбаева мен Руслан Әбілятиповтің бірі қола, енді бірі күміс жүлдені қоржынға салды. Шаңғымен бағдарлау, биатлон, тау шаңғысы жарыстарында демалыссыз қатысқан спортшы­лар қанша шаршаса да шашасына шаң жұқтыр­май, қарсыластарын қар қаптырып кетті. Сөйтіп, спорт­тың бұл түрлерінен де үздіктер қатары молайды. Әрине, жарыс болғасын, жеңу бар, жеңіліс бар. Өз елімізде өткізіліп жатқан спорттық шарада көштен қалуды ар санаған спортшылар үмітті ақтады. Біздің спортшылар шынында да ерледі. Сөйтіп, Оңтүстік Корея құрамасы 13 алтын, 12 күміс, 13 қола медальмен үшінші орынды, Жапония 13 алтын, 24 күміс, 17 қола медальмен екінші ор­ыннан көрінді. Ал Қазақстан құрамасы өз қор­жы­нына 32 алтын, 21 күміс, 17 қола салып, жеңіс­тің биік шыңынан орын тепті. Осылайша, VІІ Қысқы Азия ойындарында Қазақ елінің ән­ұ­ра­н­ы 32 рет шырқалып, 32 мәрте көк байрағымыз көкте желбіреді. ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІНЕ ЖАҢА СПОРТТЫҚ ҚАДАММЕН Осы уақытқа дейін ел арасында ұлтымызға тән спорт түрлеріне басты назар аударылмай келгендігі туралы мәселе жиі айтылып қалатын. Биылғы жылғы еліміздің 20 жылдық мерейтойы барысында мемлекет тарапынан жасалған игі қа­дам спортшыларымызды ғана емес, жанкүйер­лер­ді де бейжай қалдырмады. Өйткені, бұл шараға алғаш рет мемлекеттік маңыз беріліп, әрі оның ел Тәуелсіздігі мерекесіне арналғандығы басты на­зарда ұсталып, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жүл­десі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» атты жарыс ұйымдастырылған еді. Биылғы жыл­ғы 20 тамызда Астана қаласының «Дәулет» спорт кешенінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» атты республикалық жарыс өткізілді. Жарысты Қазақ­стан Республикасы Президенті Әкімшілігі Бас­шы­сының орынбасары М. Әшімбаев ашты. Биыл тұңғыш рет өткізілген айтулы жарыста 14 облыс, Астана, Алматы қалаларынан үздік деп танылған 64 балуан белдесті. Абсолюттік салмақ дәре­же­сінде күрескен балуандар арасында «Қазақстан барысы» атағы мен 150 мың АҚШ доллары сарапқа салынды. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды, «Қазақстан барысы» атағын және 150 мың АҚШ долларын Ұлан Рысқұл (Қызылорда облысы) жеңіп алса, «күміс белбеу» мен 30 мың АҚШ доллары ІІ орынды иеленген Бейбіт Ыстыбаевқа (Жамбыл облысы) табыс етілді, ІІІ орынды – «қола белбеу» мен 10 мың АҚШ долларын Шалқар Жоламанов (Шығыс Қазақстан облысы) жеңіп алды. Сонымен қатар, жүлдегер спортшыларды дайындаған жаттықтырушыларға тиісінше 50 мың, 10 мың және 5 мың АҚШ доллары тапсырылды. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың тамыз айының 19-20 күндері Астана қаласының Бейбітшілік пен келісім сарайында «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» аясында Спорт күні – кәсіби мерекесіне орай­лас­тырып, қоғамның, мемлекеттің және биз­­нес­тің қатысуымен І Спорттық форум өткізілді. Форум аясында дене шынықтыру мен спорт салалары бойынша әр түрлі тақырыпта дөңгелек үстелдер және көрмелер ұйымдастырылып, дене шынықтыру мен спортты дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы Туризм және спорт министрлігі мен Ауыл шаруашылығы, Ақпарат және байланыс, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері және Астана қаласы әкімдігінің арасындағы меморандумдарға қол қойылды, сондай-ақ, Қазақстан спортының дамуына ат салысып, жоғары белсенділікпен көзге түскен және қолдау көрсетіп жүрген азаматтар, спорт басшылары, белгілі спорт журналистері марапатталды. Сонымен бірге, ауыл спортын дамытуға ба­ғытталған «Ел Қайраты» республикалық ауылдық дене шынықтыру-спорт қоғамы» қоғамдық бір­лестігінің тұсаукесер жиналысы өтті. Мемлекет тарапынан биылғы мерекелік жыл­да өткізілетін шаралар легі бір бұл емес. Олар­дың ішінен ауыз толтырып айтар жаңалығы «Тәу­елсіздік жылдары Қазақстан спортына үлес қос­қан елдің атақты спортшыларымен Мемлекет Бас­шысының кездесуін ұйымдастыру» және Тәу­елсіздіктің 20 жылдығына арналған Ұлттық спорт түрлері фестивалін өткізу болып отыр. Фестивальді өткізудегі мақсат – Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауында айқындалған міндеттерді орындау, ұлттық спорт түрлерін, соның ішінде ауыл спортын таныту және дамыту, жастарды спортпен шұғылдануға тарту, халық арасында саламатты өмір салтын насихаттау. Фестивальдің регламентіне сәйкес оған 14 облыстың, Астана мен Алматы қалаларының ең мықты спортшылары қатысады. Ақтық жарысқа 1700 спортшы қатысады. Фестиваль Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы және республикалық Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өтеді. Ал, қорытынды шаралар ретінде Тәуелсіз­дік­тің 20 жылдығына орайластырылған спорт кешендері мен орталықтары ашылуының салтанат­ты рәсімдерін өткізу жыл соңына жоспарланып отыр. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын өткізу бойынша іс-шаралар жоспа­ры­ның тармағын орындау шеңберінде министрлік салынған және салынып жатқан спорт кешендері мен спорт объектілері бойынша белгілі жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, биылғы 4 желтоқсанда «Сергектік» ұранымен республикалық аймақтарында хоккей корттарын, шаңғымен жаппай сырғанау үшін, шаңғы трассалары мен мұз айдындарын ашу жоспарланып отыр. Осы шараларға спорт әуесқойлары, жалпы білім беретін мектептердің, колледждердің, әске­ри мекемелер, спорттық клубтар, БЖСМ, мемлекеттік органдардың, кәсіпорын ұйымдарының қызметкерлері және барлық ниет білдірушілер қатысады деп жоспарлануда. Бейбіткүл ТОҚАБАЕВА. (Мақала Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жазылды).
Соңғы жаңалықтар