«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы,
4-том, 637-бет.
– Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы әңгімеге көшпес бұрын жалпы әлемдегі конституциялар сипаты жайында бірер ауыз айтсаңыз деймін. Конституциясы жоқ елдер де бар ғой, солай емес пе? – Солайы солай. Біріншіден, ондай елдер некен-саяқ. Екіншіден, ондай елдердің бәрі – абсолюттік монархиялар. Мысалы, Сауд Арабиясында, Оманда. Бұл біз жүретін жол емес. Онымен қоса, тікелей Конституция деп аталатын ресми құжаты жоқ елдер де кездеседі. Мысалы, Ұлыбританияда Негізгі Заң айқындауға тиіс мәселелер бірнеше заңнамалық актілермен реттеледі. Сондықтан Ұлыбритания конституциясыз өмір сүреді делінбейді. Конституцияны заң жүзіндегі және іс жүзіндегі деп бөлу де баяғыдан бар. Оның біріншісі – құқықтық нормалардың айқындалған жүйесі болса, екіншісі – сол қатынастардың өзі. Негізгі Заңның уақытша және тұрақты деп бөлінетіні де болады. 1995 жылғы Конституциямыздың жобасын жасауға кірісетін кезде мен өзім үшін бірқатар қызғылықты жайларды аштым. Ол кезде Еуропаның, Азияның, Солтүстік және Латын Америкасының, жалпы ұзын саны 20 елдің конституцияларын қадала оқып, конспектілеп шыққан болатынмын. Ондағы ойым дамудың әрқилы сатыларында тұрған, әлеуметтік-мәдени, ұлттық және басқа да ерекшеліктері бар, құқықтық жүйелері де әр түрлі елдерде Конституция басты мақсатқа – тұрақтылықты нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, демократияны дамытуға қол жеткізуге қалай көмектеседі дегенді анықтау еді. – Осы арадан мынадай сұрақ шығады. Сіз бірқатар сұхбаттарыңызда Қазақстанның 1993 жылғы Конституциясы өтпелі сипатта болды деген ойды айтқансыз. Онда тіпті «Өтпелі кезең ережелері» деген тұтас тарау да бар ғой. Сол кезде ол Конституцияны уақытша деп атаудың жөні жоқ па еді? – 1990-92 жылдары біз Қазақ ССР-нің ескі Конституциясына жамау салып өзгертумен келдік. Президенттік билік, нарық экономикасына көшу, жаңа саясат, тағы басқа нәрселерді ілгерілету үшін өзгерістер енгізумен болдық. Сондықтан жаңа Конституцияны тез арада қабылдау қажет еді. 1993 жылғы Конституцияның негізі – республикамыздың мемлекеттік егемендігі туралы 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Декларация. Әрине, декларацияның аты – декларация. Ол – мәлімдеу, хабарлау деген сөз. Мысалы, табысты декларациялау, кедендік декларация деп те жатамыз ғой. Ал Тәуелсіздік ол басқа ұғым. Бұл дербес мемлекет деген сөз. Әрине, егемендік туралы декларацияның мемлекеттік саясат пен құқықтың, халықаралық қарым-қатынастардың негізгі қағидаттарын жария ететіндігін де ескермеуге болмайды. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияда да талай нәрсе айтылды. Онда, мысалы, біздің ізгілікті, демократиялық және құқықтық мемлекет құруға деген ниетіміз айтылды, халықтың мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылатындығы паш етілді. Биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінетіндігі көрсетілді. Ел аумағының бөлінбейтіндігі, оған қол сұғылмайтындығы, жер, оның қойнауы, су көздері, әуе кеңістігі, табиғи ресурстар тек республиканың ғана меншігінде болатындығы жазылды. Сенімен бір әңгімеде 1991 жылғы тамыз бүлігі кезінде Орталық бұрынғыдай республикаларға өктем сөйлей алмай қалды, өйткені олардың бәрі де өздерінің егемендіктері туралы декларацияларын қабылдап қойған еді дегенмін. 1993 жылғы Конституция сол құжатқа да арқа сүйеді. Әрине, Конституцияның негізгі тірегі – Мемлекеттік тәуелсіздігіміз туралы Конституциялық заң. Іс жүзінде Қазақстанның тұңғыш Конституциясының жобасын жасау жөніндегі жұмыс егемендік туралы декларация қабылданысымен-ақ қолға алынған болатын. 1990 жылғы 15 желтоқсанда Қазақ КСР Конституциялық комиссиясы құрылған. Себебі, біз декларацияның, жаңа айтқанымдай, қанша дегенмен декларация екендігін, яғни заңдық сипатынан гөрі саяси сипаты басым екендігін салған беттен-ақ ескердік. Декларацияның ережелері заңдық норма емес еді. 1991 жылдың 16 желтоқсанындағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң ғана біздің тәуелсіздігімізді шындап, түпкілікті баянды етті. Біздің басты ұлттық мерекеміз Тәуелсіздік күні болатыны сондықтан. Рас, 1993 жылғы Конституциямыздың жобасын жасаған кезде де, Парламентке ұсынған кезде де, талқылау кезінде де оның ғасырларға кетпейтінін әркім де іштей біліп отырды. Ол Конституцияның уақытша екенін бәріміз білдік. Ол кездегі Парламент мүшелері де, Парламент басшылары да коммунистік пиғылдан арыла алмаған-ды, тіпті, депутаттардың көпшілігі жаңа экономика, жаңа саясат дегенді қабылдағылары келмейтін адамдар еді. Мұндай жағдайда заман талабына сай Конституция қабылдана алмайтын еді. Екінші жағынан, мүлдем Конституциясыз алға жылжуға да болмайтын. Көп нәрсе менің көңіліме қонбады, бірақ келісуге тура келді. Яғни, компромисс қажет болды. – Тәуелсіз елдің тұңғыш Конституциясының жобасын жасауда қандай міндеттер алға қойылды? – Алға қойылған міндеттер көп. Ең негізгілерін бөліп айтатын болсақ, мыналар. Алдымен мемлекеттілікті нығайту, биліктің бүкіл жүйесін күшейту қажет етілді. Одан кейін экономиканы реформалау, дағдарыстан шығудың кезек күттірмейтін мәселелерін шешу керек еді. Сыртқы саясат саласы да қалыптаспаған-ды. Ақыр аяғында демократиялық институттарды дамыту қажет болды. Бұлардың үдесінен шығу оңайға түскен жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында адамдарымыздың ақыл-ойында ондаған жылдар бойы қатып-семіп қалған қасаң қалыптардан құтылу қажет етілді. Бұрынғы Конституцияның тұжырымдамасы мен құрылымы уақыт талабынан қалып қойғаны сондай, қанша жерден түзету, толықтыру, өзгеріс енгізсең де қайшылықтарды жоя алмайтынсың. Егемендік туралы Декларация қабылданғаннан Тәуелсіздік туралы Конституциялық заң қабылданғанға дейінгі аралықтағы 14 айдың ішінде қолданыстағы Конституцияға 7 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені, кейде тіпті бір аптаның ішінде екі рет өзгертуге де тура келгені осы ойымның дәлелі. Мұнан әрі бұлай жалғаса бермейтіні анық еді. Сондықтан, 1991 жылдың 15 желтоқсанында, яғни тәуелсіздік жариялардың дәл алдында Жоғарғы Кеңес қаулысымен Конституциялық комиссия құрылды. – Сіздің ол комиссия бойынша орынбасарыңыз Жоғарғы Кеңестің сол кездегі төрағасы Серікболсын Әбділдин болған еді. Бұрын осы қызметті атқарған Ерік Асанбаев вице-президент қызметіне сайланған еді. Вице-президент лауазымына байланысты өз ойымды білдіре кетсем деймін. Ғафу етіңіз, сіз кезінде өзіңізге КСРО вице-президентінің лауазымы ұсынылғанда «Правда» газетінің сұрағына: «Сол вице-президенттің не үшін керектігін білмеймін» деп жауап берген едіңіз. «Мен өзімді ондай құрылымда елестете алмаймын» деп ашып айтқансыз. Ал Қазақстан жағдайында вице-президент лауазымы не үшін қажет болды? – Бұл сұраққа жауап беру үшін мынандай бір жағдайды еске алғым келіп тұр. Мен Қазақ КСР-нің Президенті болып сайланғаннан кейін тиісті аппаратты жасақтай бастадық. Аппараттың бір құрылымы баспасөз қызметі еді. Президенттің баспасөз хатшысы қызметіне сол кезде Мемлекеттік телерадио комитетін басқаратын Ғаділбек Шалахметовті шақырдым. Қарамағында мыңға жуық (облыстардағы телерадио компанияларын, хабар тарату орталықтарын қосқанда) қызметкері бар министрлік лауазымнан оншақты адамдық шағын топқа жетекшілік етуге келуді қоңылтақсыды ма, бұрын бізде болмаған жаңа жұмыстың жай-күйін білмеді ме, әлде тосыннан айтылған ұсынысқа асып-сасып қалғаны ма, Ғаділбек маған: «Нұрсұлтан Әбішұлы, кешіріңіз, баспасөз хатшысы деген не өзі?» деп сұрақ қойғаны. Сонда мен оған айттым: «Тұра тұр, алдымен Президент дегеннің не екенін анықтап алайықшы...» деп. Бұл жағдайды мен күлкілі мысал ретінде келтіріп отырған жоқпын. Біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, Абай атамыз айтқандай, соқтықпалы, соқпақсыз жолмен жүруге мәжбүр болдық. Мемлекет құрудың баяғы бір заманда бабаларымыз салып кетті деген сүрлеу жолының өзі ғасырлар шаңына көміліп, іс жүзінде із-түзсіз жоғалып кеткен-ді. Шынтуайтына келгенде, кейінгі ғасырлардағы хандықтарымыздың бойында мемлекеттіліктің құжатталып белгіленген шекара, тұрақты әскер, төл ақша, кеден сияқты ең қарапайым белгі-нышандарының өзі толық болмағаны анық қой. Аты бар да, заты жоқ автономиядан басталып, кейіннен ғана сөз жүзінде федерацияның субъектісі – одақтас республикаға айналған Қазақ КСР-і мемлекеттілік сипаттардан атымен дерлік ада еді. Сондықтан да егемендіктің елең-алаңында әр түрлі, оның ішінде біз үшін тосын шешімдер де қабылдауымызға тура келді. Олардың арасында кейбіреулерін, мысалы, вице-президент лауазымының енгізілуін сәтсіз шешім деуге де болуы мүмкін. Өйткені, көп ұзамай-ақ бұл лауазымдағы адамның негізінен хаттамалық сипаттағы міндеттермен шектелуге мәжбүр екеніне өзімнің де көзім жетті. Кейіннен Конституцияда бұл қызметті билік құрылымынан алып тастауға тура келді. Бірақ, қателіктің де пайдалы жақтары болады. Тәуелсіздік табалдырығында елдің ең жоғары билік құрылымына вице-президент лауазымы енгізілмегенде, ел Президентін билікті бір қолға жинап алғысы келді, демократияның үздік үлгісі саналатын АҚШ-тың өзінде баяғыдан бар қызметті тәрк етті, ол қызмет болғанда мына мәселе былай шешілер еді деген сияқты айыптаулардан көз ашпас па едік, кім біледі?... – Сіз «Қазақстан жолы» атты кітабыңызда: «Қазақ КСР-інің сол кездегі қолданыстағы Конституциясы жаңа Конституцияны қабылдауды тек парламенттік жолмен іске асыруды қарастырған. Сондықтан да Жоғарғы Кеңес өзінің шешуші билік өкілеттілігінің көбін сақтап қалды, ал бұл кезде президенттік билік енді ғана қалыптасу сатысында болатын» деп жазғансыз. Президент пен парламент арасындағы ол тұстағы саяси оқиғаларды сипаттаған авторлардың арасында «текетірес», «қақтығыс» деген сияқты анықтамаларды қолданатындары аз емес. Сіз өзіңіз жылдар өте келе сол оқиғаларға қандай баға берер едіңіз? – «Текетірес», «қақтығыс» сөздері Президент пен Парламент арасы әбден ашылып, бітіспес жағдайға жетіп, ақыр аяғында бүкіл әлемнің көз алдында Ақ үйді атқылаумен, тіпті қан төгумен тынған Ресей жағдайына дәлірек келеді. Ал Тәжікстандағы 1992 жылғы тіресудің аяғы немен біткенін айтудың өзі ауыр. Ондағы халықтың бір-бірін қынадай қырған азамат соғысы барысында жүз мыңға жуық адамның өмірі қиылған еді. Осылардың бәрін ескере келгенде, мен біздегі жағдайды «келіспеушілік» деген сөзбен анықтаған болар едім. – Сонда ол келіспеушілік неден басталды? – Талай дүние оқып жүрмін, солардың ішінде 1992-1993 жылдардағы жағдайларды Президент пен Парламенттің, тіпті нақты Назарбаев пен Әбділдиннің тіресуіндей етіп көрсететін мақалалар да табылады. Бұлай ету – мәселенің мәнісін оңайлатып көрсету. Сол жылдардағы біздің келіспеушілігіміз ескі мен жаңаның болмай қоймауға тиісті келіспеушілігі еді. Ол келіспеушіліктің түйінін тарқатуда екі жақтың да, соның ішінде Парламент депутаттарының да, мәмілеге келуге қабілеттілігінің атқарған рөлі үлкен. Мәмілеге келмесек, ортақ іске нұқсан жасайтынымызды конституциялық құрылыстың барлық қатысушылары түсінді. Мұны арнайы айтқым келеді. Келіспеушілік ә дегеннен Конституциялық комиссияның отырыстарында-ақ басталды. Комиссия құрамына Жоғарғы Кеңес Төралқасының мүшелері, ондағы комитеттердің барлық төрағалары кіретіні белгілі. Өкінішті жері сол, олардың көпшілігі комиссиядағы басты мақсаты болашақ Конституцияға Жоғарғы Кеңестің, барлық деңгейдегі кеңестердің билік вертикалын қалайда сақтап қалу деп білгендей әсер қалдырды. Бұл Ресей Жоғарғы Кеңесінің дәл осындай әрекеттеріне еліктеу болатын. Ол кездегі депутаттардың көпшілігі Жоғарғы Кеңесте тұрақты жұмыс істемейтін, халық қалаулысы міндетін негізгі шаруасымен қатар атқара беретін. Заң шығарушылық іске тіпті бейімі жоқ сол адамдар Жоғарғы Кеңеске келеді де, бюджеттің ала арқанын әрі тарт та бері тартпен айналысады, қайткенде өзінің өңіріне көбірек ақша қарпып қалуға тырысады. Бүкіл халыққа, тұтас мемлекетке қызмет ету екінші қатарға ысырылады. Депутаттардың дені жалпы ұлттық мүдделер деңгейіне көтеріле алмады, аймақтық мәселелерден шықпай қоятын болды. Олар бөлу функциясын өздеріне алады да, реформа үшін жауапкершілікті Үкіметке аудара салады. Оларға белгілі бір салада жалақыны өсіру жөнінде шешім қабылдап, жақсыатты бола қалу да түк емес еді. Қаржы қорларымен жеткілікті қамтамасыз етілмеген зейнет заңнамасын қабылдаудың, әр түрлі әлеуметтік төлемдер, ақшалай өтемақылар және жеңілдіктер белгілеу жұртшылықтың «мейірімді Парламент» қабылдаған жақсы заңдарды орындамаған «мейірімсіз Үкіметке» наласымен ғана бітті. Біздің шаруамыз заң, қаулы қабылдау, ал оны орындау Үкіметтің шаруасы деп қарап отыратын. Үкімет жоқ қаражатты қайдан алады? Онда шаруалары болмады. Сол кезде Парламент үйінің алдында ауық-ауық наразылық митингілері өтіп жататын. Бірнеше рет аштық жариялаушылар да болды. Депутаттар оларға барып, «Бізге не дейсіңдер? Бұл жөнінде біз қабылдаған заңда былай жазылған, оның орындалуын Үкіметтен талап етіңдер» деп артық-ауыс ақылдарын айтатын да кабинеттеріне қайтатын. Сауыншылар мен тракторшыларды зейнетке 45 жаста шығару сияқты заңдар да сол кезде қабылданған еді. Экономика көңілдегідей жұмыс істемей, қазына қоржыны бос тұрған, зейнетақы, жалақы төлей алмай тұрған кезде мұндай заңдардың пайдасынан зияны көп болатын. Түбінде мұның өзі мемлекетімізге өте қауіпті жағдай еді. Ақыр аяғында әлеуметтік төлем бойынша бірнеше жылдық қарыз жинақталды. Кейіннен әлгіндей мемлекет есебінен мырзалықтың жөні келіспейтініне депутаттардың өздерінің де көздері жетті, тиісті заңнан жаңағыдай көкейге қонымсыз баптар алынып тасталды. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Депутаттардың көпшілігі жаңа жағдайдағы парламент қызметінің атымен жаңарғанын, өтпелі кезең мен мемлекеттілікті қалыптастыру жағдайында оның өте өрелі сипат алғанын аңғарып үлгере алмай жатыр. Ол, әлеуметтік және ұлттық мүдделерді үйлестіре отырып, жалпыхалықтық, мемлекеттік мүддеге айналдыру, сөйтіп, күллі халықтың еркін білдіру. Бірақ көптеген депутаттар бұрынғыша өздерін императивті мандат иелеріміз деп санайды. Ол – кешегі жергілікті билік орындары айтуымен, депутаттарды аймақтық дамытуға қосымша қаражат алуға пайдаланып қалуға тырысатын кеңестік дәстүрдің салқыны. Депутаттарды ондай бұғаудан құтқару басқа елдерде әлдеқашан жүзеге асты. Француз ұлттық жиналысының 1789 жылы өз депутаттарын ешқандай императивті мандаттан тәуелсіз, бүкіл ұлттың еркін білдіруші деп жариялағанын айтсақ та жеткілікті».Н.Назарбаев.
«Ғасырлар тоғысында», А., 1996, 172-бет.
Конституция жобасын жасауда да, оны Парламентте талқылауда да мен бұл жағдайдың қоғам мен мемлекетте қақ жарылуға жол беруге жеткізбеуін алдымен ойладым. Бұғанасы жаңа бекіп жатқан мемлекеттің, көпұлтты, көптілді, көпдінді мемлекеттің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау бәрінен де маңызды еді. Елдегі ішкі саяси тұрақтылықты сақтап қалсақ, мемлекеттің түйінді мәселелерін әлі де шеше жататынымызды ұдайы есте ұстадым. Оны жете ойламаған жерде қандай жағдай орын алуы мүмкін екенін Ресейдегі 1993 жылғы оқиғалар көрсетіп берді. Қазір адамдардың көбі ұмытып та кеткен болса керек, сол кездегі кейбір митингілерде облыстардың өкілеттілігін күшейту дегенді оларды тап бір федеративті құрылымның субъектілеріндей ету жөнінде де талаптар қойылған еді. Мұның өзі егемендігімізге, тұрақтылыққа, әрбір қазақстандықтың отбасының тыныштығына тікелей қатер төндіретін жағдай екенін түсіну қиын емес. Жалпы, сондай талаптардың қойылғаны бір жағынан жақсы да болды. Неге десең, осы арқылы біз түрлі деңгейдегі әкімдерді сайлауға саралап қарау керектігін, ал облыстар әкімдерін сайлаудан тартыну жөн екенін біржола ұқтық. Жаңағы Ресейдің өзінде губернаторлар сайлауынан пайда тауып жарытпағанын қазір жұрттың бәрі де айтады. – Анталияда болғанымда Ресейдің Алтай өлкесінің бір азаматымен сөйлесіп қалған едім. Сол жігіт өздерінде губернаторлар сайлауы пайда бермегені былай тұрсын, тіпті зиян әкелгенін ашық айтып жатты. Ол өлкеде сатиралық актер Михаил Евдокимов губернатор болып сайланып еді ғой. Кәдімгі әртіс, Жванецкий, Задорнов сияқты сатириктердей өз жанынан шығаратын да өнері жоқ, тек өзгелердің жазғанын жаттап алып, сахнадан оқып беретін адам. Теледидар арқылы берілетін юморлық хабарлардан жақсы танитын жұрт сүйікті әртісіне жапырлап дауыс берген де, губернаторлыққа сайланып шыға келген. Аяғы немен біткенін бәріміз білеміз. Сөздің ретінде айтып жатқаным. Ол жылдарда біраз уақыт Президент пен Үкімет аппараттары бірге болды ғой, сондағы Ішкі саясат бөлімі Парламент ғимаратының Панфилов көшесі жақ бетінде орналасқан еді. Парламентте аса маңызды мәселелер талқыланатын күндері, жауын-жауынның арасында дегендей, ғимараттың қақ ортасындағы дөңгелек залдың балконына барып, әңгіменің бәрін емін-еркін тыңдай беретінбіз. Сонда ұлт туралы, тіл туралы талай-талай тартыстарға куә болғанбыз. – Иә, ұлттық мәселелер бойынша небір пікірсайыс өршіп жатты. Конституциялық комиссияның кейбір мүшелері ұлттық мемлекет құру мәселесін ашықтан ашық көтерді. Президент те, Жоғарғы Кеңес төрағасы да міндетті түрде қазақ болуы керек дегенді Конституцияға жазып қоюды ұсынды. Мен мәжілістерде қайта-қайта сөйлеп, мұндай әсірепатриотшылыққа тойтарыс беруге мәжбүр болдым. Конституция көпұлтты халықты бөлуге емес, біріктіруге тиіс. Осы мәселе бойынша қатты айтыс өрістеді. ДӘЙЕКТЕМЕ: «А.Перегрин: – Енді қазақ Президент туралы айтайын. Біздің комитетте құқық қорғаушы америкалық делегация жүр. Олардың маған қойған бірінші сауалы: «Ол адамның қаншалықты қазақ екенін қандай рәсім арқылы анықтамақшысыздар?». Мен жауап бере алмадым. Құрметті депутаттарға Президент те мұның қандай рәсімнің көмегімен анықталатынын айта қоймады. Айталық, балалар үйінен шыққан, қысық көзді, шықшыты үлкен адам бар дейік, паспортында қазақ деп жазылған, сол кісі президент болып сайланады, кейіннен қараса – өзбек екен. Мұндайда не басталады? Конституциялық сот, парламенттегі айтыс-тартыс, импичмент бастала ма? Мұндай рәсімді доктор Геббельс білген, осындай тұжырым жазуды ұсынып отырғандар білген. Өкінішке орай, біздің зиялы қауымымыз осындай. Бұл үшін әлгіндей докторларды тәрбиелеп, жастарды сондай жазбаның дұрыстығына сендіру керек. Мынандай жазбаны ұсынып отырғандардың ойсырап ұтылғанын тілеймін». «Н.Назарбаев: – Осы залда ұлттық белгі бойынша бөліне бастағанымыз маған ұнамайтынын адал түрде, ашық айтпақшымын. Неліктен қазақтар бүкіл Қазақстан халқының алдындағы сөзін біздің стратегиялық одақтасымыз ұлы орыс халқына, оның тіліне, біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағын байланыстырып отырған халыққа, Ресейдің Қазақстанмен қатынасына құрмет сөздерінен бастамасқа? Неліктен біздің ұлты орыс отандастарымыз өз сөздерін сын-сынақтарда, шайқастарда қанын төге жүріп, тәуелсіздікке қол жеткізген, көрмегені жоқ қазақ халқының ауыр тағдырын айтудан, бұл халыққа көреалмаушылықпен қараудың жөнсіздігін, бұл халықтың бақыты жаңа ғана гүл жара бастағанын айтудан бастамасқа? Неліктен бізде бір-бірімізге ұмтылыс жоқ, неге біз әңгімені осындай сөздерден бастамаймыз?».Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 9 желтоқсандағы кешкі мәжілісінің дәлжазбалық есебінен. 44, 46-беттер.
Тілге байланысты да таласты жайлар жеткілікті еді. Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу жөнінде кезінде жан-жақты ойластырылмай қабылданып кеткен кесте болатын. 1989 жылы ма, 1990 жылы ма бекітілген әлгі кесте бойынша, оңтүстіктегі облыстарды былай қойғанда, солтүстіктегі аудандардың біразында да іс қағаздарын қазақша жүргізуге ауысу тоқсаныншы жылдардың орта шенінде-ақ шешіліп қалуға тиісті еді... Соны алға тартып, шаш ал десе бас алатын кейбір төрешілдер қазақ тілін білмейтіндерге қысым көрсетуден де кет әрі еместігін танытты. Кез келген әрекет қарсы әрекет туғызбай қоймайды. Кей жерлерде жаңағыдай пікірлерге жауап ретінде тілдер туралы заңның күшін жою талабы да қойыла бастады. Ал бұған тіпті де жол беруге болмайтын. Қолданыстағы заңды қайта қарау дегеніңіз қазақ ұлтын тәуелсіздікке қолын қатар жеткізген ұлттардың жанында қорлаумен тең болып шығатын еді. Ақыр аяғында біздің тіл саясатымыз қазақ және орыс тілдерінің, басқа да тілдердің дамуы үшін тиісті жағдайды жасауы керек деген ұстанымға жұрттың бәрі де тоқтады. Конституцияға да, тілдер туралы заңдағыдай, мемлекеттік тіл – қазақ тілі, орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып табылады деп жазылды. Конституция жобасында адамның еңбекке құқылығы туралы бұрынғы Конституциядағы (дұрысында – қолданыстағы Конституция) баптың болмауы қатты айтыс туғызды. Егер адамның еңбек етуге құқын қамтамасыз ете алмасақ, онда неменеге тәуелсіз мемлекет атанып отырмыз деген сияқты өте өтімді сөздер де талай айтылды. Ал енді шындықтың бетіне тіке қарайықшы. Біз әр адамның еңбек ету құқын Конституция бойынша қамтамасыз ете аламыз ба? Ол мүмкін емес. Жұмыссыз қалғанның бәрінің конституциялық құқы бұзылған болып шыға ма сонда? Бүкіл әлемде нарық жағдайында ешкім де ондай кепілдік бере алмайды. Бере алмайды дегенім бер жағы, ол тіпті қажет те емес. Еңбекке кепілдік берілген кешегі кеңестік кезеңде еңбектің қандай қадірі кеткенін бәріміз ұмыта қойған жоқпыз. Сондай-ақ денсаулық сақтау мен білім беру саласында тегін емдеу мен тегін білім мемлекеттік медицина мекемелерінде және орта білім орындарында, яғни мектептерде беріледі деп жазуға тура келді. Олай жазылмаса, жекешенің мүмкіндігін шектеген болып шығар едік. Осы мәселелер жөнінде бірнеше рет сөз алып, түсіндіруге тура келді. Кейбір депутаттармен жеке кездесу қажет болды. – Дегенмен, бірқатар ұсыныстарыңызды өткізе алмадыңыз ғой? – Иә, қоғамның реформашыл бөлігі қолдаған ұсыныстардың біразы өтпей қалды. Мысалы, қос палаталы парламент жөніндегі ұсыныс өткен жоқ. Президенттің Парламентті тарату қағидасын көздеген баптың өтпегені өзінен өзі түсінікті. Парламентті тарату қағидасы қабылданбағаннан кейін, әрине, Президентке импичмент жариялау қағидасы да қарастырылмады. Әйтсе де, мен мәселені ширықтырып жатқым келмеді. Парламентпен тартысқа түсуден тартынуды жөн көрдім. Жағдай ішімізде де, сыртымызда да күрделі еді. Мұндайда басты нәрсе мемлекеттің тұрақтылығын сақтап қалу болуға тиіс. Тұрақтылық сақталса ең өзекті деген мәселелердің өзін уақыты келгенде шешіп алудың мүмкіндігі бар. – «Ғасырлар тоғысында» атты кітабыңызда: «Мен қоғамның озғын бөлігінің көзқарасын жүзеге асыра алмадым. Менің ұсыныстарыма Жоғарғы Кеңес басшылығы мен Төралқасының басым көпшілігі үзілді-кесілді қарсы шықты. Қызу айтыстар шықты. Ол саяси кезеңнің сипатынан туындап жатқан жағдай еді. Еліміз тәуелсіздік пен егемендік жолына енді қадам басқан-ды. Одан әрі қарай алға басуымыздың күрделене түсетінін жақсы түсіндім» деп жазған едіңіз. – Сол тұстағы шешімім тактикалық тұрғыдан өзін өзі ақтады деп ойлаймын. Қазақстанда шын мәніндегі өрелі элита қалыптасуына көп уақыт керек екеніне көз жете түсті. Уақыт бәрін де орын орнына қояды. Бұл жолы да солай болды. 1993 жылғы Конституцияда Қазақстанның республика екендігі ғана жарияланды. Қандай республика екендігі анықталып айтылмады. Президенттік республика ма? Парламенттік республика ма? Конституцияның құрылымында Жоғарғы Кеңес туралы айтылатын тараудың Президент туралы айтылатын тараудың алдында тұрғаны арқылы оны қабылдаған депутаттар жоғары өкілетті орган мемлекеттік бағыныстылықта белгілі бір дәрежеде үстемдік етеді дегенді ашықтан ашық білдірді. Бүкіл Қазақстан халқының атынан өкілдік ету құқы тек қана Жоғарғы Кеңес пен Президентке берілетіні жазылған ереже де соны аңғартатын. Жоғарғы Кеңестің бұл жерде де Президенттен бұрын жазылғанына назар аударып отырсың ғой. Соған қарағанда еліміздің сол кездегі саяси сипатын парламенттік-президенттік республика ретінде анықтауға болар еді. Мұның өзі мемлекетіміздің даму мүддесіне сай келмейтін. – Неге? – Парламенттік республикалар билікті жүзеге асырудағы басты рөл саяси партияларға тиетін нысан екендігі мәлім. Елде күшті әлеуметтік негізі бар саяси бірлестіктер қалыптасып үлгермеген жағдайда парламенттік республика жөнінде сөз қозғаудың реті де келмейді. Мұндай модель демократиясы жаңа қалыптасып жатқан Қазақстан тұрмақ, демократиясы дамыған елдердің көбіне де онша үйлесе бермейді. Парламенттік республикаларда саяси дағдарыстар президенттік, президенттік-парламенттік республикалардағыдан жиірек кездесетінін дәлелдеу қиын емес. Мен ел Президенті ретінде биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының бірлескен жұмысын жолға қоюға бар күшімді салдым. Кейде апталар бойы күнімен Парламентте отырып, депутаттардың дау-дамайын тыңдайтынмын, сауалдарына жауап қайтаратынмын. Түнге қарай кабинетіме келетінмін де, шешім қабылдауды талап етіп тұрған кезек күттірмес мәселелермен айналысуға кірісетінмін... Мәселе, әрине, менің уақытым кеткенінде емес. Мәселе реформалардың уақыты кетіп бара жатқанында. Сөйтіп, бұрынғы үйреншікті дағдылы идеологиялық тәсілдемелер мен қатып-семіп қалған қағидаларды қорғаштауын қоймаған парламентшілердің іс-әрекеті қоғамның реформашыл күштерімен қайшы келе бастады. Соның салдарынан экономиканың күні өткен құрылымы сары майдай сақталып, жаңа қоғамдық қатынастарды қалыптастыру жөніндегі бастаманың бәрі де тежеліп тұрды. Парламентшілердің ортасында кәдімгі кеңестік менталитет әбден орнығып алған еді. Ол менталитет билік тармақтарын әрқайсысы өзі жауап беретін саладағы міндеттерді аяғына дейін жеткізетіндей етіп бөлуге мүмкіндік қалдырмады. Сол кездегі Парламент басшылары да дәл сондай болды. Өкілетті органдардың демократиялық құқықтық мемлекеттің табиғатына сай келетін жаңа жүйесін жасау уақыт талабы екендігі айқын біліне бастады. Ақыр аяғында мұны депутаттардың өздері де түсінді. – Нұрсұлтан Әбішұлы, әңгіменің ең бір шетін тұсына енді ауысқан сияқтымыз. 1993 жылдың аяқ шенінде бүкіл елде барлық деңгейдегі кеңестердің өзін-өзі тарату үдерісі басталды. Былайша қарағанда, бұл үдеріс жаңалыққа, реформаларға кедергі келтіріп отырғанын түсінген Жоғарғы Кеңесте қолға алынуы керек сияқты еді. Бірақ оны 1993 жылғы қарашада Алматыдағы Алатау аудандық кеңесі бастады. Мұны қалай түсіндіруге болады? – Мұны жалпы кеңестер жүйесінің бұрынғы режім мен ескі идеологияның баламасына айналып кеткенімен түсіндіруге болады. Депутаттардың кінәсінен қалыптасқан жағдай емес ол. Кеңестер мемлекеттік құрылымды жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды одан әрі дамыту жолында құқықтық кедергіге айнала бастаған еді. Кеңестердің толық билігі үлгісі уақыт шындығына сәйкеспейтін жағдайға келген еді. Мұның өзі депутаттық корпустың өз жұмысына ықыласын төмендетті. Қайта құрудың бастапқы кезеңінде кеңестерге қандай үміт артылғанын өзің жақсы білесің. Кеңес одағы әбден идеологияланған қоғам болғаннан кейін ол жүйе өмір сүрген соңғы жылдарда әкімшіл-әміршіл жүйені сынап сөйлемейтін адам қалмады. Әсіресе, КСРО Халық депутаттарының съездерінде депутаттар өңешін созып, қызыл кеңірдек болып жататын. Алғашқы съезде-ақ баяғы Ленин айтатын «Барлық билік Кеңестерге берілсін!» деген ұран қайтадан жаңғырған еді. Әуелде ол ұстанымды біз де қолдағанбыз. Сөйтсек, кеңестер билікті алуға тіпті де дайын болмай шықты. Жоқ, билікті алуға дайын ғой, сол билікті пайдалануға дайын болмай шықты. Жетпіс жыл бойы партия комитеттерінің айтқанына көніп, айдауымен жүріп үйренгендіктен кеңестер саяси мәселелерде де, шаруашылық істерінде де дербес қимылдауға дәрменсіздігін көрсетті. Мұның өзі жаңағы Алатау аудандық кеңесінің барлық деңгейдегі депутаттарға жариялаған үндеуінде ашық айтылған еді. Парламентіміздің жаңа реформаларға кедергі болып отырғанын мен ашық айтып жүрдім. Кейбір депутаттардың өздері де біз тарауымыз керек дейтін. Мұны бүкіл ақпарат құралдары да айтып жатты. Ақыры бұл іске қозғау салынды. Әуелде Алматының аудандық мәслихаттары тарапынан қолдау тапқан бұл бастама кейіннен бүкіл республика бойынша жалғасып жүре берді. Барлық мәслихаттардың сессияларында депутаттар сайлаушылардың еркін жүзеге асыруға қабілетсіз болып отырғандарын өздері айтты. Ақыр аяғында бұл толқын Жоғарғы Кеңеске де жетті. – «Жоғарғы Кеңестің өзін-өзі таратуы тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы аса бір драмалы оқиға болды. Тарихшылар осы бір ел үшін тағдырлық маңызы бар шешімді қабылдауға депутаттарды итермелеген себептерді әлі де талай талқылайтыны аян» – сіздің «Қазақстан жолы» атты кітабыңызда осылай жазылған. Ол кітап 2006 жылы жарық көрген еді. Тәуелсіздік кезеңінің тарихшылары бұл үдерістің себептерін әлі пайымдап жатқан болар... Сіз мұндай шешім неліктен қабылданды деп санайсыз? – Ана жолы бір әңгімеде Чехов кейіпкерінің: «Ондай болуы мүмкін емес, өйткені ондай болуы еш уақытта мүмкін емес» деген сөзін келтіргенмін. Сол сөзді мына арада керісінше етіп, ондай болмауы мүмкін емес еді деп айтудың да реті бар. Жоғарғы Кеңестің тарамауы мүмкін емес еді. Бар мәселе оның не ерте, не кеш тарауында ғана болып тұрған еді. Жоғарғы Кеңесті өзін-өзі таратуға жеткізген жағдайлардың ең бастысы – жалпы кеңестік жүйенің күйрей қирауы. Біздің бақытымыз – биліктің екі тармағының, яғни атқарушы және заң шығарушы тармақтардың келіспеушілігін бейбіт жолмен шешуге қол жеткізгеніміз. 1993 жылғы Мәскеудегі жағдайды тағы еске алуға тура келеді. Әлемнің қай елінен де бізге Ресейдегі оқиғалар көбірек әсер ететінін айтудың өзі артық. Кантемир дивизиясының танкілері Ресей Федерациясы Жоғарғы Кеңесінің ғимаратын бүкіл әлемнің көз алдында атқылап жатқан сағаттарда мен Қазақстанда ахуалды тек күшті президенттік билік қана тұрақты күйде ұстап тұратынына, осындай жағдайда ғана біз экономиканы белсенді ырықтандыруды жүзеге асыра алатынымызға түпкілікті көз жеткіздім. – Сол күндерде Борис Ельцин сізге хабарласып, Ресейдегідей жағдай қайталанбауы үшін, реформаларды кедергісіз жүргізу үшін кеңессіздендіруді тезірек жүзеге асыру жөнінде кеңес берген деген де сөз бар ғой? – Ол кезде Ельциннің ешкімге кеңес беретін жағдайы жоқ еді. Негізінде, дәл ондай қанды текетірес болмаса да ендігі жерде кеңестердің күні өткеніне көз жеткізу қиын емес еді. Сол кезде барлық деңгейдегі кеңестерде мынандай парадокс жағдай қалыптасқан-ды. Парламенттегі көптеген адамдар әрі басқа жақта жұмыс істейтін, әрі депутаттық міндет атқаратын. Былайша айтқанда, бір жағынан биліктің заң шығарушы тармағының, бір жағынан атқарушы тармағының өкілі... Мысалы, үлкен шаруашылықты басқаратын адам Жоғарғы Кеңес депутаты ретінде сессияларға келіп кетіп жүреді. Сонда өзі заң қабылдайды, кейін сол заңды өзі орындайды. Әрине, ол орындауға ыңғайлы заң қабылдауға бейім тұрады. – Біраз кітаптарда, мақалаларда Қазақстанда кеңестердің өзін-өзі таратуы туралы айтылғанда осы сөз «өзін-өзі тарату» деп, яғни тырнақшаға алынып жазылады. Мұндай күрделі үдерістің бүкіл елде бас-аяғы бір айдың ішінде басталып, біте қалуы өзінен өзі бола қалатын нәрсе емес екені белгілі. Сол күндерде «Комсомольская правда» «Назарбаев настаивает на разгоне Советов» , «в отличие от своего северного коллеги делает это не лобовыми атаками... депутаты отказываются от власти «сами» деп жазған екен. – Бар мәселе – түпкі нәтижеде. Оған әркім әрқилы жолмен қол жеткізуі мүмкін. Әрине, Президент, бүкіл атқарушы билік кеңестердің өзін-өзі тарату үдерісіне теріс қараған болса, бұл істі алғашқы апталарда-ақ тоқтата алар еді. Бар мәселе төменнен көтерілген сол бастаманың шынында да уақыттың талабымен үндес шыққанында ғой. Ондай бастамаға неге қарсы тұруымыз керек? Жергілікті кеңестер депутаттары топ-тобымен менің атыма хат жазып, неге Жоғарғы Кеңес өзі тарамайды деген сауал қойып жатты. Ондай сауалдарды мен депутаттардың өздерінің қарауына жіберетінмін. Жоғарғы Кеңестің бір топ депутаттары менің атыма ұжымдық өтініш жазып, депутаттық өкілеттіктерден босатуды сұрағанда да мен Конституция маған мұндай құқық бермейді, сондықтан бұл мәселені Жоғарғы Кеңестің таяудағы сессиясында күн тәртібіне қоюларыңызға болады, оны қарайтын да, шешетін де