ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ АРҚАУЫНА АЙНАЛДЫ
Тәуелсіздіктің жиырма жылында Қазақстан толағай табыстарға қол жеткізді. Парламент Мәжілісінде кеше «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан: Тәуелсіздікке – 20 жыл» тақырыбымен өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда осы мәселе жан-жақты пайымдалды. Осылайша аталған шара арқылы өткенге көз сала отырып, болашақты бағамдауға қадам жасалды.
Конфренцияға қатысушылар Мәжілістің жалпы отырыс өткізетін залдың фойесіне қойылған көрмеден Тәуелсіз Қазақстанның өткен белестерін бедерлейтін фотоматериалдарды тамашалауға мүмкіндік алды. Көрмеге қойылған фотоларда еліміздің алғашқы тәуелсіздік алған 1991 жылдың 16 желтоқсанындағы сәттерден бастап, қазіргі кезді де қамтыған көріністер сыр шертеді. «Елдің құрылуы», «Ядроға қарсы саясат», «Халықаралық байланыстар мен бастамалар», «Астана», «Мәдениет және спорт» деген тақырыптарға бөлінген экспозиция көпшілік ықыласын тудырды.
Конференция жұмысына еліміз, Қырғызстан мен Ресей Федерациясы парламенттерінің депутаттары, халықаралық және қоғамдық ұйымдар өкілдері, бірқатар министрліктер мен ведомстволар басшылары, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Конференция «Тәуелсіздік пен ұлттық ой-сананың жетілуі», «Тәуелсіздік – жаңа Қазақстанның басты байлығы», «Қазақстан барысы мен Беларусь зубры: 20 жыл бойы бірге», «Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия жобасы: ресейлік көзқарас», «Қазақстан қазіргі шындық алаңында» және өзге де өзекті деген тақырыптарды қамтыды.
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ә.Жолшыбеков өзінің кіріспе сөзін «Біз бірлігі жарасқан еңселі еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған алқалы жиында бас қосып отырмыз», деп бастап, тақырыптың негізгі тінін айқындап берді. Қазақта «Бақ қайда барасың, десе – Ынтымаққа барамын» деген аталы сөз бар, расында да осынау ынтымақтың арқасында бақ қонған мемлекет аз уақыт ішінде дүниені дүр сілкіндіріп, «Қазақстан» атты тарихы бай, қонақжай және экономикасы қарыштап дамып келе жатқан, болашағы жарқын мемлекеттің бар екеніне төрткүл дүниенің көзі жетті, деді Әмзебек Рысбекұлы. Тәуелсіз Қазақстан осынау 20 жыл ішінде өзінің бейбітшілікті қалайтын, ұлтаралық келісімді қолдайтын іргелі ел екенін дәлелдеді. Сонымен қатар, жас мемлекетіміздің алар биігі әлі алда екенін мойындаған әлем жұртшылығы Қазақстанның болашағына қызыға қарайтыны да жасырын емес. Өйткені, 20 жылда барлық салаларда осындай жетістіктерге қол жеткізген Қазақстан үшін бұл үлкен шыңның бастауы ғана сияқты көрінеді.
Қазақстан мемлекеттігін құру барысында Тұңғыш Президенттің жарқын талантының, ұлттың Көшбасшысының айналасына ұйысуының арқасында әлеуметтік саясатты, экономиканы дамытуды және келісім мен бейбітшілікті сақтаудағы маңызды міндеттерді шешуде күш біріктіре білдік. Ең негізгісі мемлекеттік шекараны шегендеу мәселесі өткір қойылды. Қазақстанның алдында көршілерімен мыңдаған шақырым шекараны делимитациялау мәселесі тұрды. Бұл және өзге де трансшекаралық мәселелер дер кезінде шешімін тапты. Соның нәтижесінде Қытаймен, Өзбекстанмен, Түркіменстанмен, Қырғызстанмен және Ресеймен шекара мәселесі халықаралық-құқықтық деңгейде шешімін тапты. Бұдан басқа Қазақстан 20 жылдан бері ядролық қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау режімін күшейтуге күш салып келеді. Президент Жарлығымен әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартылып, Семей полигоны жабылды. Қазақстанның бұл салада көшбасшы екенін 2010 жылы Семей өңіріне келген БҰҰ Бас хашысы Пан Ги Мун да өз сөзінде ерекше атап өткен болатын.
Еліміздің өтпелі кезеңіне шолу жасаған Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.Бобров бәрін қайтадан бастауға тура келгендігін тілге тиек етті. Елбасының көрегендігі арқасында Қазақстан саяси жүйесі тұрақты, рыноктық қарым-қатынасқа көшкен және азаматтары әлеуметтік жағынан қорғалған елге айналды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция 132 миллиард долларға жетті. Ішкі жалпы өнімді жан басына шаққанда 12 есеге өсіп, 10 мың АҚШ долларын құрады. Осылайша қазақстандықтардың табысы 17 есеге дейін ұлғайды. Медицина мен білім беру өмір сапасының басты құрамдас бөлігі ретінде басым міндеттер болып табылады. Соңғы онжылдықта денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы он есеге артты. Қазақстан сауаттылық көрсеткіші бойынша әлемдегі белді елдер ішінде 14 орынға тұрақтаған. Мұның барлығы адам капиталын еселеуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ еліміз ЕурАзЭҚ-тың белді мүшесі болып табылады. Сарапшылар Кеден одағы құрылуының арқасында тауар айналымын 400 миллиард долларға жеткізетін әлеует бар дегенді айтады. Қазақстан Еуразия кеңістігінде саяси, мәдени және экономикалық жағынан тоғысқан ел астанасын салып алды. Сондықтан да әрбір қазақстандық өз елімен мақтана алады.
Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші Төрағасының орынбасары А.Жээнбеков Қазақстан мен Қырғызстан бауырластық қарым-қатынастарды ерекше деңгейде сақтай білгендігіне тоқтала кетті. Енді екі ел жақын достар ғана емес, сонымен қатар, стратегиялық әріптестер және одақтастар да болып табылады. Елдер арасындағы сауда-саттық та соңғы кезде өсуге бет алған. Қазақстан Қырғызстанның ең басты сауда әріптесі болып табылады. 2010 жылы арадағы сауда айналымы 1 миллиард АҚШ долларына жеткен. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық. Биыл да сауда-саттық 20-25 пайызға өседі деп күтілуде.
Қазақстандағы тұрақтылық пен келісім жайын сөз еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Е.Тоғжанов былай деді: «Тарих Нұрсұлтан Назарбаевтың дұрыс таңдау жасағанын және саяси алысты болжайтындығын дәлелдеді. Оған мысал – Конституцияға елдің саяси жүйесін модернизациялау жөніндегі бірқатар инновациялардың енгізілуі, соның ішінде заңды түрде Назарбаев моделі аталып кеткен, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің іс жүзінде жүзеге асуының құқықтық тетіктері бекітілгендігі». Қазақстандық этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім моделінің тұсаукесері 2009 жылы БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінде өткізілген. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы Аз ұлттар жөніндегі жоғарғы комиссар тарабына да бұл модель жан-жақты паш етілді. Бүгінгі таңда Қырғызстан және Ресей халықтары ассамблеясымен келісімдерге қол қойылған.
Еліміздің сыртқы саясаттағы жетістіктеріне шолу жасаған Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Сарыбай Тәуелсіздігіміздің аясында Елбасы белгілеген сыртқы саясаттың басым бағыттары сәтімен жүзеге асырылып, бүгінде Қазақстан бүкіл әлем таныған беделді де ықпалды мемлекетке айналғанын атап өтті. Вице-министрдің пайымынша, Елбасының аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы жеке үлесі зор. Және Астананың ең өзекті деген халықаралық мәселелерді шешу және жаңа әлем тәртібін қалыптастыру үдерісіне жоғары деңгейде, биік мәртебемен қатысуына мүмкіндік туғызып отыр. Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропалық Одақпен және өзге де елдермен тату көршілік, достық және стратегиялық әріптестік қарым-қатынастары орнаған. Президент бастамасымен қабылданған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Сарыарқаның төрінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммитінің өткізілуі, сөз жоқ, отандық дипломатияның ең ірі табыстарының бірі болды. Астана декларациясы қауіпсіздіктің Еуро-Атлантика мен Еуразия аумағындағы біртұтас және бөлінбейтін үдерісі қалыптасуын бастап бергені хақ.
Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы біржылдық төрағалық шеңберінде 110-нан астам іс-шара өткізілді, деді сыртқы саясат ведомствосы басшысының орынбасары. Астанада өткен тарихи Саммит ұйымның онжылдық жұмысы қорытындыларын шығарып, оның әрі қарай даму келешегін айқындап берді. Үстіміздегі жылғы 28-30 маусым күндері елордамызда Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясы өтсе, еліміз содан бері Ұйымның осынау маңызды саяси органындағы біржылдық төрағалығын атқаруда. Қатысушылардың жалпы пікіріне сүйенсек, Астанадағы кездесу Ұйымның дамуындағы тарихи белес ретінде қарастырылады.
Беларусь Ұлттық ғылым академиясы Әлеуметтану институтының директоры И.Котляров екі ел дамуындағы өзіндік ұқсастықтарды келтіре отырып, табысты қадамдарды ашып көрсетуге тырысты. Ғалым, әсіресе, Қазақстанның жетістіктері орасан екендігін тілге тиек етті. Қазір әлем қазақстандық ғажайыпты қар барысының секірісіне теңеп жүр. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемдік державалардың жаһандық бәсекесінде өз халқының мүддесін сақтап қалды, сондай-ақ дұрыс экономикалық шешімдерді қабылдап келеді. Конституцияға енгізілген өзгерістер Парламент пен саяси партиялар рөлін арттыруға мүмкіндік берді, деді
Бұдан кейін сөз Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультеті деканының даму жөніндегі орынбасары, ММУ АТО бас директоры А.Власовқа берілді. Сарапшы өз сөзінде Н.Назарбаевтың бастамасы ТМД елдерінің басын біріктіргендігін, бұл еуразиялық идеяның қалануына негіз болғандығын қаперге алды. 90-шы жылдары бұл ой көпшілік санасында қиял болып қалыптасса, араға жылдар салып ол өзінің шын мәнінде жүзеге асқандығын көрсетіп отыр. Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін алған 20 жылда оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаев интеграциялық өзара ықпалдастық аспектілерін дамытуға күш салып келеді. Қазақстанның посткеңестік кеңістікте интеграцияның локомотивіне айналып отырғаны да сондықтан, деді.
Бұдан кейін сөз алғандар да жиырма жыл ішінде Қазақстанның маңызды саяси және экономикалық реформалар жүргізгендігін, соның нәтижесінде мемлекеттіліктің тұрақты негізі қаланып, азаматтық қоғамды дамытуға қол жеткізілгенін ерекше атады. Еліміздің қалыптасуы мен Астананың нығаюында Елбасы Н.Назарбаевтың рөліне ерекше маңыз берілді. Елдің сыртқы саясаттағы жетістіктері, конфессияаралық үнқатысу бағытындағы жетістіктері де назардан тыс қалған жоқ.
Қорыта келгенде, Қазақстанның демократиялық, әлеуметтік бағытқа бет бұрған жетістіктері жан-жақты сараланды. Конференцияға қатысушылар еліміздің дамуы барысын, оның жетістіктерін үнемі бақылап келе жатқандықтарын байқатты. Ендігі мәселе Қазақстанның мемлекет құрып, қалыптастырудағы тәжірибесін халықаралық қоғамдастық тарапынан терең түсінуге мүмкіндік туғызу болып табылады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.
Суретті түсірген Сайлыбай МАЙЛЫБАЕВ.