Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғалы жаһандық қоғамдастықта өзінің лайықты әрі елеулі рөлін одан әрі бекітіп келеді. Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік беделі мен байыпты сыртқы саяси стратегиясының арқасында халықаралық қоғамдастықта дипломатиялық зор табыстарға қол жеткізіліп, ел мәртебесін көтерер мазмұнды іс-шаралар жүзеге асырылды. Елбасымыздың бастамасымен өткізген ЕҚЫҰ саммиті еліміздің сөзсіз үлкен жетістігі болып табылады.
Қазақстан бүгінде заманның көкейкесті мәселелерін шешуде халықаралық қоғамдастықтың жауапты әрі толыққанды әріптесі ретінде қаруды таратпау тәртібінен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дейінгі көптеген бастамаларға белсене атсалысуда. Бұған Қазақстанның 29 тамыз – Семей полигоны жабылған күнді Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау туралы ұсынысына БҰҰ-ның қолдау көрсеткені нақты дәлел бола алады.
Өткен аптада бүкіл әлем еліміздің бейбітсүйгіш саясатына тағы да куә болды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66-сессиясында сөйлеген сөзінде ядролық таратпау мен ядролық қызметті бақылау саласында бірқатар маңызды бастамалар топтамасын алға ұсынды. Елбасы өз сөзінде ядролық қаруға ие мемлекеттердің одан бас тартуына мағыналы баламаның жоқ екенін айтты және бейбіт атом қуатын қауіпсіз қолдану қағидаларын қайта қарау туралы ұсынысын жария етті.
Сондай-ақ, еліміздің Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың 18-24 қыркүйек аралығында Нью-Йоркте өткен бірқатар маңызды шаралар барысындағы белсенді жұмысы Елбасымыз басқарған отандық делегацияның БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясына тың мазмұн қосты. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы 30-дан астам екіжақты кездесулер өткізіп, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) күшіне енуіне ықпал ету бойынша Халықаралық конференция мен жоғарғы деңгейдегі маңызды жиналыстарда баяндама жасады.
Қазақстанның БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясына қатысуы мұсылман елдерінің ауызбіршілігін нығайтып қана қоймай, ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің біріккен сыртқы саяси қадамдарына ұйытқы болғаны мәлім. Сессия барысындағы министрдің алғашқы кездесулерінің бірі Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлымен болды. Әңгіме барысында тараптар ИЫҰ-ны жаңғыртудағы бірлескен тиімді жұмыстарды құптап, Палестина, Таяу Шығыс және Солтүстік Африкадағы ахуалдар мен Сомалидегі гуманитарлық дағдарысты еңсеру сияқты өзекті мәселелерді талқыға салды. Бұл мәселе Қазақстанның төрағалығымен өткен ИЫҰ Атқарушы комитетіне мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің Нью-Йоркте өткен бейресми кездесуінің назарында да болған еді. Орын алған пікір алмасу ИЫҰ-ның мұсылман үмбеті алдында қойылған өзекті мәселелерді шешуге және Ұйымның ұстанымын одан әрі үйлестіруге мүмкіндік берді.
Осы бағытта Қазыхановтың төрағалығымен ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің жыл сайынғы үйлестіру кездесуі өтті. Соның барысында ИЫҰ делегаттары Палестинаның жағдайына ерекше назар аударып, Қазақстан тарапының ұсынысымен 57 мемлекеттің министрлері алдында Палестина Президенті Махмұд Аббас сөз сөйледі. Осы маңызды жиналыстың соңында Ұйым бір ауыздан Палестина мемлекетінің БҰҰ-ға мүшелігін қолдау жөнінде саяси қарар қабылдады. Қазақстан төрағалығы арқасында қол жеткізілген осындай саяси ауызбіршілік мұсылман және халықаралық қауымдар үшін өте маңызды серпіліс болды.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы, сонымен қатар, Ливиядағы және Сомалидегі ахуалға қатысты басқосуларда еліміздің ұстанымын жариялап отырды. Олардың әлемдік қоғамдастық көзқарасымен үйлесетіні атап көрсетілді. Бұл орайда Е.Қазыхановтың ЕҚЫҰ-ның «үштігі» шеңберінде Литва Сыртқы істер министрі – ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы Аудронюс Ажубалиспен, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы (ЯСЖТШҰ) Дайындау комиссиясының атқарушы хатшысы елші Тибор Тотпен, т.б. кездесулерін де атап өткен жөн.
Мәселен, Т.Тотпен кездесуде сұхбаттасушылар Астана мен Семейде үстіміздегі жылғы 12-13 қазанда өтетін «Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумға дайындық жайын талқылап, осы іс-шараның әлемдік үдерісте ядролық сынақтарға толықтай тыйым салу жолында оң үдеріс қалыптастыратынын атап өтті.
Форумның өткізілуі Елбасының ядролық қарусыздану саласындағы салиқалы бастамаларын жүзеге асыруда халықаралық қауымдастықтың назарын ерекше аударуы тиіс екенін атаған абзал. Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің директоры Юкио Амано, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының қарусыздану жөніндегі арнайы өкілі Сержио Дуарте, бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Африка Республикасының бұрынғы президенті Фредерик де Клерк, «қырғи-қабақ соғыстың» аяқталуына зор үлес қосқан Германияның бұрынғы сыртқы істер министрі Ганс Дитрих Геншер сияқты саясат саңлақтары қатысатын кең-ауқымды іс-шара ядролық қарудан бас тартпаған және ЯСЖТШ-ны ратификацияламаған мемлекеттерге халықаралық қысымды күшейту мақсатын көздейтін болады.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі тың бастамаларын жүзеге асыру отандық дипломатияның қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі болып қала бермек. Ал Қазақстан Президентінің жаһандық қауіпсіздік және ядролық қарусыздану жөніндегі көшбасшылығы әлем назарын аударып отырғаны анық.
Сәулебек КӨКШЕҰЛЫ.