Дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров: «Жанына халқымыздың жылқы жаққан, жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан...» дегеніндей жексенбінің ала таңымен таласа оянған астаналықтар қаланың оңтүстік-батысында орналасқан атшабарды бетке алып ағылсын кеп. Тіпті жеңіл көліктің көптігі соншалық, ығы-жығы, ызың-шу машиналар легі – жасыл киізде шашыла ұйлыққан ісек қойдың асығындай жыпыр-жыпыр.
Елмен бірге ентелеп біз де жеттік. Атшабардың алаңқайында жарыс жолына шығатын жүйріктер күн сүйген сауырын алма-кезек шайқап, алда болатын бір шабысты кәнігі түйсігі сезгендей, оқырана кезіліп, пысқыра шұлғиды. Ал атшабардың батыс бөктеріндегі адамдар отыратын қия беткей, қиыр жондағы орындықтарда ине шаншар жік болсашы. Көпшілік көңілді. Арқаның майда самал желі шайқап, даланың гүл көмкерген жасыл құрағындай тербеледі. Мұнда кімдер жоқ дерсіз. Ақ таяғына сүйенген ақсақал, ақ жаулығы желбіреген әз-ана, тұлпар тұяғының дүбірін аңсаған атқұмар азаматтар мен сәнді желеңі желбіреген бикештер, тіпті аузынан ақ уызы кеппеген бүлдіршіндер де осында жиналыпты.
Осындайда еріксіз еске түседі екен: «Вестник Европы» журналының 1809 жылғы № 7 санында еуропалық саяхатшылар жазған «Қазақтар түлік малдың ішінен жылқыны ерекше қастерлейді. Олардың бәйге, қыз қуу, көкпар ойындарына әлемде ат құлағында ойнайды деген ағылшындардың өзі олармен бақ сынасуға жарай қоймас» дегені.
Расында, астындағы атын артық көретін қазақтың бүгінгі ұлы дүбір, ұлағатты шара, айтулы тойы – ЭКСПО-ның аясында осындай бәйге түрлерінен халықаралық стандартқа сай жарыстардың ұйымдастырылуы және сонымен қатар, бәрінен ұлттық ойын түрлерінен (қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, т.б.) көрсетілім ұсынылуы шетелдіктерге бұл қазақтың кім екенін танытса, өз қазағымыздың өзегі талып аңсап жүрген мейіріне қанғандай болды.
* * *
Кешікпей сағат күндізгі 11-лерді соғып, күн сиыр сәскеден сәл ауғанда көпшілік күткен жарыс та басталды. Бұл жолғы дүбірлі додаға еліміздің 14 облысы және Астана, Алматы қалаларынан әртүрлі жаста және әрқилы қашықтыққа жарысатын 150-ден астам жүйрік қатысса, бұлардың сыртында 2400 метрлік лып етпе ұшқыр аттар сайысына сонау Башқұртстан, Осетия, Қарашай-Шеркес, Өзбекстан, Польша, Қырғызстаннан шаңтимес жүйріктер келіп топырағы бусанған атшабардың апшысын қуырды.
Қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жасүгіров: «Шыдар ма қазақ жаны ұшып кетпей, аттарға шаң шығарып келе жатқан» дегеніндей, әуелі жарыс жолына 2400 метр қашықтыққа леп етіп шабатын 16 шаңтимес жүйрік жіберілді. Ауыздығымен алысып алаңға беттеген қызбел, қапшық сауыр, ұшкір тұмсық, тар сүбелі жүйріктердің алды болып осетиялық атбегі Тұрат Сатаров баптаған Т.Тигиевтің «Гри д Асье» атты боз жүйрігі топ жарса, оған құйрық тістесіп қырғызстандық ұшқыр жирен «Коммандер холл» мен керекулік Қ.Ақсақовтың
қызбел күреңі екінші-үшінші орындарды бөлісті.
Одан кейін көрермендер асыға күткен 25 шақырымдық аламанға 32 жүйрік жіберілді. Шу дегенде сөреден сергек шыққан жылқылар төрт айналымнан соң қожырап сала берді. Тіпті бабы болмады ма немесе бағы тайды ма жүйріктердің жартысы жарыс жолынан жолай шығып қалып жатты. Оның үстіне атшабар шеңбері де тарлық еткені байқалып тұр. Кейбір қысқа айналымға дағдыланбаған жылқылардың тынысы тарылып, ентігі жеделдеп, шабысы шатасып қалғандай сыңайды аңғардық...
Сонымен мәре сызығын бірінші болып атыраулық Д.Мырзахановтың «Желқанат» атты жүйрігі кесіп өтті. Екінші орын – Алматы облысынан келген атбегі Е.Байбатыровтың күреңіне тисе, келесі орын тағы да осы облыстың тұлпары «Бұйражалға» бұйырды.
Келесі 15 шақырымдық топ бәйгеге 25 жүйрік жіберілді. Бұл сайыста Алматы облысы атынан қатысқан Ә.Назарбаевтың «Сүлікқарасына» жылқы жетпеді. Жарықтықтың шабысы-ай! Әуелі арындай тартып отырды да, соңғы айналымда үдемеліге ауысты. Үстіндегі шабандоз баланың тарта-тарта қолы қарысып, қыса-қыса тақымы талғандай болды. Келесі орындарды – батысқазақстандық А.Олжабаевтың «Ақкөзі» мен Алматы облысының жүйрігі «Шырай» иеленді.
Одан кейінгі 7 шақырымдық жарыс жолына шыққан 25 жорға ақырына дейін жүрістерінен жаңылмады. Шапқынға да салмады, екпіндетіп тайпалды да отырды. Бірінші болып Ақмола облысының жорғасы «Элвуд вэб» атты күрең (иесі М.Мұстафаев) топ жарса, астаналық С.Түсіпбековтың торысы екінші, алматылық Те Эленаның «Цеппелинасы» үшінші орынды иеленді.
Бұдан соң атшабарға жиналған көпшілік 7 шақырымға жіберілген 35 құнанның жарысын тамашалады. Дүр етіп көтерілген айдын көлдің дүрегей үйрегіндей дүркірей жөнелген құнандар екінші айналымнан кейін-ақ шашырады. Десе де, Алматы облысынан келген А.Жұмабековтің «Доранына» жетер жылқы болмады. Келесі орындарға – жамбылдық Е.Жаппасовтың «Спортигі» мен астаналық Н.Оразбаевтың «Мажоры» ие болды.
Жарысты ұйымдастырушылар соңғы турға көрерменнің қанын қыздырып, көңілін сергітер нағыз шаңтимес 16 ұшқырды 1800 метрге дайындаған екен. Шынында шаңтиместер шабысы жұртты шу еткізді. Бір-бірінен омырау оздырып, аршындай аяқ тастаған тасқан шабыстан Н.Шаршенбаевтың «Шаңтимесі» суырылып шықса, Е.Жаппасовтың «Империал Регалия» атты торысы мен А.Шынайдаровтың «Эни куэсчнс» дейтін ұшқыры екінші-үшінші орындарды бөлісті.
Жоғарыдағы жарыс бағдарламасы бойынша: аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарысы, құнан бәйгенің жүлде қоры – 36 млн теңгені құраса, 1880 және 2400 метрлік ұшқыр аттар жарысында берілген сыйақы қоры одан да қомақты – 63,6 млн теңгені құраған екен. Жүлде 5-ші орынға дейін берілді.
Жарыс жеңімпаздарына тағайындалған арнайы кубок пен жүлдегерлерге бұйырған ашқалай сыйлықты Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Астана қаласының әкім Әсет Исекешев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалдыұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухандар табыстады.
Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»