ҮКІМЕТ "Егемен Қазақстанның" апталық қосымшасы
___________________________
Еліміздегі жұмыссыз адамдардың саны азаятын күн де алыс емес. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстан халқының өмір сүру сапасын арттыру жөнінде Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар бере келе халықты жұмыспен қамтудың түбегейлі жаңа стратегиясын әзірлеу міндетін жүктеген болатын. Кемел келешектің кілтіне айналар «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша елімізде 1,5 млн. қазақстандық жұмыспен қамтылып, кедейлік көрсеткіші 6 пайызға дейін азаяды.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бастама. Стратегиялық бағдарламаны іске асыру бойынша республикалық бюджеттен бағдарламаның 3 бағытын қаржыландыру мақсатында биыл барлығы 2898,7 млн. теңге қаралды.
Бағдарламаның бірінші «Оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» бағыты бойынша ағымдағы жылы аймақта 6909 адамды оқыту жоспарланған. Бұл мақсатқа 1521,3 млн. теңге бөлінді. Ал «Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» бағытын жүзеге асыруға 476,5 млн. теңге қарастырылды. Үшінші бағыт – «Еңбек ресурстарының ұтқырлылығын арттыру». Бұл ретте де 772,4 млн. теңге қаржы бөлініп, өз мақсатына жұмсалуда.
Жергілікті билік тарапынан бағдарламаны іске асыру бағытында қолдау көрсетіліп отыр. Үстіміздегі жылдың шілде айынан облыстың барлық аудандары мен Қызылорда қаласында 8 жұмыспен қамту орталығы ашылды. Мұның өзі шалғай елді мекен тұрғындарының жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізері сөзсіз. Бұл орталықтар 67 адамды еңбекпен қамтып отыр. Айта кеткен жөн, 6 орталықтың директоры әлеуметтік салада тәжірибесі бар қызметкерлер.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын табысты жүзеге асыру мақсатында жұмыспен қамту жөніндегі аумақтық және аудандық комиссиялар құрылды. Іс-шаралар жоспары бекітіліп, медиа-жоспар әзірленді. Орталық қызметкерлері біліктілік арттыру курстарынан өтті. Бүгінге дейін бағдарламаны іске асыру мәселелері жөнінде өңірлік комиссияның 7 отырысы ұйымдастырылды.
Бағдарламаның басты бағыты – ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу. Жалпы, өз бетінше жұмыспен айналысатындардың, жұмыссыздар мен табысы төмен отбасылардың көпшілігі ауылды жерлерде тұратынын, оның үстіне елді мекендерде жалдамалы жұмыс орындарын құру оңайға түспейтінін есепке алсақ, ауыл кәсіпкерлігін дамытудың маңызы зор болмақ.
Бағдарламаның бірінші бағыты 6909 адамды қамтыды. Оның ішінде кәсіптік оқуға – 2935, қайта даярлауға – 1644, біліктілік арттыруға 2330 адам тартылды. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға 118,5 млн. теңге қаралып, 829 адам жұмысқа орналасты.
«Оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» бағыты бойынша 31 білім ұйымы белгіленіп, жұмыс берушілерге қажетті мамандықтардың 56 түрі айқындалды. Сонымен қатар кәсіптік даярлауға 2935 адамды оқыту жоспарланса, есепті кезеңге 2904 адам жолданды. Олардың 1185-і кәсіптік лицейлерге, 1719-ы колледждерге жіберілді. Қайта даярлау курстарына 696 адам жолданды.
Екінші бағыт бойынша бүгінгі күнге өңірлік комиссия ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында кәсіпкерліктің басым бағыттарының 47 түрін бекітті. Облыстық өкілетті несие беру ұйымы «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өзара кредиттік келісім-шартқа отырды. Шағын несиелендіру ұйымдарын анықтау жөнінде рәсімдер өткізіліп, тізімі әзірленді. Қазіргі кезде «Қазпошта» АҚ филиалы шағын несие ұйымдары мен несие серіктестіктерінің арасында конкурс жариялауды ұйымдастыруда.
Кәсіпкерлікпен айналысу үшін әрбір кәсіпкер микрокредиттік ұйымға бизнес-жобасын ұсынуға болады. Оң қорытынды алған жағдайда жобаны іске асыруға жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізуге қосымша қаржы бөлінеді. Ол жобаның несие көлемінен аспауы тиіс.
Ауылда кәсіпкерлікті дамыту бағытында ауыл тұрғындарымен насихат жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі күнге несие алуға үміткерлер саны 632 адамды құрап отыр. Мәселен, Арал ауданының тұрғыны С.Саянов темір жол жанында орналасқан бұрынғы су сақтайтын қойманы алып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп көкөніс сақтайтын қойма жасауды қолға алды. Кәсіпкер жобасы толықтай жүзеге асқанда 11 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар бизнес өкілі аудан халқын қыс айларында сапалы көкөніспен қамтамасыз ете алады. Ал Қазалы ауданы Құмжиек ауылдық округіндегі жұмыссыз Ж.Ерназар есімді азамат наубайхана ашып, 3 жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр. Жалағаш, Жаңақорған аудандарындағы жұмыссыз азаматтар да бағдарламаның игілігін сезініп отыр.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мақсатында конкурс жарияланып, жеңімпаз ретінде «PROF-Консалтинг» ЖШС анықталды.
Оқу кестесіне сәйкес 7 аудан мен Қызылорда қаласында 40 академиялық сағаттық кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстары 2011 жылғы 27 қыркүйек пен 1 қараша аралығында өткізіледі.
Оқу жоспарына сәйкес шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен таныстыру, кәсіпкерлік және маркетинг негіздеріне оқыту, шағын және орта бизнес субъектілеріне салық салу ерекшеліктері жөнінде оқыту, бизнес-жоспар жасау және микрокредиттік ұйымдармен жұмыс жүргізуге үйрету секілді курстар қамтылды. Оқытушылар құрамында Мәскеудегі Халық шаруашылығы және мемлекеттік басқару академиясының бизнес жүргізу және еуроменеджмент мамандықтары бойынша оқу бітірген түлектері болды. Сонымен қатар, Германия және Ұлыбритания елдерінде тәжірибеден өткен оқытушылар да қатысты. Бүгінгі күні Қызылорда қаласынан 25 адамға жолдама беріліп, 1-топ оқуды бастады.
Ал үшінші бағыт бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысымен 4 ауданда, яғни Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағашта 20 экономикалық әлеуеті төмен елді мекен бекітілді. Бүгінде экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аударуға ниет білдірген отбасылар саны нақтыланып, қызметтік үйлер саны белгіленді. Арал ауданында – 1, Қазалыда – 8, Жалағашта 10 үй салу жоспарлануда. Сонымен қатар Қармақшы ауданында – 30, облыс орталығында 60 пәтерлі 1 үй салынбақ.
Қазіргі таңда жеке кәсібін ашып, ісін дөңгелетемін деген ауыл кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетілуде. Әсіресе биылдан бастап қолға алынып жатқан «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты деуге болады.
Қорыта айтсақ, жаңа стратегиялық бағдарлама – елімізде жұмыссыздықты азайтудың тиімді тетігіне айналғалы отыр.
Жазира ЖЫЛҚЫШИЕВА, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы.