Ауыл шаруашылығы саласына Үкімет нақты қолдаулар көрсетіп отыр. Оның мысалы өңірлердегі агроөнеркәсіп кешендерінің экономикалық табысынан анық байқалуда. Айталық, облыстағы ауылшаруашылық өндірісінің нақты көлем индексі тоғыз айда 100,4 пайызды құрапты. Биылғы болжам бойынша агроөнеркәсіп саласының жалпы өнімі 73 млрд. теңгені құрамақ екен. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 7,0 % жоғары.
Өткен жылы өңірдің аграрлық саласын қолдау үшін барлық көздерден 8,3 млрд. теңге бөлінген. Биыл бұл қолдау 11,5 млрд. теңгені құрапты. Соның нәтижесінде, ағымдағы жылы ауылшаруашылық дақылдары себілген алқаптардың көлемі ұлғайып, барлығы 513,0 мың гектарды құраған. Бұл өткен жыл өлшемімен салыстырғанда 16,0 мың гектарға немесе 3,3 % артық.
Агроөнеркәсіп саласына жауап беретін басшылар мен мамандардың қазіргі басты міндеттері де айқын. Ол – ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді және ұтымды пайдалану. Оны қамтамасыз ету үшін алдымен облыстағы егістік жерлерді «түгендеу» қажет. Бұл жұмысқа үстіміздегі жылы 20,0 млн. теңге қаралыпты. Нәтижесінде бос жатқан 115,0 мың гектар жер анықталды. Біле-білсек бұл өңірдегі жалпы егістіктің 15,0 пайызы екен.
Биыл облыс диқандары 230 мың гектар жерден масақты дәнді дақыл жинады. Жалпы түсім 377,0 мың тоннаны құраған. Өнімділік өткен жылмен салыстырғанда 15,5 пайызға артыпты. Яғни, әр гектардан 16,4 центнерден өнім алынған.
Ауыл шаруашылығы саласындағы негізі бағыттардың бірі – жоғары рентабельді дақылдарды егу көлемін ұлғайту болып табылады. Биыл облыста қант қызылшасының көлемі 7,0 мың гектарды құрап отыр. Бұл оның соңғы екі жылда 10 есеге дейін ұлғайғанын көрсетеді. Дегенмен алдағы төрт жылда қызылша алқаптарын 12 мың гектарға дейін көбейту жоспарлануда.
Ағымдағы жылы өңірдегі майлы дақылдар алқаптары 14,0 пайызға, көкөністер 8,5 пайызға және картоп алқабы 25,0 пайызға артқан. Жаңа отырғызылған жеміс-жидектер мен жүзімдіктер көлемі 3,0 мың гектарға жуықтапты. Егер жеміс егу жұмыстары осы бағытта жалғасатын болса, алдағы үш жылда облысты осы өнімдермен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туады, дейді облыс агроөнеркәсіп кешені мамандары.
Облыста жылыжай салу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Ағымдағы жылы олардың саны 304-ке жетіпті. Ауылшаруашылық мамандары тағы 100 жылыжай салынбақ дейді. «Неге?» деген сауалға олар: «Біздің жылыжайлардан жиналатын өнім әлі де болса облыс тұрғындарының көкөніске деген маусымаралық сұранысын толық жабуға жетпейді. Соған байланысты, жыл сайын қыстың соңында жемістер мен көкөністерге бағаның өсуі байқалады. Сондықтан, бізге жылыжайлар мен одан жиналған мол өнімді ұзақ мерзімге сақтау керек. Қазір біз өнімдерді сақтау инфрақұрылымын қалпына келтіруге, қолданыстағы көкөніс қоймаларын жөндеуге және жаңаларын салуға кірістік», дейді.
Десе дегендей, бүгінде облыста сыйымдылығы 60 мың тонна болатын 60 көкөніс қоймасы бар. Бірақ олардың басым бөлігіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі сезілуде.
Сондықтан «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы сыйымдылығы 5 мың тонна болатын жеміс-көкөніс қоймасының құрылысын бастапты. Оның құрылыс жұмысы бүгінде аяқталуға жақын. Облыста азық-түлік қорын тұрақтандыру үшін жақында ол биылғы өнімдерді қабылдай бастайды.
Өңір дихандары үшін маңызды проблемалардың бірі – су тапшылығы. Бұл облыс тұрғындарын қай кезде де толғандырып отырған мәселе. Сондықтан су тапшылығынан құтылудың бір жолы тамшылатып және жаңбырлатып суару, нөлдік және минималды технологияларды қолдану дейді ғалымдар. Азғантай ылғалды сонда ғана ұтымды пайдалануға болады екен. Сондықтан биыл 1400 гектар алқап тамшылатып суару технологиясымен қамтылыпты. Ал ылғал сақтау технологиясы (нөлдік және минималды технология дегеніміз осы) 17 мың гектар алқапқа енгізілген. Ағын судың көбісі арық бойында, яғни «жол-жөнекей» ысырап болатындықтан 165 шақырым канал, 52 су шаруашылығы жүйесі мен су құрылымдарын ағымдағы жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 311,0 млн. теңге қаржы бөлініпті. Бүгінгі таңда 28 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталған. Қалғаны қараша айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Республикалық бюджеттен берілген 1,0 млрд. теңгеге жуық қаржыға Жуалы ауданындағы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы, Қордай ауданындағы «Қақпатас» су қоймасы, Шу ауданындағы «Сол жағалау» магистралды каналы, Жамбыл ауданындағы «Райс», «Талас-Аса» магистралды каналдары күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Ал су шаруашылығы жүйелері нысандарының ағымды жөндеу жұмыстарын жалғастыруға алдағы екі жылда 713,0 млн. теңге бөлінбек. Облыс агроөнеркәсіп саласының басшылары дихан-кәсіпкерлердің су жеткізіп беруге деген сұраныстарын осылайша біртіндеп шешпекші.
Облыс ауыл шаруашылығы басқармасының алдында егіншілікті дамытумен бірге аграрлық салада машина-трактор паркін жаңарту проблемасы да тұр. Биыл жыл басынан бері жалпы құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын 232 жаңа техника алыныпты. Жалпы, жаңа технологияларды кеңінен ендіруге, өнімділігі жоғары ауылшаруашылық техникасын сатып алуға тек ірі шаруашылықтардың ғана күші жететіні белгілі. Алайда, ондай бай шаруашылықтардың қатары аз. Сондықтан, аудан әкімдері агроқұрылымдарды біріктіру және ірілендіру жұмыстарын назарда ұстауы қажет сияқты.
Облыста мал басының өсіп, ет, сүт, жүн және жұмыртқа өндірудің ұлғая түсуі қуантады. Асыл тұқымды мал шаруашылықтарының саны да арта түсті. Биыл 3 шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесін алыпты. Соның нәтижесінде, өңірде асыл тұқымды малдың үлес салмағы көбейе түсуде.
«Сыбаға» бағдарламасынан да құр қалып жатқандар жоқ екен. Малсақ жандарға арналған бағдарлама аясында ірі қара мал сатып алу үшін несие алуға 633,0 млн. теңгеге 82 тапсырыс мақұлданған. Жыл басынан бері осы бағдарлама бойынша 79 шаруашылық субъектілерінің тапсырыстары қабылданыпты. Сөйтіп оларға ірі қара мал сатып алу үшін барлығы 598,0 млн. теңге несие берілген.
Биыл облыстың алдағы төрт жылға арналған ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарлама бойынша ірі қара мал саны, оның ішінде, ет бағытындағы мал басы мен сиыр еті экспортының көлемі арта түспек. Ауыл шаруашылығы өндірісінің артуымен қатар оны қайта өңдеу саласы да қарқынды дамуда. Жыл басынан бері ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары мен цехтары арқылы 22,0 млрд. теңгенің өнімдері өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,9 есеге артық.
Өткеннің өлшемі жаңаға шек болмайды екен. Бұл біздің өңір экономикасының өткенін саралап, алдағы жоспарларын електен өткізгенде түйген ойымыз.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.