Мақаладағы айтылған мәселелер өңірлерге жетіп, түсіндірілуін мақсат еткен ұлт зиялыларының «десанты» құрамында келген белгілі қаламгерлер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, Бейімбет Майлин атындағы сыйлықтың лауреаты Серік Асылбекұлы мен «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты Асқар Алтай қостанайлық жұртшылық өкілдерімен кездесті. Кездесуді жүргізген ақын Ақылбек Шаяхмет басқосу мақсатын айта келе, жұртшылықты жазушылар шығармашылығымен таныстырып өтті. Кездесуде жазушылар бірден мақалада айтылған мәселелерге көшті.
Елбасы мақаласында халқымыздың рухани жаңғыру мәселесін бекер көтерген жоқ, оны ғаламдық өзгерістермен байланысты сабақтады. Жаһандану мен қатыгез бәсекеде қай ұлттың болсын жылқының жалынан ұстағандай қолы ілінері – өзінің ұлттық тілі, дәстүрі, салты, өнері, қысқасы, ұлттық коды болмақ. Алдымен қазақ өз орнын белгілеуі тиіс екенін жазушы Серік Асылбекұлы мәліметтермен айшықтай түсті.
– Жер жүзінде 6 мыңдай этнос, ұлт бар, 193 мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше, сол мемлекеттердің арасында Қазақстан бар. Тағы бір мәлімет – қазақтар дүние жүзіндегі әлгі 6000 ұлттың ішінде 43 орын алады. Халқының саны 10 миллионнан асатын ұлттар макро, 100 миллионнан асатын халықтар мега ұлттар болып саналады. Біз макро ұлтқа жатамыз. Әлемде жер көлемі жөнінен 9-орын алатынымыз тағы бар. Қазақ халқының бәсекеге қабілетті болуы оның санына да байланысты. Өйткені, әлемдік бәсекеге саны көп халықтар төтеп береді, сондықтан алдағы уақытта саны кемінде 30 миллионға жететін аймақтық ірі ұлтқа айналу арман-мақсатымыз болуы шарт. ХХ ғасырдың басында әлемде 12 мың ұлт болған екен, қазір соның тең жартысы жоқ, өзге ірі ұлттарға жұтылып кеткен. Өйткені, олар ділінен, тілінен, дәстүр, мәдениетінен айырылып қалды, ұлт ретінде жоғалды, –деді Серік Асылбекұлы.
Әріптесінің ойын сабақтай түскен Асқар Алтай қазақ халқы уақыттың жаһандық өзгерістеріне қалай дайын болуы керектігін тілге тиек етті.
– Біз халқымыздың тарихынан ешқашан ұялмаймыз. Қазақ – ежелден келе жатқан халық, оның азаюына өткен ғасырларда белгілі себептер болды. Ал ХХІ ғасырда ол қандай күйге түседі? Елбасы мақаласы халқымыз ұлт ретінде жұтылмауы үшін адаспас бағдар береді. Тәуелсіздік алған 25 жылда біз мемлекет ретінде экономикалық жағынан нығаюға көбірек көңіл бөлдік. Енді рухани жаңғыру кезеңі келді, уақыт соны талап етіп отыр. Қазақстандағы мемлекет құраушы халық – қазақ халқы. Сондықтан қазақ халқы еліміздің дамуына да, жетістігіне де жауапты болып табылады. Бізбен бірге кең даламызды жүзден аса этнос мекендеп, Қазақстанды өзінің отанына балап отыр, олар үшін де жауапкершілікті біз, қазақтар алуымыз керек. Этностардың кемшілігіне кешіріммен қарап, жетістігін айту парыз, – деді Асқар Құмарұлы.
Жазушы Серік Асылбекұлы «жаһандық бәсекеге халқының саны көп ұлттар төтеп береді» деген пікірін залдан қойылған «Бәсекеге халқымыз сапа жағынан дайын ба? Ол үшін не істелуі тиіс?» деген сұрақтан кейін одан әрі жалғады.
– Сан сапаға айналуы тиіс. Мен осы жөнінде Алаш қайраткерлері айтып кеткен жапон халқының мысалын келтіргім келеді. Бір кезде артта қалыңқырап келген жапон халқы қай жағынан алсаң да бүгін дүние жүзіндегі ең алдыңғы қатардағы халық, мемлекет. Өткен ғасырдың ортасынан ауа олар электроника, машина жасау, тағы басқа салалардан дүние жүзінде көшбастаушы мемлекеттің біріне айналды. Жапон кереметі неде еді? Олар өзінің ұлттық тілін, ділін, дінін, мәдениеті мен өнерін сақтай отырып, батыстың технологиясын алды, дамытты, – деді Серік Асылбекұлы.
Кездесуде бүгінгі жас буынды тәрбиелеуде балалар әдебиетінің ықпалы, оның дамуы мәселесі көтерілді. Жазушы Серік Асылбекұлы да балалар әдебиетіне қалам тартады, бірнеше байқаудың лауреаты да атанды. Алайда, жазушы балалар әдебиетінің дамуына елімізде жүргізіліп отырған жұмыстардың жеткіліксіз екенін айтты. Оны ақын Ақылбек Шаяхмет те қолдады.
– Кәсіпкер Бауыржан Оспанов құрылтайшы болған «Алтын қалам» байқауы балалар әдебиетінің серпілуіне ықпал еткен еді. Оған тек қазақ тілінде ғана емес, орыс, басқа да тілдерде балалар тақырыбына жазатын жазушылар қатысатын. Өткен жылы мен де осы байқауда екінші орынға ие болдым. Бірақ бұл байқау биыл жарияланған жоқ. Ал жалпы қазақ әдебиеті, қазақ фольклоры өте бай. Өкінішке қарай, қазақ балалар әдебиеті, басқа шығармалар да орыс тіліне аз аударылады, бұл жөнінен мемлекеттік қолдауды сезіне қоймаймыз. Ал қазір балаларға арналған кітаптарды шығаратын баспалар кітапты тартымды етіп, суретімен шығармайды. Қостанай қаласының орталығындағы «Атамұра» кітап дүкеніне кірсеңіз, орыс тіліндегі балалар кітаптары толып тұрады, ал қазақ тілінде сол дәрежедегі жақсы кітаптарды таппайсыз,–деді Ақылбек Қожаұлы.
Кездесуде жазушылар латын қарпіне көшу, ономастика, көші-қон, шет елдегі қазақтарға қазақ тілін үйрету, олардың жастарын атамекенге тарту, дүние жүзіндегі қазақтардың бірлігін, рухани сапасын жаңа деңгейге көтеру мәселелері жөніндегі сұрақтарға да жауап берді.
– Қазақтың бірлігі дегенде сырттағы қандастарымыздың атамекенге оралуы, оларды орналастыру мәселелері айрықша зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Жасыратыны жоқ, осы 25 жыл ішінде қандастардың елге келуін ұйымдастыруда дөрекі қателіктер кеткені айқын. Көші-қон туралы заңнаманы қайта қарайтын кез келді. «Оралман» сөзінің өзі дұрыс емес, сырттағы қазақтарды «қандастар» деп айтуымыз қажет. Бұл орайда, Германия сияқты аса дамыған елдің тәжірибесін үйренетін кез келді, – деген Асқар Алтайдың пікірін кездесуге келгендер аса ықыласпен қолдады.
Бір айта кетерлігі, жазушылармен кездесу үшін Достық үйіне өзге ұлттың өкілдері де көп жиналды. Кездесу негізінен мемлекеттік тілде өткенімен, орыс тілінде де жауаптар айтылды. Рухани жаңғыру туралы Елбасы мақаласындағы мәселелер барлық қазақстандықтарды толғантқаны мәлім. Кездесу қазақстандықтарды біріктіретін, ынтымағын арттыратын қазақ тілі болуы керек деген Елбасы сөзі өмір шындығына айналатынын меңзегендей болды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ