КҮШ БІРІКТІРІП КҮРЕСКЕНДЕ ҒАНА ОҢ НӘТИЖЕСІН БЕРЕДІ
Кеше Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттер Денсаулық сақтау министрлерінің үшінші Ислам конференциясы жұмысын жалғастырды. Газеттің өткен нөмірінде жазғанымыздай, конференцияның пленарлық отырыстарында қатысушылар Ұйымға мүше елдерді қажетті дәрі-дәрмек түрлерімен жеткілікті түрде қамтамасыз ету, вакциналар өндірісін дамыту, ВИЧ/СПИД-пен, туберкулезбен және безгекпен күрес мәселелерін талқылады.
Ретіне қарай сөз алып, ой-пікір білдіргендердің сөздеріне қарағанда, аталған аурулар Ұйымға мүше елдердің көпшілігінде үлкен проблемаға айналып отыр. Кейбір мемлекеттердің денсаулық сақтау саласы халыққа қажетті дәрі-дәрмекпен, вакциналармен, сондай-ақ медициналық құрал-жабдықтармен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеген. Бұл проблемаларды сол елдердің бір өзі шеше алмайды. Сондықтан адам өміріне аса қауіпті жұқпалы ауру түрлерімен күресті бірлесіп, ынтымақтасқан жағдайда жүргізген жөн. Дәрі-дәрмектер мен вакциналар өндіретін зауыт-фабрикалар санын көбейту қажет.
Отырыста алғашқылардың қатарында сөз алған АҚШ денсаулық сақтау департаментінің қызметкері Дэниель Миллердің айтуынша, жұқпалы ауру түрлерімен күрес нақтылықты, тиянақтылықты қажет етеді. Аталған ауруларға қолданылатын дәрі-дәрмектер мен вакциналардың сапасына ерекше мән берген жөн. «Қауіп-қатерге, өлімге душар ететін аурулар өте көп, – деді ол осы мәселе туралы. – Оның ішінде қатерлі тұмау да бар. Мысалы, тұмаудың қатерлі түрінен кезінде Бангладеш тұрғындары көп зардап шеккен болатын».
АҚШ денсаулық сақтау департаментінің өкілі, сондай-ақ вакцина түрлерін жеткізу проблемаларының да бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы проблеманы ұзаққа созбай, бірлесе отырып шешу қажет. Ал дәрі-дәрмек пен вакцина өндірісін дамыту бүгінде бірінші кезектегі маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Осыған байланысты ол өз елінде вакцина өндірудің қаншалықты деңгейде екендігінен мысал келтірді. Биылғы жылы АҚШ 200 миллион вакцина дозасын өндіріпті. Алдағы уақытта оның көлемін 600 миллион дозаға жеткізу жоспарланып отыр екен.
Пәкстандық Камина Кара өз сөзінде вакциналарға қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Оның атап өтуінше, өндірілген вакциналардың сатылу құны өте қымбат. Оған әркімнің қолы жете бермейді, қалталары көтермейді. Сондықтан елде вакциналар өндірумен айналысатын компаниялар оның бағасын төмендетудің жолдарын қарастырып жатыр. Сөз барысында шешен қазіргі кезде әлемде 1,6 миллиард адам қауіп-қатерлі аймақта тұрып жатқанын, оларды қажетті вакцинамен, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керектігін атады.
Ирактың Денсаулық сақтау вице-министрі Хамис Хусейн Али Иракта ана мен бала өлімін азайту және өріс алып бара жатқан безгек ауруымен күрес барысына тоқталды. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қолға алынған нақты шаралардың нәтижесінде бала өлімінің деңгейі бұрынғымен салыстырғанда 24 пайызға төмендеген. Бүгінде елде безгек ауруын толық жою міндеті қойылып отыр. «Дегенмен, біздің елімізде ісік ауруымен ауыратындар саны өсіп келе жатқанын жасырмаймыз, – деді ол. – Оған қарсы емдеу шаралары қолға алынуда. ИЫҰ-ға мүше елдердің көмегі қажет. Темекі шегумен, сондай-ақ қызылшамен, басқа да жұқпалы аурулармен күрес жұмыстары жүргізіліп жатыр». Шешеннің айтуынша, Ирактағы әйелдердің 70 пайыздан астамы өздерінің үйінде босануды қолайлы көреді екен. Акушерлер де жетіспейтін көрінеді.
Ауғанстан Ислам Республикасының Денсаулық сақтау министрі Надир Наиат сөзіне денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды арқау етті. Ұйымға қатысушы елдер мен Дүниежүзілік денсаулық қорғау ұйымынан қордаланған проблемаларды шешуге көмектесуді өтінді. «Ауғанстанда денсаулық сақтау саласының дамуы өте төменгі деңгейде, – деді ол осы жөнінде. – Әсіресе, безгек пен туберкулез ауруларының таралуы үлкен проблемаға айналып отыр». Бұған мысал ретінде министр соңғы жылдары туберкулезбен ауыратындар саны 50 пайыздан 70 пайызға өскенін келтірді. Сонымен қатар, ол өзге де жұқпалы дерттердің көбейе түскенін, негізінен олар елдегі ауыз су мен сапалы азық-түлік түрлерінің тапшылығынан туындағанын атап өтті.
Катар Республикасының делегация жетекшісі Жалил Халилдың хабардар етуінше, Катар мемлекеті ана мен бала өлімін азайтуда нақты жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Барлығы мемлекеттік деңгейде қабылданған бағдарламалар бойынша жүргізіледі. Нәтиже де жаман емес. Катар ИЫҰ-ға мүше елдерімен жақсы қатынаста, бірқатар мемлекеттерге қаржылай көмек те көрсетті. Сонымен бірге, ол Катар Республикасының кезекті төртінші Ислам конференциясын қабылдауға әзір екенінен де мәлім етті.
Алжирдің делегация жетекшісі Али Абдолла ана мен бала өлімін азайту, жұқпалы аурулармен күрес және дәрі-дәрмектердің бағасына қатысты пікірін ортаға салды. Ал Нигерия делегациясының басшысы Гани Абдул Азиз және басқа да сөз алған қатысушылар Ұйымға мүше елдердің бірқатарында жұқпалы аурулардың өсіп бара жатқанына, әсіресе, аса қауіпті дерт – СПИД-тің таралуы жыл өткен сайын өсе түскеніне алаңдаушылық білдірді. Қауіпті жұқпалы аурулармен күресті бірлесіп жүргізудің нақты нәтиже беретінін жеткізді.
Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттер Денсаулық сақтау министрлерінің Ислам конференциясы бүгін жұмысын аяқтайды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
---------------------------------
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.