ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті
______________
Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешені алдына 2016 жылға қарай сиыр етінің экспорттық әлеуетін 60 мың тоннаға дейін жеткізу міндеті қойылғаны белгілі. Бұл тұрғыда елімізде бірқатар жобалардың жүзеге асырылып жатқаны да айқын. Осы ретте қанатқақты жобалардың кейбірінің қаншалықты деңгейде алға басып жатқанын көрсету үшін «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ бір топ журналисті Ақмола облысының, Еңбекшілдер ауданындағы Мамай ауылына алып келді. Сонымен қатар, бұл жерде Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің Болат Жылқышиев бастаған бір топ депутаты да болды.
Аталған ауылда «Қазақстан Республикасында ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы шеңберінде «ҚазАгроӨнім» АҚ «Әрқайсысы 1000 ірі қара аналық мал басына арналған екі асыл тұқымды репродуктор – шаруашылық құру» және «5000 бас ірі қараға арналған дамыған инфрақұрылымы бар бордақылау алаңын құру» жобаларын жүзеге асыруда. Инвестициялық жоба «ҚазАгроӨнім» АҚ-тың еншілес ұйымы «KazMeet» ЖШС арқылы қанат қағуда екен. Бұл серіктестік америкалық «Global Beet Consultans, LLC» компаниясымен бірлесіп, «KazBeetLtd» бірлескен кәсіпорнын құрыпты. Мұнда қазақстандық тараптың қатысу үлесі 85 пайыз болса, америкалықтарға 15 пайыз тиесілі екен.
– Жобаның негізгі мақсаты – асыл тұқымды базаның мүмкіндіктерін барынша қолдану арқылы өсірілетін етті мал басының гендік әлеуетін жақсарту, сондай-ақ шетелдік сұрыптаудан өткен ең жақсы ірі қараның асыл тұқымды жоғары өнімді аналық мал басын әкелу арқылы еттік бағыттағы ірі қара мал басын көбейту. Аталған жоба шеңберінде еліміздің солтүстік аймақтарының климаттық жағдайларына ең ұқсас АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатынан етті бағыттағы Герефорд және Ангус таза асыл тұқымды жоғары өнімді 1377 бас мал әкелінді, оның 1327-і аналық бас. Ағымдағы жылдың соңына дейін бұл тұқымдардан тағы да 673 бас әкелу жоспарда тұр, – дейді «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Берік Бейсенғалиев.
Әкелінген мал басы үшін барлық жағдай жасалынса, оның ішінде жем-шөп бағасы, жобаға қатысты технологиялық құрал-саймандармен толық жасақталған. Осындағы мамандар былтыр әкелінген асыл тұқымды мал жергілікті бағу жағдайларына жақсы бейімделді деп сендірді. Бұзаулаған сиырлар төлдерімен бірге қазіргі кезде арнайы жайлауда орналасқан. Сонымен бірге, қолдан ұрықтандыру жүргізіліп, вакцина жасалған.
«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ төрағасы Б.Бейсенғалиевтың айтуынша, бұл малдарды әкелу аса қажеттіліктен туындаған. Қазіргі кезде елімізде еттік бағыттағы асыл тұқымды ірі қараның жалпы саны 121 мың бас болса, оның 50,6 мыңы ғана аналық.
«Қазақстан Республикасында ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасына сәйкес отандық бизнестің қатысуымен еліміздің әр аймағында осыған ұқсас шаруашылықтар құру қарастырылып, сонымен бірге, асыл тұқымды шаруашылықтардың қолда бар ішкі әлеуетін пайдалану жоспарланған көрінеді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
Ақмола облысы.
Суретті түсірген Ольга КАДУШКИНА.