Жиынның басты тақырыбы: «Қоғамның рухани көкжиегіне жазушылардың ықпалы. Әлемнің тұрақты дамуы». БҰҰ, ЮНЕСКО, ИСЕСКО өкілдері мен әлем жазушылары, сонымен қатар Қазақстан қаламгерлері, облыстық кітапханалар мен музейлердің өкілдері қатысқан үлкен кеш оқырмандар мен қонақтарға арналды. Модераторлары Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Олжас Сүлейменов пен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалин болды. Онда әлем назарын аударып отырған кітап оқу мәселесі, авторлық құқық, қаламақы түйткілдері де сөз етілді. Бір жылда адам басына шаққанда елімізде 3 кітап оқылады екен. Еуропада адам басына 7, АҚШ-та 12 кітап оқылады екен.
Биеннале аясында «Орталық Азия-Араб әлемі: тарих пен мәдениеттің өзара ықпалдастығы» халықаралық ғылыми конференция, «Маған кітап оқып берші» халықаралық акциясының тұңғыш отырысы, «Ұлттық автор шығармаларын ағылшын тіліне аудару» дөңгелек үстелі өтті. Сонымен қатар, «Жібек жолы-2017» кинофестивалі, «Қоғамдық сананы жаңғыртудағы Қазақстан кітапханаларының рөлі» ақылдасу отырысы, Қытай жазушысы, ҚХР Жазушылар одағының мүшесі Акпар Мәжиттің 4 томдық кітабының тұсаукесері өтті.
Биеннале қатысушыларын Алматы облысының қорықтарын тамашалау, «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортын, «Ақалтеке» жылқы зауытын таныстыру сапарлары ұйымдастырылды.
Биеннале қорытындысы бойынша, әлем мәдениеті қайраткерлеріне үндеу жолданды.
Бағашар Тұрсынбайұлы,
«Егемен Қазақстан»
Алматы