Халықаралық әдеби биеннали аясында өткен кешке 20-дан аса мемлекеттен қонақтар келіп, өз еліміздегі ақынның оқырмандарымен театр залын лық толтырды. Еліне еңбегі сіңген, әдебиетке үлес қосқан ақынды мерейлі жасымен құттықтаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Үкіметінен, Парламенттің қос палатасынан, облыс әкімдерінен, Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымынан, Түркия мемлекетінен, Өзбекстан мен Қырғызстаннан, Ресейден, Татарстаннан келген құттықтауларды ақынның қаламдас достары мен ұйым өкілдері жеткізді. Салтанатты жиында ақын өлеңдері оқылып, өлеңіне жазылған әндер орындалды.
Поэзиядағы азаматтық үнді өлеңсөздің бір қасиеті ретінде айтып келеміз. Осы жағынан келгенде Нұрлан Оразалиннің поэзиясында азаматтық көзқарастары мен өмірлік ұстанымдары басымдыққа ие. Бұл ең алдымен ақынның жеке қасиеті болса керек. Заманмен заманды, ғасыр мен ғасырды, дәуір мен дәуірді жырлап, уақыт деп аталатын қасиетті ұғымды өз поэзиясының бір категориясы ете білген ақынның мөлдір өлеңдері екі күн бойы Алатау баурайын шуақты сөзге толтырды.
Сонымен қоса, әдеби биеннале аясында Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Нұрлан Оразалиннің «Сөзтұмар», «Көкжал дәуір» – «Время волчица», «Тәңірмен тілдесу», «Тәубе», «Аспантаудан ауған күз», «Құндағым» кітаптарының тұсаукесері өткен болатын.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ