Астананың өзінде осы жылдың 13 және 21 сәуірі күндері «Эдем Палас-1», «Эдем Палас-2» тұрғын үй кешендерінде осындай келеңсіздік болды. Артынша «Айя», «Успех» тұрғын үй кешендерінде де оқыс оқиғалар тіркелді. Жүрегі шайлығып қалғандар жоғары қабаттағы пәтеріне баспалдақ арқылы кіріп-шығуға мәжбүр. Басқа амалы жоқ. Ата-аналар, әсіресе, балалары үшін алаңдайды. Олар кіріп-шыққан сайын «Лифт тоқтап қалмаса екен» деп жанын шүберекке түйіп отырады. Осы жағдайды түзеуге бола ма? Астана қаласының әкімдігі бұл мәселенің дұрысталуын мықтап қолға алды.
«Elorda.info» сайтының мәліметіне қарағанда, Астанада 6577 лифт тіркелген. 4879 лифт – тұрғын үйлерде, 1728 лифт – әкімшілік ғимараттарда. 63 лифтінің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Осы лифтілердің техникалық жағдайы қандай күйде? Уақтылы тексеріле ме? Істен шыққан жағдайда тиісті мекемелердің тез арада жөндеуге шама-шарқы жете ме? Осы салада білікті мамандар жеткілікті ме? Оларды даярлауға көңіл бөлініп отыр ма? Тұрғындардың лифт шаруашылығына байланысты қандай арыз-шағымдары бар?
Астана қаласының әкімдігі, Тұрғын үй инспекциясы басқармасы осындай сансыз сауалдарға жауап іздеп, бірнеше мәрте басқосу өткізді. Нәтижесінде, елордадағы лифтілердің барлығына кешенді тексеру жасау жөніндегі тоқтамға келді. Бірақ, аталған басқарманың лифт шаруашылықтарына тексеру жүргізуге құзыреті жоқ болып шықты. Бұған қалалық прокуратураның араласуына тура келді. Не керек, елордадағы барлық лифтілердің техникалық жағдайына тексеру жүргізілетін болды. Бірақ, бұл – өте ауқымды жұмыс. Бір-екі айдың айналасында бітетін шаруа емес, бірнеше айға созылуы мүмкін.
Лифт шаруашылығымен айналысатын компаниялар заңдылық талаптарына сәйкес көтергіш механизмдерді ай сайын тексеріп, бұл туралы ақпаратты арнайы журналда тіркеп отыруы тиіс. Осы жұмыстың ойдағыдай екеніне көптің күмәні бар. Өйткені, сервистік қызмет көрсететін фирмалар ұдайы ауысып жатады. Келді-кетті. Тұрақты жұмыс істемейтіндіктен, жұмыстарына жүрдім-бардым қарайтыны тағы бар. Ал осының зардабын тартатын қарапайым халық.
Бір қызығы, лифт шаруашылығымен айналысатын компаниялар өздері би, өздері қожа. Заң жүзінде олардың жұмысын әкімдіктің де, оған қарасты құрылымдардың да тексеруге құқы жоқ. Лифт компаниялары пәтер иелері кооперативтерімен байланыста жұмыс істейді. Өйткені, кооперативтер лифтілердің қауіпсіз жұмысын ұйымдастыруға жауапты. Бірақ, қазіргі жағдайда пәтер иелері кооперативтерінің бәрі бірдей бұл іске тиянақты қарап отыр деп айта қою қиын. Бұл туралы бұған дейін де мәселе көтерген едік. («Пәтер проблемасын кім шешеді?», «Егемен Қазақстан», 16.05.2017 жыл). Тағы бір айтатын жай, пәтер иелері кооперативтерін де тұрғын үй инспекциясы басқармасының тексеруіне заң бойынша құзыреті жоқ болып шықты. Өйткені, оларды сайлаған пәтер иелері. Солардың тарапынан шағым түскен жағдайда ғана басқарма тексеру жасай алады. Бір сөзбен айтқанда, лифт компаниялары секілді ПИК те өзі – би, өзі – қожа. Осының бәрін реттеу үшін заңнама талаптарына өзгеріс енгізу қажет-ақ. Бұл туралы біраздан бері айтылып келеді. Бірақ, әзірге сөз жүзінде қалып отыр.
Негізі, көп қабатты үйлердің тұрғындары лифт компанияларын таңдауға өте мұқият болғаны жөн. Таңдау үшін пәтер иелері кооперативі мүшелерінің жалпы жиналысы өтеді. Хаттама толтырылады. Сол хаттамада көрсетілген компания сервистік қызмет көрсетуі тиіс. Оны ПИК жеке-дара таңдай алмайды, бұл тұрғындардың таңдауына тікелей байланысты. Осыны ескерген жөн. Тағы бір ерекше ескеретін мәселе, тұрғындар төмен тариф ұсынған компанияның ығында кетіп қалмауы керек. Төлемнің төмен болғаны жақсы әрине, бірақ компанияның мүмкіндігі мен жұмыс тәжірибесіне, мамандарының бар-жоғы мен сапасына да айрықша мән берген жөн.
...Сіз тұрып жатқан үйдегі лифтінің күйі қандай? Бір сәт назар аудардыңыз ба?
Қазақстанның қай қаласында болсын, көп қабатты үйлердің тұрғындарын толғандырып отырған мәселенің бірі – лифт. Тіпті, жаңадан пайдалануға берілген үйлердің өзінде лифт жиі істен шығады. Оқыс, апатты жағдайлар да болып тұрады.
Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше