Конференцияға қатысқан Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентіндегі балалар музыка мектебінің директоры Бақытжан Аханова үздік ғылыми баяндамасы үшін І дәрежелі дипломмен марапатталып, «Бейбітшілік әлемі – Корона» медалінің иегері атанды. Сонымен қатар, аталған музыка мектебінің үш мұғалімі Лариса Қанапина, Серік Нұрсұлтанов пен Лариса Арсабиеваға арнайы төсбелгі тапсырылды.
«Достық» фестиваліне біздің мектебімізден 7 оқушы қатысты. Барлығы да бас жүлдемен оралды. «Шапағат» би ансамблі неміс биі «Польканы» және өзбек халқының биін билеп, бас жүлде алса, «Жігер» домбырашылар ансамблі Жайымовтың «Шалқыма», «Ұлан» дуэті Құрманғазының «Балбырауын» күйін нақышына келтіре орындады. Жеке орындауда Айсұлу Мұқашева С.Құсайыновтың «Мереке» күйін, Есенгелді Ерасыл Н. Чайкиннің «Деревня сыртында», Әкежан Әнуарбеков А. Моцарттың «Түрік маршы» туындысын көрермен назарына ұсынды. Фестивальға қатысқан мұғалімдеріміз бен оқушыларымыз 2017 жылдың 30 қазан – 3 қараша аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтетін «Дубай-2017» халықаралық Достық фестивалі мен ғылыми конференциясына шақырту алды», дейді музыка мектебінің директоры Бақытжан Аханова.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы