Елбасының тапсырмасымен, ұлтжанды азаматтардың отаншыл жігер-күшімен бой көтерді.
Тағдырдың жазуымен Астрахан топырағы бұйырып, асыл сүйегі аталған облыстың Краснояр ауданы аумағында дамыл тауып жатқан Бөкей хан зираты басында тұрып айналаға назар салсаңыз, Атырау облысындағы Құрманғазы ауданына қарайтын шағын ауылдың ақшаңқан шатырлары жақыннан көзге шалынады. Іргедегі Астрахан-Атырау болат жолымен батыстан шығысқа, шығыстан батысқа бет алған пойыздар легі көрінеді. Кейбір отандастарымыздың «Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік шекарасын белгілеген кезде Бөкей ханның сүйегі жатқан өңірді Қазақстан аумағына кіргізгенде болатын еді», деп айтып қалатын себебі де осында болса керек.
Біздіңше, Бөкей хан бөтен елде емес, бір кездері өзі қолымен құрған іргелі орданың қасиетті жерінде, қалың қазақтың ортасында жатыр. Ресейдегі отандастарымыздың ең көп шоғырлана орналасқан жері – нақ осы Астрахан облысы. Сондағы Володар ауданының Алтынжар ауылында даңқты күйші-композитор Құрманғазының кесенесі бар. Атақты күйшінің атқа мініп, қолына домбырасын ұстаған еңселі ескерткіші Астрахан қаласының қақ ортасында тұр. Алтынжардағы Құрманғазы Сағырбаев атындағы мемлекетаралық мәдени кешен екі елдің рухани байланысын нығайтуға елеулі ықпал етіп келеді. Оның үстіне, ел аузындағы дерек бойынша, Бөкей хан өзін нақ осы жерге – Сейіт бабаның жанына жерлеуді аманат етіпті.
Осы өңірде дүниеге келген Сейіт баба – ноғай жұртының қасиетті әулиесі. Ол жас кезінде Каирде, Бағдадта, Бұхарада шығыс ғылымдарын оқып үйреніп, Түркістанды, Үндістанды, Арабияны көп аралаған. Жасы келіп, қартайған кезінде Ішкі орданың басшысы Бөкей ханның өтінішімен туған жеріне оралып, ислам дінін уағыздап, адамдарды емдеу ісімен айналысқан. Сейіт бабаның тұтастай хандық аумағында, сондай-ақ ноғай даласында ешбір кідіріссіз жүріп-тұруына, барлық адамдарды емдеуіне Бөкей хан толық мүмкіндік беріп, бұл үшін арнаулы грамота белгілеген. Ол Бөкей ханның жеке дәрігері міндетін де атқарған.
Сейіт баба 1812 жылы 70 жасында қайтыс болады. Қасиетті адам жерленген осы төбе басында оған зират тұрғызылған. Бөкей хан Сейіт бабаның сүйегі жатқан топырақты ғажайып жер деп санаған және өзін осы кісімен қатар жерлеуді өсиет еткен. Қазір Бөкей ханның сүйегі Сейіт баба зиратының шығыс жағында жатыр. Ханға іргелес зайыбы (құлпытастағы жазуды оқыған мамандар оның есімі Атан дейді, кейбір деректерде Ғитан ханым деп көрсетілген) жерленген.
Алайда, «Еділді келіп алғаны, етекке қолды салғаны...» (Мұрат Мөңкеұлы) деп күңіренген әрі-сәрі заманда қазақтың қасиетті ордасының негізін қалап, өзіне қарасты 5 мыңнан астам түтін, 22 мыңнан астам адам және 2 миллионнан астам малмен Жайықтың оң жағына өтіп, Азия өңірінен Еуропа құрлығына қазақтың ұлы көшін бастап келген тұлғаны кешеге дейін білмей келдік қой. Сөйтіп алаш баласын Еділ мен Жайық арасындағы бұрынғы атажұртына қайта оралтып, мәңгілік қонысын сайлап берген Бөкей хандай ұлы тұлға зираты ғасырлар бойы көріксіздеу болып, темір сырықтармен қоршалған киіз үй іспетті қалқайып тұрды да қойды. Басындағы белгі сұлбасы оның қазақ халқы өміріндегі тарихи орны мен рөліне де, сондай-ақ төрткіл дүниеге түгел танылған Қазақ елінің әлемге әйгілі атақ-даңқына да сай келмейтін еді. Хан зираты басын қарайтқан баласы Жәңгір хан екен. Бірақ өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ойранда осы қоршаудың өзі жер бетінен жоғала жаздапты... Байбек, Кіші Арал ауылдары тұрғындарының күшімен 90-шы жылдардың бас кезінде ғана Сейіт баба мен Бөкей хан жатқан жер тарихи-мәдени маңызы бар ескерткішке айналып, біршама кешендік рай алыпты. Бұған Астрахан облысының сол кездегі губернаторы марқұм Анатолий Гужвиннің игі ықпалы болған екен.
1801 жылы құрылып, 1847 жылға дейін өмір сүрген Бөкей Ордасы – қазақтардың Еділ мен Жайық өзендері аралығына орналасқан шын мәніндегі соңғы хандығы еді. Сондай-ақ ол Шыңғыс ханның ұрпақтары басқарған жер бетіндегі ақырғы мемлекеттік құрылым деп те аталып жүр. Бұрынғы Бөкей ордасының құрамына біздің елдегі қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау, Ресейдегі Волгоград, Астрахан облыстарының бірқатар өңірлері енгені тарихтан мәлім. Ал Бөкей жалпы есебі орданы 15 жылдай басқарған, соның ішінде 11 жыл бойы Ішкі қазақ ордасының билеуші-басқарушысы дәрежесінде болған. 1812 жылы Александр І патшаның арнайы жарлығымен орда ханы болып тағайындалған. Орыс тіліндегі жарияланымдарда Бөкей «в 1812 году возведен в ханы Киргиз-кайсацкой меньшей орды» деп жазылыпты, соған қарағанда, оны Бөкей ордасының ғана емес, тұтастай Кіші жүздің ханы болды деп атауға да болатын сияқты.
Астрахан аймағындағы Бөкей хан кесенесінің жай-күйі Ресейді мекендейтін отандастарымызды һәм туған халқының тарихына бейтарап қарай алмайтын көптеген қазақстандықтарды қатар толғандырып жүрген түйінді мәселе болатын. Ақиқатын айтқанда, Бөкей сынды тарихи тұлғаның – ешқандай соғыссыз, шебер дипломатиясымен қазақтарды Еуропа аумағына алып келіп, Еділ мен Жайық арасына ордасын тіккен, сөйтіп еуразиялық қазақ ұлтын қалыптастырды деп айтуға болатын ұлы ханның зираты өз дәрежесіне лайық емес-ті.
Міне, сондықтан да өткен жылғы қыркүйекте Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбековтің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Астрахан облысында іссапарда болып, облыс губернаторы А.Жилкинмен кездесуі барысында Бөкей хандай ұлы бабаның басына көрнекті кесене тұрғызу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Жұртшылық көптен күтіп жүрген мәселенің алғашқы беті осылай ашылды. Сөйтіп, бұған дейін Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы елшісі болып істегенде осы ел аумағында Әйтеке би кесенесін тұрғызуға, Төле би кесенесін қайта жаңғыртуға басшылық жасаған Зауытбек Қауысбекұлы бұл бағыттағы іс-тәжірибесін Ресей жерінде жалғастыруға мүмкіндік алды. Көп ұзамай Бөкей хан кесенесінің құрылысы жөнінде Қазақстан елшісі мен облыс губернаторы бекіткен бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленді. Онда кесене салу жұмыстары мен істің орындалу мерзімі, орындалуына жауапты органдар егжей-тегжейлі көрсетілді.
Елшіліктің мемлекетаралық деңгейге көтерген бастамасы Бөкей хан зиратын жаңғыртуды бұрыннан да көздеп жүрген атыраулық бір топ ұлтжанды азаматтардың ізгі ниетімен ұштасты. Сол өңірдегі мақсаттас жігіттер осыған орай бастамашыл топ құрып, оның жұмысын Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық басқармасының бастығы Мұхит Ізбанов үйлестіріп отырды. Мұхит Кәрімұлы Қазақстан тарапынан атқарылатын істерді өз қолына алып, барлық жұмыстың ұйымдастырушысы ретінде елшілікпен қоян-қолтық жұмыс істеп, осы жобаның ойдағыдай жүзеге асуына шын мәнінде елеулі еңбек сіңірді. Мысалы, құрылыс жұмыстары негізінен басқа мемлекеттің аумағында жүргізілгендіктен, кесенеге қажетті материалдарды Қазақстаннан тасып жеткізудің, оларды екі мемлекеттің шекарасынан кідіріссіз өткізудің, басқа да қаржылық-материалдық ұйымдастыру шараларының қиындығы аз болған жоқ. Осындай кездері Мұхит Ізбанов Қазақстан елшісінің хабарына сәйкес мемлекетаралық игілікті жобаға қатысты кез келген істердің оңтайлы шешілуіне ойдағыдай атсалысты.
Өңірдегі елжанды азаматтардың алға қойған бұл сауапты ісі облыс әкімі Бергей Рысқалиев тарапынан қолдау тапты. Бөкей хан кесенесін тұрғызуға елеулі қаржылай көмек көрсетіп, атқарылатын жұмыстарды өзара бөлісіп, іске білек түре кіріскен меценаттар тобы құрамында Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, Мәжіліс депутаты Болат Қонарбай, атыраулық белгілі кәсіпкерлер Аманжан Рысқали, Амангелді Баракатов, Әбдібек Бисенов, Орынғали Әлдекенов, Мұрат Жақабаев, Әділ Жұманов, «Қазмұнайгаз» АҚ ұлттық компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдин сынды нағыз отаншыл, елжанды ағайындар болғанын бүгін аса ілтипатпен атауға болады. Болашақ кесененің жобасын алматылық сәулеткер Сәдуақас Ағытаев әзірледі, оның іске асырылуына Ораз Іздібаев басшылық жасады. Кесене құрылысы Қазақстан елшісі З.Тұрысбеков пен Астрахан облысының губернаторы А.Жилкиннің қатысуымен салтанатты жағдайда басталды.
Бөкей хан зиратын тұрғызу барысында, ханды рухани ұстазынан айырмай, қатар жатқан Сейіт бабаның зиратын да жаңартып, қоса көтеру жобаланған еді. Бірақ жергілікті халықтың пікірі ескеріліп, қасиетті деп танылған адамның зиратын сол қалпында қалдыруға тура келді. Сонымен бірге алдағы уақытта Бөкей ханмен қатар жерленген Атан (Ғитан) ханымға да кесене көтеру көзделуде.
– Өткен жылдан басталып, жалпы алдын-ала жүргізілген жан-жақты дайындық жұмыстарының нәтижесінде бүгін Бөкей хан кесенесінің құрылысы ойдағыдай аяқталды деп баяндай аламыз, – дейді Қазақстан елшісі Зауытбек Тұрысбеков. – Бұл шын мәнінде бүкілхалықтық іске айналды. «Қазтрансойл» АҚ Батыс филиалының ұжымы жүргізген көлемді жұмыстармен бірге, Ресейдің Краснояр, Қазақстанның Құрманғазы аудандарының тұрғындары да жүрек қалауымен құрылыс басына келіп, сенбіліктер өткізіп, игілікті істің ойдағыдай атқарылуына айтарлықтай үлес қосқаны бұған айқын мысал бола алады. Жұртшылықтың ықылас-ниетіне қарай Бөкей хан кесенесін көтеру арқылы біз екі ел арасындағы достық байланыстарды бұрынғыдан да биіктете түскенімізді сезіндік. Өйткені көп ұзамай бұл аймақ зиярат етушілердің, басқа да туристердің ізгілік жолына айналады. Сейіт бабаның, Бөкей ханның рухына тағзым ете келген зияратшы қауым Алтынжардағы Құрманғазы кесенесіне қайырылатыны, облыс орталығындағы Құрманғазы ескерткішіне баратыны, сөйтіп екі елге де тиімді жаңа туристік маршрут ашылатыны сөзсіз.
Бөкей хан кесенесінің биіктігі іргетасынан ұшар басына дейін есептегенде 18 метрге жетеді, ұзыны мен ені – 15 және 12 метр. Кесененің сыртқы сымбатына Маңғыстаудың дәстүрлі ұлутастары пайдаланылып, ал ішкі әрленуіне мәрмар тастар мен граниттер жұмсалған. Жаңғақ ағашынан жасалған есіктері Хиуада әзірленіпті. Келушілерге қолайлы болу үшін кесене ішіне көрікті кілем төселген. Сондай-ақ жалпы кесене аумағы тұтастай қайта абаттандырылып, қоршаулары жаңартылып, кешен табаны қырлы-қырлы табиғи кеспе тастармен көмкерілген. Кесененің маңдайалды тұсындағы жасыл мәрмар тасқа қазақ және орыс тілдерінде: «Бөкей хан кесенесі Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан-Ресей халықтарының ежелгі достығы құрметіне арналып тұрғызылды», деп жазылған.
Қазақстан елшілігі мен Астрахан облысының үкіметі екі елдің шекаралық шебінде орналасқан әрі көршілес халықтардың тарихи достығын нығайтуға, өзіміздің ұлттық тұтастығымызды танытуға бұрынғыдан да кең өріс ашатын Бөкей ханның келісті кесенесін ресми таныстыру салтанатын мизамшуақты қазан айының 7 жұлдызы – жұма күні өткізуді жоспарлауда.
Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.
Мәскеу-Астрахан-Мәскеу.